Еркекке керек декрет…

Декреттік демалыстағы отағасы. Келісіңіз, мұндай жаңалықты жиі ести бермейсіз. Елімізде декреттік демалысқа әйелдер ғана емес, ерлер де шығуға құқылы. Бұл туралы Еңбек кодексінде тайға таңба басқандай жазылған. Алайда, бұл құқығын қазақстандық ер азаматтар жиі пайдалана бермейді. Себебі, менталитет деген бар. Соңғы 6 жылда елімізде «декретке» кеткен еркектердің жалпы саны 150-ге жетер-жетпес. Бірақ өткен жылы өсім бар…

Қазақстан бала күтіміне әлеуметтік кепілдіктер беретін елдер қатарына енеді. Әлем бойынша екі ел АҚШ пен Папуа Жаңа Гвинеяда ғана декреттік демалыс қарастырылмаған. Декреттік демалыстар елдің экономикасына да қиындық әкеледі екен. Ұзақ уақыт декретке шыққан әйелдер еңбек күшінің санын азайтады. Бұл мәселеге шешім ретінде әлемдік тәжірибеде бала күтімін ер азаматтарға да жасауға құқық беру пайда болды. Яғни, әйелдің декретке шығу мерзімінің жартысын күйеуі бөліп ала алады. 1995 жылы шыққан швед заңында декреттік демалысқа шығатын тұлғаның жынысы аталмаған.

Финляндияда әкелердің 66% бала күтімі үшін уақытша жұмыстан босатылады. Ал Ұлыбританияда қамқор әкелерге тиісті өтемақыдан бөлек 100 фунт стерлинг көлемінде қосымша ақы төленеді. Көптеген зерттеулер әкесінің тәрбиесін алған балалар тезірек дамитынын дәлелдеді.

Австрия, Польша мен Чехияда декретке шығатын ер кісілердің үлесі 3% ғана. Ал Швеция, Норвегия, Франция мен Германия декреттік демалысты тең бөліп алатын ерлі-зайыптыларға қосымша төлем қарастырған. Бүгінде шведтік ерлердің 20 пайызы, әр үшінші неміс пен жетінші норвегиялық еш қымсынбастан декреттік демалысқа шығып жатыр. Чили, Италия мен Португалия болса, ер азаматтарына декреттік демалыс алуды міндет еткен.

Қазақстандағы отбасылардың арасында баланың 1 жасқа дейінгі күтіміне байланысты әлеуметтік төлем рәсімдейтін еркектер саны артып келеді. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осындай ақпар таратты. 2016 жылы аталған әлеуметтік төлем алушылардың 98% әйелдер, тек 2% ғана еркектер болған. Ал, 2017 жылы 1 жасқа дейінгі баланың күтіміне байланысты кірісінен айырылған жағдайда әлеуметтік төлем алуға өтінім бергендердің 8% – еркектер.

Айта кетерлігі, бала дүниеге келгенде төленетін төлемақының бірнеше түрі бар. Біріншісі, жұмыс істейтін әйелге тиесілі декреттік төлемақы. Ол бір-ақ рет беріледі. Оны есептеудің өзіндік үлгісі бар. Табыс мөлшері нақты жұмыс істеген мерзіміне қарамастан бала туғанға дейінгі соңғы жылдағы әлеуметтік аударымдар бойынша анықталады. Төлем мөлшерін соңғы жылдың орташа айлық табысын 10% мөлшеріндегі зейнетақы аударымдарын шегерумен еңбекке жарамсыздық күндерінің коэффициентіне көбейту арқылы білуге болады. Орташа айлық табыс жыл бойғы жалпы табысты 12 айға бөлгенде анықталады. Еңбекке жарамсыздық күндерінің коэффициенті жүктілігі және босануына байланысты демалыс күндерінің санын 30 күнге бөлумен анықталады. Сол себепті максималды коэффициент 126/30=4,2 теңеледі. Бала туғандағы біржолғы жөргекпұл мөлшері заңмен бекітілген. Бірінші, екінші және үшінші балаға 30 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), ал, төртінші, бесінші, алтыншы және т.б. балаларға 50 АЕК төленуге тиіс. Ал, сол баланың бір жасқа дейінгі күтімі үшін ай сайынғы жәрдемақыны алуға сәбидің анасы немесе әкесі өтініш бере алады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2017 жылдың 9 айында Әлеуметтік сақтандыру қорынан жүктілік пен бала туғаны үшін 48 млрд теңге, 1 жасқа дейін бала күтімі үшін 53 млрд теңге төленген.

Біздің қоғам «декрет» сөзін «сәбиді өмірге әкелген ананың бала күтіміне байланысты демалысқа шығуы» деп қана қарастыру қалыптасқан. Жай ғана қалыптаспаған, қатып, бекіп, әбден орнығып, сіңісті болып кеткен. Сондықтан да, декретке тек әйелдер шығатындай көрінеді. Ал, сол баланы бағу үшін ер адам еңбек демалысына шығуы мүмкін екендігі біздің қоғамда үлкен резонанс тудырады. Мысалы, 2014 жылдың қыркүйегінде Астанадағы «Жедел жәрдем» орталығында балалар дәрігері болып қызмет атқаратын Еркінбек Байдуллаев «декретке» кететінін айтып, «айды аспанға бір-ақ шығарды». Еркінбектің бұл шешімін біреулер ерлік деп қабылдаса, енді бірі күлкіге айналдырды.

Алысқа кетпейік, өткен жылдың 23 қарашасында отандық БАҚ ұлардай шулап, Павлодар облысы прокурорының орынбасары Қуат Артықбаевтың «декретке» кеткенін жарыса жазды. 49 жастағы прокурор орынбасары алдағы 3 жылын бала күтіміне арнауға бел буыпты. Ер адам жоғары лауазымына қарамастан, отбасын құп көрген Қуат Артықбаев бала күтіміне байланысты 2020 жылдың 21 наурызына дейін жұмысқа шықпайды.

Сонымен, еркекке декрет не керек? Айыптауға асықпаңыз, өмірде түрлі жағдайлар кездеседі. Кейбір әйелдер бала туған соң денсаулығы нашарлап, күйеуінің көмегіне зәру болады, кейбір оқиғалар тіпті қайғылы аяқталып жатады. Кейбірі бұл шешімнен таза пайда көруі мүмкін. Қалай дегенмен де, ер адамның бала күтіміне атсалысуы бүгінде төмендеп кеткен әке рөлін жоғарылатуға септігін тигізіп, бала тәрбиесіндегі жауапкершілік тек әйел адамның мойнында деген біржақты пікірден арылуыға әкелер деген үміт те жоқ емес бізде…

Гүлжан МАРҚАБАЙ
Астана

Әр елдегі декреттік демалыстар мөлшері:

Ресей
Демалыс: 166 апта;
Төлемдер: алғашқы 20 апта табысына (айлығына) сәйкес 100%, 21-ші аптадан бастап баласының 1,5 жасына дейін 40% төленеді.

Эстония
Демалыс: 166 апта;
Төлемдер: алғашқы 20 апта табысына (айлығына) сәйкес 100%, 21-ші аптадан бастап декреттік демалысы біткенге дейін 45% төленеді.

Чехия
Демалыс: 110 апта;
Төлемдер: алғашқы 28 апта табысына (айлығына) сәйкес 70%, 29-шы аптадан бастап 45% төленеді.

Норвегия
Демалыс: 61/91 апта;
Төлемдер: алғашқы 61 апта табысына (айлығына) сәйкес 100% немесе 80% 91 аптаға дейін төленеді. 

Германия
Демалыс: 58 апта;
Төлемдер: алғашқы 14 апта табысына (айлығына) сәйкес 100%, 15-ші аптадан бастап 65% төленеді.

Куба
Демалыс: 57 апта;
Төлемдер: алғашқы 18 апта табысына (айлығына) сәйкес 100%, 19-шы аптадан бастап 60% төленеді.

Канада
Демалыс: 52 апта;
Төлемдер: табысына (айлығына) сәйкес 55%, жағдайы нашар отбасыларға 80% төленеді.

Вьетнам
Демалыс: 26 апта;
Төлемдер: табысына (айлығына) сәйкес 100% төленеді. 

Бразилия
Демалыс: 17 апта;
Төлемдер: табысына (айлығына) сәйкес 100% төленеді. 

Нидерланды
Демалыс: 16 апта;
Төлемдер: табысына (айлығына) сәйкес 100% төленеді. 

Израиль
Демалыс: 14 апта;
Төлемдер: табысына (айлығына) сәйкес 100% төленеді.

Индия
Демалыс: 12 апта;
Төлемдер: табысына (айлығына) сәйкес 100% төленеді. 

Ирак
Демалыс: 9 апта;
Төлемдер: табысына (айлығына) сәйкес 100% төленеді. 

Тунис
Демалыс: 4 апта;
Төлемдер: табысына (айлығына) сәйкес 66,7% төленеді.

Пікірлер