Жолдау-2018: жаңа білімге бетбұрыс

Біреу білсе, біреу білмейді, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанның білім саласы жаңа жаңартылған мазмұнға көшті. Ол 2021 жылы аяқталатын болады. Жаңартылған мазмұн деген не? Бұл – мүлде жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар және кадрлар деген сөз. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бұл жайында өзінің биылғы жолдауында ерекше екпін түсіріп айтты да. Сонымен, Елбасы айтқан жаңа білім деген не? Ұстаздардың жалақысы қалай және қаншаға көтеріледі?

Жалақы өседі, мәртебе ше?

Қазіргі таңда елімізде 300 мыңнан астам педагог бар. Олардың 70% жуығының еңбекақысы биыл көбейеді. Мұғалімдердің жалақысын көтеру білім берудің жаңа мазмұнына көшумен тікелей байланысты.

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1-ші, 2-ші, 5-ші және 7-ші сынып ұстаздарының лауазымдық жалақысы көбейеді. Ал, қыркүйек айынан бастап, 3-ші, 6-шы және 8-ші сынып мұғалімдерінің жалақысы көтеріледі. Осылайша, 2019 жылдың қыркүйегінде 4-ші, 9-шы және 10-шы сынып ұстаздарының жалақысы артса, 2020 жылы 11-сынып мұғалімдерінің еңбекақысы жоғарылайды. «Үстемеақы көлемі Мемлекет басшысы Жолдауында айтқандай, 30 процентті құрайды. Мысал келтірер болсақ, 15 жылдық еңбек өтілі бар 1-санаттағы қала мұғалімінің жалақысына 24 мың теңге қосылады. Дәл осындай еңбек өтілі бар 1-санаттағы ауыл мұғалімінің жалақысына 25 860 теңге қосылады», – деді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Үш жылдық өтілі бар, еш санаты жоқ мұғалімдердің жалақысы қазір 56 мың теңге. Оған дәптер тексергені және кабинетке жетекшілік еткені үшін 22 мың теңге үстемеақы қосылады. Барлығын қосқанда – 78 мың теңге. Білім берудің жаңартылған мазмұны үшін үстемеақы қала деңгейінде – 16 мың, ауыл деңгейінде – 21 мың теңге. Яғни, үш жылдық өтілі бар, санаты жоқ қалалық мұғалімдердің жалақысы 96 мың теңге, ауылдарда 115 мың теңге болмақ. Егер 25 жыл еңбек еткен жоғары санатты мұғалімдердің қазіргі жалақысы 83 мың теңге болса, оған 25 мың теңге көлемінде үстемеақы және жаңартылған білім беру бағдарламасы үшін тағы 24 мың теңге қосылады. Осылайша, еңбекақының жалпы сомасы 133 мың теңгеге жетпек.

Сонымен бірге, Білім және ғылым министрлігі өкілдерінің айтуынша, биыл мұғалімдердің біліктілік деңгейін анықтау арқылы қосымша ақы тағайындайтын жаңа жүйе енгізіледі. «Жаңа жүйеге сәйкес, ұлттық біліктілік тестін тапсырып, өз деңгейлерін растау арқылы мұғалімдер жалақыларын 20-50 процентке дейін көтере алады. Мәселен, бір саты жоғарылаған 15 жылдық еңбек өтілі бар 1-санаттағы қала мұғалімінің еңбекақысына 28 мың теңге қосылса, ауыл мұғалімінің жалақысына 36 мың теңге қосылады», – дейді вице-министр Бибігүл Асылова.

Биылғы Жолдауда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мұғалімдердің жалақысын көтеруді тапсырды. «Жаңартылған мазмұн дегеніміз – халықаралық стандарттарға сай келетін және Назарбаев зияткерлік мектептерінде бейімделуден өткен заманауи оқу бағдарламалары. Бұлар біздің балаларымызға қажетті функциялық сауаттылық пен сыни тұрғыдан ойлау қабілетін дарытады. Сонымен қатар, 2018 жылы категориялар арасындағы алшақтықты арттырып, мұғалімдер үшін біліктілік деңгейін ескеретін санаттардың жаңа кестесін енгізуді тапсырамын. Категорияларды бүкіл әлемде қолданылып жүрген ұлттық біліктілік тест арқылы беру керек. Бұл педагогтарды өздерін ұдайы жетілдіруге ынталандыратын болады. Нәтижесінде, мұғалімдердің жалақысы біліктілігінің расталуына байланысты тұтастай алғанда 30 проценттен 50 процентке дейін өседі. Бұл үшін биыл қосымша 67 миллиард теңге бөлу қажет» делінген Жолдауда.

Жолдаудағы міндет – жүктемені төмендету

«Біздегі оқушылардың жүктемесі ТМД елдерінің ішінде ең жоғары болып отырғанын және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдеріне қарағанда орта есеппен үштен бір еседен көп екенін ескеріп, оны төмендету керек», – деді Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында. Шынымен, біздегі білімнің күрделілігіне ата-ана да, бала да, тіпті мұғалімдердің өздері де жиі шағымданады. ҚР Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Шолпан Каринова оқушыларға жүктемені азайту бойынша жүйелі әрі мақсатты бағдарланған жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтады. 2017 жылдың сәуір айында «Үй тапсырмасын реттеу туралы» бұйрық қабылданды. Соның нәтижесінде, бүгінде балаларға арналған үй тапсырмалары ⅓ (үштен бір есеге) қысқартылды. Соған сәйкес, енді үйге берілетін тапсырма 150 минуттан аспауы керек дейді ол. «Білім және ғылым министрлігі оқушылардың жүктемесін төмендету бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп жатыр. Қазіргі таңда балалардың үй тапсырмалары үштен бірге азайды. Жоғарыда аталған құжат 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді. Демалыс, мереке күндері тапсырма берілмейді. Тек мәтін оқу, ғылыми жұмыстарға қатысты жеңіл жүктемелер болуы мүмкін. Білім беру мекемелерінде аталған нормалар нақты бөлінген және Білім және ғылым министрлігінің бұйрығында көрсетілген», – дейді Шолпан Каринова.

Үш тілдің тұғыры

«Қазақстандықтардың болашағы – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруінде. 2019 жылдан 10-11 сыныптардағы жаратылыстану ғылымының жекелеген пәндерін оқытуды ағылшын тіліне көшіру басталатын болады. Нәтижесінде, біздің барлық түлектеріміз елімізде және жаһандық әлемде өмір сүріп, жұмыс істеуі үшін қажетті деңгейде үш тілді меңгеретін болады. Сонда ғана нағыз азаматтық қоғам құрылады», – деді Елбасы биылғы Жолдауында.

Бұл ретте жазушы Смағұл Елубайдың пікірі мынадай: «Бізді көптен алаңдататын нәрсе – мәдениет, тіл, әліпби мәселесі. Осы мәселе төңірегінде қазақ қауымы қатты алаңдап отырғаны белгілі. Мысалы, жаңалыққа негіздейтін реформаның бірі – мектеп реформасы. Мектепте бірінші сыныптан бастап оқушылардың үш тілде білім ала бастайтыны баса айтылған. Қазірдің өзінде Қазақстан мектептерінде қазақ, орыс, ағылшын тілдері бірінші сыныптан бастап, оқытылып жүрген сыңайлы. Үш тілді 1-сыныптан бастату – ертелеу енгізілген бастама секілді. Негізінен, 1-сыныптан емес, өзге тілдерді 5-сыныптан енгізу дұрыс шешім болатын еді. Әлі әліппені дұрыс тани алмай отырған балалар үшін өзге тілді қосымша меңгеру ауырлау тиеді».

Жазушы дамыған елдердің тәжірибесіне сүйеніп, Жапония мен Түркия 5-сыныптан кейін ғана өзге тілді үйретуге күш салатынын айтады. «6-7-сыныптан бастап-ақ, түрік лицейлерін бітірген балалар ағылшынша сайрап тұрғанын көзіміз көріп жүр. Осы тәсілді пайдалануға болар еді», – деп пікір білдірді.

Жолдауда тағы бір жақсы ұсыныс айтылған. Орыс мектептерінде балалар да үш тілді, оның ішінде қазақ тілін үйрену жөнінде реформа болады делінген. «Бұл – өте тамаша нәрсе. Мұның ар жағында, дәл осы реформаға бару үшін Қазақстан балабақшаларын толығымен қазақ тіліне көшіру қажеттігі. Неге? Бірінші сыныпқа барғанға дейін бес жыл ішінде балабақша балалары мемлекеттік тілде сайрап шыққан болар еді. Елімізде тұратын қандай да бір өзге ұлт өкілі болмасын, кез келгені мемлекеттік тілді меңгеріп шығар еді. Тілге басымдық берген балабақшалардан шыққан балалар мектеп табалдырығын аттағанда қиындық көрмес еді. Мектептен алатын білім көкжиегі де кеңейер еді. Балабақшаларды толығымен мемлекеттік тілге көшіру – ең өзекті мәселелердің бірі. Өйткені мектептегі реформаны балабақшадан бастау қажет. Білім саласын қолға алатын болсақ, дәл осылай реформа жүргізгеніміз дұрыс. Сонда келесі он бір жылдан кейін тіл мәселесі өз-өзінен шешімін табады. Бүкіл ұрпақ ұлтына қарамастан, мемлекеттік тілде сайрап тұрар еді. Ұлтына қарамастан, қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгерсе, ғажап емес пе?!

Елбасы Жолдауында ұлттық біртұтастық туралы айтылған екен. Білім беру саласында ұлттық біртұтастық болмай, оған қалай жетеміз? Білім саласында тілдік реформа дұрыс жасалмай, нәтиже болмайды. Қазақ мектебін бітірген балалардың өзі тілді дұрыс меңгермесе, біз одан қандай келешек күтеміз? Сондықтан да қазақ, орыс мектебі деп бөлінбей, тұтасымен біртұтас мектептерге айналуы қажет. Мектептердегі басқару жүйесі мемлекеттік тілге басымдық берсе, жоғары сыныптарға көшкеннен кейін белгілі бір пәндер өзге тілде оқытылса, онда біз ұтпасақ, ұтылмаймыз. Сонда Қазақстан мектептерін бітірген балалар қазақстандық біртұтас ұлтты қалыптастыратын болады», – дейді қаламгер.

Бір байқағанымыз, Жолдауда «білім» сөзі 24 рет кездеседі екен. Бұл білім саласы басты назарда екенін көрсетсе керек. Жолдау жеткізілді, енді қазақ қоғамының алдында оны жүзеге асыру жүгі тұр.

Гүлжан МАРҚАБАЙ
Астана

Пікірлер