Жатақханалар жағдайы қалай?

Біздің елде жатақханалар мемлекеттің әлеуметтік көмегі тізімінен шыққалы қашан. Қазір бұл – бизнес. Соңғы уақыттағы оқиғаларға, мәселен, Байтұрсынов көшесіндегі жатақханада болған өртке қарағанда назардан мүлдем тыс қалғаны байқалады. Қалалық жерлерде баспана сатып алмақ түгілі, жалға алуға қаражаты жетпейтіндер көп. Сондықтан олар арзан жатақханаларды паналайды. Олардың неге арзан екендігін де түсіну қиын емес.

Жатақханалардың барлығында дерлік адам өміріне деген қауіп бар. Бұл жерде ашкөз қожайындарды, жұлымыр шенеуніктерді немесе ұқыпсыз тұрғындарды кінәлауға болады. Бірақ, бәрінен бұрын олқылықты заңнан іздеген дұрыс секілді. Себебі, жатақхана иелері атқарып жүрген жұмыстары лицензиялауды қажет етпейді. Жұртқа баспана ұсынуға рұқсат ететін арнайы құжаттар да берілмейді. Жатақхана ашу үшін жеке кәсіпкер болып тіркелсеңіз жеткілікті. Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтер де, төтенше жағдайлар департаменті де сізге бұйрық бере алмайды. Қысқасы, «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа жоқтың кері.

Қостанай облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өртті мемлекеттік бақылау бөлімі ұсынған мәлімет бойынша, облыс аймағында 54 жатақхана орналасқан. Олардың 26-сы білім беру мекемелеріне тиесілі. Жеке кәсіпкерлік саласындағы қауіп деңгейін анықтайтын критерийлерге сүйенсек, 28 нысанда қауіптілік жоғары деңгейде. Себебі, оларда жүзден артық адам тұрады. Бұндай жатақханалар жылына бір рет тексеріледі. Қалғандары – үш жылда бір рет. Мәселен, соңғы өрт сөндіру-техникалық тексеру кезінде тек 23 нысан ғана өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзбай пайдаланып отырғаны анықталған. 2017 жылдың өзінде осы ережелерді ескермегендіктен өңірдегі жатақханаларда 5 оқиға орын алыпты. Ең жиі кездесетін қателіктер – автоматты өрт хабарлағаштың, эвакуациялық шығу жолының, өрт сөндіргіштің, эвакуация жоспарларының жоқтығы. Дегенмен, адам өміріне қауіп төндіретін тәртіп бұзушылықтар үшін салынатын айыппұлдар тым төмен. Бір бөлмеден айына екі есе көп жинайтын кәсіпкер үшін, 7-8 мың теңге түк те емес екендігі түсінікті.

Ең сорақысы – тұрғындардың мәселелері тек өртеніп кету қаупімен ғана шектелмейді. Одан өзге проблема жетерлік. Мәселен, Карбышев көшесі бойында орналасқан жатақхананың ауласы қоқым-соқыммен толып қалған. Қаңғыбас иттер де толып жүр. Ол аз десеңіз, жуынды үйіндісінің жанында үш ағаш әжетхана тұр.

Жатақханаға кірген бетте шіру мен кірдің иісі мұрынды жарады. Ары қарай терең дем алмауға тырысып кіресіз. Бөлмелер де шағын ғана. Қабырғалары тесілген, жұлма-жұлма және лас тұсқағаздар жапсырылған, бұрыштары көгерген әрі дымқостық байқалады, еденде шұрық-тесік линолеум. Жиһаздардан ескі үстел, серіппелі төсек орын және кішкентай аласа шкаф бар.

Тұрғындар өздерімен алып келген тоқ плиталарымен және газ баллондары арқылы тамақ дайындайды. Бөлмеде душ қабылдайтын кабина бар. Дегенмен, крандарынан су ақпайды. Жуыну үшін бірінші қабаттан салқын су құйып аласыз. Бұл жерде «өмір сүру» үшін айына 15 мың теңге төлеуіңіз қажет.

Ал, Текстильщиктер көшесіндегі жатақхананың тозған дәлізін көрсеңіз, бұл жердің жөндеу көрмегеніне біраз болғанын түсінесіз. Кезінде көк түске боялған қабырғалардан сылақтың ауыр иісі мүңкиді. Шимайланған, изолентамен оралған сымдар салбырап тұр. Қалғандары басқа жерлердегідей: 8 бөлмеге – 1 асүй, төрт бөлмеге – 1 әжетхана. Мұнда баға: 12 шаршы метр бөлме үшін 20 мың теңге.

Лермонтов көшесіндегі жатақхананы да барып көрдік. Бар-жоғы 15 бөлме жалға беріледі. Қалғандары тұрғындар меншігінде. Бұл кәдімгі бес қабатты ғимарат. Дәлізімен жүріп өту үшін үйінді-үйінді қоқысты аттап өтуіңіз керек. Тұрғындары қоқыстарын есік алдына лақтыра салады екен. Сол себепті ғимараттың иісі де жағымсыз.

Қобыланды көшесіндегі жатақханада жағдай мүлдем басқаша. Темірдей тәртіп бар. Іші таза. Бірақ, көбісі бір апта тұрмай-ақ шығып кететін көрінеді. Себебі, нағыз казарма. Бөлмеге жылытқыш қойсаң шығарып жібереді. Ішімдік пайдалансаң да далада қаласың. Кешкі сағат тура 11-де жатақхана жабылады. Кешіксең кіргізбейді, есік таңғы алтыда ғана ашылады. Келушілерді қатаң түрде тізіммен ғана өткізеді. Асүйлерде кезекшілік қойылған. Қонаққа келсең, вахтаға куәлігіңді тастап кетесің. Қонағыңды қондырғың келсе 800 теңге төлеу керек. Душқа бөтен адамды кіргізбейді. Және жатақхана комендантынан бір ескерту алсаң – мың теңге айыппұл, екіншісі – 3 мың, үшінші рет қайталанса далада қаласың. Есесіне жатақхана тыныш және таза. Бағасы: 12 шаршы метр үшін 18 мың 500, 44 шаршы метрі – 30 мың теңге. Оның үстіне, алдын ала кем дегенде үш айға төлеп қою керек деген талабы бар. Сондай-ақ, отбасы бар адамдарды ғана қабылдайды.

Текстильщиктер көшесіндегі екінші жатақханада бос орын жоқ. Көпшілік мақтайтын да осы жатақхана. Тұрғындар бұл жерден өте сирек көшіп кетеді. Қожайыны Қайрат Сүлейменов те осында тұрғандықтан, жалға алушылармен жақсы қарым-қатынаста.

Құны – айына 15 мың теңге және электр мен судың бағасы қосылады. Осы баға бес жыл бойы көтерілмеген. Сондай-ақ, басшысы зейнеткерлерге 50% жеңілдік береді. Қайрат Сүлейменовтың айтуынша, адамдар мұнда жайлы өмірден, жетіскендіктен келмейтінін түсінеді.

– Бізге тексеріспен келетіндер жетерлік. Мәселен, газшылар ай сайын келеді. Энергетиктер де жиі келіп тұрады. Олар ешқандай тәртіп бұзушылық тапқан жоқ. Ғимаратты жөндеуден өткізген дұрыс деп шештім. Бұл жерде бәрі кеңес кезінен қалған. Бөлмелердегі түсқағаздарды ауыстырып жатырмыз, ас үйлерде жаңа тақтайшалар, санитарлық техниканы толықтай өзгерттік, әжетханаларға жаңа кафель төседік, – дейді Қайрат Сүлейменов.

Кезекті пункт – Абай даңғылы, 23. Дәлізі өте кең, қарапайым ғана. Бірақ таза және жайлы.

– 12 шаршы метр бөлмелер 18 мың теңгеден, ал 18 шаршы метр бөлме 22 мың теңге тұрады, – дейді комендант Қызылгүл Құсманова. – Коммуналдық қызметтердің төлемін жатақхана иесі өз мойнына алады. Тұрғындар плиталаға тамақ істейді, әр секцияда әжетхана, әр қабатта душ бөлмесі бар. Барлық жағдай жасалған. Бірақ, ішімдік ішілгенін білсек, бірден шығрып жібереміз. Сондай-ақ, жатақханаға тек куәлік арқылы кіруге болады.

Алғашқы бөлмеге кірдік. Бұл жерде жас отбасы тұрады екен. Светлана мен Антон Ворон. Ата-анасы тамаққа қамданып жатқанда, кішкентай қыздары Полина диван үстінде былдырлап, ойнап отыр. Бөлме кішігірім ғана, бірақ ұқыпты екендері көрініп тұр. Бұндай жерге қысылмай қонақ шақыруға да болады.

– Тұрып жатқанымызға бір жылдан асты, – дейді Светлана Ворон. – Жағдайымыз жақсы, аса қымбат та емес. Жас отбасы болғандықтан, пәтер жалдау оңай емес. Сондықтан, біздегі ең ұтымды шешім осы. Пәтер алу кезегінде тұрғанымызға да көп жыл болды…

Жатақханалар мәселесі қоғамның назарынан тыс қалып жатқаны жасырын емес. Біз Қостанайдағы жағдайға шағын шолу жасап көрдік. Туындаған сұрақ көп. Жекенің меншігі дегенімізбен, қарапайым жұртшылықтың өмір тұрмысын неге естен шығарып алдық? Табысы аз екен деп, тұратын жерін сонша аздырып қоюға бола ма? Жатақханалардың тазалығы неге тексеріліп тұрмайды? Әлде оларға сот жоқ па? Әлде міндетті түрде ауру тарауы, не өрт шығуы керек пе?…

Айтпақшы, Қостанайда «елес-жатақханалар» да бар. Мәселен, 2015 жылы өрт болып, шу шыққан Авиационный көшесіндегі жатақхана ҚР Әділет министрлігінің тізімінде жоқ болып шыққан, яғни, жатақхана деп тіркелмеген. Одан басқаларын да естіп-біліп жүрміз.

Біз бірер орындарды ғана «қонақ» ретінде араладық. Ал, журналист ретінде бұл тақырып әлі де назарымызда болады.

Алмас БАЙДРАХМАН

Пікірлер