Корпорация құтқарушы ма?

Мемлекет шаруаларға көмек ретінде әр аймақтан сатып алынатын астық көлемін анықтады. Негізгі басымдық егін шаруашылығы екпінді дамыған үш өңірге берілді. Қостанай облысының шаруалары 643 мың тонна астық өткізетін болды. Бұл қадам не үшін жасалды? Одан күтілер нәтиже қандай?

Астық сатып алу процесі заңға сәйкес, minagro.kz порталы арқылы жүргізілмек. Оны ұйымдастыру ісі Азық-түлік келісімшарт корпорациясының мойнында. Мамандар бұл механизмнің бармақ басты, көз қыстыға жол бермейтініне сенімді. Өйткені, бәрі жария түрде. Жүйеде квотаның әділ бөлінуін қадағалайтын тетік бар. Онда егістік көлемі мен дән себілген аумақ есепке алынады. Ол спутниктен түсірілген мультиспектрлі суреттер көмегімен анықталып отырады. Портал арқылы кейбір сәйкессіздіктер нақтыланып, заңсыздықтардың да беті ашылып қалуы мүмкін. Себебі, спутниктен түсірілген деректер шаруалардың өздері және тиесілі органдар көрсеткен ақпараттармен міндетті түрде салыстырылады.

Естеріңізде шығар, бұған дейін де жазғанымыздай, өткен жылдың соңына таман ел диқандары мен ауыл шаруашылығы министрлігі мамандары астық экспортындағы мәселелерді талқылап, бағаның құлдырауы туралы айтқан. Осы жағдайға байланысты «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы ҰК» АҚ-ның департамент директоры Нұржан Мұхамеджанов пікір білдірген болатын.

– Шамадан тыс өнім жинау немесе экспорт көрсеткішінің төмендеуі сынды анау айтарлықтай негізгі факторлар болмаса да, 2016 жылдың күзінен бері ішкі нарықта халықаралық бағамен салыстырғанда диспаритет (сәйкессіздік, теңсіздік – ред.) байқалады. Жағдайды сараптай келе, мынадай себептерді анықтадық: біріншіден, Ресейде рекордты өнім жиналуы, Қазақстанмен шекаралас аймақтарға арзан астық өнімдерінің тым көп көлемде заңсыз тасымалдануы. Екіншіден, вагондардың жетіспеуі. Соның кесірінен сұраныстың 40-50% бөлігі қанағаттандырылған жоқ, – деді Нұржан Мұхамеджанов.

Ол осы саладағы Азық-түлік келісімшарт корпорациясы сияқты дәстүрлі маркетмейкердің ықпалы әлсірегенін де мойындады. Корпорацияның әуелгіде белгілеген бағадан тайқып кетуі сатып алу жоспарын дұрыс ойластырмағанын көрсетеді. Аталмыш ұлттық компания алғашында астық бағасын тоннасына 42 мың теңге дегенімен, кейін 39 мыңға түсіріп тастады.

– Бұл – экспорт келісімшарттарын орындау кезінде қаржының жетіспеушілігінен, шарасыздықтан қабылданған жағдай, – деп ақталды корпорация өкілі. – Мұның бәрі елдегі астық нарығында осындай келеңсіздіктер тудырады деп ойламадық. Сұраныс пен баға құлдырап кетті.

Қиындықтарға тап келген фермерлер қарамағындағы жұмысшыларға айлықтарын, несиелерін төлей алмай отыр. Тіпті кейбір шаруалар көктемгі егін жұмыстарына дайын емес көрінеді. Әсіресе, мұндай проблема шағын шаруаларға қатты батты.

Ұлттық компания астық сатып алуға енді кірісті. Бидайдың үшінші сұрпына ЖШС үшін тоннасы 42 мың теңге, шаруа қожалықтарына 37 мың теңге деген баға қойылды. Корпорация барлығы 2 млн тонна астық сатып алуға дайын. Қыруар қаржы Үкімет резервінен және Ұлттық қордан бөлінбек.

Ештен кеш жақсы. Бұл қадам елең-алаң ахуалды басынан кешірген диқандарға бір үміт отын сыйлағандай.

– Агрофирмалар мен үлкен холдингтерге сезіле қоймағанымен, аз-мұз жері бар шаруалар қиналып қалғаны рас. Әрине, жақсы жаңалық. Біз 500 тоннадай өткіземіз деп жоспарлап отырмыз, – дейді Таран ауданындағы шаруа қожалығының басшысы Серікбай Қадамбаев.

Диқандарды қуантқан жаңалық бұл ғана емес. Ресейден астықтың заңсыз тасымалдануына да тосқауыл қойылмақ. Бақылау күшейтіледі дейді корпорациядағылар. Экспорт құжаттарын рәсімдеу ісі де жеңілдетілуі тиіс.

– 2018 жылы құрғақшылық күтіліп отырғанын ескерсек, мұндай қадамдар азық-түлік қорын құруға да септігін тигізбек, – дейді Нұржан Мұхамеджанов ақпарат құралдарына берген сұхбатында. – Қазгидрометтің дерегінше, қуаңшылық 10 жыл ішінде 3 рет қайталанып тұрады екен. Қар түспей жатып, қара суықтың жерді ерте қатырып тастағанын да есепке алғанымыз жөн, яғни, ылғал аздау болады. Биыл қордағы астыққа сұраныс артуы ғажап емес. Сатып алудың ашықтығы сақталу үшін облыстық әкімдіктер жанынан Фермерлер одағы мен Кәсіпкерлер палатасының өкілдері тартылған комиссиялар құрылып жатыр.

Аслан ҚАНҒОЖИН

Пікірлер