Жолақы неге қымбаттайды?

Ақпан айынан бастап Қостанайда қоғамдық көлік жолақысы қымбаттауы мүмкін. Жолаушылар тасымалдайтын компаниялардың басшылары тарифті көтеру туралы өтініш білдірген. Бір жыл өтпей тарифтің қайта көтерілуіне не түрткі болып отыр?

– Заң бойынша, жанар-жағармай бағасы мен құрылыс бөлшектері 25% қымбаттаса, тасымалдаушылар жергілікті атқарушы органдарға тариф құнын өсіру туралы өтініш бере алады. Аталған мәселені қарау құзыреті қала мәслихатына тиесілі. Қолданыстағы заңға сәйкес, өтініш бір ай ішінде қаралуы тиіс. Мәслихат мақұлдаса, ақпан айында автобус жолақысы 100 теңгеге дейін қымбаттайды. Бұл – автобус парктері басшыларының қойған төменгі бағасы, – дейді Қостанай қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Алексей Тарасов.

Зейнеткерлер үшін жолақы құны 90 теңге, 7 жастан 15 жасқа дейінгілерге 50 теңге болса, 7 жасқа дейінгі балалар, ҰОС ардагерлері мен І және ІІ топтағы мүгедектер бұрынғыдай тегін жүреді.

Бөлім жетекшісінің сөзінше, бұл мәселе былтырдан бері қозғалып келеді. Сондай-ақ, тасымалдаушылар қала сыртына шығатын қоғамдық көліктер тарифін 150 теңгеге дейін қымбаттатуын да ұсынғанын айта кету керек.

Қостанайда жолақы соңғы рет 2017 жылдың наурыз айында көтерілген. Ол кезде де тариф 20 теңгеге қымбаттаған. Ал оған дейін жолақы құны үш жыл өзгермеген еді.

Жолақыны басқа қалалармен салыстырсақ, Петропавлда баға – 80 теңге. Көкшетауда да өткен тамызда 80 теңгеге дейін көтерілді. Павлодар қаласында желтоқсан айында ғана қымбаттады. Қызылордада – 2017 жылдың 1 тамызынан 90 теңге. Астанада да сол баға. Алматыда жолаушылар карточкамен 80, қолма-қол 120 теңге төлейді.

Қостанай қаласының әкімі Базыл Жақыпов: «Алдыма тасымалдаушы компаниялар өкілдері бірнеше рет келгенімен, бағаны бір қалыпта ұстап тұрудың реті болды. Бұл ретте біздің тасымалдаушылар осы уақытқа дейін шыдап келгеніне рахмет», – деп қысқаша пікір білдірді.

Қостанайлық қоғамдық көлік иелері жол ақысы көтерілмей, оң өзгеріс болмайтынын да ашық айтып отыр. Ал жергілікті тұрғындар міндетіне салғырт қарайтын автопарктер мен жолды жарыс алаңына айналдырған жүргізушілерге наразы. Техникалық жағдайын айтпағанда, қоғамдық көліктерде тазалық атымен жоқ дейді олар. Қоғамдық көліктегі мәдениеттің төмендігі, жол ережесінің сақталмайтыны қостанайлықтар үшін қалыпты жағдайға айналып барады. Көп жағдайда қоғамдық көліктер бағдаршамның қызыл түсіне тоқтай қоймайды, жүргізуші телефонмен сөйлеседі, шылым шегеді, жолға таласады. Маршруттың кешігетіні де бар. Солтүстіктің аязында аялдамада 20-30 минут автобус күту оңай емес екені түсінікті. Қала әкімінің сайты мен қалалық мәслихатқа ең жиі шағым түсетін де осы қоғамдық көлік тақырыбы. 2017 жылы жолаушыларды тасымалдау бойынша қала әкімдігінің тапсырысымен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы 42 рейд жүргізіп, 35 ескерту-хат жолдаған.

Тұрғындарды да түсінуге болады. Көбісінің табысы орташа, бағаның көтерілуі отбасылық бюджетке айтарлықтай салмақ түсіреді.

Тасымалдаушы компаниялардың бір жыл өтпей бағаны тағы да 20 теңгеге өсіруінің басты себебі – тайыздалған қазынаны толтыруға талпыныс. Мақсат – қазіргі автопаркті сақтап қана қалмай, жаңа техника сатып алуға мүмкіндікке және жүргізушілер штатын қысқартпауға қол жеткізу. Сондай-ақ, басшылардың айтуынша, қазіргі тариф шығынды толық өтемейтін көрінеді. Жанар-жағармай материалдарын, қосалқы бөлшектерді есептегенде жолақының өзіндік құны 129 теңге болуы керек дейді. Мұны Қостанай қаласының қоғамдық кеңесі, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мамандарынан құралған тәуелсіз сарапшылар тобы мәлімдеді.

– Біз тіпті амортизацияға ақша ұстай алмай отырмыз. Жаңа техника алуға қаражат жоқ. Осының әсерінен, Польша мен Германиядан 10-15 жыл пайдаланылған «Мерседестерді» сатып аламыз. Біздің жолдарда тағы 5-10 жыл жүреді. Қазір бір автобустың құны шамамен 38 млн теңге. Осы бағаны өтеу үшін кем дегенде 10-12 жыл керек, – дейді «Жарық жол» ЖШС (№24, №27 және №104 маршруттары) басшысы Виктор Мущинский.

– Астанада жеңілдік берілгендер мен жаңа техника алуға мемлекеттік бюджеттен субсидия бөлінеді. Біз үлкен шығынға батып отырмыз, ешкім орнын толтырып отырған жоқ, – дейді «Компания STA» ЖШС басшысы Юрий Вильгельм.

Күнделікті жұмысқа баратын және қайтатын уақытта кісі қарасы көбейіп, кез келген қоғамдық көліктің ішінде халықтың бірін-бірі тұншықтырып жіберуге шақ қалатыны да үйреншікті көрініс. Бәрі де межелі орынға уақытында барғысы келетіні түсінікті. Бір жағынан қоғамдық көліктердің автобөлшектерін алудың қымбатқа түсетінін айтып зар илеп отырған қожайындардың да уәжі орынды секілді. Бірақ, бұл олқылықтың орнын толтыру үшін халықтың қалтасына салмақ түсіру қаншалықты әділ болмақ?!

Алмас БАЙДРАХМАН

Пікірлер