Ресейде оқу мәртебе ме?

ТМД елдерінің арасында Қазақстан Ресейде оқитын студенттер саны жөнінен көш бастап тұр. Қазақстандық түлектер 2017-2018 оқу жылында ресейлік жоғары оқу орындарына 3 мыңнан астам өтініш берген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Көрші елде грант саны біздің елге қарағанда бірнеше есе көп екендігі – басты себеп. Биылғы оқу жылына елімізде 31 702 грант бөлінсе, Ресей абитуриенттерге 575 мыңнан астам грант беріпті.

Кез келген қазақстандық жоғарғы оқу орнының табалдырығын аттау үшін ҰБТ тапсыру керек. Ресми мәліметтерге сүйенсек, былтыр мектепті 131 мыңнан астам оқушы бітірсе, соның тек 93 мыңға жуығы ғана тестілеуге қатысқан. Қалғандарының көп бөлігі Ресейге оқуға аттаныпты. Ол елде жоғары білім алу үшін мектеп аттестаты ғана қажет. Кейін ескі жүйе бойынша қабылдау экзамендері өткізіледі.

Соңғы жылдары, әсіресе, еліміздің солтүстік өңірлерінде туып-өскен, білім алған балаларымыздың көрші Ресейдің жоғары оқу орындарына құжат тапсыруы жиі көрініс бере бастады. РФ Білім министрлігіне қарасты әлеуметтік зерттеулер орталығының директоры Александр Арафьев: «Қазақстан Ресейде оқитын студенттер саны жөнінен ТМД бойынша бірінші орында», – дейді. Оның айтуынша, талапкерлердің көптеп келе бастауына 2014 жылы рубльдің құнсыздануы себеп болған. Қазақстан мен Ресей арасындағы Үкіметаралық келісімдер аясында 2003 жылдан бастап ҚР азаматтарына арнайы ресейлік оқу гранттары бөлініп келеді. Қазіргі уақытта Ресейдегі түрлі жоғары оқу орындарында білім алып жатқан Қазақстан студенттерінің саны 70 мыңға жеткен (РФ Білім министрлігінің мәліметі бойынша).

Ресейде оқыған жастардың көбі туған жеріне оралмай, сонда қалып қояды. Бұл дегеніміз – өзге мемлекетті асырау. Яғни, өзімізге пайдасы тиетін, экономикаға пайдалы жұмыс әлеуетінің басқа елге кетуі.

Қостанай қаласындағы мектептердің әрбір үшінші түлегі Ресейдің жоғарғы оқу орнын таңдайды. Мұны қалалық білім бөлімі мамандары растап отыр. Абитуриенттер  көрші елді таңдаудың бір себебін болашағымен байланыстырады. Сол жақтан жалақысы жақсы жұмыс табамыз деп сенетін көрінеді.

Облыстық білім басқармасы берген мәліметке сүйенсек, былтыр 170-тен астам түлек Ресей Федерациясының білім грантын иеленіпті. Ұлттық бірыңғай тестілеуден бас тартып жатқандары да осымен түсіндеріледі. Мәселен, соңғы ҰБТ-ға аймақтың 11 ауданынан түлектердің 50% жетер-жетпесі ғана қатысқан. 44 мектеп тестілеуге мүлдем қатыспапты. Жыл өткен сайын бұл көрсеткіштер көтеріліп барады. Бұндай мекемелер Ұзынкөл, Қарабалық, Федоров, Қарасу және Қостанай аудандарында көп. Оның бір себебі түлектер туған елдерінде білім алудан гөрі, шетелдің оқу орнын таңдауына келіп тіреледі.

«ҰБТ-дан бас тартқан түлектердің 39,3% себебі – Ресей Федерациясының оқу орнына түсуі. Ресейде білім алуды Лисаков және Рудный қалаларының әр екінші, Қостанай, Қарабалық және «Озат» мектебінің әр үшінші және Федоров ауданының әр төртінші түлегі таңдайды», – деген деректі Қостанай облыстық білім беру басқармасының басшысы Бәтима Даумованың өзі келтірген болатын.

Ресейлік жоғарғы оқу орнындарына құжат тапсырған түлектердің 60% екпінділер («төрт» пен «беске» оқығандар) мен үздіктер екендігі де үлкен мәселе. Яғни, Қостанай өзі тәрбиелеп шығарған зияткерлік әлеуетінен айырылып отыр.

«Жастардың таңдауына, талап-тілектеріне қарсы шыға алмаймыз, әрине. Олардың өзге елдерге кетуі бізді де толғандырады. Осы мәселеге тосқауыл қою үшін түрлі кездесулер өткізіліп, еңбек нарығына қажетті салалар мен мамандықтарды таңдау бойынша ақыл-кеңестер берілді. Облыстың жоғарғы оқу орындарында жаңа мамандықтар ашылып жатыр, мемлекеттік университетте әскери кафедра бар. Мұның бәрін айтамыз», – дейді білім басқармасы басшысы.

Аймақта бұл мәселені шешудің бірнеше жолы қарастырылуда. Мысалы, облыс әкімі жергілікті бюджеттен де грант бөлуді ұсынды. Алдағы оқу жылына аймақ қаражатынан педагогикалық және техникалық мамандықтарға 48 грант бөлінуі жоспарланып отыр. Жыл өте бұл сан көбейе бермек.

«Бізден бөлек басқа да шекаралас аймақтардың тәжірибесіне қарау керек. Шығыс Қазақстан облысы жақсы жұмыс істеуде. Алдыңғы жылы ол облыстан Ресейдің оқу орындарына мыңнан астам түлек кетсе, былтыр бұл сан 30% азайды. Біріншіден, жергілікті бюджеттен грант бөлінді, екіншіден, жеке әңгіме секілді бірқатар жұмыстар жүргізілді», – деген болатын Архимед Мұхамбетов.

Ел арасында «Арқада жыл жақсы болса, арқар ауып несі бар?» деген қанатты сөз бар. Мектеп түлектерінің көпшілігі ҰБТ тапсыруға құлықсыз, себебі оның ережесі қиын, Ресей көп жеңілдіктер ұсынады, сол себепті жастарымыз сол жаққа қарай ұмтылады деген секілді пікірлер жиі айтылады. Бәрі жайлы, көңілдегідей болса, туған-туыстарын тастап, шекара асып кетпес еді деген сөздерді де естіп жатамыз. Сол себепті біз облыстағы мақтаулы мектептердің бірі – физика-математикалық лицей директорының ғылыми-әдістемелік жұмысы бойынша орынбасары Татьяна Климентьевамен әңгімелескен едік. Өйткені бұл мектеп – облыстағы маңдайалды ұжымдардың бірі. Физика-математика, жаратылыстану-математика бағыттарын тереңдеп оқытқандықтан, көршілеріміздің бұл мектеп түлектеріне сұранысы жоғары.

– Түлектеріміздің арасында өз елімізде білім алып жатқандардан гөрі шетелдердің жоғарғы оқу орындарын таңдағандар үлесі басым. Мәселен, былтыр бітірген 38 түлектің 8-і Ресейдің университеттеріне түсті. Олардың өкілдері біздің мектепке келіп кездесулер мен түрлі жиындар өткізеді. Қазірдің өзінде олармен ғаламтор арқылы байланыс орнатып отырамыз. Балалардың таңдауға толықтай құқықтары болғандықтан, оларға ешкім «жоқ» демейді. Көбісі, әрине, ҰБТ-дан қашқақтайды, – дейді Татьяна Климентьева.

Аталмыш мектептің түлегі Артем Нилов – ҰБТ тапсырмай, Ресейге оқуға кеткендердің бірі.

– Қазақстанда ҰБТ тапсырып, өз мүмкіндігіңді толық көрсете алмайсың. Маған жазбаша емтихан ұнайды. Ресейге оқуға тапсырғанда осындай сынақ тапсырып, білімімді толық көрсеттім. Кейін оқуға қабылдандым. Ал біздің ҰБТ білімнің көрсеткіші емес, – дейді Артем.

Талапты жастардың шетелге жаппай кетуі қалалық «Озат» дарынды балаларға арналған мектебінде де қалыпты үрдіске айналған. Мектеп директоры Ілияс Елжасовтың  айтуынша, Ресейде оқу қостанайлық студенттер үшін мәртебе. Олардың шетелдердегі жоғарғы оқу орындарында білім алғандарында тұрған ештеңе жоқ деп есептейді. Тек оқып болған соң елге қайтса болғаны. Ал бұл еліміздегі әлеуметтік мәселелерге байланысты. Ресейдің ірі қалалары көп. Барлық университтерінде дәстүрлі жүйе сақталған. Яғни, дәрістер 1 сағат 30 минутқа созылады. Есесіне, дәріс оқушы профессор тақырыпты бүге-шүгесіне дейін түсіндіріп шығады. Оларға түсу де қиын емес. Оқуға барлық жағдай жасалған. Көп жерлерде әр студентке жеке бөлме беріледі. «Бұның барлығы түлектерді қызықтырмай қоймайды» дейді мектеп директоры.

Шынымен, жоғарыдағы цифрларға қарасақ, құдды бір өзге елдер үшін шығындалып, солар үшін ұрпақ тәрбиелеп жатқандай әсерде қаласыз. Жастарды Қазақстанға қайтару жағдайын ойлап жүргендер кемде-кем. Оған талдау жүргізіп жатқан да бірде-бір мекеме көрінбейді.

Жақында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Артур Платонов еліміздің талапты, білімді жастарын өзімізде сақтап қалуға септігі тиер деген бірнеше ұсыныс тастады. Соның бірі – университтерге ҰБТ-дан тыс студенттерді таңдаудың балама жолын ұсыну. Сол секілді ол грантты облыстың экономикалық қажеттілігіне қарай бөлуді сұрайды. Тағы бір жолы – кәсіпорындардың өзі ұсынған грант. Кәсіпорын өзіне қажетті маманды өзі оқытып, өзі жұмысқа алады.

Ресейде білім алуға ниеттілердің көп болуы ҰБТ сертификатын талап етпеуден басқа, тілдік кедергінің жоқтығы, оқу ақысының арзандығы сияқты себептерімен де түсіндіріледі. Шекара аймағындағы облыстарда өткір тұрған түйінді мәселенің әзірге қашан, қалай шешілетіні белгісіз болып тұр.

Алмас БАЙДРАХМАН

Дерек пен дәйек

Қазақстандықтар ең көп өтініш берген оқу орындарының ішінде Санкт-Петербург мемлекеттік университеті, Ресей халықтар достығы университеті, Ұлы Петр атындағы Санкт-Петербург политехникалық университеті және Қазан федералды университеті бар. Ал талапкерлер ең көп қызығушылық танытқан мамандықтар қатарында емдеу ісі, экономика, менеджмент, лингвистика, заң, халықаралық қатынастар бар.

 

Пікірлер