Балабақшалардағы былықтар

Қазақстанда дәлелденген жемқорлық фактілерінің 40% білім саласына тиесілі. Олардың тең жартысы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында жүзеге асады екен. Соңғы уақытта, әсіресе, Қостанай облысында балабақшадағы жемқорлық жиі кездесіп кетті.

Қыркүйек айында ҚР КК 368-бабы, 2-бөлігі (парақорлыққа делдал болу) бойынша айып тағылған 45 жастағы Айгүл Тобылбаеваға үкім шықты. Тобылбаева сот залында қамауға алынды. Қостанай облыстық сотының ақпаратына сүйенсек, балабақша директорының орынбасары міндетін атқарып жүрген Тобылбаеваның қылмысы шілде айында әшкере болған.

Жағдай былай өрбіген: Жалпы құны 3 млн 490 мың теңгеге жасалған мемлекеттік сатып алулар жөніндегі келісімге сәйкес, «Башухин» жеке кәсіпкерлігі балабақшаның шатырына ағымдағы жөндеу жұмыстарын уақытында аяқтайды. Тапсырыс беруші балабақша директоры Раиса Хажиева орынбасары Тобылбаеваны делдал ретінде жұмсап, кәсіпкерден келісім құнының 10% көлемінде пара талап еткен. Кәсіпкер келісілген соманы балабақшаға әкеп береді. 26 шілдеде Қостанай ауданының Мичурин ауылында Хажиева делдал Тобылбаевадан 350 мың теңге көлемінде пара алып жатқан жерінен ұсталды.

Соттың үкімімен Тобылбаева да, Хажиева да айыпты деп табылды. Сот олардың мүлкін тәркілей отырып, екі жылға бас бостандығынан айыру жазасын белгіледі. Сондай-ақ, олар өмір бойы мемлекеттік мекемелерде ұйымдастыру-әкімшілік немесе әкімшілік-шаруашылық қызметтермен байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды. Сотталушылар жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздік деңгейі орташа мекемеде өтейді.

Жақында Затобол кентіндегі «Гүлдер» мен «Петушок» балабақшаларының бұрынғы есепшілерінің былығы ашылды. Ортақ шығын шамамен – 27 млн теңге.

«Петушок» балабақшасының экс-бухгалтері Әлия Досымбаева ісі ҚР ҚК 189-бабының, 4-бөлігі, 2-тармағы (аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу, яғни, жымқыру) бойынша қаралды. Прокурор Бағдат Есімовтың айтуынша, айыпталушы Досымбаева 2015 жылдың ақпан айынан 2017 жылдың шілде айына дейін балабақша есепшотынан жеке карточкасына 21 млн 776 мың теңге аударып алған. Бұл қылмыс аудиторлық тексеру кезінде белгілі болды. Сот процесінде Досымбаева өз кінәсін толықтай мойындады. Оның үстіне барлық материалдық зиянды түгел қайтарып берді.

Әлия Досымбаеваның айтуынша, «Петушок» балабақшасының есепші қызметіне 2009 жылы орналасқан. Онлайн-банкинг жүйесінің электронды кілтіне қол жеткізген соң, Әлия ақша аударуды бастаған. Кілт балабақша директорының атына тіркелгенін айта кету керек. Басшы Екатерина Федорова есепшіге үлкен сенім артып, тіпті электронды кілтін де беріп қойған. Ал Досымбаева банктік есептерге еркін кіре алғандықтан, өзінің жалақысын көтеріп, төленетін салықтың көлемін азайту арқылы жымқырған.

Айыпталушының айтуынша, бұндай арамдыққа баруға кәмелеттік жасқа толмаған қызының обструктивті бронхитпен ауруы итермелеген екен. Сондай-ақ, Досымбаева аталмыш аурумен өзі де ауырған. Өзгенің мүлкін иемдену ойы оған осы кезде келген. Себебі, емделу мен дәрі сатып алудан бөлек, баспана және баласына репетитор жалдауға қаражат қажет болыпты. Күйеуі болса, әйелі немен айналысып жүргенін білген соң, отбасын тастап кетеді. Сол себепті отбасын асырау міндеті Әлияның мойнына жүктеледі. Олардың ресми ажыраспағанын да айта кету керек.

Айыпталушының алып отырған жалақысының мөлшері үш жыл бойы ешкімді қызықтырмаған. Балабақшаның басшылығы да, оған ақша аударып отырған білім бөлімі де тексеріс жүргізбепті. Бөбекжай директоры қылмыс жайлы жоспарлы аудиторлық тексерістен соң ғана білген.

– Балабақшаның жылдық бюджеті, шамамен, 42 млн теңге. Жылдық бюджетке қызметкерлердің еңбекақысы, салықтар, ғимаратты жалдау төлемі, коммуналдық қызметтер кіреді. Қаражат жетпей қалған кездер болды, әрине. Кей кездерде үнемдеуге тура келетін. Үнемділік 2 миллион теңгеден асқан емес. Шығындар әрдайым білім бөлімімен келісіліп, балабақшаға қажет ойыншықтар, ыдыс-аяқ, т.б. қажет нәрселер сатып алынды, – дейді Екатерина Федорова.

Жапа шегуші Екатерина Федорова, сонымен қатар, есепші ай сайын барлық қызметкерлердің төлем тізімдемесін көрсетіп тұрғанын айтады. Барлық сандар заң жүзінде болған. Сол себепті балабақша басшылығының тарапынан ешқандай күмән тумапты. Сондай-ақ, білім бөлімі тарапынан есептеме берілмеді деген де, қызметкерлер тарапынан жалақы уақытылы төленбеді деген де, салық органдарынан да ешқандай сөгіс болмаған.

Әлия Досымбаеваның қорғаушысы айыпталушыға шартты үкім шығаруын немесе жазаны өтеуді 5 жылға кейінге қалдыруын сұрады. Жаза жұмсарту факторы ретінде, 30 жасар әйелдің асырауында 9 жасар баласы бар екені және кінәні мойындап, шығынды өтегені айтылды.

23 қазанда Қостанай аудандық соты 30 жасар экс-есепшіні 6 жылға бас бостандығынан айыру шешімін қабылдады. Сондай-ақ, ол өмір бойы мемлекеттік мекемелерде ұйымдастыру-әкімшілік немесе әкімшілік-шаруашылық қызметтермен байланысты лауазымдарды атқара алмайды. Жоғарыда айтылған факторларды ескере отырып, сот ҚР КК 74-бабы бойынша жаза өтеу мерзімін 5 жылға кейінге қалдырды. Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.

Осыған ұқсас қылмыс «Гүлдер» балабақшасында да жасалып келген. Бұл бөбекжайдың да есепшісі өзгенің мүлкін жымқырғаны үшін айыпталып жатыр. Қылмыстық істі тыңдау 18 қазанда Қостанай аудандық сотында өтті.

Мұнда жоғарыдағыдай жағдай. Бөбекжай директоры интернет-банкингтің электронды кілтін есепшіге сеніп тапсырған. Ал бухгалтер Светлана Мац қызметін асыра пайдаланып, жалақысын көтеру арқылы ақша ұрлап отырған. Осылайша төрт жылда, 2014 жылдың қаңтарынан 2017 жылдың тамызына дейін, айыпталушы өз есебіне 5 миллион 113 мың теңге аударып алған. Светлана Мац та кінәсін мойындап отыр.

Қостанай аудандық білім бөлімінің бас маманы Ырыс Жұмашеваның айтуынша, заң бұзушылықты аудиторлық тексеріс көмегімен анықтаған. Комиссияның құрамына Ырыс Жұмашева өзі де кіріпті. Негізінде балабақшаның екі есепшоты бар екен. Біріншісі – бюджеттік, оған білім бөлімінен жылына шамамен 40 миллиондай теңге (қызметкерлердің жалақысы, салыққа және коммуналдық қызметкерге төленетін қаражат) түседі. Екіншісі – бюджеттен тыс есепшот, оған ата-аналардан ақша түсіп тұрады. Бұл қаражат балалардың тамақтануына жұмсалады. Прокуратураның айыптауы бойынша, есепші осы ата-аналардың қаражатынан ақша жымқырған. Себебі түскен қаржы туралы есеп жүргізілмеген. Яғни, барлығы есепшінің қолында болған деген сөз. Ал бюджеттік есепшот бойынша есеп әрдайым уақытылы тапсырылып отырған.

Дегенмен, «Гүлдер» балабақшасының бұрынғы директоры Бақыт Ахметова да, қазіргі басшысы Қарлыға Исмурзина да балалар қажетті деңгейде тамақтанып жүргенін айтады. Тамақ жетіспеушілігі ешқашан болмапты. Мәзір әрдайым келісіліп, тексеріліп отырған. Бірақ азық-түлік сапасына ешкім жауап бере алмайды. Ата-аналардың есепшотына бақылау жүргізілмегені анық. Балабақшада айына балалардың тағамына орташа есеппен 1,5 млн теңге жұмсалған. Барлық қаражат мақсатына жұмсалды ма? Ол да белгісіз.

Айыпталушы Светлана Мац 2011 жылы 176-баптың 3-бөлімі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын айта кету керек. Ол кезде сот бухгалтерді шартты түрде үш жылға бас бостандығынан айырған. Бірақ, бұрынғы директор Бахыт Ахметова да, қазіргі басшы Қарлыға Исмурзина да қол астындағы қызметкерінің сотталғаны жайлы хабарсыз болып шықты. Кезекті сот отырысы 30 қазан күні өтеді.

Осы елдің ертеңгі иесі балаларымыз дұрыс тәлім-тәрбие, білім алсын деп балабақшаға береміз. Ал, тәлім мен тәрбиенің ордасы болар орындарда осындай былықтар жасалып жатса, сонда кімдерге сенеміз? Бұл тек бір ауданның балабақшаларында болған жағдайлар. Басқа аудандарда не болып жатқанын кім білсін?…

Алмас БАЙДРАХМАН

Пікірлер