Қостанайлықтарды не мазалайды?

Коммуналдық қызмет сапасы. Бұл – облыс орталығы тұрғындарын бірінші мазалайтын мәселе. Осы жылы Қостанай қаласындағы қоғамдық көліктерге электронды билеттеу жүйесі енгізілуі мүмкін. Сейсенбі күні халық алдында есеп берген шаһар басшысы Базыл Жақыпов бұл мәселенің қаралып жатқанын айтты.

 Қазір Қостанайда жұртшылық арасында, БАҚ-та қызу талқыланып жатқан тақырып – жолақы мәселесі. Қала әкімінің есеп беру жиынында бұл туралы айтылмай қалған жоқ. «Тасымалдаушылар әбден масайраған, техника паркін жаңартам десе олардың проблемасы, бізге не қатысы бар?» деген сыңайдағы жанайқайын жеткізді жұрт. Жергілікті билік бұл мәселені назарда ұстап отырғанын, қоғамдық кеңес пен сарапшылардың қарауынан кейін, бір ай көлемінде нақты шешім шығарылатынын мәлімдеді.

Электронды төлемақы жүргізу жүйесі енгізілсе, екі жаққа – тасымалдаушыларға да, халыққа да тиімді болуы тиіс. Мұндай жүйені Қазақстанда Алматы қаласы 2016 жылы (2015 жылдың күзінде тәжірибе жүзінде) бірінші болып қолданысқа енгізген болатын. Сол жылдың жазында-ақ тасымалдаушы компаниялардың табысы 40% артты. Базыл Жақыпов қазір мамандар жолаушылар тасымалы қызметіне мониторинг жүргізіліп жатқанын айта келіп: «Барлығы жоспарлы түрде жүзеге асса, «Оңай» электронды төлем картасы жақын арада ел игілігіне беріледі», – деді.

Шаһар басшысының сөзіне сүйенсек, биыл автобус паркі 50 жаңа қоғамдық көлікпен толықпақ.

Екі жарым сағатқа созылған жиынның алғашқы отыз минутында қала әкімі Базыл Жақыповтың баяндамасы тыңдалды. Облыс орталығында өткен жылғы атқарылған жұмыстарды тізбектеген әкімнің сөзіне қарағанда, барлық салада өсім, жетістіктер бар. 2017 жылы қала кәсіпорындарында 226 млрд теңгенің өнімі өндірілген, бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен 25% көп. Бюджет түсімі – 26 млрд теңге, жоспар 110% орындалған. Жеке сектор құйған инвестиция – 58 млрд теңге, 2016 жылғы межемен cалыстырғанда – 135%.

Сондай-ақ, былтыр 178 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Мұны 2016 жылдың көрсеткішінен 38,5% деп көрсетті әкім. Қалада бой көтерген көпқабатты 22 үйдің 17-сі әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар бойынша тұрғындарға үлестірілді, яғни, 1 мың 62 пәтерде қоныс тойы тойланды.

– 2018 жылы жалпы көлемі 100 мың шаршы метр тағы 21 үйдің құрылысы басталмақ, екеуін жыл соңына дейін салып бітіру жоспарланып отыр, – деді Базыл Жақыпов.

Жаңа шағын аудандар мен әлеуметтік нысандар жайы да назардан тыс қалған жоқ. «Әуежай» мөлтек мекенінде мың адамға есептелген спорттық-көңіл көтеру кешені 15 ақпанда есігін айқара ашпақ.

– Тоғыз жүз оқушыға арналған мектеп пен әрқайсында 280 орыннан екі балабақша салынады. «Юбилейный» шағын ауданында 1 мың 200 орындық мектеп, бір күнде 250 адамды қабылдай алатын емхана бой көтермек, – деген әкім қалалықтардың өмір сапасын жақсарту атқарушы биліктің басты назарында тұрғанын айтып өтті.

Сұрақ-жауап кезеңінде зейнеткерлер белсенді болды. Бәрінің ойын жиып-теріп айтқанда, қаладағы коммуналдық қызмет сапасы өте нашар.

– Қостанайда жыл сайын ыстық судың сапасы нашарлап барады, – деді зейнеткер Анатолий Капустьянов. – Тоттанған темір ұнтағы араласқан, иісі де жағымсыз. Жылуға әр шағын аудан неліктен әртүрлі бағамен төлейді?

Әкімнің жауабы: «Қалада 1 100 көпқабатты үйдің 208-інде ПИК (пәтер иелері кооперативтері) жұмыс істемейді. Оларда қысым тексеріліп, құбырлар тазартылып тұрмаған соң, су ластанады. Осылайша сапа төмендейді. Ал тұрғындардың жылуға әртүрлі төлейтін себебі, кейбір үйлер есептеуіш орнатып қойған».

Келесі сұрақ: «Әкімдікке отыз жылдық шыршаларды отауға кім кеңес берді? Мен мұны қылмыс деп санаймын. «Март» сауда үйінің жанынан салынған пиццерия («Макдональдс» туралы айтып тұр – ред.) не үшін керек?».

– «Макдональдс» – бұл жеке инвестиция, – деді қала әкімі. – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында кәсіпкер Қостанайға 800 млн теңге қаржы құйып, шамамен жүз жұмыс орнын ашты. Атқарушы билікті алдында тұрған бірінші міндет – халықты жұмыспен қамту. Сол жерден 18 шыршаны алып тастағанымен, олар Солтүстік-Батыс ауданға 100 қарағай егіп берді.

Бұл сұраққа облыс әкімі де тоқталып өтті.

– Шыршаны алып тастадыңыздар дейді, онда қоқыс шашылып жататын. Олай қалдыруға болмайды, қаланы абаттандыру керек, – деді Архимед Мұхамбетов.

«ҚазТрансГазАймақ» компаниясына қатысты да сын айтқан тұрғындар болды.

– Өздері ешкімнің келісімінсіз коэфицент белгілеп, артық ақша алуды біледі. Ал оны қайтаруға келгенде, қанша қарыз екенін дәлелдеу үшін тұрғындардан төрт-бес жыл бұрынғы, қайда қалғаны белгісіз түбіртектерді талап етеді, – дейді Аркадий Денисов.

Облыс әкімі компания өкілі орнын тұрғызды. Ол әлгіндей түсініспеушіліктер болып жатқанын жасырған жоқ. Мәселемен айналысатын сыңай танытты.

Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы қаланың дамуы турасында өзінің есеп беру кездесуінде де баяндайтынын тілге тиек етті. Қоса кетейік, облыс әкімінің халық алдындағы есеп беру жиыны 23 ақпанда «Әуежай» шағын ауданындағы спорттық-көңіл көтеру кешенінде өтеді. Сұрақтарды 13 ақпанға дейін әкімнің blogs.egov.kz блогына, 8 (7142) 575-057 телефоны бойынша немесе 917 тегін нөміріне SMS-хабарлама арқылы (Beeline байланыс операторы) қабылданады. Сондай-ақ, сауалдарды жабаша түрде Қостанай қаласы, Әл-Фараби даңғылы, 66 мекенжайына «есеп беру кездесуіне» деген белгімен жолдауға болады.

Аслан ҚАНҒОЖИН

Пікірлер