Түйткілдер мен шешімдер

2017 жылы Қостанай облысының өнер­кәсібінде өсім – 4,2%, ауыл шаруашылығында – 3,5%, құрылыста 27,8% болды. Аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов халық алдында есеп беру кезінде осындай жетістіктерге тоқталып, жұртшылықты толғандырған сұрақтарға жауап берді.

Бір мәселе – ІТ мамандар даярлау

Әкімнің есеп беру кездесулері бұған дейінгі жылдары Е.Өмірзақов атын­дағы облыстық филармонияның 450 адам сыятын концерт залында болатын. Биыл дәстүрлі жиын «Әуежай» шағын ауданында ашылған жаңа спорт-ойын-сауық кешенінде өтті. Мың жарымнан астам адам екі сағат бойы облыстың тыныс-тіршілігімен танысты. Интернетке қолы жеткендер әкім есебін онлайн жүйесі арқылы тікелей эфирде тамашалай алды.

Былтыр залдағы жұртшылық жиырмаға тарта сауал жолдаса, биыл 32 сұрақ қойылды. Ал, сall-center арқылы 3 сұрақ келіп түсті.

Облыс басшысы кездесуде қойылған сұрақтар негізінде орынбасарларына, қала, аудан басшылары мен мекеме жетекшілеріне тапсырма беріп отырды.

Жиынның осы мөлтек ауданда өтуі тегін емес. Облыс басшысы жемісті жұмысын көрсеткісі келген секілді. Бір ғана мысал, былтыр мұнда жүздеген отбасы қоныс тойын тойлаған.

Кейінгі жылдары өңірде өнеркәсіптің өңдеу саласы шикізат өндірудің алдына шығып келеді. Биыл да бұл көрсеткіш 53,2% жетті. Осы бағытта отандық үлесті ұлғайту жұмысы қарқынды. Мәселен, 2017 жылы 44,7% өсімді қамтамасыз еткен автомобиль шығару саласын айтсақ та жеткілікті. Бұдан бірер жыл бұрынғы мемлекет басшысының сынынан кейін қазақстандық көлікке тапсырыс беруші мемлекеттік мекемелер көбейе бастады. Өндіріс солардың есебінен өсіп отырғаны белгілі. Өткен жылдың басында Қостанайға келген сапарында Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин Парламенттегі автокөліктердің 90% Қазақстанда құрастырылғанын мәлімдеген.

Аймақта ауыл шаруашылығын, оның ішінде мал шаруашылығын дамытудың жаңа бағыты, жаңа серпіні байқалады. Қазір облыста 33 ауыл­дық өндірістік кооператив жұмыс істеп тұр. Ал, кластер құрудың маңызы туралы Архимед Мұхамбетов: «Біз 4 ет, сүт және майлы дақылдар кластерлерін құруды қолға алдық. Осы жұмыстар аясында облыста ірі шаруашылықтар мен ірі май зауыты, ет комбинаттары ашылады. Халықтың тамақ өнімдерінің негізгі тобын өзімізде өнді­ріл­ген өніммен қамтамасыз етеміз», – деді.

Қостанай облысы «Цифрлы Қазақстан» мем­лекет­тік бағдарламасы бойынша ауыл шаруашылығы саласында қанатқақты жобаларды жүзеге асырмақ. Цифр­ландыру ісінде маман даяр­лау бірінші кезекте тұрған мәселе. Таяуда ғана Жітіқарада еліміздегі бірінші цифрлы технологиялар кабинеті ашылған болатын. Енді облыс орталығында ІТ технологияға маман­дандырылған мектеп-лицей интернаты ашылмақ.

Элеваторлар шырғалаңы

Жиында облыс әкіміне бағытталған бірінші сұрақ – Жітіқарадағы элеватордың жағдайы. Бұрынғы басшылары талан-таражға салғандықтан, үш ауданның (Қамысты мен Денисов аудандарын қосқанда) астығын қабылдайтын орын алты жыл бойы жұмыс істемей тұр. Бүгінде шаш етектен шығынға батып жүрген шаруалар осы мәселенің шешімін білгісі келді. Сауалға жауап берген аудан әкімі Абай Ибраев элеваторға банкрот жариялап, іске Азық-түлік келісім-шарт корпорациясын араластыру керек екенін  айтты. Әйтпесе, істің оңатын түрі жоқ. Облыс әкімі мұны назарда ұстауды тапсырды.

Кейінгі жылдары Қазақстан элеваторларында дау-дамай жиілеп кетті. Әсіресе, Қостанайдағы оқиғалар шым-шытырыққа ұласқан. Жоғалған астықтың мән-жайын білмекке прокурорлар араласқанда «Иволга-Холдинг» компаниясы элеваторларының бірінде күзетшілер қарсылық көрсетеді. Күштік құрылым өкілдері тексеріс жүргізу үшін арнайы жасақты («спецназ») жұмылдыруға мәжбүр болған. «Сезікті бұрын секіреді» дегендей, мұның астарында бір шикілік бары белгілі еді. Артынан республикадағы 150-ге тарта элеваторда ақпаратты жалған көрсету фактілері анықталды. Осындай жаңсақ көрсеткіштер кесірінен кейбір ірі компаниялар банкротқа ұшырады.

Қазақстан элеваторларындағы жағдай турасында өткен жылдың тамыз айында ҚР Бас Прокуратурасы түсінік берген. Тексерістен соң солтүстіктегі үш облыстың (Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан) 43 элеваторында 7 млн тоннаға жуық астық жоғалғаны жарияланды. Осы бір мәселе алты жыл бұрын, Жітіқарадағы дау басталғанда неге қолға алынбағаны түсініксіз. Былтырғы тексеріс болмағанда элеваторлардағы талан-тараж, бейберекетсіздік жалғаса берер ме еді?…

Жол, газ, су, қоғамдық көлік…

Жиында көтерілген келесі түйткілдер жол мәселесіне қатысты болды. Науырзым, Қарасу аудандарына барар жолдың ахуалы сын көтермейді. Таран ауданының Новоильин ауылы тұрғындарын да осы мәселе алаңдатып отыр. Қостанай-Ұзынкөл бағытындағы Меңдіқара ауданынан өтетін 74 шақырым жол қашан жөнделіп бітпек?

Сауалдарға аудан әкімдері жауап берді. Олардың сөзіне сүйенсек, жоғарыда аталған барлық аудандарда жол жөндеу жұмыстары жоспарланып отыр. Алайда кейбір бөліктеріне ғана. Тек новоильиндіктерге күте тұруға тура келеді.

– Тобыл су арнасын жөндеу кезінде бүлінген айналма жол дұрысталады, – деп қосты облыс әкімі. – Оған қаржы қарастырылған. Новоильиннің жағдайын әуелі бағамдап көру керек, бәлкім оның да бір жөні табылар.

Қала ішінде жүретін автобустарға мүгедектер біреудің көмегінсіз кіріп шыға алмайды. Мүмкіндігі шектеулі студент қоғамдық көліктердегі қолайсыздықты айтты. Бұл осыған дейін бірнеше мәрте көтерілген мәселе. Жылда айтылады. Мұндай қолайлылық қалалың 10% жетер-жетпес қоғамдық көліктерінде ғана бар.

– Иә, барлық автобустарда жиналмалы пандус болуы тиіс. Қала әкімі мұны назарға алуы керек, – деді облыс басшысы.

Айтпақшы, бұл мәселе Қазақстаннның өзге қалаларында да жиі айтылып жүр. Тасымалдаушы компаниялардың өз уәжі бар. Олар жиналмалы пандусы бар автобустар әдеттегіден қымбатқа шығатынын айтады. Егер қала әкімдігінде қаралып жатқан жолақысын көтеру туралы ұсыныстары қабылданса, мәселе оңтайлы шешілуі мүмкін дейді.

Көптеген ауылдарда ауызсу мен газ жоқ. Бірақ, бұл салалар қомақты қаражат құюды талап етеді, сондықтан мына ауданда мынадай күні газ не су тартылады деп айта қою қиын. Әкімнің ауыл тұрғындарына берген жауабы осыған саяды.

Жалпы, 2018 жылы Қостанай облысын ауыз сумен қамтамасыз етуге 6 млрд теңгеге жақын қаржы бөлініп отыр. Былтыр «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы аясында 2,7 млрд теңгеге ауылдардағы 10 нысан жаңартылған. Сондай-ақ үш жаңа су бекеті пайдалануға берілген. Мұндай қуанышпен алты ауылдың алты мыңға жуық тұрғыны қауышты. Биыл сегіз елді мекенге су құрылғылары орнатылса, 41,5 мың адам сапалы ауыз сумен қамтылады.

«Аймақта орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету жүйесі – 32,2%. 2018 жылы бұл көрсеткіш ұлғаюы тиіс. Себебі, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2017 жылы сомасы 10,1 млрд теңгеге сумен жабдықтау және ағын суларды бұру жүйесі жаңғыртылды. Барлығы 19 нысан қайта жөндеуден өтті. Бұған қоса Қостанай және Лисаков қалаларындағы су торабы, Тобыл сорғы стансасы толықтай ретке келді», – деді Архимед Мұхамбетов.

2017 жылы Қостанайда қуаттылығы тәулігіне 73 мың текше метр болатын №5 кәріз сорғы стансасы салынды. Алғаш рет 500-ден астам адам тұратын бір ауыл орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қосылған болатын.

Аслан ҚАНҒОЖИН

Пікірлер