Бақыткүл ДӘРІБАЕВА: Емшілік – кәсіп емес, өнер

Ол – халық емшілері қауымдастығының Қостанай облыстық филиалының бұрынғы директоры. Ол – халық медицинасы мен рухани шипаландыру магистрі, халықаралық деңгейдегі емші, көптеген марапат пен сертификат иесі. Көпшілік көріпкел деп те таниды. Бақыткүл Дәрібаева біздің бірер сұрақтарымызға жауап берді.
– Ең алдымен, өзіңізді оқырмандарға кеңінен таныстырып өтсеңіз. Дәстүрлі сұрақ: қасиет қалай қонды? Кімнен берілген?
– Бойымдағы бұл қасиет бала күнімнен байқалған. Оны «былай болды» деп жеткізе алмаймын. Арғы атам Нысамбай танымал емші еді. Қасиет қонарда ауырдым, молада түнедім, түсімде шал көрдім деп те айта алмаймын. Ондай ештеңе болған жоқ. Көзімді ашқаннан Құранның азан шақырған дауысын естіп, халықтың Ораза мен Құрбан айтты тойлағанын көріп өскенмін. Кеңес уақыты болса да, аталарымыз ондай діни мейрамдарды құр жібермеген. Бәлкім, имандылық жатырда жатқанымнан берілген шығар. Бойымдағы қасиетті байқаған нағашы атам «сен ертең өскенде бабаңның жолын қуасың» деп айтып отыратын. Бес жасымнан ән айттым. Сахнаға шықтым. Өнерді де жақсы көрдім. Сондықтан шығар, көпке дейін мойындамай келдім. Бірақ пенденің болжағаны емес, Алланың дегені болады екен. Мамандығым – инженер-технолог.
– Айтыңызшы, ел ішінде қандай аурулар жиі кездеседі? Қазір қандай ауру түрлері көп? Қандай сырқаттарды жиі емдейсіз?
– Көбіне-көп халық сыртқы жара, псориаз, инсульттан кейінгі сал ауруы, балалар сал ауруларымен келіп жатады. Сынық пен жұқпалы ашық жаралардан басқаның бәрін емдеймін. Барлық емдерім табиғи. Жүрегімді ауыртатыны, науқастардың арасында кішкентай балалар көп. Олардың көбінесе ұйқы безі, жүрегі, аяғы ауырады. Ұйқы безі бұзылса, зат алмасу үдерісі бұзылатыны белгілі. Ал зат алмасу бұзылса, кез келген ауру бас көтереді. Кішкентай балалардың арасында неге ауру көп деген сұраққа келер болсақ, себебі атасынан, әжесінен, әкесінен, шешесінен жұққан. Қазақстанның қай түкпірінде болмасын, әлемде де ең басты проблема – жүйке жүйесінің шаршауы. Біз құлазып, ішкі жан-дүниемізді бағындыра алмай қалып жатамыз. Жүйке жүйесі дертіне шалдығатын, жағымсыз қуатты өзіне магнит сияқты тартып, «губка» сияқты бойына сіңіретіндер көп. Сосын буын-тірек және тері аурулары жиі кездесетінін байқаймын.
– Мұндай науқастарды сіз қандай тәсілдермен емдейсіз?
– Мен хиромантия – алақандағы сызық жолдарымен және пульсодиагностика – тамыр ұстау арқылы диагноз қойып, сол бойынша ем жасаймын. 45 минуттық ұйқы терапиясы деген бағдарлама бар. Сосын құран кассетасы, музыка және де түрлі үндер таспаларынан жазылған кассета болады. Емделуші сол бойынша релаксация – ұйқы терапиясын алады. Қытай, Ресейден алған білімдерім бойынша от терапиясы, хиджама, нүктелі массаж, басқа да халық медицинасына қатысты үзу, дем салу, аластау секілді ем түрлерін жүргіземін. Және мұны әріптестеріме үйретуден жалықпаймын. Мысалы, осы қыркүйек айының соңына қарай Шымкент қаласына барамын. Онда өзімнің емдеу тәсілдерім бойынша дәріс беріп, шеберлік сыныбын өткіземін. Ол тәжірибе арттырамын деген, әлі ашыла алмай жүрген емшілер үшін үлкен сабақ болмақ. Халық емшілері қауымдастығының Қостанай облыстық филиалын басқарғанда да бойында қасиеті бар жандарға бірталай нәрсе үйреттім. Көбісінде қасиет бар, тек оны пайдалана білмейді. Білсе де қате жасайды. Айналысамын деп жындыханаға түсіп қалғандар да болды. Оларды шығарып алғанымызбен, көбісі ем жүргізуден бас тартты. Сондай-ақ, қасиет дарыған адамдарды құжаттандырумен де айналыстық. Директор болған кезімде шәкірт дайындаумен қатар, дертке шалдыққан адамдарды да емдеп жүрдім. Емшілік – кәсіп емес, үлкен өнер. Мендегі күшті қаралықты жоюға да жұмсауға болады.
– Қаралық дейсіз бе? Ол не?
– Қаралық туралы күні-түні әңгіме айтуға болады. Алайда көпшілігі бұған сенбейді. Халықтың 80% осы қаралыққа сенбегендіктен, зиян шегіп жатыр. Әйтпесе, қаралықтың адамдарға, олардың үрім-бұтағына, жалпы, қоғамға келтіріп жатқан зияны шаш етектен. Оның түр-түрі бар. Ал қазір ең асқынып тұрғаны – жиі айтылатын қара магия мен домбарлап жасалатын дуа. Ол қызғаныш, көре алмаушылықтан туады. Мұндайды біреу қызметте көтерілсе, тұрмысы жақсарса, атақ-марапаттарды иеленіп жатса, соны көре алмай жасап жатады. Шалып қалуға, кедергі келтіруге негізделеді. Жүрген жеріне, жолына, үйіне, жұмысына сеуіп, шашып тастап, әйтеуір қаралық жасайды.
– Сонда қасақана жасала ма?
– Иә, арнайы жасалады.
– Тіл-көзбен қатысы жоқ па?
– Жоқ, олар қаралыққа жатпайды. Неге десеңіз, жақсы көріп тұрып, тілі тиіп, көзі тиіп кететін адамдар болады. Ал қаралық біреуге зиян жасау мақсатында жасалады. Жақында Астанадан бір жігіт хабарласты. Әке-шешесі науқас екен, тұрмыстары нашар, жұмыстары жүрмейді. Сонда байқағаным, бұл отбасына көршілері тарапынан қаралық жасалған екен. Кейін дәрі судың көмегімен емдеу, тазарту шараларын жүргіздік, қаралық қайтты. Ол өз иесін тапты. Бізде қаралықтан тазарту күші бар, алайда оны жойып жібере алмаймыз. Қаралық оны жасаған және жасатқан адамның өзін іздеп табады. Ол бір түсіндіруі қиын тылсым дүние. Қаралық жасалған адам еңсесін көтеріп, түзеле бастағанда, оны жасаған адам керісінше ауырады. Жаратушы Алла оны жазалайды.
– Иә, халықтың бұндай нәрселерге сене бермейтіні рас. Бұл өзі сырттан келген дүние ме, әлде қазақта бұрыннан бар ма еді?
– Бар. Бұл адам жаратылысымен бірге пайда болған дүние шығар. Бір замандарда күшейіп кеткен, бір замандарда басылған. Ал қазір қайта күш алып, бой бермей бара жатыр. Арамызда қасиеті бар адам көп қой, олардың ішінде күшін дұрыс бағытта жұмсамайтындары бар. Міне, қаралық жасаушылар солардың есебінен көбейіп барады. Бірақ таяқтың екі ұшы бар ғой. Олар қаралық жасағанмен, сол қаралығы түбі өзіне қайтады. Соны біле тұра жасайтынын түсінбеймін. Былайша айтқанда, қаралық қазақтың бәдік айтысына қатты ұқсайды. Ата-баба заманынан бері бар. Кейін ол бәдік айтыстың ұмытылуына қаралықтың бәсеңдеуі себеп болған. Ал оны бертінгі ұрпақ рухани қараңғылыққа балады. Негізінде, аталарымыз оны білген, емдеудің тәсілін де меңгерген.
– Қазір ел арасында өзін «емшімін» деп жұртты алдап жүргендер көбейіп кетті. Сіздің ойыңызша, емшілердің келушілерді қабылдау уақыты, қызмет ақысы, қасиеті, қабілеті қандай болуы тиіс?
– Оның бәрі аурудың диагнозына байланысты. Күрделі болып келген науқастың өзінде «қалауын тапсаң қар жанады» демекші, науқасты алдымен жылы сөзбен емдеуі тиіс. Емшілердің аузынан шыққан әрбір сөз адамның жанына жылу болып құйылуы керек. Егер ем сылап-сипауға қатысты болса, адамның құрылыс бейіміне байланысты 45 минут жүргізілуі керек. Ұшықтау, аластау сияқты қазақы ем болса, 20-25 минуттан аспағаны дұрыс. Келген науқасты үрейлендірмеу және шошытпау да маңызды. Емдеу ақысын әркім өзінің қызметіне қарай белгілейді. Менің емдеумен айналысып жүргеніме 40 жылдай болды. Шетелден алдыма келгендер де жетерлік. Германия, Ресей, Өзбекстан, Моңғолиядан келіп емделгендер аз емес. Кейін сол жақтан хабарласып, шақырып жатқандар да болды. Ешкімнің бетін қақпаймын.
– Қандай арман-тілектеріңіз бар?
– Түптің түбінде халық медицинасы мойындалып, емшілеріміз дұрыс жолға түсіп, сауатты, нәтижелі ем жүргізсе деп армандаймын. Сосын ата-аналық үлкен жауапкершілік екенін ұмытпаған жөн. Жоғарыда айтқанымдай, алдыма келген балалар көп. Жүрегім ауырады. Туа бітті ауырғандар болғанымен, көбінесе ата-аналардың салғырттығынан дертке шалдыққан. Балаға дұрыстап қарау керек. Қазір қорқынышты аурулар көбейіп кетті. Балаларымыз ауырмасын, болашағымыз жарқын болсын деп тілеймін!
– Рахмет!
                                                                                                                             Алмас БАЙДРАХМАН

Пікірлер