Ақылды қала метафорасы

Қостанай қаласының алдағы жылдарға арналған даму бағдарламасының негізгі бағыты – индустриялық-инновациялық жоспарды жүзеге асыру. Бұл мақсатқа жету үшін негізгі бес принцип басшылыққа алынуы тиіс. Олар: әрбір адамға қамқорлық көрсету, озық тәжірибелер негізіндегі тиімді және үнемді шешімдер, экономиканың қозғаушы күші ретінде бизнесті ынталандыру, азаматтық қоғамды мүмкіндігінше тарту, жергілікті органдардың есептілігі мен жариялылығы.

Рухани негізсіз мәдениетті қоғам болмайды

Биылғы Жолдауда Қазақстан президенті өмірімізге жаңа технологиялық тәртіп элементтерін кеңінен енгізу жөнінде басты міндеттер қойды. Бұл үшін азаматтардың өмір сапасын арттыруға бағытталған 10 міндетті айқындап берді.

Құжаттағы маңызды міндеттердің бірі – «ақылды қалалар» жасау. Болашақта қалаларымыз ерекше сәулетімен, қазақ және әлем халықтары сәулет үлгілерінің қатар орналасуымен, заманауи нысандарымен, мәдениет орталықтарымен таңғалдыруы тиіс. «Ақылды қалалар» елдің дамуы үшін өте маңызды. Аталмыш жоба іске асқан кезде өңірлік дамудың, елдің барлық аумағында тұрмыс сапасын арттырудың локомотивіне айналады.

Жалпы, дамыған ел дегеніміз – көп оқитындар, бір-бірін сыйлайтындар, мәдениетті де тәрбиелілер, уақытты бағалайтындар, рухани азықты қажет ететіндер. Біздің жағдайымызда дәл қазір осы білімдарлық кенерінен асып төгіліп тұр.

Қостанай қаласында соңғы кездері жасалып жатқан игiлiктi iстер елiмiздiң барлық қалаларына үлгi болуы тиіс. Оның дамуы барлық жағынан өзге аймақтарға да ықпалын тигiзiп келдi. Қала бұл күндері гүлге айналып, нағыз қазақы колориттегі кіші сәулет формаларымен, заманауи ғимараттарымен әлемдік ірі мегаполистер үлгісіне ұласып барады. Оның келбетін осыдан бір жыл бұрын келген адам бірден байқайды.

Қаланы нығайтудың басты өлшемі – адамдардың саны емес, шаһарға тән инфрақұрылымдардың болуы.

Материалдық санаттағы байлыққа ден бере бастаған мәдениет адамзаттың шағын қалаларға орналаса бастауымен бірге қалыптасқан. Одан бертін келе «стиль» ұғымы шықты. Қала басшысы биылғы халықпен есеп беру кездесуінде облыс орталығын дамытуға арналған бағдарламасының жобасын көпшілік талқысына ұсынды. Даму бағдарламасы тұтасынан мәдениеттен тұрады.

Бүгiнгi қаланың сан қырлы мәдениетiн айтсақ, шешiмiн күтiп тұрған iс көп. Ең бастысы, бұл өзiмiз тұратын, еңбек ететiн, өзгелерге мақтаныш ететiн қаламыздың мәдениетi. Осының бәрі қала инфрақұрылымын дұрыс ұйымдастырып, оған мәдениетті басшылық ету тұрғысына байланысты жүргізілетіні анық.

Ақиқат басшы деп өзінің басқару қабілеті арқылы қала тұрғындарын ақиқат бақытқа жеткізуді алдына мақсат етіп қойған тұлғаны айтуға болады. Өйткені басқару өнерінің мәні мен мақсаты да осы: адамдарды шынайы бақытқа жеткізу. Шаһар тұрғындарының бақытқа жетуінің себепкері – қала әкімі. Демек, бұл істе біз оған жәрдемші болуға тиіспіз.

Неміс философы Освальд Шпенглер өзінің «Еуропаның ақыры» деген танымал еңбегінде келтірген концепциясы бойынша, «Әлемдегі түрлі уақытта өмір сүрген алуан мәдениеттер өз алдына бір-бір дүние, өз алдына дербес бір атом. Әрбір мәдениет белгілі бір тірі организм сияқты өзінің дүниеге келу, өсу-өркендеу, жетілу сатыларынан өтеді. Олардың өзіндік келбеті, өзіндік пішіні бар» дей келе, оларды ғажайып дүние ретінде сақтауды ұсынады. Мәселе айқын. Бұдан қаланы адамдар шоғырланған ірі елді мекендер деп қана емес, сонымен бірге, қоғамды ұйымдастырудың жаңашыл формасы деген ұғым шығады. Қала әкімінің есепті кездесуде көтерген мәселесі де осы ойды меңзейді.

Жалпы, қала әлемі – жаңа технология жемісі. Оған индивидуализм сынды қасиеттер тән. Қалалықтардың кез келген қоғамдық орындарда өздерiн байыпты ұстауы да қала мәдениетiнiң бiр көрiнiсi. Бұл – біздің басылымда бұған дейін де айтылып жүрген әңгіме.

Көркем елдің ырыс-несібесі мол болады

Қасиеттi Құран Кәрiмнiң «Әғраф» сүресiнде «көркем ел, көркем қала» туралы жан-жақты айтылған. Онда мемлекет пен қаланың «көркем ел» болуы үшiн алты шартқа жауап беру қажеттiлiгi баяндалады. Бірінші шарты «жақсы (көркем) елдiң» (жерi құнарлы болса да, құнарсыз болса да) өсiмдiгi Раббының қалауы бойынша молынан өнедi, екiншi шарт – «көркем елде» баянды бейбiтшiлiк орнығуы тиiс, үшiншi шарт – халқы байсалды, байыпты болып, төзiмдiлiкпен өмiр сүруi қажет, ол тiршiлiк көзiн бейберекет iздеп, өзге жұрттар iспеттi қаңғып жүрмеуi тиiс, төртiншi шарт – ырыс-несiбесi әр жақтан молынан келiп жатуы қажет, бесiншi шарт – Алланың берген нұр шапағаты мен нығметтерiне шүкiршiлiк жасауы мiндеттi, алтыншы шарты – Ел Әмiршiсiнiң iзгi болуы. Бұл шартты қарастырғанда «көркем ел» үшiн ғафу етiлген бес шарттың орындалуы елдiң патшасына тiкелей байланысты көрiнедi. Бұл жолда қателескен жерiмiз жоқ. Соңғы жылдары қаламыздың абаттануы жедел қарқынмен жүргiзiлуде.

Тарихи даму тенденциясынан белгiлi үлкен қалалардың дамуының өзiндiк үрдiстерi мен ерекшелiктерi болады. Бұған дейін жазғанымыздай, қазiргi таңда Қазақстанның 4 қаласы ХАҚА-ның (Халықаралық астаналар мен iрi қалалар ассамблеясы) мүшелерi. Олар: Астана, Алматы, Қостанай және Шымкент. Демек, Қостанайдың көркемдiгiн әлi де ойлана түсу, оны жетiлдiре түсу қажеттілігі сұранысқа ие болып отыр. Қалада жаңадан бой көтерген үйлердiң тығыз орналасуы, аулада кiсi демалатын орындардың болмауы да жиі айтылады.

Қостанай соңғы жылдары қанатын үздiксiз жайып, ұлғайып келедi. Ол қала маңындағы елдi мекендердiң бәрiнiң басын бiрiктiрiп отыр. Бұл бағытта алда орасан жұмыстар күтiп тұр. Жаңадан құрылған ауданның әрбiр үйi өзiнiң салыну көркiмен, ұлттық нақыштарымен танылып тұрса деген тiлек бар. Осыған сәйкес, Даму бағдарламасын студенттер арасында кеңінен насихаттап, арнайы пікір алаңын ұйымдастыру керек. Болашақта су мәселесi өте өткiр проблемаға айналмақ. Демек, оның болашағын алыстан көре бiлгенiмiз абзал.

Сәулетшiлер қазiр күрделі құрылыстан қашқақтап, тұрғызуға жеңiл қаптамалар жасауға бет бұрған сыңайлы. Мемлекеттiк тапсырыс көлемі соған мәжбүр ететiн де шығар. Дегенмен, әрбiр сәулетшi қаланың халыққа тиімді, ақылды болуын ойлауы тиiс. Жаңадан бой көтеретiн үйлердiң қоршаған орта эстетикасын қалыптастыруға тигiзетiн әсерiн сәулетшiлер ойластырғанымен, жекелеген фирмалар өздерiне қолайлы жобасын таңдап жатады. Осыдан келiп, қаланың келбеті бұзылады.

Елiмiзге келген шетелдiктердi қазiр зәулiм үйлермен қызықтыра алмайсың. Оларды өздерi көңiл қойған ғимараттың неше жыл тұрғанын немесе не үшін тұрғызылғанын сұрап жатады. Туристерді қызықтыратыны – бұрын-соңды көрмеген экзотикалық таңғажайыптар.

Осыдан бірер жыл бұрын Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстiк Қазақстан мемлекеттiк университетiнiң ұстаздары киiз үйдiң осы заманға сай үлгiсiн ойлап шығарды. Бағзы замандардан берi ата-бабаларымызға баспана болған қараша үй жаңа еуроүлгiдегi құрылыс материалдарынан жасалған. Құрастырылуы да жеңiл. Қабырғаларының iшi жылы болуы үшiн буылған қамыс пайдаланылады. Төбесi жабынқышпен (черепица) жабылған. Киiз үй үлгiсiнде тұрғызылған үйдiң алдына колонна орнатылады. Қыста жылы, жазда салқын. Жаңа үлгiдегi киiз үй туристер жайланатын қалашық жасауға да өте қолайлы көрiнедi. Асүй, жатын бөлме, демалатын холы бөлек орналасқан. Алда туризм кластерiн дамытамыз десек, бұл үй өте тиiмдi болар едi. Әлем елдерi қалаларына барғанда сол жердiң халқының исi сезiлiп тұрады. Бұл үйлер – туризм кластерін дамытудағы таптырмас құндылық. Қалай десек те, бізге бойында шығыстық стиль бар қала керек.

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Пікірлер