Үнем мен үрей

Елімізде қуаттылығы әртүрлі қыздыру шамдарын әкелуге және сатуға тыйым салынып жатыр. Олардың орнына тиімді әрі үнемді көздер келуі тиіс. Қазір қуат көзін үнемдейтін шамдарды халықтың көп бөлігі пайдаланып та жүр. Алайда мамандар бұл шамдардың пайдасымен қатар, зиянын да ескеруді айтады.

Олардың ішінде сынап бар. Бұл элемент шам сынған кезде ауаға таралып, адам денсаулығына, қоршаған ортаға үлкен зиян әкеледі. Үнемдегіш шамдардың жұртшылықты қызықтыратыны – электр қуатын аз пайдаланып, жарықты көп тарататындығында болып отыр. Ильич шамдарына қарағанда қуат көзін 5-6 есеге үнемдейді. Бұрынғы спираль арқылы қыздыратын лампалар электр қуатын көп тартатын. Бірақ пайдалану мерзімі ұзақ, 8 мың сағатқа жететін. Ал, жарық үнемдегіш әр лампаның құрамында ұнтақ немесе бу түрінде 3-5 мг аралығында сынап болады. Яғни, мұндай лампалардың кез келген түрі сынатын болса адам өміріне қауіп төндіреді деген сөз. Мамандар, әсіресе, сынап буынан сақ болу керектігін айтады. Оған уланған жағдайда адамның бауыры, бүйрегі, жүйке жүйесі, сондай-ақ, ас қорыту жүйесі зақымданады.

Бар болғаны 3 мг сынап адам өміріне ғана емес, топырақ пен суға, яғни, қоршаған ортаға орасан зор көлемде зиян келтіреді. Бір шамның құрамындағы сынап ауаға тараса, зиянды заттардың үлесін қалыпты мөлшерден 10 есеге арттыратыны дәлелденген. Сондықтан, табиғатқа зиянды бұл шамды ортақ қоқысқа тастауға болмайды.

Қостанайда мұндай шамдар шығаратын екі орын бар. Алайда арнайы контейнерлер облыс орталығында таяуда ғана пайда болды. Қала тұрғындары жарамсыз болып қалған қазіргі шамды бұрынғыдай ашық қоқыс жәшіктеріне тастап жүр. Сырты жұқа шынымен қапталған бұл шамдар қоқыс жәшігінде тез сынады. Сөйтіп, сынған шамнан аққан сынап ауаға тарайды. Оларды дұрыс залалсыздандыру жолдарын білмейтіндер көп.

Шет елдерде люминесцентті шамдарды тастауға арналған арнайы жәшіктерді кез келген жерден табуға болады әрі мұндай қоқыс жәшіктерін тазартуға арналған машиналар жұмыс істейді. Әсіресе, Еуропа елдерінде қуат көзін үнемдейтін шамдар орнату қалыптасқан қағидаға айналған, оны залалсыздандыру ісі де әлдеқашан жолға қойылған. Қолданыстан шыққан шамдарды тұрғындар мен мекемелер арнайы кәсіпорындарға тапсырады да, орнына өз бағасынан әлдеқайда арзан осындай шам сатып ала алады. Мәселен, Польшада қажетсіз электр шамдарын, соның ішінде сынабы бар шамдарды жинап әкететін арнайы көліктер ай сайын көшелерді аралап жүреді. Германия мен Францияда жанып кеткен шамды дүкенге өткізесіз. Қажетсіз шамды өткізгеніңіз үшін аз да болса тиын-тебен береді. Ал Тәжікстанда сатылатын қуат үнемдегіш шамдардың қорабында «Қоқысқа тастамаңыз, арнайы қосынға өткізіңіз» деген ескерту жазылады екен. Біз сатып алып жүрген шамдардың қорабында ондай бір ауыз сөз жоқ.

2017 жылдың басында осы мәселе бойынша шу шыққан-ды. Қостанайдағы Гоголь көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінің ауласындағы контейнерге белгісіз біреу бірнеше шам лақтырып кеткен.

– Нақты қанша екенін білмеймін. Бірақ 100-ден астам болғаны анық, – дейді тұрғын Ақылбек Қарабаев.

Оны көргендер бірден әкімшілікке хабарласыпты.

– Бұл шамдарда сынап бар екені және оларды жайдан-жай лақтыра салуға болмайтынын білу үшін мықты маман болу керек емес қой. Мөлшері де өте көп. Мен көрсе сала Қостанай қаласы әкімдігінің диспетчерлік қызметіне қоңырау шалдым, – дейді Инна Татомирова.

Ақылбек Қарабаев та қол қусырып қарап отырмапты. Төтенше жағдайлар департаментіне шағым білдірген.

– Полиция қызметкерлері келді. «Тазалық» компаниясының қоқыс жинайтын мәшинесі де болды. Олар шамдарды көлікке қалай болса солай тиеді. Сынып жатқан шамдар да болды, – дейді Ақылбек Қарабаев.

Сонымен, бұл жерде сынаптың қалдығы бар ма, жоқ па белгісіз. Шамдарды кім тастап кеткені де жабық күйінде қалды. «Тазалық» компаниясының шамдарды қайда апарғаны да белгісіз. Сынаптың зияны бар екенін балалар да біледі. Олай болса, Қостанайда неге бұл мәселеге ұқыпсыз қарайды?

Қаламызда күйіп кеткен қуат үнемдейтін шамдарды қабылдайтын үш пункт тұр. Жұмыс істегеніне 12 жыл болған «Промотход» компаниясы осындай шамдарды залалсыздандырумен айналысады.

– Біз ақшаны тек заңды тұлғалардан аламыз. Бір шам – 110 теңге. Ал қарапайым халықтан ақша алынбайды. Шамдарды жоюға сол шамдарды жасап шығаратын өндіруші жауап беруі тиіс деген заң шығару туралы мемлекеттік қызметшілерге талай рет ұсыныс айттық. Құрамында сынап бар шам шығаратын фирма шамның өзіндік құнына оны қайта кәдеге жарату бағасын да қосса, бұл проблема болмас еді, – дейді «Промотход» Қостанай филиалының директоры Қайрат Мукиев.

Заң бойынша бұл мәселеге арналған бірнеше пункт бар. Мәселен, заңды тұлғалар өндірістегі және қолданыстағы қалдықтарды залалсыздандыруға, пайдаға асыруға міндетті. Қауіпті қалдықтарға мөлшеріне қарамастан паспорт толтыруға міндеттелген. (Экологиялық кодекс, 288, 289-бап). Қауіпті қалдықтармен жұмыс істеу кезіндегі талаптарға жауап бермегені үшін заңды тұлғалар 20 АЕК көлемінде айыпқа тартылады (Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекс, 344-бап). Сондай-ақ, токсинмен жұмыс істеу кезінде экологиялық талаптарды бұзу үшін жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін (Қылмыстық кодекс, 326-бап). 2017 жылы облыста жеке және заңды тұлғалар тарапынан энергия үнемдегіш шамдарды пайдалану кезінде талапты бұзғандарға 33 620 теңге көлемінде 4 айыппұл салынды.

Қазақстанда қазір сынаппен дұрыс жұмыс істеу жайлы көп айтылуда. Минамата конвенциясына қосылу мәселесі де көтеріліп жүр. Келісімге қол қойған елдер болашақта сынапты пайдаланудан мүлдем бас тартулары керек.

Жоғарыда айтқанымыздай, облыста сынабы бар қалдықтарды залалсыздандыратын фирмалар жоқ емес. Қазір осы бағытта БҰҰ-ның даму бағдарламасы мен ҚР басшылығының бірлескен жобасы да жүргізілуде.

– Осы бағдарлама аясында жақында ғана облыстағы 33 медициналық мекемеде екі мыңнан астам сынабы бар термометрлер электрондыға ауыстырылды. Қазір халықты сынабы бар қалдықтармен дұрыс жұмыс істеу жөнінде ақпараттандырып жатырмыз. Себебі, соңғы жылдары олардың саны энергия үнемдеуіш шамдардың көбейгеніне байланысты артқанын білесіздер, – дейді табиғи ресурстар және оларды тиімді пайдалану бөлімінің басшысы Светлана Арсентьева.

Сонымен қатар, осы бағдарлама аясында 2016 жылдың аяғында «Жаңа қала» шағын ауданында арнайы контейнер қойылды. Экология департаменті мамандарының айтуынша, бұл ауданда жасыл экономиканы орнатудың алғашқы қадамы болды. Оның үстіне осы уақытқа дейін энергия үнемдейтін шамдар жиналмайтын. Тұрғындар не басқа қоқыстармен бірге лақтыратын, не арнайы орындарға алып барып тапсыратын. Бұл контейнерде шамның бірнеше түрі мен көлеміне байланысты бөліктер бар. Экология департаменті Қостанай облысының әкімдігіне әр ауданға осындай контейнер орнату жайлы хат жолдады.

Сондай-ақ, 2017 жылдың басында «Март» ойын-сауық орталығындағы «Технодом» компаниясының залына үш контейнер қойылды. Аталмыш жұмыс «Табиғатты сүйеміз, Қазақстанды сүйеміз» жобасы бойынша өткізілді. Оған табиғи ресурстар басқармасы, экология департаменті қатысқан еді.

– Қазір Қазақстанның 26 қаласында 126 контейнер орнаттық. Құрамында сынап бар қызуөлшегіштер мен шамдарды және батареялар мен гаджеттерді бізге алып келулеріңді сұраймыз. Біз оларды тегін қабылдап, арнайы зауыттарға жіберетін боламыз, – дейді «Технодом» компаниясы филиалының директоры Николай Пюрко.

Энергия үнемдеп, жасыл экономикалы ел болуға қарапайым халықтың ниеті түзу. Оның үстінде елімізде бұрынғы шамдарды жасаудың және сатудың аясы тарылып келеді. Сондықтан күнделікті қолданатын шамдарды үнемді құралға алмастыру бүкіл халыққа телінген шаруа. Бір анық нәрсе – ертең сұраныс көбейген кезде қытайдың өндірушілері қарап қалмасы анық. Десек те, үнемді шамдарды пайдаланамыз деп үрейіміз ұшып жүрмесе болғаны…

Алмас БАЙДРАХМАН

Дерек пен дәйек

Сынап қауіпті класс тізіміне жатады. Энергия үнемдеуші лампалардың құрамында 3-5 мг аралығында сынап болады. Қызуөлшегіште – 2 мг. Орташа есеппен алғанда сынап пен оның қауіпті қосындылары адам ағзасында 0,0003 мг асып кетсе қауіпті болып саналады. Бұл норма егер құрамында 3 мг сынап бар шам 10 мың шаршы метр бөлмеде сынса орындалады.

 

Пікірлер