Ажырасуды қалай азайтамыз?

Қостанай облысы ерлі-зайыптылардың ажырасу деңгейі жөнінен республикада 2-ші орында тұр. Мамандардың дерегіне сәйкес, шаңырақ көтергендердің 50% бір жылға да жетпей некесін бұзып жатады. Өкініштісі, отбасылық құндылықтарды насихаттайтын үкіметтік емес ұйымдар да аймақта аз екен.

Облыс әкімі жанындағы әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның отырысында жанұя жылуын сақтау, зорлық-зомбылыққа жол бермеу мәселесі талқыға түсті. Қазіргі таңда мемлекетте отбасы құндылықтарын сақтаудың түрлі жолдары бар небір бағдарламалар мен жобаларға жүзеге асып жатыр.

Елімізде 2013 жылдан бері Отбасы күні аталып келеді. Өткен жылы ақпан айында балалар құқығын қорғау жөніндегі өкілетті институт құрылып, артынша еліміздің 2030 жылға дейінгі отбасы және гендерлік саясат концепциясы бекітілді. 2017 жыл ТМД елдері арасында Отбасы жылы болып жарияланды. Алайда бұл шаралардың бәрі ерлі-зайыптылардың ажырасуын азайтып жатқан жоқ.

– Жыл басынан бері тоғыз айда 4603 некелесу, 2440 ажырасу тіркелді. 2016 жылы ажырасу көрсеткіші жоғары өңірлер қатарында Сарыкөл (86,6%), Меңдіқара (86%), Қостанай (77,5%) аудандары мен Лисаков қаласы (86%) болса, биылғы тоғыз айдың жағдайы да көңіл көншітер емес, Меңдіқара (91%), Алтынсарин (90%), Федоров (82,6%), Қостанай (81,6%) аудандары көш бастап тұр. Күнгейдегі Жангелдин, Аманкелді аудандарында ажырасу көрсеткіші әлдеқайда төмен. Ал жүктілік салдарынан ерте жастан үйленетіндер саны 2008 жылмен салыстырғанда 2,6 есеге азайғанын атап өтуге болады, – деді облыстық әділет департаментінің басшысы Гүлмира Мусина.

Бұл аздай, кәмелет жасына толмаған балалы ата-аналардың айырылысуы жиілеген. Әрбір бесінші тірі жетімек не әкесінің, не шешесінің қолында өмір сүріп жатыр. Облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев аталған мәселеге жауапты мекемелермен қатар, үкіметтік емес ұйымдарды да белсенді жұмыс атқаруға шақырды.

– Некеге отыратындар мен ажырасуға келетіндерге ҮЕҰ өкілдері арнайы кеңес беріп, шаңырақты шайқалтпай, берекесін сақтап қалудың жолдарын түсіндіріп отырса. Аймағымызда ажырасудың көптігі бала туу көрсеткішіне де кері әсерін тигізіп отыр, 5,5% төмендеген. Облыстық білім басқармасы отбасылық құндылықтарды дәріптейтін сабақ енгізу қажет. Әлеуметтік жарнамалардың да зор ықпалы бар. Бұл түйткілді оң шешуге БАҚ өкілдерінің де атсалысқаны аса маңызды. Теледидар, радио, интернет басылымдар, баспа беттерінде әлі де үлгі аларлық материалдардың жарық көруі жағдайдың жақсаруына үлкен себеп болмақ, – деді Марат Жүндібаев.

Отбасылық құндылықтарды насихаттаудан бөлек, АХАЖ-дарда ерлі-зайыптылар арасындағы мәселелерді шешуге көмектесетін психолог отырғызу да ұсынылды. Ал жақында белгілі сенатор Әли Бектаев ажырасқан ерлі-зайыптыларға үлкен айыппұл салуды ұсынған-ды. Сонда артық шығынды ауырсынған жанұялар ажыраспайды дейді. Жыл басында Бас прокуратура болашақ жарларға арнайы отбасылық курстарды өтпей, некелерін қиюға тыйым салуды ұсынды. Бұл ұсыныс та әзірге қаралған жоқ.

Күн сайын екіге бөлініп кетіп жатқан жұптардың жауапкершілігін көтеруді тез арада қолға алмасақ, елімізде отбасылар санының күрт азайып кету қаупі бар. Көршіміз Ресейде балалары кәмелет жасына толмаса, ерлі-зайыптылардың ажырасуына рұқсат бермеу қажеттігін заңмен бекіту туралы сөз болып жатыр. Расында, шаңырақ шайқалған соң балалардың әкесі өз жолымен кетіп, анасы өз соқпағын тауып, екі ортада балалары қараусыз қалып, жетімдер үйін сағалағаны туралы мысалдар аз емес. Отбасын сақтау мүмкін болмаған күннің өзінде балалы ата-аналар ажырасарында өте абай болуы қажет. Өйткені, психология тұрғысында ең үлкен зардап шегетін – жеткіншек. Баланың да құқығы қорғалуы керек. Әлгіндей заң бізге де қажет.

Мамандар жастардың ажырасуының түрлі себебін айтады. «Бір себебі – тұрмыстық жетіспеушілікте» дейді. Баспанасы жоқ, тапқаны жалдамалы пәтер мен ішіп-жеуден артылмайтын жас отбасыларда ұрыс-керіс жиі болады. Оның ақыры ажырасуға апаруы ықтимал. Тағы бір себеп – жастардың жар таңдауға жеңіл қарауы. Соның салдарынан көп ұзамай жатып мінездері жараспай, араларында неше түрлі қайшылықтар туындайды. Соңғы кездері қоғамда жиі орын ала бастаған азаматтық неке де ажырасуға себеп болып тұр. Менталитетімізге жат, батыстық «азаматтық неке» деген індеттің қазақ қоғамында да дендеп келе жатқаны рас. Ешқандай жауапкершілік жоқ. Мұндай тіршілік кешкен жастар заңды некеге тұрған соң да сол жауапсыздықты жалғастыруы мүмкін. Нәтижесі – тағы да ажырасу…

Ажырасу бұрында да болған, алайда, үлкендердің араласуымен жастар райынан қайтатын. Ал, қазір ата-аналар әрқайсысы өз баласының сөзін сөйлеп, өзара есеп айырысып кетеді. Жастарды жарастыру екінші орында қалып қояды. Бұл жерде мәселе жалпы қоғамның тәрбиесіне келіп тіреліп тұр.

Алмас БАЙДРАХМАН

Пікірлер