Бостандықтан бастау алған

   

Шилі ауылында Бостандық мектебінің 100 жылдығы тойланды.

Мерейтой өтеді дегелі Шилі ауылына бір жан біткендей, ел дүркіреп үлкенді-кішілі болып дайындыққа кірісіп те кетті. Сыртта жүргендер де әлеуметтік желілер арқылы құлағдар болып, елге баруға бел буғандардың қатары көбейе бастады. Шалғайда жатқан ауылға баруға қарашаның қара суығы да кедергі болған жоқ. Жол ауыр, далада қалып қойсақ қайтеміз деген жерлестер қыстың қаһарына қарсы тұрарлықтай қалың киініп алған.

Сәтсапар деп жол жүріп кеттік. Туған жерді аңсап еліне жол жүріп бара жатқан кісілердің алды 80 жаста, арамызда студенттер де бар. Автобустың іші гу-гу әңгіме, кезек күттірмей жалғасып жатқан әсем әуен, көңілді күлкі… Өткен-кеткенді еске алып отырған қариялар тарихтың тұңғиығына сапар шеккендей. Арасында тіптен саясатқа да араласып, көзқарастарын білдіріп жатты.

Жол ұзақ десе, ұзақ болды. Облыс орталығынан 400 шақырым жерде жатқан Жангелдин ауданына қарасты Шилі ауылына он екі сағатта жеттік. Көршілес Бестау ауылынан кейін жол мәселесі күрмеуі шешілмеген, айта-айта жауыр болған мәселе. Ауыл халқы неге де болса көніп, төзіп келеді, бірақ жол болмаған жерде өркениеттің болуы мүмкін бе?! Қайдам…

Осындай қиындықтарға еш уақытта мойымаған ауыл халқы жарқын көңіл-күймен қонақтарды күтіп алып, мектепте іс-шара басталып та кетті. 11 қараша, таңғы 9-дан асар-аспастан осыдан 100 жыл бұрын кірпіші қаланған Бостандық мектебінің орнына Әлмағамбет Оспанұлының ұрпақтары атынан мәрмәр тастан арнайы белгі қойылып, оның ашылу салтанаты өтті. Осындай рухани маңызды іс-шараның ұйымдастырылуына мұрындық болған Әлмағамбет Оспанұлының баласы Сұлтанғали Әлмағамбетұлы сөз сөйлеп, арнайы белгінің салтанатты ашылу рәсімін Жангелдин ауданы әкімі Шота Оспанов пен ақын, филология ғылымдарының кандидаты, профессор, Шилі ауылының мақтан тұтар перзенті Серікбай Оспанұлына табыстады. Іс-шара Қайнекей Жармағамбетов атындағы орта білім ошағында жалғасын тауып, Бостандық мектебінің 100 жылдық мерейтойына арналған ғылыми-тәжірибелік семинар өтті. Семинар аудан әкімінің құттықтау сөзімен басталып, баяндамашылар Бостандық мектебінің тарихына, Әлмағамбет Оспанұлының шығармашылығына кеңінен тоқталды. Сұлтанғали Әлмағамбетұлы тарихи құнды мәліметтермен бөлісіп, былайша тебіренді: «Бала кезім әлі есімде, әкем Әлмағамбет Оспанұлы үнемі ауылдың тарихын айтып отыратын. Бұл жер Үшқарасу деп аталады, кейіннен III-ші интернационал колхозы,содан соң 12-ші ауыл атанып, алпысыншы жылдардың басында Шилі совхозы болып қайта құрылған. 1916 жылғы июнь жарлығы халыққа үлкен ауыртпалық түсірген көрінеді. Заман өзгеріп, кеңес үкіметі орнаған 1917 жылы Үшқарасу (Шилі) деген жерде тұратын 40-50 шақты үй бірігіп, ислам діні үшін ғибадат қылуға, ел болашағы үшін орысша-мұсылманша заманына лайық жаңа тәртіппен жастарды оқытып, мойындарындағы міндетті борыштарын өтеу үшін орталарынан Шиліден бір мектеп, бір мешіт үйін салуға қаулы қабылдапты. Сол қаулы бойынша салынатын мектепке «Бостандық» атауы берілген. Ақсақалдардың ұйғарымымен салынған мектепте жастар білім алса, қарттар мешітте намаз оқыған екен. Әкем Орынбордағы үкімет орындарына барып, Бостандық мектебі деп бекіттіріп, оқытушылар тағайындатыпты. Өзі сол мектепте мұғалім-имам болып, халық ағарту ісіне белсене араласқан. Төңкерістен кейін қазақ балалары үшін ашылған мектеп туралы 1917 жылғы 11 маусымдағы «Қазақ» газетінде көлемді мақала жариялады».

Әкесінің ізін қуып біраз жылдар білім саласында қызмет еткен, ел ішінде Сұлташ атанып кеткен ағамыздың өзі де зейнетке шығып, немере сүйіп, ата болып отыр. Әке алдындағы балалық борышын, ел алдындағы перзенттік парызын, болашақ ұрпақ алдындағы міндетін өтеп, көпке үлгі боларлық іске бастау болған оған көпшілік ризашылығын білдіріп жатты. Семинарда профессор Серікбай Оспанұлы «Бостандық мектебінен күні бүгінге дейін», Арқалық қалалық өлкетану мұражайының ғылыми қызметкері Батырлан Сағынтаев «Әлмағамбет Оспанұлының шығармашылығы туралы», облыстық білім басқармасы әдістемелік кабинеті басшысының орынбасары Айнагүл Мұхамеджанова «Әлмағамбет Оспанұлының ағартушылық қызметі туралы», Қ.Жармағамбетов атындағы орта мектебінің директоры Дастан Абдуллин «Бостандық мектебінің қазіргі келбеті» атты тақырыптар аясында баяндамалар жасап, ауыл жұртын, соның ішінде ел болашағы жастарымызды құнды мәліметтермен сусындатты. «Өлі разы болмай, тірі байымас» дегендей, семинар аяқталып, ел болып ас беріліп, аруақтарға құран бағышталды. Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында өткізіліп отырған мерейтой Қ.Жармағамбетов атындағы мектеп ұжымы мен оқушыларының ұйымдастыруымен өткен мерекелік концерт, ақындар айтысы және қазақ күресімен жалғасын тапты. Сырттан келген түлектер мектеп оқушыларының өнеріне тәнті болып, оқуда озат, шығармашылық жолда белсенді, спортта алда жүрген балаларға арнайы шәкіртақы табыстады. Үздік оқушылар – мектеп мақтанышы: Гүлім Батырбек (11-сынып), Айшабибі Абдуллина (9-сынып), Жеңіс Торғын (9-сынып), Нұрсая Жылқыбай (8-сынып), Інжу Қажығали (8-сынып), Аяулым Айдархан (7-сынып), Олжас Ғабдімәлік (6-сынып), Таңшолпан Бекетай (6-сынып), Дінасыл Нұрбол (4-сынып), Сезім Құрманбек (3-сынып).

Белгілі қаламгер Серікбай Оспанұлы, ауыл шаруашылығы саласының үздігі Ибраш Естайұлы оқушыларға өз аттарынан шәкіртақы берсе, әкесі Әлмағамбет Оспанұлы мен Шилі топырағында дүниеге келген біртуар ақын Әбіқай Нұртазаұлы атындағы шәкіртақыны Сұлтанғали Оспанов табыстады. Облыстық саяси қоғамдық «Нұрлы таң» газетінің бас редакторы Жұмагүл Ерғасымова да озат оқушыларға шәкіртақы сыйлады. Қазақ ырымшыл халықпыз ғой, ата-әжелері, туған-туыстары балаларын құттықтап, осы кісілердей елдің баласы болыңдар деп бата беріп жатты. Лайым солай болғай! Шилінің киелі топырағы талай қасиетті ұл-қыздарға қанат бітірді. Қазақтың белді ақындары Қайнекей Жармағамбетов пен Серікбай Оспанов, техника ғылымдарының докторы Сабырбек Самыратов, академик, экономика ғылымдарының докторы Ғабдығапар Сейтқасымов, ғылым кандидаттары Төлеш Жармағамбетов, Жұмақан Оразбеков, Жанбай Қапанов, Әнуар Байжұманов, Бәтжан Жұмағалиева, Күлзада Мырзағалиева, Роза Ысмағұлова, Ибраш Естаев, Индира Бейішева, республикаға еңбек сіңірген дәрігер Асқар Байжұманов, спорт шеберлері Жұмабек пен Жұмағазы Мырзағалиевтер, журналистер Анар Төлеуханова, Жұмакүл Ерғасымова, ел ағалары Нияз Ахметбеков, Төлепберген Алиев, Қапсұлтан Оспанов, Кәдіржан Байтұрсынов, Төлеухан Сейдазимов, Диханбек Қожабеков, Жұмаған Адаев, Әбілқайыр Ержанов, Ғалым мен Сапабек Мадиевтер, Әбілқас Бимағанов, Дәурен Сәуекенов, Қали Асанов, Ғазез Мыңбаев, Қызылбай Нұрғазин, Мұқан Жұмақүлов, Сыздық Құттыбаев, Кәрімжан Бекболатов, Рахымбек Жұмақұлов, Мұратқали Камалов, Әбілбек Ташанов, т.б. Бостандықтан бастау алған білім ордасының түлектері елінің елеулі халқының қалаулы азаматтары.

Білім ордасының шарапаты тиіп, Шилі ауылынан Жексенбай Қонтышев, Фатқолла Кірмаңдаев, Едрес Нұрпейісов сынды Социалистік Еңбек Ерлері және үш мәрте Даңқ орденінің иегері Қуаныш Қасымов, Ленин ордені иегері, механизатор Бөкенбай Әлімов, механизаторлар Жұмағали Шандам, Мұрат пен Болат Ерғасымовтар, жылқышылар Жаңбыр Әбенов, Тұрсын Мұқышев, Смағұл Жүнісовтер ерен еңбектерімен ел есінде.

Малшылар Бостан Деріпсалин, Мырзағали Байсенов, Серік Шоқанов, орденді шопандар Төленді Әбдуәлиев, Иыхсан Есшанов, Қабимолда Кәрібаев, Хамит Молдабеков, Ибраим Жамелов, Әлжан Әбдуайтов, Тілектес Қайралапов, облыстық советтің депутаты болған Күлдірай Дүйсенбаева, т.б. еңбек озаттарымен мақтанамыз! Өткенін еске салып, бүгінімен мақтанып, болашағынан үміт үзбеген аяулы алтын бесік мектебімнің мерейтойы құтты болсын баршамызға!

Жұмагүл МАРАТҚЫЗЫ

Пікірлер