Баспаналы болу мүмкіндіктері

Оқырмандардың сұрауы бойынша, қазіргі уақытта үй алудың тиімді жолдарын, кімдерге қандай жеңілдіктер қарастырылғанын түсіндіріп бермекпіз.

Бізде мемлекет ұсынған жеңілдіктердің көбі «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы беріледі. Банктен жинақтаушы депозитін ашып, әр ай сайын шамаңызға қарай қаржы салып отыруға болады. Қажетті мөлшерде сома жиналғанда сіз пәтер сатып ала аласыз немесе баспанаңызды жөндеп, талғамыңызға сай үй тұрғызасыз.

Биылдан бастап жинақтаушы депозитін ашу тегін жүргізіліп жатыр. Бұрынғыдай 3 жыл бойы шартты соманы жинаудың қажеті де жоқ.

Артықшылығы неде? Жинаған сомаңыздың көлеміне қарамастан мемлекеттен жылдық 20%, 2% сыйақы беріледі. Егер 2 бөлмелі пәтер алам деп жоспарлап, оны 8 млн теңгеге бағаласа, сіз жаңа салынған үйден пәтер құнының 30% (2,4 млн теңге) жинап, бағдарламаға қатыса аласыз. Ал, бұрын салынған үйден алу үшін 50% (4 млн теңге) жинап, құрылыс мерзімі 50 жылдан аспаған үйден пәтер алуға болады.

Баспана құрылысына бірнеше құрылыс компаниялары жұмылдырылған. Олардың қатарында Қостанайда шығарылатын құрылыс материалдарын пайдаланып жатқандар бар.

  Мемлекеттік бағдарлама аясында жаңа үй Құрылыс мерзімі 50 жылдан аспаған бұрын салынған үй
Қанша пайызын жинау қажет? 30 % 50%
Алғашқы салым Өз еркіңізде, дегенмен ай сайын ең кемінде 15000 теңгеден есеп шотыңызға салып тұруға болады, максималды – 120 000 теңге
Жылдық сыйақы 20%

200 АЕК көлеміндегі ақшаға, яғни = 481 200*20% = 96 240

Егер жылына 180 000 жинасаңыз, оның 2% —

3600 теңге сыйақы беріледі

Ай сайынғы сыйақы (жиналған соманың қай мерзімде салынғанына байланысты) 2%

(жиналған сомманың қай мерзімде салынғанына байланысты)

 

Қай жерден алуға болады? Жеке шоттағы қаржы конкурсқа қатысуға сай келетін болса, Қазақстанның кез келген аумағынан үй алуға болады

Бүгінгі таңда пәтер бағасы сол үйдің құрылысына қатысып жатқан компанияларға да байланысты.

Бөлмесі Жергілікті атқарушы органдар арқылы Астана қаласының «Бәйтерек» компаниясы арқылы
1 бөлмелі пәтер 5 437 988 6 652 594
3 бөлмелі пәтер 10 771 689 12 825 640

Мерзімінен бұрын шартты бұзып, жеке шотыңызға жиналған қаражатты 3 жылға дейін қайтарып алсаңыз, сол жылдар аралығында мемлекеттен берілген сыйақы мөлшері шегеріледі, ал 3 жылдан кейін шотта жинақталған барлық соманы қайтаруға болады. Сондай-ақ, 18 жасқа толмаған балаларға да ата-атасының келісімімен ЖСН арқылы жеке жинақтаушы шотын ашуға рұқсат бар.

Отбасылық пакет не үшін қажет?

Отбасы мүшелерінің әрқайсысына салым ашып, 2 есе артық сыйлықақы алуға болады. Мемлекеттен берілетін сыйлықақы әр отбасы мүшесіне жеке-жеке беріледі де, соңында барлығын біріктіргенде жинақталатын қаржы сомасы көбірек болады.

1 жылда Жеке бір адам үшін Отбасылық пакет (2 адам)

 

Жарна 75 000 * 12 ай = 900 000 37 500 + 37 500 = 75 000 * 12 ай = 900 000

 

Банк 20% 200 АЕК = 96240 90 000 + 90 000 = 180 000

 

Егер 1 бөлмелі пәтерді 9 жылға 5 млн 437 мың 988 теңгеге рәсімдесе және оның 50% 3 жыл толмай жинасаңыз, айына алғашқы 3 жылды 38 мың 519 теңгеден, қайта рәсімдеу жүргізілгеннен кейінгі қалған 6 жыл бойы 44 мың 47 теңгеден төлейтін боласыз. Ал үш жыл толтырып барып рәсімдесеңіз, қалған 6 жыл бойы 44 047 теңгеден төлейсіз.

Оған қоса, пәтер сатып алу барысында қаражатты жинау мерзімі жинақталған сомаға, бағалау көрсеткішіне байланысты. Шотыңызға неғұрлым көбірек және уақытында салып отыратын болсаңыз, бағалау көрсеткіші жоғары болады. Ал 1 жыл бойы шотқа ешқандай қаражат түспесе, сәйкесінше, сіздің бағалау көрсеткішіңіз төмен болады. Пәтер сатып алу бағдарламасына қатысу барысында бағалау көрсеткіші өте маңызды.

Құрылыс қарқынды

ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, Тұрғын үйлерді пайдалануға беру тұрғысынан Астана (2,4 млн шаршы метр), Алматы (1,9 млн), Маңғыстау (833 мың), Ақтөбе (792 мың) облыстары алда келеді. Батыс Қазақстан (42,4%), Оңтүстік Қазақстан (36,2%), Қостанай (35,9%) және Павлодар (31,2%) облыстарының да тұрғындары баспаналы болды. Алдағы 2017-2031 жылдар аралығында 1,5 млн отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілетін болады.

Ал, биыл құрылыс жоспары жөнінде Қостанай қаласының әкімі Базыл Жақыповтың мәлімдеуінше, 1 687 пәтер мен 21 үйдің құрылысы қолға алынады. Жаңа шағын аудандарда құрылыс қарқыны жақсы жүріп жатыр. Мысалы, «Әуежай» шағын ауданында осы кезге дейін 17 үй пайдалануға берілсе, 2018 жылы тағы 12 үй салынып, 7 үйдің құрылысы басталмақ. «Юбилейный» шағын ауданында 9 үй салынуда, алдағы жылдары көпқабатты 20 үйдің құрылысы жоспарланып отыр.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейді. Оның ішінде «Халықтың әлеуметтік әлсіз топтары үшін жалға берілетін тұрғын үй салу». Бұл бағытқа республикалық бюджеттен 2018 жылы 25 млрд теңге бөлініп, ол қаржы өңірлерге 1,5 млрд теңгеден тең таратылады. 2017 жылы Қостанайда сатып алуға жатпайтын жалға берілетін үйлердің құрылысы жүргізілмеген. Ал 2018 жылы 3 үй жоспарланып отыр. Бұл үйлерді жергілікті атқарушы органдарға кезекке тұрған азаматтар ала алады. Кезекке тұра алатындар:
— мемлекеттік және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері;
— ҰОС ардагерлері мен қатысушылары;
— жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
— әлеуметтік әлсіз топтар;
— үйлері құлау алдында тұрған азаматтар.
Егер бұл азаматтар «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы депозит ашып, сол жерден үй алатын болса, онда олар бірден кезектен алынып тасталады. Мониторинг 1 желтоқсаннан – 1 сәуір аралығында жүргізіледі. Яғни, кезек жыл сайын жаңартылады.

Дәурен САУДАБАЕВ, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, Қостанай облысы филиалының директоры:

– Жыл сайын тұрғын үй құрылыстарының қарқыны жоғарылап, пайдалануға берілген үйлер саны көбейді. Бұған дейін жылына тек екі-үш үй ғана салынатын болса, қазіргі таңда шамамен «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы бір жылда 1 400 пәтерге дейін қолданысқа берілуде. Пәтерді түрлі шарттармен алуға болады, оның ішінде: несие рәсімдеу, несиесіз, тікелей.

Шолпан ОСПАНОВА, жаңа үйден пәтер алушы тұрғын:

– Үш жыл екі ай қаржы жинап, 2017 жылдың мамыр айында бағдарламаға қатыстық, маусым айында нәтижесі жарияланды. Тізімге енген соң құжаттар жинадық. Бір бөлмелі пәтерді шаршы метрі 134 мың теңгеден 5 млн 517 мың теңгеге сатып алдық. Жергілікті құрылыс материалдары арқылы салынған, өте жылы үй. Әзірге ешқандай олқылық байқалған жоқ, көктем мезгілінде белгілі болады. Айына 5% – 28600 теңгемен 3 жыл 3 ай уақытқа рәсімдедік. 2019 жылдың мамыр айынан бастап қайта рәсімдеу өтеді, сол кезден бастап айына 22 000 теңге төлейтін боламыз.

Гүлнұр КӘКІМБЕК

Пікірлер