Жарық та қараңғы Қостанай

Көше шамдары түнгі қаланың ажары ғана емес, жазатайым оқиғалар мен ұрлық-қарлық, қарақшылық әрекеттерге де тосқауыл қоюға көмек. Бұл жағынан алғанда, Қостанай қаласының тек басты көшелері ғана қауіпсіз. Мәселен, Әл-Фараби, Баймағамбетов, Тәуелсіздік, Гагарин, Қайырбеков, Карбышев, Жауынгер-интернационалистер көшелері жақсы жарықтандырылған. Ал басқа көшелер ше?

Облыс орталығында бірнеше жылдан бері жарық шамы орнатылмаған көшелер жетерлік. Оларды көп іздеп те керек емес. Жарығы жақсы Бородин көшесінен Пушкин көшесіне, одан Урицкийге бұрылсаңыз болғаны. Жарық қараңғылыққа ауысады. №8 орта мектепке апарар жол да осында. Күнде таңертең балалар қараңғы көшелермен жүруге мәжбүр. Осы ауданда серуендеуге арналған екі аллея да бар. Бірақ жөнді жарықтандырылмағандықтан қыдырып жүрген адамдарды көп кездестірмейсің. Бір жағынан – екі көмескі шам, екінші жағынан – қараңғылық пен Бизнес колледжінің қараусыз қалған ғимараты. Қысқаша айтқанда, бұл аудан ахуалы сүйкімсіздігімен қоса, оның үстіне қауіпті де. Көршілес көп қабатты үйлер мен мектеп алдындағы шамдар болмаса, тас түнек. Бұған шағым айтып жүрген тұрғындар аз емес.

– Мен Пушкин көшесінде 2009 жылдан бері тұрамын. Бұл жерде сол уақыттан бері жарық болған емес. Біздің үйдің алдында ғана шам бар. Мектеп алды да қараңғы. Балалар оқуға таңертең телефон жарығымен барады, – дейді Галина Бесащук.

Бұл ауданда Железнодорожная көшесінен басқа жарықтандырылған көше жоқ. Бородин, Тәуелсіздік, Майлин, Жеңіс көшелерінің тұрғындары да балалары сабаққа барар және қайтар кезде алаңдайтынын айтады. Бір қызығы, шамға арналған бағандар барлық жерде бар.

Орталық базардан бастап, Баймағамбетов көшесімен әрі жүре берсеңіз шамамен осындай жағдайға куә боласыз. Қиылысқан көшелердегі жер үйлер түнде түнекке оранады. Мысалы, Шипин және Рабочая көшелері. Бұл жерлерде бірде-бір шам орнатылмаған. Бір қиырынан қарасаң тек Баймағамбетов көшесінің жарығы менмұндалайды.

КСК шағын ауданында да осы проблема. Жастар бульварынан шығып, 4-шағын ауданға апарар 2-Совхоз көшесімен жүре берсеңіз, кішігірім ауылға кіріп кеткендей боласыз. Облыс орталығының жолдары деп айтуға келмейді. Ол көшеде шам қоқыс контейнерінің жанында ғана тұр. Алыстан коттедждердің шамы көрінеді. Одан басқа жарық жоқ.

Қас қарайғанда Қайырбеков көшесіндегі жер асты өткелінен өтуге зейнеткерлер мен балалардың жүрегі дауаламайды.

– Жер асты жолына супармаркет жағынан бір ғана шам түседі, – дейді Валентина Давыдова есімді зейнеткер. – Өткелдің қалған бөлігі қараңғылықта. Бірнәрсеге шалынып құламас үшін аяқ астына үңіліп қарап жүру керек. Қарақшы отыра ма деп те қорқасың. Бұл өткелді №9 орта мектепке баратын оқушылар да пайдаланады ғой…

Ымырт жабылғанда ғана емес-ау, күндіз де өте алмайтындар да бар.

– Мен сабақтан шығарда күнделікті осы жолмен өтемін, – дейді Қостанай педагогикалық колледжінің студенті Айнұр Әбілқайырова. – Екінші ауысымда оқимын. Қараңғылықтан қорқамын, әрине. Ешқашан жалғыз өтпеймін. Күндіздің өзінде. Өйткені, бұл өткел жарық емес.

Онкологиялық диспансер ауданында да түн жарымында жалғыз-жарым ешкім жүре алмайды. Ол жақтағы Тимирязев, Свобода, Мичурин, Транспортная, Левобережная, Почтовая көшелерінде 15 жыл бойы жарық жоқ. Свобода көшесі бойында бір ғана шам тұр.

– Тимирязев көшесінде тұрып жатқаныма 14 жылдан асты. Осы уақыт ішінде жарық тартылған жоқ. Свобода көшесінің бұрышына шам қойған. Алайда ол бірде жанса, бірде жанбайды. Шағын дүкендердің маңайы ғана жарық. Біздің шағын ауданның тұрғындары жыл басында әкімдікке хат жазып, жарықтандыру қашан жүргізілетінін сұраған-ды. «2017 жылы бұл мақсатқа қаражат қарастырылмаған» деген жауап алдық, – дейді Нина Шарина.

Дегенмен, осы мөлтек аудандағы Красноселькая көшесінің тұрғындарының жолы болды. 2012 жылы аталмыш көшеде жылу жүйесі мен су құбырын, электр және телефон кабельдерін ауыстыру, тротуарды кеңейту, бордюр орнату жұмыстары кезінде жарық та жүргізіліпті. Қазір бұл жарықдиодты шамдар жанып тұр.

Дәл сол 2012 жылы Амангелді көшесінің де жолы жөнделіп, шамдары самсады. Ал, көшені қиып өтетін Сьяновта мүлдем жарық жоқ.

Түні бойғы тас қараңғылыққа Нариман шағын ауданының тұрғындары да үйренген. Краснопартизанская көшесінің бағандары болғанымен, сәуле түсірген шамдары жеткіліксіз. Бір көшені толықтай жарықтандыру бірталай қаражатты талап етеді.

– Егер бағаны орнында болса, бір бағанаға шам орнату шамамен 60 мың теңге тұрады, – дейді Қостанай қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Бауыржан Ахметов. – Бұл сома шырағдан, кронштейн, шоғырсым, техника жалдау және электрик жұмысын қосқанда шығады. Егер жарықдиодты лампа орнатар болсақ, шамдарды толықтай ауыстыру қажет. Бағасы сыну себебіне байланысты. Қостанайды бар шамдарды күтіп ұстауға 2017 жылы шамамен 42 млн теңге бөлінді. Жөндеу мен қалыпқа келтіруге 56 млн жұмсалды.

2016 жылғы қаражатпен салыстырсақ, аталмыш сома өте көп. Былтыр осы мақсатқа бар-жоғы 2,5 млн теңге қарастырылған. Келесі жылы қалай болары белгісіз.

Биыл жоғарыдағы 56 млн теңгеге Қостанайдағы 26 көшенің жарығы қалпына келтіріліпті. Сондай-ақ, Амангелді (Красный Партизан) мен Дружба ауылдарының сәйкесінше 4 және 10 көшесі жарықтандырылды. Енді Красный Партизанда Ленин, К.Маркс, Школьная және Тепличная көшелерінде жарық бар. Ал Дружба ауылының тұрғындары көшелеріндегі жарықты ұзақ күткен. Ауыл тұрғыны Галина Чикалованың айтуынша, ауылды шамамен 2 ай бұрын ғана жарықтандырған.

– Бұған дейін жарық мүлдем болмады, – дейді ол. – Ал қазір әр көшенің шамдары жөнделді. Пионерская көшесінде 4 шам бар. 40 лет Октябрядан да бірнешеуін көре аласыз. Бұрын жарық болмай жедел жәрдем қызметі қажет үйді таба алмай жүрген кездері де болған-ды.

Облыс орталығында биыл Уәлиханов көшесіне шамдар орнатылды. Киевская көшесінің де тұрғындары осындай бақытқа кенелді. Жаз бойы жөндеу жұмыстары жүргізілген Толстой көшесіне 8 бағана орнатылды.

Бірақ, жоғарыда айтқанымыздай, Қостанайда қараңғылықта қалып отырған көше көп. 2018 жылғы жұмыс жоспарына қайсы қосылатыны белгісіз. Бұл мақсатта бөлінетін сома да айтылмайды әзірге. Тек, келер жылы Лесная көшесі жарықтандырылатыны ғана мәлім. 2018 жылы жарықтандырылуы мүмкін деген көшелердің қатарында Нариман шағын ауданындағы жекеменшік сектор да бар.

20 желтоқсанға дейін жарық жүйесі Авиационная және Наримановская көшелерінде пайда болуы керек.

Қостанайда 2009 жылдан бері көшедегі жарықты автоматтандырылған жүйеге көшіру идеясы талқыланып жүр. Ол жарыққа кететін шығынды 1,5-2 есе қысқартар еді. Оның артықшылығы – түнде қозғалыс қарқыны азайғанда фаза бойынша басқару. Яғни, бір немесе екі лампа ғана жұмыс істейді. Сондай-ақ, ол күн жарығы бойынша өзі қосылады. Сәйкесінше, қыста, күн ерте батқанда, жүйе ертерек қосылады.

Қостанайдағы көше жарығын басқаратын қазіргі уақыт релесі мен фотореледе жоғарыдағыдай артықшылықтар жоқ. Ол тек барлық шамдарды бір уақытта қосып-сөндіруге мүмкіндік береді. Бұл жүйе де үнемдейді. Алайда, автоматты жүйе бірталай тиімді болар еді. Осылайша, бұл идеяның талқыланып жатқанына 8 жыл өтті. Еліміздің басқа облыстарында бұл жүйе ойдағыдай енгізілді. Ал бізде оның орнатуға 30 млн теңге табылмай тұрғаны…

Алмас БАЙДРАХМАН

Пікірлер