Жаңа бағдарлама нені меңзейді?

Биыл жалпы білім беретін мектептердің оқу үрдісінде жаңалық көп. Оның бастысы – 2016 жылы басталған жаңартылған білім жүйесіне көшудің жалғасатыны. 2017 жылы 2, 5, 7-сыныптар жаңа мазмұнға өтті. Білім бағдарламасындағы мұндай өзгерістер неден туындап отыр? Оқытудың жаңа мазмұны ел үмітін ақтай ала ма? Сарапшылардың айтуынша, бұл – әлемдік тәжірибенің озық үлгісі.

Қайырғали ҚАБЕКЕНОВ, Қостанай облыстық білім беру басқармасының әдістемелік кабинетінің бас маманы:

– Қазақ елі әлемдік көштен қалып қоймау үшін отандық білім берудің озық дәстүрлері мен стандарттарын сақтай отырып, өзінің стратегиялық бағытын таңдап алғаны белгілі. Білім мазмұнын жаңарту арқылы үш тілде білім беру бағдарламасының құрылымы мен мазмұны, оқыту және тәрбие берудің әдіс-тәсілдері өзгереді. Ол ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарды бойына сіңірген, бәсекеге қабілетті тұлғаның қалыптасуына қолайлы жағдай жасауды көздейді.

2015-2016 оқу жылында республикамыз бойынша 30 мектепте жаңартылған білім мазмұнын сынақтан өткізу жұмысы жүргізілді. Осы бағытта Қостанай облысы бойынша қалалық №10 мектепте жаңа жүйе сынақтан өтті. Апробацияға 43 оқушы қатысып, оларға 6 мұғалім сабақ берді. Ал 2016-2017 оқу жылында 12 мыңнан астам 2, 5 және 7-сынып оқушылары жаңа мазмұнға өтті. Нәтижесі де жақсы. Білім сапасы 9,7% артты. 2018 жылы жаңа оқу жылында 3, 6, 8 және 10-сынып оқушылары жаңартылған білім жүйесіне көшеді. Ал 2020 жылы барлық сыныптар осы жүйе бойынша білім алатын болады.

Жаңартылған жүйе Назарбаев зияткерлік мектептерінің негізінде жасалғандықтан, көпшілік қарапайым мектептер жаңа бағдарламаны игеріп әкете алмайды деп ойлайды. Бірақ мұғалімдерге әдістемелік материалдардың толық ресурсы дайындалды. Олар: оқу бағдарламалары, күнделікті сабақ жоспарлары, оқулықтар, мұғалімдерге арналған нұсқаулықтар, бағалау жөніндегі ұсынымдар. Бұл материалдардың барлығы да әр мезгілдегі біліктілікті арттыру курстарында мұғалімдерге таратылып берілді.

Апробациядан өткен мектеп мұғалімдерінің пікірінше және ата-аналармен кері байланыс қорытындысы бойынша аталған бағдарлама өз тиімділігін көрсетіп отыр. Жаңа оқу бағдарламасы ұсынған озық тәжірибелердің бірі – ел президенті алдымызға қойған үш тілде оқыту жүйесінің енгізілуі ата-аналарды да қуантып отыр. Үштілділік саясаты оқушыға белгілі бір тақырыпты жан-жақты, әр қырынан зерттеуге мүмкіндік береді. Педагогтардың да теориялық және әдістемелік білім-білік дағдыларының қалыптасуына ерекше ықпал етті. Әлемдік деңгейдегі озық тәжірибелерді меңгерген ұстаздар қауымы үлкен өзгерістерге дайын.

Әсел ҚОЖАНИЯЗОВА, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы Қостанай облыстық филиалының қызметкері:

– ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауында білім беру жүйесіне әлемдік стандарттар деңгейіне сәйкес сапалы қызмет көрсету міндетін қойды. Сондай-ақ, мақсаттардың қатарында білім беру елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының мықты ресурсы болуы, мемлекет пен қоғамға барынша пайда әкелуі де бар.

Осыған байланысты педагогикалық білім беру жүйесін реформалау жүріп жатыр. Еліміздің білім беруі тұлғаны өзінің қандай жағдайда өмір сүріп, еңбек ететіндігін түсіне отырып, қалыптастыруға бағытталған.

Қазақстан Республикасында білім беру үдерісінің құрылымы мен мазмұнына елеулі өзгерістер енгізілуіне байланысты «Өрлеу БАҰО» АҚ филиалы Қостанай облысы бойынша мұғалімдерге жаңартылған бағдарлама жөнінде біліктілікті арттыру курстарымен қатар, түрлі бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырады және өткізеді. Біз үшін мұғалімдермен ынтымақтастықта жұмыс істеу маңызды. Сол себепті республикалық және облыстық деңгейдегі іс-шаралар, курстан кейінгі кеңес беру және сайтта қолжетімді тұрғыда орналастырылған видеодәрістер бар.

Жаңартылған білім жүйесін енгізуде мұғалімдердің пән бойынша білімдерін, іскерліктері мен дағдыларын, мәселелерді шешу тәжірибесін толықтыру, білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында жұмыс жасау үшін кәсіби құзыреттіліктерін арттыру маңызды.

Өзгерістің басты ерекшелігі – оқытудың шиыршық жүйесімен жүргізілуі. Бұл дегеніңіз мектепте өткен тақырыптар 11 жыл бойы қайталанып, бала сыныпқа көшкен сайын күрделеніп отырады.

Бұл өте сапалы бағытталған бағдарлама. Оқушыға сапалы білім беру ортасын құра отырып, сын тұрғысынан ойлау, зерттеу, тәжірибе жасау, жеке, жұппен және топпен жұмыс істей білу қарымын дамытуға көмектеседі. Мысалы, бастауыш сынып пәндеріне арналған оқу бағдарламалары оқушыларды шынайы проблемаларды анықтап, зерделеуге үйретеді.

Біліктілікті арттыру жүйесінде заманауи мұғалім өлшемі қазіргі білім берудегі жаңа және нақты жағдайға икемделу дегенді білдіреді. Бүкіл әлемде білім беру жүйелерінің келешек ұрпаққа қандай білім беретіні туарлы мәселе қайта қаралуда. Осы мәселе аясында «Балалар ХХІ ғасырда табысты болу үшін нені үйрену керек?» және «Оқытудың тиімді әдістері қандай?» деген сауалдар туындайды. Бұл білім беру бағдарламасымен және оны жүзеге асыруда пайдаланылатын педагогикалық тәсілдермен тығыз байланысты.

Әлия МАРАТОВА, Қостанай білім-инновация лицей-интернатының жоғары санатты мұғалімі:

– Жалпы білім беретін мектептердің оқу бағдарламасы жаңа мазмұнға көше бастағанда қоғамның пікірі екіге жарылды. Менің алдыма келетін ата-аналар да «бұрыннан қалыптасқан жүйемен оқыта берсе қайтеді, бәріміз де сонымен оқып адам болдық қой» деп жатады. Бірақ, білім саласы да бір орында тоқтап қалмай, әрі қарай дамуы керек. Ғылым мен технологияның дамуы оқыту әдістемелеріне де түбегейлі өзгерістер енгізуді талап етіп отыр. Жалпы алғанда маған жаңа бағдарлама ұнайды. Тек енді қорытынды білім бағалау жүйесі мен мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңа бағдарламаға сәйкестендіру қалып тұр.

Жаңа бағдарламаның басты ерекшелігі мынау: жылдам өзгеріп жатқан заман талабына сай, мұғалімдерді оқушыларға қалай оқу керектігін үйретіп, соның нәтижесінде еркін, өзіндік дәлелдерін нанымды жеткізе білетін, ынталы, сенімді, көзқарасы қалыптасқан, білімін күнделікті өмірде қолдана білетін оқушы қалыптастыруға даярлау екендігі белгілі. Жалпы бүкілхалықтық талқылаудан өтпегені болмаса, бірер бабынан басқасы қоғамға септігін тигізеді деп ойлаймын.

Бірақ, мұғалім болғандықтан, бұған кесірін тигізетін жайттарды да көріп жүрмін. Мәселен, 2020 жылға дейін 100% осы жүйеге көшеміз дедік. Бірақ ол үшін барлық мектептердің материалдық-техникалық базасын жасақтап үлгеруіміз керек. Бұл қаншалықты мүмкін? Ауылдардағы мектептердің жағдайы не болады? Кадр тапшылығы да бар. Жалақы да жеткіліксіз. Ағылшын тілін біреуге үйрете алатындай деңгейде білетін мамандар мектепке ұстаз болып барады дегенге сену қиын. Аудармашылықты немесе ағылшын тілін оқытатын ақылы курстарға жұмысқа орналасуға тырысады. Нәтижесінде мектепке ЖОО-ны сүйретіліп әрең бітірген маман барады.

Жаңартылған білім беру жүйесінің мақсаты, жұмыстары жақсы. Оған дау жоқ. Дегенмен, жоғарыда айтылған мәселелердің басын шешіп алмай, белгілі бір нәтижеге жетеміз деп айту қиын, әрине.

Алмас БАЙДРАХМАН

Пікірлер