Әрі зиянсыз, әрі үнемді

Ғалымдардың айтуынша, тек соңғы 30 жылда жерасты байлығының 30% түгесіп үлгеріппіз. Бұған жаппай оталған ормандарды, миллиондаған автокөліктен шығатын улы газдар мен тау-тау болып үйілген зиянды қалдықтарды қосыңыз. Жыл сайын мұхитқа 8 млн тонна қоқыс тасталады екен. Оның су астындағы тұмса табиғатқа қаншалықты қауіпті екенін болжаудың өзі қорқынышты. «Экологиялық дағдарыс» адамзатты жаңаша ойлауға, тығырықтан шығудың жаңа жолын іздеуге мәжбүрлеп отыр. Ондай жол бар, әрине. Ол – тұрақты дамуға негізделген жасыл экономика.

Ғылым қолдаған жағдайда ғана жасыл технология өркендей түседі. Жасыл экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту коалициясының басқарма төрайымы Салтанат Рақымбекова осылай дейді.

– Ақмола, Алматы, Павлодар, Жамбыл, Қостанай, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы орталықтар жасыл экономиканы іс жүзінде орындау алаңдарына айналды. Олар баламалы қуат көздері, экоқұрылыс арқылы табиғи таза өнім шығарады, оның бағасы арзан болады, – дейді Салтанат Рақымбекова.

Халықаралық мамандандырылған EXPO-2017 көрмесінде ұсынылған жобалар Қостанай облысында тәжірибеде пайдаланылмақ. Бұл туралы коммуналдық шаруашылықтар, қалалық және аудандық әкімдіктер өкілдері арнайы іс-шарада мәлімдеді.

Шет елдердің мамандары қорғаған көптеген жобалардың ішінен еліміздің тәжірибесіне 105-і таңдап алынды. Ал Қостанай облысының аумағына тек 15-і ғана қолайлы деп танылды. Олар энергияны үнемдеу, су тазалау және экология салаларында қолданылмақ.

– Қазір «Таңдалған технологияларды жүзеге асыру бойынша жол картасы» анықталып жатыр, – дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Дәуренбек Мырзабеков. – Кәсіпорындар, қалалар мен аудан әкімдіктері техникалық сипаттамаларын, технология бағасын, шығынның өтелуін есептеп қойды. Енді тек жобаларды жүзеге асыруға инвестор тарту көзделіп отыр.

Облыста тәжірибеге жасыл технологияны енгізу бұрыннан қолға алынғанын айта кету керек. Аталмыш процесс энергия қорын үнемдеу мен инфрақұрылымды дамытуға көмегін тигізеді. Баламалы энергия көзін игеретін шағын құрылымдар бар. Дегенмен, олар әлі де аз.

Мәселен, Науырзым ауданында шағын бес күн және жел генераторы орнатылған. Олар «Науырзым» қорығының отардағы жайылымдарын сумен жабдықтауға арналған. Қуаттылығы 3 кВт дейін жетеді. Қарабалық ауданындағы Бөрілі ауылдық округінің «Север-Агро Н» серіктестігінде 11 кВт-тық күн батареялары жұмыс жасайды. Лисаков қаласында күннен қуат алатын 20 бағаналы жарық шам мен жаяу жүргіншілер жолы бар.

Біртіндеп энергия көзін үнемдейтін бұндай құрылғыларды тәжірибеге енгізуді коммуналдық шаруашылықтар да қолға алуда. Мәселен, «Қостанай жылуэнергетикалық компаниясы» МКК жүзеге асыруға жоба таңдап алды. Бұл – коммнуналдық шаруашылықтың әкімшілік ғимаратына Global Bod Group компаниясы шығаратын Poly күн тақталарын орнату. Құрылғылар зертханалық сынаулдан өткізілді. Оларды 50 жыл пайдаланғанның өзінде, тиімділігі 6% ғана төмендейді екен. Алғашқы 30 жылында модуль нәтижелілігінің 90% сақтайды.

Әйнек модульдерінің тағы бір тиімді тұсы – аса берік материалдан жасалғанында. Сол себепті оларды аязы қатты қыста да пайдалана беруге болады.

– Біз қоймаларымызға, техникалық және әкімшілік ғимарат пен гаражға өзге ұйымдардан электр қуатын сатып аламыз. Аталмыш жобаны енгізу сол шығынды 80% дейін азайтуға мүмкіндік береді, – дейді «Қостанай жылуэнергетикалық компаниясы» МКК директоры Асқар Бекмағамбетов. – Жоба қазір дайындалып жатыр. Шамамен 2018 жылдың күзінен бастап енгіземіз деп жоспарлап қойдық. Технология өз шығынын 8 жылда қайтарады, дегенмен біз қазір арзанға Қытайда немесе Қазақстанда өндірілгенін іздеп жатырмыз.

EXPO-2017 көрмесінде көрсетілген жаңа техологияларды талқылау кезінде Жітіқара аудандық әкімдігі мен «ЖітіқараКоммунЭнерго» коммуналдық шаруашылығы бу турбинасын орнатуға қызығушылық танытты. Себебі, Жітіқарада жылу бойынша облыста ең қымбат тариф еді. Бағаны төмендету мәселесі 2015 жылдан бері қарастырылып келеді.

– Біз бұл мәселені ресейлік өндірушілер арқылы және Еуропалық қайта құру және даму банкі арқылы шешуге тырысқанбыз. Бірақ, екі жақты келіссөздер сәтсіз аяқталды. Астанада SIEMENS компаниясы ұсынған жоба бізді қатты қызықтырды. Дегенмен, техника-экономикалық негіздеуге және жобаның өзіне қаржыландыру қажет, – дейді Жітіқара ауданы әкімінің орынбасары Радик Есқалиев.

Жергілікті жұртшылықты жылумен жалғыз орталық қазандық қамтамасыз етеді. Оған 2 МгВт электр қуаты керек. Бу турбинасы орнатылса жылу қазандарындағы электр мәселесі шешімін табар еді. Нәтижесінде өзіндік құны да төмендейді. Одан бөлек жұртшылықты ыстық сумен қамтамасыз ету мәселесі де бір жақты болады.

Жітіқара ауданында тағы екі «жасыл» технология енгізуге болады. Олар: канализациялық-тазартқыш ғимараттарға «Термоват» жылу сорғысын және сутазарту ғимараттарын электр көзімен қамтамасыз ету үшін «Симетрика» компаниясының күн аккумуляторларын орнату.

Алмас БАЙДРАХМАН

 

Пікірлер