«Шимайлаушыларға» жаза жоқ па?

«Тау құласа селт етпейтін қоғамның,
түк көрмейтін бір мүшесі боп алдым»
қостанайлық ақын Н.Құлабаев

Қостанайдың көшелері, аулалары және кіреберістері вандалдар «шимайына» толы. Түсініксіз таңбалар мен жазуларға, шашылған қоқысқа көзіміз үйреніп кеткендей. Елең етпейтін болып алдық.

Қостанайда «Как таг?» деген жазу пайда болды. Бұл не жазу? Мақсаты не? Бір жылдың ішінде «суретшілер» қаладағы көптеген үй қабырғалары, сауда орындары, жерасты өткелдері мен мазар қоршауларында да өз «туындыларын» қалдырып үлгерді. Зер салсаңыз, жазулар бір-біріне ұқсайды. Сондықтан бір адамның жұмысы-ау деп топшылағанбыз. Ал, шындығында бұл қаладағы белгісіз бір топ жастардың әрекеті. Біз ғаламтордан осы жөнінде іздестіріп көрген едік. Таптық та. Көршілес Ресейде осыған ұқсас, айналасын жазумен толтыратын топ бар екен. Бірақ, біздің жеткіншектерге қарағанда жұмыстары ауқымды әрі көз тартады. Олар өз топтарын «Зачем?» (Неге?) деген атпен таныстырады. Беттерін тұмшалап, қолдарына түрлі-түсті баллондарды ұстаған граффитишілер журналист, тілшілермен де сұхбаттасуға қарсы емес. Жасаған жұмыстары арқылы қоғамдық сананы оятып, көпті айналадағы болып жатқан жайттарға көз салуына шақырады екен. Бүгінгі күнге дейін жасөсіпірімдер Мәскеу көшелерін, барлық аймағын туындыларымен толтырған. Жасағандарын біреу құптайды, біреу даттайды. Ортақ пікір жоқ. Ресми ұрандары да бар: «Саясатқа, екіжүзділікке, талғамсыздыққа, бірінен-бірі айнымайтын, қызықсыз күндерге қарсы тек кириллицамен, тек бір ғана сөз – Неге?». Бұндай топтарды ұстау полицияға әзірге оңай болмай тұр. Қолға түсіргеннің өзінде, кінәлі екенін дәлелдейтін айғақтар жоқ, жібере салуға тура келеді. Тек айыппұл ғана қарастырылған. Граффитишілер қауіп сезбеген соң, «әдеттерін» әрі қарай жалғастырады.
Біздің жеткіншектер олардан қалмақ емес. Бірақ олар «Как таг?» жазуының мәнісін түсіндірген жоқ. Оны әркім әрқалай ұғып жүр…

Пікірлер