«Индустрия. 4.0»: Алақандағы әлем

Сенбі күні Астанада кәдімгі роботтардың ғылыми конференциясы өтеді. Ғылым әлемінің соңғы жетістіктерін паш ететін әлгі роботтар тіпті келушілер үшін нағыз театрландырылған спектакль де дайындап қойыпты. Адамның барлық әрекеттерін, тіпті эмоциясына дейін қайталайтын роботтардың бірі өздігінен қуат көзіне қосыла да алады екен. Дүние жүзінің бірнеше елдері озық технологияларын ұсынатын алаң осылайша өзіндік жаңалықтарымен таңдандырмақ.

 Әр дәуірдің өз жаңалығы бар

Сарапшылар өздігінен әрекет ететін, бұйрығыңызды бұлжытпай орындайтын өнерлі роботтарды төртінші өнеркәсіптік революцияның бастауы ретінде бағалап отыр. Соңғы кездері жиі айтыла бастаған төртінші өнеркәсіптік революция дегеніміз не? Саралап көрелік.

Мейлі ол сонау тас ғасыры иә қола дәуірі болсын, бастысы, қай қоғамның дамуында да өзіндік нәтижелері бар. Айталық, екі тасты бір-біріне ұрғылап от жағу, аң аулап жеу үшін ағаштан болса да найза жасап алу – адмзат бастауында тұрған сол бір өткен дәуірлердің жаңалығы болған еді. Алыста қалған дәуірлерден бермен қарай жақындасақ, бұрын паровоз қолмен от жағу арқылы қозғалатын. Ал, тепловоздың пайда болуы бірінші революция деп аталды. Яғни, бұл – жаппай механикаландыруға көшу. Екінші революция электрлендіруге байланысты. Үшінші революция – ол компьютер заманының басталуы. Ал, біз сөз етіп отырған «Төртінші революция» немесе «Индустрия. 4.0» деген термин 2017 жылы қаңтарда Давос қаласында өткен Бүкіләлемдік экономикалық форумда айтылды. Бұл – болашақта адамның барлық қызметі түгелдей цифрландыру дәуірімен байланысты болады деген сөз. Алға қарай әрбір тұрғын мемлекеттік қызметті де осы сандық технология көмегімен ала алады. Мысалы, «Ақылды қала» дегеніміз не? Далада жүрсеңіз, үйіңіздің есік-терезесі бүтіндігін электронды түрде бақылайсыз. Көшеде келе жатсаңыз, жарық алдыңыздан өзі жағылады. Сол сияқты, азаматтардың да қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Қазір Елбасы тапсырмасына сәйкес, денсаулық, құрылыс, халыққа қызмет көрсету сынды салаларды цифрлық технологияға көшіру бағытында жұмыстар басталды.

 Ұлтқа берілген мүмкіндік

Президент Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылғы Жолдауын да осы тақырыпқа арнағаны белгілі. «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттік» Жолдауында Мемлекет басшысы «төртінші өнеркәсіптік революция» ұғымын киберфизикалық жүйенің өндіріске, адам қолымен басқарылатын тұрмыстық қажеттіліктер мен еңбек саласына енуімен байланыстырды. Өмір болған соң, оптимистікпен бірге, пессимистік көзқарастардың қатар жүретінін ескерсек, сарапшылардың бір тобы өмір сүру қағидасының бұзылуы, яғни, сауда нарығы, күнкөріс ортасындағы жүз сексен градусқа дейін бұрылатын өзгерістердің, қазіргі жұмыс күшін арттырып отырған адамдар үшін қауіпті екендігін алға тартып отыр. Яғни, сарапшылар жаппай «ақылды технологиялар» қаптаған кезде адам біткен жұмыссыз қалады деп есептейді. Десе де, біздіңше бұл пікірдің жауабын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлдеқашан беріп қойды. «Экономиканы жаппай цифрландыру тұтас саланың жойылуына және мүлде жаңа саланың пайда болуына алып келеді. Біздің көз алдымызда болып жатқан ұлы өзгерістер – әрі тарихи сын-қатер, әрі ұлтқа берілген мүмкіндік», – деді президент.

«Smart Астана»

«Ақылды» технологиялар бүгінде Астанадан бастап, еліміздің бірқатар қалаларында күнделікті қолданысқа енгізіліп жатыр. Көп ұзамай жүйткіп бара жатқан автокөліктің жылдамдығын автоматты түрде анықтап, жолда жүру ережелерінің бұзылуын әп сәтте тіркеуге алатын техникалар бас қалада іске қосылатын болады. Дәл қазір Елордада «Ақылды қала» тұжырымдамасы аясында бірнеше жобалар бойынша жұмыс басталып кетті.

Айталық, фото және бейнежазба жүйесі. Тұжырымдама аясындағы бірінші жобаның жалпы құны – 8,4 миллиард теңге. Жоба нақты уақыт тәртібіндегі бейнебақылау жүйесі, онлайн режимдегі бейнесараптаманың болуы, бейнежазбаны 30 тәулікке дейін сақтау, белгілі бір бағытта қозғалып бара жатқан көліктің мемлекеттік нөмірі бойынша бағдарын білу, жолда жүру ережелерінің бұзылуын әп сәтте тіркеу және тас жолда жүйткіп бара жатқан автокөліктің жылдамдығын автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді. «Астана Innovations» АҚ басқарма төрағасы Олжас Сартаевтың хабарлауынша, қазіргі таңда Астанада арнайы орталық жабдықталған.

«Ақылды көше шамдары». Бұл жоба шеңберінде елорда көшелеріндегі 25 мыңнан астам ескі шамдарды қазіргі заманғы жарық диодты шамдарға ауыстыру көзделген. Басты артықшылық сол, жаңа шамдар көшелерді жарықтандыруға жұмсалатын электр қуатын 60 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, шамдарды күтіп-ұстауға кететін шығындар да азаяды. Яғни, жарық диодты шамдар он бес жылға дейін тозбай қызмет етіп, атмосфераға таралатын көмір қышқылы газының қалдығын төмендетеді.

ЕХРО-2017 халықаралық көрмесі қарсаңында іске қосылған «Смарт Астана» мобильдік қосымшасын да «ақылды» технологиялар санатына жатқызуға болады. Қосымша 13 санат бойынша 30-дан астам қызмет түрін ұсынып отыр. «Олардың қатарында мемлекеттік, қалалық қызметтер, денсаулық сақтау, білім беру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, қоғамдық көлік, туризм, коммерциялық қызметтер, ойын-сауық, хабарламалар, жаңалықтар, қаладағы оқиғалар және «Белсенді азамат» бар. Бұған қоса, қосымша арқылы ауа райы, ақша бағамы, намаз кестесі туралы да жылдам ақпарат алуға болады», – деп мәлімдеді «Астана Innovations» АҚ басқарма төрағасы Олжас Сартаев.

Енді мұндай жаңа технологияларды еліміздің агросекторына енгізу бағытында жұмыстар атқарыла бастады. Президент Жолдауында атап өтілгеніндей, мәселен, егін егу мен астық жинаудың оңтайлы уақытын болжамдаудың, «ақылды суарудың», минералды тыңайтқыш себудің, зиянкестермен және арамшөппен күресудің интеллектуалды жүйелері арқылы өнімділікті бірнеше есе арттыруға болады. «Жүргізушісі жоқ техника адами факторды азайтып, егіншіліктің өзіндік құнын айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді. Жаңа технологиялар мен бизнес-модельдерді енгізу, агроөнеркәсіп кешенінің ғылымға негізделуін арттыру шаруашылықтарды кооперациялау қажеттігін күшейтеді», – деген еді президент.

P.S. Қалай десек те, болашақ жалпы әлемді жасанды кеңістікке қарай алып келе жатыр. Кванттық физиканың атомдық жылдамдықпен дамуы, жасанды әлем – жаңа ұрпақтың қалыптасуына да тікелей ықпал етеді. Яғни, бұл болашақта бәсекеге қабілетті ұлт тақырыбы күн тәртібінде болмауы да мүмкін деген сөз. Себебі, «ақылды технологиялар» әлемге жаппай енген кезде, дала мен қала арасындағы айырмашылықтар толықтай жойылып, ойлау деңгейі мен санасы өзгерген жаңа ұрпақ толқыны – жаңа энергияның, инновациялық жаңалықтың тікелей көзі болуы мүмкін. Ал, сіз күллі әлемді алақаныңыздан көруге дайынсыз ба?

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Пікірлер