Біреуінде – мұрат, біреуінде – сұрақ…

Жақында Қостанайда индустрия аймағы ашылды. Бірақ өндіріс аумағы әлі толық қуатымен іске қосылған жоқ.

Жалпы көлемі 400 гектар жерді алып жатқан аумақтың 120 гектарында қазір құрылыс қызған. Қалған аумаққа тағы басқа инвесторлар тарту қарастырылып жатыр. Желтоқсан айының алғашқы аптасында әкімшілік-тұрмыстық ғимараты салтанатты түрде ашылды.

Өндіріс орны облыс орталығының солтүстік-батыс жақ қиырында, Федоров ауданына қарай шыға берісте орналасқан. «Тобыл» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Қанат Нұршиннің айтуынша, биыл индустрия аймағын салуға бөлінген 2,5 млрд теңге түгелдей игерілген. Осы қаражатқа қуаты 32 МВт электр стансасы, 5,1 км су құбыры, 8,3 км байланыс желісі және тәулігіне 10 мың текшеметр газ өткізетін құбыр-қондырғылар орнатылған. Енді 4,5 км автокөлік жолын аяқтап, теміржол тарту, алаңшаларды инфрақұрылымдарға жалғау жұмыстары қалды. Оған республикалық бюджеттен 2,6 млрд теңге қаралып отыр. Қаражат 2018 жылы түсуі тиіс.

Әкімшілік-тұрмыстық кешенде арендаторлар үшін 10 орын дайын тұр. Қырық адамға шақталған асхана, екі адамдық 11 қонақ бөлмесі бар. Бұл ғимаратта, сондай-ақ, нотариустер мен банк кеңесшілері, кәсіпкерлер үшін керек саналатын басқа да қызмет өкілдері отыруы мүмкін.

– Алдағы екі жылда мұнда кем дегенде 10 өндіріс ошағы жұмыс істеп тұруы тиіс, – деді Қостанай облысының әкімі жақында инвесторлармен жүздесуінде. – Ол үшін бүкіл қажеттілік бар. Біз бұл аумаққа құрылыс индустриясының кәсіпорындарын, автобөлшектер мен азық-түлік өндірушілерді орналастыруды жоспарлап отырмыз.

Аумақтан орын алуға ықылас танытып отырған инвесторлар қазірдің өзінде аз емес көрінеді. Олардың кейбірімен келіссөздер жүргізілген. Мәселен, металл бұйымдарын, гофроқаптамалар өндіретін, жүк көліктеріне арналған газ моторларын шығаратын кәсіпорындар жұмысын бастап кетуге дайын.

Индустрия аймағында басқа құрылыстармен бірге лифт зауытының құрастыру цехы да салынып жатыр. Іске кіріскен алғашқы инвесторлардың бірі.

Шілде айында Қостанай облысының делегациясы Екатеринбург қаласына барып келді. Сонда лифт өндірумен айналысатын VEK компаниясының жұмысына жерлестеріміз ерекше қызығушылық танытқан. Қыркүйек айында «Тобыл» ӘКК» АҚ мен VEK серіктестігі келісімге келіп, сөйтіп цех құрылысы басталған.

– Құрылыс қызу жүріп жатыр. Ақпан айында жабдықтарды әкеліп, мамыр-маусым кезінде алғашқы өнімдерімізді құрастырып шығарсақ деген жоспарымыз бар, – дейді компанияның бас директоры Михаил Молочников.

Оларды Қазақстанда бизнеске жасалған қолайлы жағдай қызықтырған. Серіктестік енді салынып жатса да, қазірдің өзінде бірқатар келісімдерге келіп үлгерген. Мысалы, осы күнге шейін 104,7 млн теңгеге 16 лифт сатып алуға келісімшарт жасалса, тағы бірер мекемелер 21 лифтке тапсырыс бергелі тұр.

Бұл жобаның қуаттылығы – жылына 700 лифт. Номенклатурасы – көпшілік ғимараттарға және ауруханаларға арналған, бес тоннаға дейінгі салмақты көтере алатын көшпелі сатылар. Мамандардың бағалауынша, бізде құрастырылатын лифттер Ресейдегіден едәуір арзанға шығады.

Индустрия аймағына тағы кімдер келуі мүмкін? Ресми дереккөздерге жүгінсек, Қостанайдан өндіріс ошағын ашуға Санкт-Петербургтегі әйгілі трактор зауыты да қарсы емес көрінеді.

Қош, облыс орталығындағы өндіріс ошағын ашып тастадық. Ал құрылысы одан бұрын, 2014 жылы басталған Жітіқарадағы индустрия аймағы ше? Аумақта ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу ісін жандандыру жоспарланған. Шалғай жатқан ауданға мұншама қаржы құю тиімсіз деді ме, әуелде 400 млн теңгеге бағаланған жобаға кейін бөлінетін 88 млн теңге берілмей қалды. Оған тақтайдай жол салыну керек болатын. Жергілікті билік жоба құнын қайта қарауды ұсынып отыр. Жобалық-сметалық құжаттарды өзгерту үшін аудандық бюджеттен 4 млн теңге бөліп қойған. Жуырда Қостанай облысының коммуникациялар қызметінде Жітіқара ауданының әкімі Абай Ибраев индустрия аймағының аумағы кішірейтіліп, қалған бөлігі тұрғындарға үй салуға берілетінін айтты. Өйткені, онда газ, су құбырлары тартылған. Ал аумақта бизнесін бастауға ықыластылар бірен-саран, оның өзінде ірі компаниялар емес. Жітіқарадағы индустрия аймағының болашағы осылайша әлі сұрақ күйінде қалып тұр…

Аслан ҚАНҒОЖИН

Пікірлер