«Тауар ауыстырылмайды» Бұл жазу сізге жиі кездесе ме?

Қазір жиі айтылатын әңгіме – тұтынушылар өз құқықтарын білмейді. Жақында тиісті мамандар жүргізген әлеуметтік зерттеуге сүйенсек, 2012 жылмен салыстырғанда құқықтық білім артқанымен, тұтынушылардың көпшілігі (84%) мұндай жағдайларда селқостық танытатыны анықталған. Зерттеу нәтижесі бойынша халықтың көп бөлігі киім-кешек пен ұялы телефон сатып аларда және тамақтану орындарында мәселелермен бетпе-бет келіп жататын көрінеді…

«Нұрлы таң» газетінде бұған дейін тұтынушыларға кеңес ретінде бірнеше мақалалар басылды. Бұл жолы арнайы айдар ашып, «Тұтынушы мектебі» деп атауды жөн санадық. Қажетіңізге жараса пайдаланыңыз, сұрақтарыңыз болса жолдаңыз, заң тұрғысында түсіндіріп береміз.

 

Телефон аларда нені есте ұстау қажет?

– Соңғы уақытта бағасы қымбат, сапасы керемет деген телефоным бұзылып қалды деп шағымданатындар көп. Тұтынушылар телефонды сауда орталығына барып ауыстырып алуға, сапасыз тауарды қайтарып беруге тырысады. Мәселе ушығып жатса, тұтынушылар құқығын қорғаумен айналысатын ұйымнан көмек сұрайды. Ол жерде ҚР тұтынушылар құқығын қорғау туралы заңның аясында кеңес беріледі. Десе де сатушылар заң талабын орындауға көп жағдайда құлықсыз. Бұндай жағдайлардың орын алуына тұтынушының өзі кінәлі. Себебі, сатып алуды растайтын құжаттарды алмайды. Түбіртек те, кепіл талондары да жоқ. Қолыңызда құжат болмаса, басыңызды дауға тығып қажеті жоқ, – дейді Қостанай қаласы бойынша Тұтынушылардың құқығын қорғау бөлімінің маманы Мейіржан Қызырбайұлы.

Түбіртектің қандай қажеті бар деген сұраққа келер болсақ, біріншіден, түбіртекте сатушының барлық реквизиттері көрсетіледі. Қандай да бір мәселе туындаса, қиналмай табасыз. Екіншіден, түбіртек – айғақ. Яғни, дәл осы жерден алғаныңызды дәлелдейді. Кепіл қағазын да сатып алғаныңызды растайтын құжат деуге болады. Бірақ талонды алар кезде мұқият қарап алыңыз. Ондағы мөрдің бар-жоғын, болса қандай екеніне мән беру керек. Тек қана «ақшасы төленді» деген жазу емес, ЖШС, ЖК деген толыққанды мөр тұруы тиіс. Бұл өте маңызды! Себебі, мөрде сатушының барлық мәліметі бар. Сондықтан тауар сатып алғанда өзімен бірге келген қағаздарды лақтырып тастамаңыз. Құрылғы істен шыққан жағдайда сізге көмекке келетін сол құжаттар ғана.

Ұялы телефон немесе басқа техника алсаңыз да қосымша құрылғыларының түгел екеніне көз жеткізіңіз. Қай зат бар, қайсысы жоғын қарап шығыңыз. Сосын оларды жоғалтпауға тырысыңыз. Алда-жалда затыңыз бұзылып қалып, дүкенге қайта барғанда, жабдықтардың бәрін түгендейді. Біреуі жетіспесе, сатып алған уақытта оның болмағанын дәлелдеу мүмкін болмай қалады.

Есіңізде болсын, Тұтынушылар құқығын қорғау туралы заңға сәйкес, істен шыққан телефонды дәл сондай жұмыс істеп тұрған түріне ауыстыра аласыз. Сондай-ақ, жөндеу жұмыстарына кететін шығынды да талап ете аласыз. Қаласаңыз, бұзылған телефон ақысын қайтарып беруді сұрай аласыз. Бірақ, сізге берілген құжатта қай жылға дейін тегін қызмет көрсету немесе ауыстыру ұсынылды, оны да ескергеніңіз жөн.

Телефоныңыз тектен-тек тұрып істен шықса, зерттеу жұмыстарын сервис орталықтары мен аккредитацияланған мекемелер өткізеді. Егер құрылғының бұзылуына тұтынушының кінәсі жоқ болып шықса, сатушы телефонды ауыстырып береді не ақшаны қайтаруға тиісті. Егер талдау нәтижесіне күмәнданып тұрсаңыз, қалтаңыздан ақша шығарып, басқа орталыққа тексеріс жасатсаңыз болады. Соттаса қалған жағдайда талдау нәтижесі мен қажетті құжаттарды қолыңызға алып бара қаласыз, есесіне жеңіске жету мүмкіндігіңіз жоғары.

 

Дүкенде тұтынушының қандай құқығы бар?

Дүкеннен алған тауардың сапасына көңіліңіз толмаса, ақшаңызды қайтарып алуыңызға болады. Немесе сол тауардың құнына өзгесін ауыстырып аласыз. Елімізде тұтынушының құқығы заңмен қорғалатынын ұмытпаған жөн. Көбісі бұған бас қатырғысы келмейді немесе құқығын білмейді. Мәселен, көйлек сатып алдыңыз делік. Үйге келген соң, оның сапасыз тігілгенін анықтадыңыз. Не істейсіз? Әрине, оны сатып алған дүкеніңізге немесе базарға барып ауыстыруды ойлайсыз. Дұрыс. Ал дәл сол жерден сатып алғаныңызды дәлелдеу үшін қолыңызда құжаттар (фиксальды чек немесе тауар чегі, түбіртек) болуы тиіс. Сол кезде ғана тауардың ақшасын қайтарасыз немесе басқасына ауыстырып алуыңызға мүмкіндік бар. Егер тауар (азық-түлік емес) пайдаланылмаса, оның тауарлық түрі, пломбасы, заттаңбасы және тауарды сатып алғаныңызды растайтын құжаты, яғни түбіргіңіз болса, затты алған күннен бастап 14 күннің ішінде сатушы сіз алған тауарды айырбастауға немесе ақшаңызды қайтаруға міндетті. Бұл туралы «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 14 бабы, 1 тармағында және 30 бабының 1 тармағында жазылған.

– Кейбір дүкендер «Тауар қайтарылмайды және ауыстырылмайды» деген жазуы бар тақтайша ілген. Бұл мүлдем заңсыз. Кәсіпкерлердің олай етуге құқығы жоқ. Осындай жазуды көрген соң, әрине, тұтынушының алған затты қайтаруға дәті бармайды. Кейбіреулер қолын бір сілтеп, басын қатырғысы келмейді. Ал дүкеннен алған затыңызды қайтармаса немесе ауыстырмаса тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне арыз жазасыз да, екінші көшірмесін дүкен иесіне апарып бересіз. Ол 10 күн ішінде сізге жауап қайтаруы тиіс. Өйтпеген жағдайда сотқа шағымдануға құқыңыз бар, – дейді заңгер Марат Төлебаев.

Дегенмен, сатып алынған тауардың барлығын дерлік қайтарып алуға болмайды. Кейбір тауарларға шектеу қойылған. «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 30 бабы, 1 тармағына сәйкес, дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар, ішкиімдер, шұлықтар, жануарлар мен өсімдіктер және метрлеп сатылатын тауарлар қайтарылмайды.

 

Тамақтану орындарында клиент неге құқылы?

Соңғы уақытта мейрамхана мен кафелерге баратын тұрғындарымыз да жиі алданып жүр. Нақтырақ айтсақ, демалыс орындарының иелері «депозиттік жүйе» енгізіп, қарашаның қалтасын заңсыз қағып жатыр. Мысалы, караоке, түнгі клуб, мейрамханаға бара қалсаңыз, «бізде депозиттік жүйе» деп шығатын әкімшінің сөзін сіздер де жиі еститін шығарсыздар.

Депозиттік жүйе дегеніміз – мейрамханада ішіп-жейтініңізге ақшаны алдын ала төлеу. Бағаны ресторан иесі өзі бекітеді. Төлеп қойған қаражатыңызды толық жұмсамасаңыз, қаражатыңыз кері қайтарылмайды. Сондай-ақ ұсынылған қызмет үшін шотыңызға қосымша 10-12% үстеме төлеттіреді. Айта кетейік, Еуропа елдерінде мұндай талаптар жоқ. Бұл дегеніміз алаяқтық, яғни, заңға қайшы әрекет. Заңның 12-бабы бойынша бұл қатаң жазаланады. Яғни, депозиттік жүйеге келіскеніңізбен, артылып қалған ақшаңызды қайтармаса, бірден құқық қорғау органдарына хабарласу керек.

Сонымен қатар, тұтынушылардың құқығын қорғау туралы заңға сәйкес, клиент сапасы нашар тағамды ауыстырып алуына немесе бағасын арзандатуға құқылы. (15-бап).

Әкімшілік клиенттің еркінен тыс қосымша тағам мен сусын міндеттеуіне де заңмен тыйым салынады. Қазір көп жерлерде «міндетті ыстық тағам» жүйесі енгізілуде. Бұл 4-бап бойынша заңға қайшы әрекет. Сондай-ақ, тағамның сапасына күмән тудыратын болсаңыз, тамақтың дайындалу процесін қарауыңызға құқыңыз бар. Мейрамхана немесе кафенің жұмыс күні аяқталғанға дейін ғимаратта отыра берсеңіз болады. Жабылуына 5 минут қалса да кіруге құқылысыз.

Алмас БАЙДРАХМАН

 

Врезка:

Қыркүйек айына дейін Қостанай облысының тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің «қауырт желісіне» 864 азамат көмек сұрап хабарласқан

Пікірлер