Біз қандай су ішіп жүрміз?

Халыққа беріліп отырған судың сапасын бақылау ең маңызды бағыттардың бірі. Себебі, су да, кез келген тамақ өнімі секілді жаппай жұқпалы ауруға алып келуі мүмкін. Өкінішке қарай, бұрындары мұндай жағдайлар Қостанай облысында тіркелген. Соңғы оқиға 11 жыл бұрын, 2007 жылы орын алды. Ал, 2017 жылы Ақмола облысында 150-ге жуық адам ауызсудан уланып, ішек инфекциясына шалдыққан-ды.

– Тексеріс жылына бір рет қана өтетіндіктен, су сапасына шаруашылық жүргізуші субъект бақылау жүргізеді. Олар арнайы лабораториялық жұмыстар жүргізуі керек. Алайда, іс жүзінде өндірістік бақылау тек 45 су құбырында бар. Бұл 50% аз, – дейді Қостанай облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Владимир Нечитайло жақында өткен аймақтық кеңесте.

Сол себепті, облыс жұртшылығы толықтай таза ауызсу алып отыр деп айта алмаймыз. Бірақ, негізгі көрсеткіштер республика деңгейінен асып тұр. Өткен жылы су құбырларының микробиологиялық көрсеткіштерін тексеру үшін 2306 құбыр суы зерттелді. Нәтижесіне келсек, нормативке 34 сынама сәйкес емес. Бұл – 1,5% (2016 жылы – 3,2%). Ал, республика бойынша ортақ көрсеткіш 2,4% тең. Санитарлық-химиялық көрсеткіштерге 2215 сынама жүргізілген. 28 немесе 1,3% нормативке сай емес (2016 жылы – 0,8%), республикалық деңгей – 3,4%. 2017 жылы 84 су құбыры немесе 80% зерттеліп, 46 нысанда тәртіп бұзу анықталды. Анықталған жайттарға байланысты 1,7 млн теңгеге 33 айыппұл салынып, 27 жарлық қағаз берілді. Бүгінге дейін олардың 14-і орындалған. Сонымен қатар, медициналық қаралудан уақытылы өтпегені үшін 14 адам қызметінен босатылған.

Аймақтық кеңесте сапалы су денсаулық кепілі екенін облыс басшысы да ескеріп, қала мен аудан әкімдеріне жағдайды бақылауларында ұстауды тапсырды. Қазір Қостанай облысында 556 елді мекеннің тек 177-сі немесе 31,8% құбыр суымен қамтылған. Қалған 349 елді мекен тұрғындары орталықтандырылмаған су көзін пайдаланса, тағы 30 елді мекен шеттен жеткізілетін су ішіп отыр. 2016 жылмен салыстырсақ, халықты құбыр суымен қамтамасыз ету көрсеткіші 79,4% деңгейден 81,2% дейін өскен. Республикалық орташа көрсеткіш – 92%. Ал, ауыл халқының тек 33% су тартылған.

– 2017 жылы «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы бойынша республикалық және жергілікті бюджеттен 2,7 млрд теңге бөлініп, сумен жабдықтаудың 10 жобасы жүзеге асты. Өткен жылы үш жоба эксплуатацияға беріліп, су жеткізу желісінің 213,6 км жөнделді. Алты ауыл мен бір қаланың сумен жабдықтау жүйесі жақсартылды. Аталмыш іс-шаралар 7,5 мың адамды сумен қамтуға рұқсат берді, – дейді қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Владимир Нечитайло.

Бірақ, бұл көрсеткішпен тоқталып қалуға болмайды. Облыс басшысы өңірдегі ауылдар мен қалаларды орталықтандырылған су жүйесімен қамтамасыз ету үрдісін жылдамдату қажеттігін айтты.

– Біз жыл сайын су құбыры жоқ елді мекендердің санын азайту үшін жұмыс істеп жатырмыз. Былтыр 2,7 млрд теңгеге 10 жоба болса, биыл 19 жобаға 7,8 млрд теңге бөлдік. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда үш есе көп. Қазір 36 су құбырында су беру режимі тұрақты емес. Яғни, халық суды тек белгілі күндері ғана ала алады. Бірнеше жыл бұрын Аманкелді ауданында болғанымда, адамдар суды күніне екі сағат қана алатынын бірінші рет көріп, таң қалдым. 10 мың халқы бар аудан орталығында олай болмауы керек. Алдымен аудан орталықтарын сумен қамтамасыз етеміз. Кейін 2 мыңнан астам жұрты бар 45 ауыл тұр. Одан кейін басқа елді мекендермен жұмыс істейміз, – деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.

Тағы бір мәселе – ауылды жерлерде су құбырлары жүйесін жөндеп, жабдықтайтын арнайы бригадалар жоқтың қасы. Ал, жүйелердің жағдайы ұзақ пайдаланғандықтан мәз емес. Техникалық қызмет көрсету тек апатты жоюмен шектеледі, жоспарлы-жөндеу жұмыстары да, су сапасына өндірістік бақылау да жүргізілмейді.

– Облыста соңғы жылдары көптеген су құбыры құрастырылды. Егер оларды күтетін арнайы мамандандырылған кәсіпорындар болмаса, жұмысымыздың зая кеткені. Ақшаны ауаға лақтырып жібергенмен тең. Жақсы сервис болса ғана олар ұзақ қызмет көрсете алады. Өңірде 30-50 жыл бойы жұмыс істеп жатқан су құбырлары бар, – дейді аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов.

Алмас БАЙДРАХМАН

Пікірлер