Жеңуді солардан үйрен!

 

Үлкен спортта шекара жоқ. Бұл әлдеқашан дәлелденген. Мүмкіндігі шектеулі деген жандардың өзі спорттан өз сыбағаларын алуға ұмтылуда. Қазақстанда 627 мың мүгедек болса, олардың шамамен 260 мыңға жуығы немесе 45% спортпен айналыса алады. Сонымен, ұлттың қуаты бұқаралық спортпен өлшенетін кезеңде мүгедек жандарға қаншалықты көңіл бөлінуде?

Сарғайған тарих беттерін парақтар болсақ, мүгедек спортшылар арасындағы ғаламдық ойындар 1960 жылдан бастау алатынына көз жеткізесіз. Қазақстандық спортшылар 1996 жылдан бері Паралимпиада ойындарына қатысып жүр. Бәсі биік доданың жыл сайын деңгейі өсіп келеді. Мәселен, былтырғы Рио ойындарына әлемнің 165 елінен 4 мың 200 спортшы қатысса, 20 спорт түрінен 502 медаль жиынтығы сарапқа салынған. Бразилиядағы аламанда 7 отандасымыздың бәсекеге түскенін айта кетейік. Бірақ, әзірге қазақстандық спортшылар олимпиада ойындарынан құр қол қайтып жүр.

Облыста ел біріншіліктерінің жеңімпаздары, әлемдік жарыстардың жүлдегерлері жетерлік. Сонымен қатар, Сурдлимпиада мен Паралимпиада ойындарының қатысушылары да бар. Алғашқысы есту қабілеті төмен жандар арасында өтетін дода болса, екіншісі жалпы физикалық мүмкіндігі шектеулі жандардың арасында түрлі спорт ойындарынан өткізілетін халықаралық сайыс. Олимпиада ойындарының баламасы.

Шаңғы жарысынан спорт шебері, Сарыкөл ауданының тұрғыны Александр Колядин – 2014 жылы Сочиде өткен Паралимпиаданың қатысушысы. Лисаковтық Алексей Лукутин Риодағы 2016 жылғы Паралимпиадаға барды. 2015 жылы Дохада (Катар) болған әлем чемпионатында күміске қол жеткізген-ді. Қоржынында көптеген халықаралық жарыстардың жүлделері бар Павел Сидорчук та Лисаков қаласының тумасы. Қазір жеңіл атлетикадан халықаралық деңгейдегі спорт шебері. Мылтық атудан республикалық спорт шебері Светлана Ким жақында ғана 2018 жылы Ресейде өтетін Паралимпиадаға жолдама алды. Үстел теннисінен халықаралық спорт шеберлері Данияр Ескендіров пен Қанат Қоңқыбаев – Софияда (Болгария) өткен 2013 жылғы Сурдлимпиада қатысушылары.

 

Осы жетістіктерді есептей келе, Елбасының мүгедектерді қолдау жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Қостанайда 2015 жылдың қараша айында мүгедектердің спорт клубы ашылған. Оған облыс әкімдігі мен дене шынықтыру және спорт басқармасы қолдау көрсетіп отыр. Клуб директорының орынбасары Наталья Сухачеваның айтуына қарағанда, мүгедек спортшылар психологиялық және физикалық тұрғыдан өзгелерден кем емес. Спорт клубында 15 жасар баладан 70 жасқа дейінгі үміттің құшағында жүрген жандар тәлім алатынын білдік.

– Міне, екі жыл қатарынан осы клубқа білікті деген мамандарды жұмысқа тартып, өмірге құштар қаншама жандарға жағдай жасалып, өздері қалаған спорт түрлерімен айналысуларына мүмкіндік туғызды. Қаншама мүмкіндігі шектеулі жандар спортпен жай ғана айналысып қоймай, спорттық бәсекелерде Қазақстан намысын қорғап жүр, – дейді клуб директорының орынбасары Наталья Ивановна.

Бүгінгі таңда клубта есту қабілеті нашар, көзі көрмейтін, тірек-қимыл аппараты зақымдалған адамдарға арналған үш бөлімде спорттың 10 түрі тұрақты түрде жұмыс істейді. Олардың қатарында отырып ойнайтын волейбол, арбадағы би, пауэрлифтинг, шаңғы жарысы, оқ ату, жүзу, жеңіл атлетика, үстел теннисі, футбол және бадминтон бар. Сондай-ақ, клубтың ұйымдастыруымен былтыр алғашқы рет мүмкіндігі шектеулі жандардың арасында спорт фестивалі өтті. Лисаковта өткен сайысқа облысымыздың барлық аудан-қалаларынан 200-ге жуық спортшы қатысты.

Клубта жоғары дәрежелі жаттықтырушылар жұмыс істейді. Әзірге спорт клубының 137 мүшесі бар. Дегенмен клуб есігі мүмкіндігі шектеулі саналатын кез келген жанға ашық. Оларға 17 жаттықтырушы бар білген-түйгенін үйретуден аянбақ емес. Клуб басшылығының екі жылда бағындырған белестері тәп-тәуір. Айталық, осы уақытқа дейін 1-санатты 50 спортшы шықса, ұлттық құрама сапына 25 адам енді. Клубтың сақа спортшылары бағындырған белестерді тізбектесек, 2016 жылы қараша айында Малика Мұхтарова Тайбэйде (Қытай) өткен Азия біріншілігінде арбадағы би спортынан алтыннан алқа тағынды. 2015 жылы жастар арасындағы Азия ойындарында 17 жасар Тұрсынай Қабыл пауэерлифтингтен бірінші орынды жеңіп алды. Оның айтуынша ол пауэрлифтинг спортымен сегіз ай ғана айналысқан.

– Мені көре салысымен жаттықтырушым Дмитрий Царенко жаттығу залына дайындалуға шақырды. Екі аптадан соң менің ептілігмді байқады. Сегіз-ақ айдан соң Азия ойындарында жеңіске жеткеніме өзім де таң қалдым. Менің әкем де, анам да ұзын бойлы адамдар. Менің бойым – 120 см. Осылай дүниеге келдім. Оған қарамастан алға жүруім керек. Құдай қалай жаратса, солай өмір сүру керек, – дейді Тұрсынай. Қазір Қостанай облысында спорттың 40-тан астам түрін қамтитын мүгедектер спорт федерациясының құрылуы үшін жұмыс жүргізіліп жатыр.

Алайда, еліміздің мүгедектер спортында мәселе жоқ деп айтудан аулақпыз. Бүгінде республикамызда мүгедектерге арналған небәрі 11 спорттық клуб, мүгедектер арасындағы спорт бойынша 2 мамандандырылған мектеп (Қарағанды және Шымкент қалаларында), Павлодарда мүгедектер спорты бойынша жасөспірімдер спорт мектебі және Қызылорда қаласында бөлімше орналасқан. Яғни, спортпен айналысуға ниеті бар және айналыса алатындардың ішінен 9% ғана осындай мүмкіндікке ие. Осылайша, мүгедектер спортын қолдау үшін шұғыл шаралар қабылдау қажеттігі туындап отыр. Қолдауды бір клубтың деңгейінде немесе жарыстар ұйымдастыру деп қана түсінсек, қателесеміз. Оларға арналған спорт орталықтарын аудандарда ашса да артықтық етпес еді. Бұл пікірімізді Қостанай ауданының тұрғыны, облыстық жарыстардың жеңімпазы Салтанат Әбжанова да құптайды.

– Қалаға жақын жер болғандықтан, орталыққа келіп дайындалып тұрамыз. Бірақ шалғай аудандардағы спортшыларда мәселе көп. Оларға да бір бас қосып, рух көтеретін ұйымдар ашылса жақсы болар еді. Кейбір аудандарда жаттықтырушылар да жоқ. Шебер спорттық дәрігерлердің болмауы да көңіл қынжылтады, – дейді Салтанат Әбжанова.

Осы күнге дейін Паралимпиада ойындарында қоржынымыздың майланбауының себебі неде? Бұған жауап жұтаң. Жағдайды тереңірек зерттеп-зерделегенде, бірқатар мәселелердің барына көзіңіз жетеді. Бізде әлі де болса жарымжан спортшылардың бәсекесіне қызығушылық жоқ. Спортшыларымызға қамқорлықтың жетіспейтіндігінен бөлек, олардың жігерін қайрап, рухтандыра алмаймыз. Мемлекет негізгі олимпиада чемпиондарына 250 мың доллар беріп, ал өмірге құштар жандарға, Паралимпиада жеңімпаздарына 50 мың доллар тағайындаудың өзі біршама жәйтті аңғартса керек.

Бұл орайда шетелдің тәжірибесінен үйренеріміз көп. Қытай,Франция, Ұлыбритания сынды елдерде мүгедектердің спорттық ұйымдарын негізінен кәсіпкерлер қаржыландырады. Қамкөңіл жандардың спорттық әрі интеллектуалдық әлеуетін пайдалана білсек, олардың да қоғамға берері мол.

Алмас БАЙДРАХМАН

 

 

 

 

 

Пікірлер