Ауыл шаруашылығына «ақыл» не үшін керек?

Осыдан тура бір жарым ай бұрын Ауыл шаруашылығы министрлігінде ауыс-түйіс болып, іс басына Өмірзақ Шөкеев келді. Ол ҚР Премьер-министрінің орынбасары қызметін қоса алып жүрмек. Бұрынғы министр Асқар Мырзахметов Жамбыл облысына әкім болып кетті. Мұны неге айтып отырмыз?

Иә, мұны неге айттық? Экс-министр Асқар Мырзахметовке, шыны керек, басы Бақытжан Сағынтаевтан бастап, көптің көңілі тола қойған жоқ. Астық бағасының құлдырауы, жанар-жағармайдың қымбаттауы, Ресейден шекаралас аймақтарға арзан бидайдың заңсыз тасымалдануы сияқты бірқатар өткір мәселелер Мырзахметовтен Шөкеевтің «қолына өтті». Қостанай облысына 36 жасында әкім болып келіп, іскерлігін көрсете білген Шөкеев қазір де нағыз «бабында» екенін байқатты. Корпорация арқылы диқандардан астық сатып алуға кірісті. Сондай-ақ заңсыз астық тасымалына тосқауыл қоймақ. (Ол туралы өткен жолы жазған болатынбыз. «Корпорация құтқарушы ма?», НТ, №2, 18.01.2018).

Енді Шөкеевке жаңа тапсырма жүктеліп отыр. Ол – мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы жолдауындағы үшінші міндет: «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі».

Осы және бұған дейін жолдауларда айқындалған міндеттерге сәйкес, Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласын цифрландыру мәселесі қолға алынып отыр. Бұл бағыттағы тұңғыш жоба Қостанай облысында жүзеге аспақ. Таяуда өңірімізге табан тіреген астаналық шенеуніктер осы бастаманың артық тұстарын түсіндіріп берді. Құрметті меймандар қатарында Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Арман Евнеев те болды.

– Елімізде ішкі жалпы өнімдегі (ІЖӨ) ауыл шаруашылығының үлесі 4,5% болса, ал аймақтағы өңірлік жалпы өнімнің үлесі – 13%. Бұл – ауыл шаруашылығын цифрландыруды бізден бастауға негіз болып отырған цифр, – деп атап өтті Қостанай облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев.

Қазір көпшілік арасында «ақылды қала», «ақылды үй» деген ұғымдар қолданыла бастады. Енді мұндай озық технология егіншілікке, мал шаруашылығына да енгізілмек. Әрине, диқандар «ақылды» жаңалықтан бұған дейін хабарсыз болды дей алмаймыз. «Жүргізушісі жоқ техникаларды» қолданып жүрген диқандарымыз да бар. «Жүргізушісі жоқ» дегенде, мүлдем адамның қатысуынсыз емес, бірақ бұрынғыдай май-май болып жүретін механизаторлар кемде-кем.

– Рас, қазіргі комбайншылардың жұмысы жеңілдеген. Тетігін дұрыс келтіріп қойсаң, комбайндар егінді өздері жинап береді. Барлығы компьютерлендірілген. Осындай заманауи жетістіктер арқылы еңбек өнімділігі артады. Біздің шаруашылық та бірте-бірте жаңалықтарға бейімделіп жатыр. Жұмыс барысымен Канада еліне жиі сапарладық. Сонда көргенімді айтайын. Фермердің комбайны астыққа толысымен, оны элеваторға жеткізушіге хабарлайды. Өнімді діттеген жеріне апарғаны, қанша төлегені, бәрі алдындағы компьютеріне түсіп отырады. Ақшаны аударуы да тез. Қостанайдың табиғаты Канаданікіне ұқсас. Сондықтан, сол елден үлгі алып, сондай деңгейге жетуге талпынамыз. Президент біздің алдымызға қойып отырған міндет осы, – дейді өңірге белгілі диқан Ибраш Естаев.

Астанадан келген мамандардың айтуынша, Қостанай облысында енгізілгелі отырған пилоттық жоба аясында «ақылды суару» мен «ақылды минерализация» жүйелері іске қосылмақ.

Енді жайылымдағы малдың қайда жүргенін, өрістердің жағдайын, шабындықтың сапасын бақылап, мониторинг жасап отыру үшін дрондар қолданылатын болады. Сондай-ақ малдың бағушысынан соңғы сатып алушыға дейінгі дерегі сақталатын электронды штрих-кодтар енгізу де жоспарланып отыр. Сала білгірлері мұндай тәжірибе Австралия, Германия, АҚШ сияқты бірқатар елдерде қолданылып жатқанын растайды. «Ақылды технологиялар» өнімділіктің, сапаның, тиімділіктің артуына сөзсіз себепкер. Тек, нақты іске асса…

АӨК-ті цифрландыру үшін Азия Даму және Қайта құру Банкі 110 млн теңге (300 мың доллар) бөлмек. Бұл бағыттағы ауқымды жұмыстарды атқару үшін облыста жаңа басқарма құрылуы да мүмкін. Оны аймақ басшысы Архимед Мұхамбетовтің өзі айтып қалды.

«Біз санап шықтық, 68 жоба жүзеге асырады екенбіз. Қарқынды жұмыс істеп, жыл соңына дейін 100, тіпті 200 жобаға дейін еңсеруге тиіспіз» деп, алға үлкен меже де қойып отыр. Әрине, әкім айтқан 68 жобаның бәрі ауыл шаруашылығы бағытында емес, бірақ басым бөлігі соған тиесілі. Цифрландыру жобаларына облыс бюджетінен 1 млрд теңге бөлінеді.

Сонымен, цифрландыру үдерісі ауыл шаруашылығына да келіп жетті. Бұл жаңалықты Шөкеев мырза қанша уақытта енгізіп, орнықтырып үлгереді екен? Үлгерсе…

Аслан ҚАНҒОЖИН

Пікірлер