Зымыранның залалы қандай? Мәселені қалай шешкен абзал?

Осыдан бірнеше жыл бұрын әлеуметтік желіде «Торғайдан Ресейдің зымыран қалдықтарын тастауы үшін бәлен гектар жер беріледі екен» деген әңгіме тараған еді. Тиісті сала басшылары ол әңгімені теріске шығарып, жұртты сабырға шақырған. Дегенмен, «шөптің басы жел тұрмаса қимылдамайды» екен…

2014 жылы Ресейдің «Роскосмос» корпорациясы Қостанай облысының Жангелдин ауданынан зымыран қалдықтарының құлауы үшін жер сұраған болатын. Нәтижесінде 2016 жылы Ақшығанақ ауылдық округіне қарасты аймақтан 40 000 гектар жер «Роскосмостың» әріптесі әрі Қазақстан мен Ресейдің бірлескен кәсіпорны «Бәйтерекке» берілген. Шындығында ол жер мемлекеттің қарауындағы аумақ деп алынған еді.

«Темірді қызған кезінде соқ» дегендей, Ақтөбе мен Қостанай облысының тоғысқан тұсындағы аталған аумақты алған соң, жер сұраушылардың «араны» одан сайын ашыла түсті. Бірақ, бұрын үндемеген жергілікті халық осы жолы келіспеушілігін білдірген. Әрине, төбесінен зымыран құлатуға кім бірден келісе қойсын? Ауаны тағы ластайтыны, жердің азып-тозатыны, ең бастысы, зиян келтіргені үшін бұған дейін өтемақы төленбегені де жергілікті қауымның ашуын келтірген.

Бірақ «Роскосмос» копорациясы тек жатпады. «Бәйтерек» БК арқылы бірінші кезекте табиғат қорғау ұйымдарымен, жергілікті тұрғындармен келіссөздер жүргізе бастады. Кеше ғана қарсы шыққан жұрт, бір күнде «жуасып» шыға келді. Мұның сыры – Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің әрбір қарсы шығушымен «түсіндіру жұмыстарын» жүргізуінің нәтижесі еді. Біз Торғайда болған кездесуді меңзеп отырмыз. Халықпен жүздесуге Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов және ғарышкер Айдын Айымбетов барған болатын. Жиынның шешімі: «Роскосмосқа» Жангелдин ауданынан зымыран қалдықтарын тастайтын 76 мың гектар жер (Ақкөл-Қарасу ауылдарының арасы) 3 жылға берілетін болды.

Халық неге дабыл қақты? Оның қандай зияны болуы мүмкін? Енді соған қатысты дәлелдерімізді келтіре кетсек.

Ресейдің «Союз 2» зымыран ұшырғыштары өткен ғасырдың 50-60 жылдардағы ескірген технологиясын әлі пайдаланып отыр. «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшып шыққан зымырандар тек Торғай жерін ғана емес, Қызылорда, Қарағанды, Ақтөбе облыстарын да ластайды екен. Сондай-ақ зымырандар Қостанай облысының Амангелді және Жангелдин аудандарынан басқа, жеті ауданының үстінен өтетінін де ескеру қажет.

Зымыран ұшырғыштар Дүниежүзілік ұйымдардың көп жылғы еңбектерін зая қылып отыр. Мысалы, тек киіктерді алатын болсақ, саны бұрындары миллионға жеткен ақбөкендер жаппай қырылып, осыдан 2-3 жыл бұрын даламызға олардың өліктері толып кеткен еді. Қостанай мен Ақтөбе облыстары аумағында «Алтын дала» резерваты, Ырғыз-Торғай қорығы мен Науырзым қорығы орналасқанын ескеретін болсақ, зымыран құлатқыштар Қазақстанның ғана емес, әлемнің бірегей фаунасы мен флорасына қауіп төндіріп отыр.

Биыл құландарды Торғай жерінде жерсіндіру жұмыстары жүргізілуі тиіс. Қызыл кітапқа енген жануарды ракета қалдықтарымен уласақ, жер бетінен мүлдем жойылып кетпей ме деген күдік те жоқ емес.

Зымыран қалдықтары түсетін аймақтың жалпы көлемі – 760 шаршы километр, бұл дегеніңіз ауданның ғана емес, облыстың үлкен аумағы. Торғай қолаты арқылы Сібірден жылы жақтарға жыл құстарының көпшілігі өтетінін ескерсек, зымырандардың жанама әсері болуы мүмкін.

Сол даладағы тарихи-мәдени құндылықтарға да алаңдайды жұрт. Мысалы, аталған аумақта ата-баба қорымдары бар. Ақкөл жұрты – Ахмет Байтұрсынұлы туған жер. Сонда алаш арысы дүниеге келген үй сақталып тұр.

Зымыран қалдықтарын тасымалдау үшін сайын даламызды шарлайтын техника ондағы аң-құстарымызды үркітіп, топырақ қабатын құртпауына кім кепіл?!

Халық арасынан «ертеңгі күні әлсіз ана, науқас әке, аурушаң бала дүниеге келеді» деген жанайқайын естіп жатырмыз. Мұны да орынсыз дей алмаймыз. Мәселен, журналист Ғабит Ұзақбай әлеуметтік желідегі парақшасында былай деп жазды: «Өзім Сыр елінің баласымын. Дарияға талай түстім. Даламда талай асыр салып ойнадым. Бірақ бала күнімізде көз алдымызда дарияның тұнық суы лайланды, қара топырағын сор басты. Бір кетпен бір үйді асыраған заман болған. Жүрек-қан тамырлары ауруы көп қазір. Екінің бірі қан қысымынан тіл тартпай құлап жатыр. Ауылымда қаншама адам жатқан күйі тұрмай қалды. Айта берсе көп. Осының барлығы – Байқоңырдан лаулап ұшқан аждаһа отының уынан. Əлі есімде, ракета ұшқаннан кейін дүлей жел тұрып, жаңбыр жауатын. Ыстық жаңбыр. Бау-бақшамызды күйдіріп жібереді. Картоп, қауынның түбін қатқан кебірден аршып үлгермесең, қиып түседі. Үлгермесең еңбек зая кетеді. Қазір ауылдағылар бау-бақша салуды қойған. Өйткені бейнеті көп, өнімі жоқ. Бұларды айтып отырған себебім, Торғай даласында 76 мың гектар жер бөлініпті. Ол жерге зымыран құлатады. Жай ұшып кетпейді, сол жерге құлайды. Зияны жоқ деп жүрген шенділер бала-шағасымен барып тұрсын сол жерге. Зиян емес екенін дəлелдесін».

Әртүрлі бөлінген жанғыш заттар адамның денсаулығына қатты әсер етеді. Мысалы, оны байқамай ұстаған не иіскеген адам есінен айрылады. Ер адамдар белсіздікке ұшырайды. Жүкті әйелдерге де өте қауіпті. Баласын тірі туғанымен, оның ауытқулары болуы мүмкін. Ақкөл мен Қарасу ауылдарында 1,5 мың адам тұратынын ескерсек, ертеңгі күні қаншама адамдардың өміріне қауіп төніп тұрғанын есептей беріңіз.

Зымыран қалдықтарының бөлінуі мен жануы салдарынан дала өрті көбеюі ықтимал. Биыл Қостанай облысы, Жангелдин ауданы аумағында өрт шығып, бір қойшы мен 1,5 мың қой жанып кеткені белгілі. Оның зымыран қалдықтарын қатысы жоқ болар, бірақ ұланғайыр даламыздағы осындай өрттер (зымыран қалдықтарының құлау аймағы) олар қалай және немен сөндіріледі? Лаулаған жалынды жылдам ауыздық ала ма? Торғайдағы кездесуге барған шенеуніктер бұл жағын түсіндірген жоқ. Осы жылы сонау Жезқазған даласындағы зымыран қалдықтарының туған өрт иісі Торғай даласында дейін білініп тұрды.

Зымыран қалдықтары түсетін Ақкөл аймағында 3,5 мың сиыр, 10 мың қой, мыңға тарта жылқы жайылады. Сондай-ақ мұндағы халықтың бір күнкөрісі – балық шаруашылығы. Балықтарын Арқалық пен Қостанайға, тіпті Астанаға дейін жөнелтеді. Зымыран қалдықтары көлге де түсуі мүмкін, демек суды бұзады, балықтарды улайды деген сөз. Халық амалсыз көшеді.

Болар іс болды, біз жасайтын ендігі маңызды міндеттер: құлаған қалдықтарды дұрыстап жиып-теріп әкетуін қадағалау, жергілікті тұрғындардың денсаулығын бақылауда ұстау, жоғарыда сөз еткен қауіптердің алдын алу, зиян көлемін азайтуды ойластыру.

Жағдайды сараптай келе, аталған аймағын дамыту үшін, біз, керісінше мынадай шараларды ұсынған болар едік:

  1. Арқалық-Жарқайың және Торғай-Ырғыз жолдарын салып, инфрақұрылымды дамыту қажет.
  2. Жангелдин ауданында орташа жалақы 25-35 мың теңге аралығында, сондықтан халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын арттыру маңызды.
  3. Ақкөл өңірінде баламалы табыс көзін алу үшін балық шаруашылығы мен мал шаруашылығынан басқа, туризмді қолға алу, сондай-ақ, емдік қасиеті бар бұлақ негізінде демалыс аймағын салу қажет.
  4. Киіктер популяциясы «Алтын Дала» және «Ырғыз-Торғай» резерваттары қызметкерлерінің жанқиярлығы арқасында қазіргі күні 21 мыңға жетті. Кезіндегі зілдің кезінен бері келе жатқан киіктерді сақтау өте маңызды және қорғау жұмыстарын күшейту керек.

Амандық ҚОРҒАНҰЛЫ

Пікірлер