АМЕРИКА «МІНЕЗІ» Әлем ядролық соғыс алдында тұр ма?

Атышулы Американың Солтүстік Кореяға қарсы идеологиялық шабуылының жаңа кезеңі басталды. Бұрынғыдай «Washington Post» жариялайтын бір-екі материалдан басталатын әдісті ысырып қойған АҚШ-тың әйгілі ЦРУ, яғни, Орталық Барлау Басқармасы жасаған мәлімдеме қазір жедел түрде мұхиттардан асып, біздің «Қазнетте» де кеңінен талқыланып жатыр.

 

«Ракеталық бала» жоғала ма?

«Егер Корей Халықтық Демократиялық Республикасының лидері Ким Чен Ын аяқ астынан жоғалып кететін болса, дәл осы мәселе бойынша бізге сұрақтар қоюдың қажеті жоқ» деген сөзді Орталық Барлау Басқармасының басшысы Майк Помпео Демократияны қорғау қорының Вашингтонда өткен форумы кезінде мәлімдеді. Американың бас барлаушысының мәліметінше, Солтүстік Корея көп ұзамай ядролық шабуыл жасауы мүмкін. «Сондықтан да біз, бұдан да өткен ашулы ұйымға айналамыз» деді Майк Помпео. Оның пікірінше, Ким Чен Ын билікте қалу үшін барын салып жатыр. «Солтүстік Кореядан кез келген жағдайды күтуге болады» деген Помпео Американың қауіпсіздік саясатын күшейтетінін айтты.

Десе де, ядролық соғыс туралы Орталық Барлау Басқармасының мәлімдемесі эврикалық жаңалық ретінде қабылдауға келмейді. Себебі, әйтеуір бір алапат соғысқа сұмдық дайындықтың жүріп жатқаны туралы бұған дейін де айтылып, жазылып жүр. Жақында ғана Джон Хопкинс атындағы Университет жанындағы Америка мен Корея институты «егер Солтүстік Корея Сеул мен Токиоға ядролық шабуыл жасайтын болса, бұл жағдай 2 миллион (!) адамның өліміне әкеледі» деген хабар таратты. Мұның сыртында 7,7 миллион адам түрлі деңгейдегі жарақат алуы мүмкін. Мұндай алдын ала есептеулер, яғни, болжамдар бұған дейін АҚШ пен Ресей Федерациясы, Америка мен Қытай, Үндістан мен Пәкістан арасында болуы мүмкін ядролық соғыстар сценарийі бойынша да жасалып жүр.

 

Пхеньян бірінші болуға мүдделі емес

Дональд Трамп «еркелетіп» «ракеталық бала» атаған Ким Чен Ын әлемдік қауымдастыққа өзінің ядролық әлеуеті туралы ешқашан ашық, әрі толыққанды мәлімет берген емес. «Рас, ол әлемді өзінің қауіпті екеніне сендіріп қойды. Бірақ, «ол қаншалықты қауіпті?» деген сұрақ әзірге белгісіз күйінде келеді. Міне, осы белгісіздік көпшілікті қорқытады», – дейді сарапшылар.

«Солтүстік Корея бірінші болып соғыс бастайды» дегенге әлемді сендіруге Америка қанша мәрте әрекет жасап келсе де, халықаралық сарапшылардың дені ресми Пхеньянның ешқашан өздігінен Токиоға, Сеулге шабуыл жасамайтынына сенімді. «Ким Чен Ын әрі кетсе, Тынық мұхитының астында термоядролық сынақ жарылысын жасауы мүмкін. Өйткені, Корей Халық Демократиялық Республикасының территориясы кішкентай. Сол себепті, кішкентай жерде сутегі бомбасының жарылыс кезіндегі қуатын максималды түрде бағалау мүмкін емес. Демек, солтүстік кореялықтар сынақтардың барлығын кіші масштабта ғана жасауға мәжбүр болып отыр. Бірақ, бұл жағдай ядролық қару әлеуетін арттыруда нақты қадамдар жоқ деген сөз емес», – дейді сарапшылар.

Ал, егер ресми Вашингтон бірінші болып ресми Пхеньянға шабуылдайтын болса, Ким Чен Ын әрине аянып қалмайды. Корей Халық Демократиялық Республикасының ядролық-зымырандық бағдарламасы жөніндегі сарапшы Владимир Хрусталевтің пікірінше, Пхеньянның Америкаға, Жапония мен Оңтүстік Корея үшін дайындап жатқан «тосын сыйлары» бар. Сондықтан, Пхеньян өзіне шабуыл жасалған кезде ғана алдын ала сарапталған ядролық сценарийді іске қосатын болады. Яғни, сарапшылық орта Американы тыныш жатқан жыланның құйрығын баспауға шақырып отыр.

 

Пентагон саясатын өзгертуі мүмкін

Рас, 2002-2003 жылдардағы Иракка қарсы Америка тарапынан жасалған шабуылдар кезінде Саддам Хусейн тиісті деңгейде жауап бере алмады. Себебі, Америка әлемге жар салған ядролық қару шын мәнінде Иракта болмап еді. Ал, ресми Пхеньянның жағдайы мүлде бөлек.

Күні кеше ғана Американың стратегиялық және бюджеттік бағалау орталығы Пентагонға әскери жоспарлаудың жаңа жолдарын іске қосуға кеңес берді. Орталық жасаған баяндамада АҚШ-тың әлемдік алып державалармен арадағы қатынастарын ұзаққа созылған бәсекелестік деп бағалауға болатыны айтылады. Орталық сарапшыларының пікірінше, Қытай мен Ресей әскери артықшылыққа дипломатиялық қатынас, ақпараттық, экономикалық және әскери операциялар арқылы қол жеткізуі мүмкін.

Сол себепті стратегиялық орталық Пентагонға ірі әскери операциялар ғана емес, өзге де операция түрлерін жасап шығаруға кеңес беріп отыр. Сондай ақ, Пентагонға Еуропа мен Тынық мұхиты аймақтарында аймақтық қауіпсіздік күштерін құру ұсынылуда. Баяндама авторларының пікірінше, әскери жоспарлау инновациялық жаңалықтар негізінде құрылуы тиіс. Пентагон стратегиялық зерттеу орталығының ұсыныстарын назарға алатын болса, Америка әуедегі қауіпсіздік аймағын да тікелей басқаруға ұмтылуы мүмкін.

 

Сүйкімсіз диалог қайда апарады?

Әлсін-әлсін Мәскеуге, одан қалды Пхеньянға қарсы жасалған мәлімдемелер мен санкциялар арқылы доқ көрсетіп отыруды үйреншікті әдетке айналдырған Американың басты көздегені – әлемдік геосаяси картадағы ойын ережесін қалауымен жүргізу, әлемдік сананы өзінше қалыптастырып, басқару. Барлығына бірдей болмағанымен, мұхит артынан жеткен «сәлемдемелерге» Ресей тарапы жауап беруден жалықпай келеді. Осының бір айқын дәлелі – Ресейдің кәрі құрлық кеңістігімен біржола ат құйрығын кесісуге дейін барған қадамдары. Қазір Ресей араб елдерімен арадағы байланысқа назар аудара бастады.

«Жағдай ушығып бара жатса, Америка Солтүстік Кореяны біржола жер бетінен құртып жіберуге мәжбүр болады» деген Дональд Трамптың мәлімдемесіне де көп болған жоқ. Қыркүйек айында жасалған мәлімдемеден кейін алыптар арасындағы ойын картасы да көп өзгермеді. Пхеньян кезекті ядролық зымыран сынағының сәтті аяқталғанын әлемге жар салудан танбай келеді. Қалай десек те, айға атылған Америка тарапынан жасалған мәлімдемелер алыптар арасында ядролық соғыс дайындығының үзіліссіз жүріп жатқанын көрсетеді.

Әзірге, мақала басында айтылған Ким Чен Ынның аяқ астынан жоғалу мүмкіндігі туралы мәлімдемеге Солтүстік Корея басшылығы жауап берген жоқ. Десе де, мұндай сүйкімсіз диалогтар әрісі Ирак, берісі Сирия трагедияларының одан да зор сценарийлермен жалғасу мүмкіндігі жоғары екенін көрсетеді…

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

 

 

 

Пікірлер