Еңбегіне қарай өнбегі немесе зейнет пен бейнет

Франциялық «Natixis» қаржы корпорациясы қай елде зейнетке шығу тиімді екендігін анықтау үшін арнайы зерттеу жүргізіпті. Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, зейнеткерлер үшін ең нашар мемлекеттердің алғашқы бестігіне: Түркия, Ресей, Бразилия, Грекия және Үндістан енген. Ал, Норвегия, Швейцария, Исландия, Швеция және Жаңа Зеландия зейнеткерлерінің жағдайы өзгелерден озық көрінеді. Бұл рейтингте Германия жетінші, АҚШ 17-ші, Франция 19-ыншы орынға орналасқан. Есептеу барысында төрт негізгі фактор назарға алынды: денсаулық сақтау деңгейі, зейнетақы көлемі, өмір сүру сапасы және материалдық ауқаттылық. Олардың әрқайсысы 0-ден 100-ге дейін бағаланды.

«Natixis» – Францияның ірі банктерінің бірі және ол жаһандық зейнет индексін 2013 жылдан бері есептеп келеді. Зерттеу барысында Дүниежүзілік банктің, сондай-ақ ұлттық статистикалық ведомстволардың мәліметтеріне сүйенеді. Аталған тізімнен Қазақстанды іздедік, таппадық. Сонымен, біздегі жағдай зейнеткерлерге тиімді ме?

2017 жылдың 1 қарашасындағы есеп бойынша Қазақстанда 2 миллион 132 мың 666 зейнеткер бар. Келесі жылы еліміздің әлеуметтік саласында бірқатар өзгеріс болады. Олардың бірі – әйелдердің зейнеткерлік жасы ұлғаяды. Яғни, жаңа жылдан бастап әйелдер 58,6 жасқа толған кезде ғана зейнетке шыға алады.

Қазақстан Республикасының қазіргі заңнамасында ер адамдар үшін зейнетке шығатын жас – 63 жас, ал әйелдер үшін – 58 жас. 2018 жылғы 1 қаңтарынан бастап әйелдердің зейнеткерлік жасы кезең-кезеңімен 63 жасқа жетуін көздейтін норма күшіне енеді. Осыған орай, әйелдердің зейнеткерлік жасын арттыру 2018 жылдан бастап 2027 жыл аралығында, 10 жыл ішінде 6 ай сайын жүзеге асырылатын болады. Бұл жаңалық 1960 жылы және одан кейін туған әйелдерге қатысты. Мысалы, 1964 жылғы 1 қаңтардан 30 маусымға дейін туған әйелдер 62 жастан 6 ай асқанда, 1964 жылғы 1 шілдеден 31 желтоқсанға дейін туған әйелдер 63 жасқа толған кезде зейнетке шығады.

Зейнет жасын көтеру мәселесі тек біздің елде ғана емес, көптеген шет елдерде, нақты айтқанда, Ұлыбритания, Германия, Франция, Норвегия, Швеция, Оңтүстік Корея, Чехия, Әзербайжан, Украина, Эстония сынды мемлекеттерде де қолға алынып жатыр. Еуроодақтың 18 елінде әйелдердің зейнетке шығу жасы 2020 жылы ерлердің жасымен теңестірілетін болса, 5 ел оны әзірше кейінге қалдырды. Бұл мемлекеттерде зейнеткерлік жасты арттыру кезең-кезеңмен жүргізіледі. Әдетте ол жылына 2 айдан 6 айға дейінгі мерзімді құрайды. Мысалы, Оңтүстік Кореяда әйелдердің зейнеткерлік жасын 65-ке жеткізу 20 жыл ішінде жүргізілсе, Францияда 62 жасқа дейін 8 жылда, Украинада 60 жасқа дейін 10 жылда жүзеге асырылатын болады.

АҚШ. Зейнетке шығу жасы: 1937 жылға дейін туғандар үшін 65 жас, 1943-1955 жылдар аралығында туғандар үшін 66 жас, 1960 жылдан кейін туғандар үшін 67 жас. Орташа зейнетақы: айына 1 335,97 доллар (447 мың 670 теңге 187 тиын).

ҰЛЫБРИТАНИЯ. Зейнетке шығу жасы: ер адам үшін 65 жас, әйел адамға 60 жас. 2020 жылға дейін ер және әйел адамдар үшін 66 жасқа ұзартылады. Орташа зейнетақы: 605 фунт стерлинг (260 мың 748 теңге 95 тиын).

ФРАНЦИЯ. Зейнетке шығу жасы: ер және әйел адам үшін де 62,5 жас. Толық зейнетақы алу үшін 67 жас. Орташа зейнетақы: 1000 еуро (376 мың 340 теңге).

РЕСЕЙ. Зейнетке шығу жасы: ер адам үшін 60 жас, әйел адам үшін 55 жас. 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап, мемлекеттік қызметтегі ер адам 65, әйел адам 63 жаста зейнеткерлікке шығады. Орташа зейнетақы: 13 700 рубль (255 мың 906 теңге 41 тиын)

Елімізде алпыстан асса да, жұмыс істеп нәпақа тауып отырған зейнеткерлердің саны жылдан-жылға артып барады. 2015 жылы жұмыс істеуші зейнеткерлер саны 21,2 мыңға жеткен. Бұл елдегі экономикалық ахуалдың күрделеніп кеткенін көрсетеді дейді мамандар. Жалпы, жұмыс істеп жүрген зейнеткерлерді шартты түрде үш топқа бөлуге болады. Бірінші топтағылар лайықты демалысқа шыққысы келеді-ақ, алайда, мемлекет тағайындаған зейнетақы көлемі тым аз. Яғни, жұмыс істеуге мәжбүр. Екінші топ – жұмыс орнындағылар жібермей ұстап отырғандар. Әдетте, ондай адамдар, біріншіден, өзі өмір бойы еңбек етіп келе жатқан кәсіпорындағы істің жай-жапсарын бес саусағындай білетін мықты мамандар, екіншіден, жұмыс беруші оларға жас мамандарға қарағанда азырақ жалақы төлейді. Ал, үшінші топ – жұмысты өмірінің мәні деп білетіндер. Бұл топтағылар үшін қаржы жағы да соңғы орында тұрған жоқ. Ал, сіз қайсы топқа жатасыз?

Зейнеткерлік жасы ұлғайғанымен, зейнетке ерте шығу мүмкіндіктері сақталған топтар бар дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі. Олар:

— 5 немесе одан да көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдерге 53 жасқа толғанда;

— төтенше және радиация қаупі ең жоғары аймақтарда 1949 жылғы 29 тамыз – 1963 жылғы 5 шілде аралығында кемінде 5 жыл тұрған әйелдер 45 жасқа толғанда;

— зейнетақы жинақтары жеткілікті болған кезде (2017 жылы – 12,4 млн теңге), зейнетақы аннуитеті шартын жасасқан жағдайда 50 жасқа толғандар шыға береді. Яғни, осы жасында жинақтаушы зейнетақы жүйесінен зейнетақы төлемдерін тағайындау құқығы бар болады. Сондай-ақ, жаңа жылдан бастап елімізде зейнетақы өседі: еңбек зейнетақы – 8%, базалық зейнетақы – 6%. Сонымен бірге, базалық зейнетақыны тағайындау әдісі өзгермек. Қазір базалық зейнетақы мөлшері баршаға бірдей әрі еңбек өтіліне бағынышсыз болса, 2018 жылы 1 шілдеден бастап базалық зейнетақы еңбек өтіліне байланысты есептеледі.

Бұған қоса, әйелдерге жасына байланысты зейнетақы тағайындау үшін, жас балаларды бағып-күткен, бiрақ әрбiр бала 3 жасқа толғанға дейін жалпы жиынтығы 12 жыл шегiнен аспайтын уақытты есепке алу жеңілдігі сақталған. Ведомство мәліметінше, жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде тек 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі есепке алынады. Ал, 1998 жылғы 1 қаңтардан кейінгі еңбек өтілі үшін жинақтаушы зейнетақы қорына аударылған міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы төлемдері беріледі.

Зейнет жасына келген азаматтар зейнетке шығу үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес келесі құжаттарды ұсынады:

— жеке куәлік;

— тұрғылықты тұратын жері бойынша тіркелгенін растайтын құжат;

— еңбек кiтапшасы;

— бiлiмi туралы құжат;

— әскери билет немесе қорғаныс істері жөніндегі басқарманың (бөлімнің) анықтамасы;

— жұмыстағы үзілістерге қарамастан, 1995 жылғы 1 қаңтардан бергі кезеңдегі қатарынан кез келген 3 жылғы орташа айлық табысы туралы ұйымның (кәсіпорынның) анықтамасы.

Зейнетақы тағайындау туралы толық мәлімет алу үшін азаматтар қажет құжаттарымен тұрғылықты жері бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығына баруы қажет. Сондай-ақ, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы ақпараттық кеңес орталығының (call-центр) 1414 номерлі телефонына тегін хабарласып, толық мәлімет алуға болады.

Гүлжан МАРҚАБАЙ

Астана

Пікірлер