Шахтерлардан шыққан шу

Шахтерлардан шыққан шу күллі Қазақстанды дүр сілкіндірді. Тәуелсіздік жылдарында бірінші рет тіркелген шахтерлар арасындағы ереуіл «дамыдық» деген ХХІ ғасырдың өзінде әлі күнге дейін қарапайым жұмысшыларға қырын қарау психологиясының сақталып отырғанын көрсетті.

Бір компания, әртүрлі мәлімет

Ереуіл төрт күнге жалғасты. Қоғамдық резонанс тудырған ереуіл бір сәтте бірнеше жүздеген адамды біріктіруімен ерекшеленді. Тұңғыш рет қоғамның «мен» деген қаймақтары, кейбір бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары ереуілшілерді қолдап, ашық сұхбат берді.

11 желтоқсан күні таңда «Арселор Миттал Теміртау» компаниясына қарасты төрт шахтаның түнгі ауысымына түскен шахтерлар жер астынан шығудан бас тартты. Төрт шахтадағы адамдардың санын қосқанда ереуілдеушілер саны екі жүз адамға дейін жетті. Кешке қарай ереуілдеуші жұмысшылардың әйелдері Шахтинскі әкімдігіне жиналды. Бет қарыған аязға қарамастан топтанған халық нөпірі күшейгендіктен, жергілікті полиция оларды мәдениет үйіне жинады. Сол жерде бірінші болып билік пен жұмысшылар арасындағы келіссөздер басталды.

12 желтоқсан күні ереуілдеушілердің саны 684 адамға дейін жетті. Ал, толқу басталған шахталарға тағы төрт шахта қосылды. Сөйтіп, ереуіл алып «Арселор Миттал Теміртау» компаниясына қарасты сегіз шахтаның, яғни, «Абай», «Саран», «Қазақстан», «Тентек», «Ленин», «Шахтинская», «Күзембаев», «Костенко» шахталарының барлығын жайлады. Үкімет деңгейіне жеткен мәселе ойламаған жағдайға дейін ушықты. Осы мәселеге байланысты мәлімдеме жасаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова жұмысшылардың басты талабы жалақыны өсіру, шахтерлардың зейнетке шығу мерзімін 50 жас деп белгілеу екенін айтты. Министрдің мәліметінше, шахтерлардың минималды жалақысы 208 мың теңгені құрауы тиіс еді. Бірақ, жұмысшылар өздерінің мұндай жалақы алмайтындарын айтып, тіпті, әлеуметтік желілерге квитанцияларын жүктеп тастады. Ал, 2012 жылғы ресми мәлімет компаниядағы жұмысшы топтың жалақысы 126, 157,6 және 90 мың теңгені құрайтынын көрсетіп отыр. Кей мәліметтерде жалақының 64 мың теңге екендігі де айтылып жүр.

Мүшелері сенбейтін қандай кәсіподақ?

Тағы бір штрих, жұмысшылар өздері құрған кәсіподаққа сенбейтін болып шықты. Толқу тіркелгеннен кейін компания басшылығы мен «Қорғау» кәсіподағының қатысуымен келіссөздер басталғанымен, жұмысшылар «Шахтерская семья» қоғамдық бірлестігінен құқықтық көмек сұрады. Сол күні түнделетіп Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының атқарушы директоры Вадим Басинмен бірге ереуілдеушілерге жол тартты.

13 желтоқсан күні әкім шахтаға түсіп, жұмысшылармен арада келіссөздер жүргізді. Бұдан соң бастамашыл топ құрылып, процесс одан әрі жалғаса түсті. «Шахтерлар жердің бетіне шықпаса, ешқандай келіссөздер жүрмейді» деп айға атылған компанияның арынының басылуына да мәселеге облыс басшылығының араласуы түрткі болса керек. Бірақ, жағдай қолдан проблема жасау картинасынсыз болған жоқ. Алып «Арселор Миттал» компаниясы ереуілді заңсыз деп тану жөнінде сотқа арызданды, оған қосылып «Қорғау» кәсіподағының төрағасы Марат Миргаязов «Шахтерская семья» бірлестігі басшылығының үстінен шағым түсірді. Осындай ызы-қиқы жағдай 15 желтоқсанның түнінде шахтерлардың жердің бетіне шығуымен аяқталғандай болды. Дәл қазіргі таңда келісім комиссиясы құрылып, компания басшылығымен арада өзара жұмыс жүргізіп жатыр.

Бастапқыда асау аттай айға атылған компания енді жұмысшылардың жалақысына 100 мың теңгеден қосуға және ереуілшілерге бір реттік сыйақы беру туралы шешімдерін ұсынып отыр. Ол тетіктердің қашан және қалай реттелетінін алдағы күндер көрсетеді.

Күрмеулі мәселе. Үлкен сұрақ

Осы жерде белгілі саясаттанушы Досым Сәтпаевтың «шахтерлар шығарған шу бүгін ғана пайда болған проблема емес» деген пікірін алға тартқымыз кеп отыр. «Sputnik» сайтына берген сұхбатында саясаттанушы мұның біраз уақыттан бері пісіп-жетілген, тіпті, әбден шегіне жеткен проблема екенін айтады. «Сондықтан, бұл жағдайға тиісті министрліктермен бірге, Үкімет басшысы тікелей араласуы тиіс. Өкінішке қарай, біздің аймақтардағы атқарушы билік үнемі кешігіп жүреді. Ал, әшейінде билік өкілі саналатын мәслихат депутаттары бұл жолы үнсіз отыр. Құдды ауызға су толтырып алғандай. Үнсіздік» деген саясаттанушы «бұл толқын кеткеннен кейін көмір өндіретін шахтерларымыз бола ма?» деген мәселені көтереді. Саясаттанушының айтуынша, қазіргі жастар шахтер болғысы келмейді. Біз бұл ахуалды күнделікті өмірден де байқап жүрміз. Жұмысшы мамандығы «қартайып» барады. Қарапайым үй соғудан бастап, мал бағатындар, тіпті кейде, аспазға дейінгі мамандықтарды қарақалпақ, өзбек ұлтының өкілдері «меншіктеп» алды. Сол сияқты, шахтерлардың қазіргі толқыны зейнет жасына жеткеннен кейінгі ахуал қалай болмақ? Көмірді де өзге ұлт өндіретін бола ма? Үлкен сұрақ. Осындай жанды мәселені көтерген саясаттанушы Қазақстан ұмтылып жүрген әлемнің алып отыз елінде жұмысшы мамандардың жағдайы мүлде басқаша екеніне назар аударыпты. «Әлемнің ең дамыған алып елдерінде де осындай кен орындары жетіп артылады. Ол елдерде де шахтерлар өмір сүріп жатыр. Және олардың жағдайы біздікілермен салыстырғанда жер мен көктей. Керек десеңіз, әжептәуір әлеуметтік пакеттері де қарастырылған» деп түйіндепті саясаттанушы.

Қалай десек те, шахтер бағзы заманнан ең қауіпті, әрі ең қорғалған мамандық саналады. Шахтерларымыздың қандай жағдайда өмір сүріп жатқанын тәуелсіздік жылдарында тұңғыш рет орын алған осы ереуіл айна-қатесіз көрсетіп берді. Әлеуметтік теңгерімсіздік, жұмысшы санатқа «екінші сорт» ретінде шекесінен қарау мәселесінің әлі күнге дейін сақталып келе жатқаны ойлантады. Және осы ереуіл шахтерлар жұмыс істеп жатқан еңбек жағдайының да оңып тұрмағанын көрсетті. Әйтпесе, еліміздегі бейбіт өмір алпауыт компанияның иесі мультимиллиардер Лакшми Митталға емес, ең алдымен өзімізге керек. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың Митталмен арада жүргізген келіссөздері оңды нәтиже беріп, шахтерлар әлеуметтік қорғалған жағдайда және жақсы көңіл-күймен еңбекке кіріседі деп сенелік…

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

 

Сіз не дейсіз?

Владислав КОСАРЕВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты:

– Барлық шахтерлар өздерінің құқықтарын қорғап жатыр. Өз басым шетелдік компаниялар жұмыс істеп жатқан барлық шахтаның жағдайы Қазақстан Үкіметінің жауапкершілігінде болуы керек деп ойлаймын. Ал Теміртаудағы жағдайдың ушығуына, ондағы күрмеулі мәселелердің шешілмеуіне байланысты компания жауапкершілік алуы тиіс.

Пікірлер