Мәжіліс мақұлдап, Сенат саралады

Өткен аптада мәжіліс 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджетті мақұлдады. Құжат бірден жоғары палатаға жол тартты. Егер құжатты Сенат қолдаса, Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі. Айта өту керек, алдағы 3 жылға арналған бұл құжат 1 доллар – 340 теңге, мұнайдың бір баррелі – 45 доллар деген мөлшермен есептелген. Сондықтан, доллардың қымбаттамауы мен мен мұнайдың арзандамауына үкімет де мүдделі.

Еліміздің басты қаржылық құжатын қорғап қалуға Үкімет үйінің тай-тұяғы қалмай түгел жиналды. Төрт уәзірін ерте келген Сағынтаев командасы үшін бұл құжаттың маңызы өте зор. Себебі, халықтың жағдайы, елдің дамуы, тіпті кейбірінің орынтағы да осы заң жобасына байланысты. Сондықтан, алдағы 3 жылға арналған бюджет төңірегіндегі пікірталас қызу жүрді. Құжат әлеуметтің әлеуетін көтеруге бағытталған дейді Қаржы министрі. «Республикалық бюджет шығыстарының жалпы көлемінде ең үлкен үлес әлеуметтік салаға тиесілі. Ол 2018 жылы – 44,6%, 2020 жылы 47,4% дейін өседі. Ақшалай мәнде осы салаға арналған шығыстар 13 401 млрд теңгені құрайды, оның ішінде 2018 жылға – 4 108,6 млрд теңге. Осы блоктың шығыстарының ең ірі көлемі әлеуметтік қамтамасыз ету және еліміздің азаматтарына әлеуметтік көмек көрсетуге бағытталады», – дейді Бақыт Сұлтанов. Алдағы үш жылда зейнетақыны көтеруге 6 трлн 761 млрд теңге жұмсалмақ. Соның нәтижесінде, базалық зейнетақы көлемі 25 мың 456 теңгеге жетеді.

Алдағы 2018 жылға арналған бюджеттің шығыстары 9 трлн теңгеден аспақ. Келер жылы Денсаулық сақтау жүйесіне – 1 трлн, білім және ғылым жүйесіне – 340 млрд, мәдениет және спортты дамытуға – 82 млрд теңге бөлінбек. Ауыл шаруашылығына келер жылы 275 млрд жұмсалады. Мәжілісмен Нұртай Сабильянов халықты ауыз сумен қамтамасыз етуге жұмсалатын қаржының аздығына алаңдаулы. Негіз бар, қазір елімізде 3 мың ауыл ауыз суға жарымай отыр. «Бөлінетін қаржы Қаржы министрлігі белгілеген лимиттен аспайтын болса, онда халықты таза ауыз сумен 100% қамтамасыз етуге 2060 жылға қарай ғана қол жеткізіледі екен. Яғни, 43 жыл кетеді. Үш мың ауылда қазір су жоқ. Егер жылына 73 жоба ғана қаржыландырылса, онда 43 жыл кетеді екен» деген қорқынышымен бөліскен Нұртай Сабильяновқа жауап берген еліміздің бас қаржыгері Бақыт Сұлтанов депуаттың болжамы шындыққа айналуы бек мүмкін екенін жұқалап жеткізді. «Республикалық бюджетке сыртқы факторлардың әсері болды. Сондықтан, кейбір жобаларды тоқтатуға не шығынын азайтуға мәжбүр болдық. Алайда, халықты ауыз сумен қамтуға қосымша 7 млрд теңге бұл мәселеге көбейту көзделіп отыр. Бірақ, әрине бұл да толық 100% дейін жеткізу үшін жеткіліксіз. Сондықтан біз келесі 3 жылдық бюджеттерде де қарайтын боламыз» деді.

Елдегі білім саласын жетілдіруге алдағы 3 жылда 1 трлн теңге бөлінді. Үкімет бұл салада жан басына шаққандағы қаржыландыру жобасын әрі қарай жетілдіруді ұсынады. Ал, депутаттар бюджет қаржысының қалай жұмсалып жатқанына емес, қайда жұмсалып жатқанына алаңдаулы. «Жаңа мектептер Ақмола, Қарағанды, Маңғыстау облыстарында салынады, бұл өңірлерде халық саны Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Астана мен Алматыдағы секілді тығыз орналаспаған. Мысалы, Оңтүстік Қазақстанда 33 мың оқушыға орын жетіспейді, ал Қарағандыда бар болғаны 314. Білім нысандарын салуға бюджет қаржысы қандай критерийлерге қарап бөлінетіні тіпті түсініксіз» деді мәжілісмен Уәлихан Қайназаров. Еліміздің білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, біріншіден, оқушы орнының тапшылығы ескерілетіні, сосын апатты мектептер мен үш ауысымда оқитын мектептердің санына байланысты бөлінетіні, үшіншіден, әрине, облыстардың мектеп салуға деген тапсырыстары бойынша жұмыс істейтінін жеткізді.

Сөз арасында Бақыт Сұлтанов бюджет тапшылығы бір емес бірнеше мәрте қайталанғаны туралы айтып қалғаны сол еді, Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин үкіметке игерілмеген 2,6 млрд теңге мен мақсатсыз жұмсалған 270 млрд теңгені еске салды. «Қаржы жеткілікті, тек ұқсата білу керек» деп түйіндеді сөзін спикер. Еліміздің бас қаржыгері Бақыт Сұлтановтың дерегі бойынша алдағы 3 жылда Ұлттық қор түсімдері жыл санап азая түседі. «Мұнайдың бір баррелінің құны мен валюта курсы да тұрақты. Мұнайдың бағасы тіпті болжағаннан да жоғары. Бақытжан Әбдірұлы, енді айтыңызшы, мұнайды өндіру көлемі артса, оның бағасы да тұрақты болса, Ұлттық қордың түсімдері артуы керек қой. Онда неге бізде керісінше ұлттық қордың кірістері төмендеп кетті?» деген Мәжіліс депутаты Артур Платоновтың сұрағына Премьер-министрдің өзі жауап берді. Оның айтуынша, мұнайдан табыс аз. Ал, ел болып үміт артып отырған «Қашағанның» қызығын көретін күн алыс.

«Қашағандағы» инвесторлармен арамызда «Өнімді бөлісу келісімі» бекітілген. Соған сәйкес алып кен орнынан салықтар тек бұл объекті өзін-өзі нақты ақтайтын көлемге жеткеннен кейін ғана түсе бастайды. Яғни, алда «Қашағаннан» тек біздің республикалық үлесіміздің түсімі ғана түсетін болады. Осы факторлар салдарынан өндіріс көлемі өскенімен, Ұлттық қорға бағытталатын түсімдер төмендейді», – деді Бақытжан Сағынтаев. Энергетика министрлігі Каспий теңізіндегі «Қашаған» кен орнынан мұнайдың коммерциялық өндірісі басталғанын 2016 жылдың қарашасында ресми мәлімдеген болатын. Әу баста басыбайлы жатжұрттық инвесторларға берілген бұл «әлемдік супергигантты» игеру жобасына мемлекет «ҚазМұнайГаз» арқылы 2005 жылы үлескер болып кірді. ҚМГ консорциумдағы үлесі қазір 16,81 пайыз ғана. Мұның сыртында италиялық Eni, америкалық ExxonMobil, британдық-голландық Royal Dutch Shell және француздық Total да сонша үлеске ие. Жапондық Inpex еншісі – 7,56 пайыз. Мұның сыртында қытайлық энергетикалық алпауыт CNPC «Қашағанды» игеру жобасының 8,33% акциясын 5 миллиард долларға сатып алды. Үкімет басшысы келесі жылы еліміздегі барлық үш мұнай өңдеу зауытының жаңғыртылу жұмыстары толық аяқталатынын мәлімдеді. «Осы зауыттарға өңдеуге жеткізілетін шикі мұнай көлемі 16 миллионнан 19 миллион тоннаға дейін ұлғайтылады. Бұл жерде де біз тікелей Ұлттық қорға арна тартатын пайдалы қазбалар өндірісі бойынша салықтарды жоғалтамыз. Сондай-ақ осылардан мұнай экспортынан түсетін роялти де болмайды. Бірақ оның орнына жергілікті атқарушы органдарға мұнай өнімдері бойынша акциз алымы түседі», – деді Бақытжан Әбдірұлы.

Құжатты 3 сағат бойы талқылаған мәжілісмендер ақыры оны мақұлдады. «Сонымен біз, еліміздің негізгі қаржы құжаты – үш жылдық бюджетті қабылдадық. Бұл еліміздің тұрақты дамуы жолында Парламенттің де, Үкіметтің де атқарып келе жатқан ең жауапты, ең маңызды міндеттерінің бірі. Сондықтан, біз бірлесіп, Елбасымыздың тапсырмаларын басшылыққа алып, мемлекет қаржысын тиімді пайдалануымыз керек», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин.

2018-2020 жылдарға арналған құжат өткен аптада бірден жоғары палатаға жол тартты. Сенаторлар заң жобасын мәжілісмендер секілді емес, салқынқандылықпен тыңдап шықты. Тыңдап шықты да құжаттың кемшін тұстарын тізіп шықты. «Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 8 ауданда, 274 елді мекен, 700 мыңнан астам адам газбен қамтамасыз етілуі керек еді. Өкінішке қарай, тек қана 4% ғана орындалып отыр газбен қамту мәселесі. ОҚО өтініш берген, бірақ Энергтика министрлігі қолдамай отыр», – деп сауал қойды ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әли Бекетаев. «Біз Бейнеу-Базой-Шымкент газқұбырын тарттық. Бұл өңірдегі газға деген сұранысты біраз төмендетті. Елді газбен қамтудың барлық кезеңін бір мезетте орындап тастау мүмкін емес. Сондықтан, бұл кезең-кезеңмен жүзеге асатын жұмыс. Бұл біздің бақылауымызда», – деді ҚР Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсығалиев. Сенаторлар құжатты әлі де талқылайды. Үкімет жетекшісі мұнай бағасы өссе, цифрлар қайта нақтыланатынын жеткізді. Демек, ортақ қазынаның қоржыны қайта қаралады.

Гүлжан МАРҚАБАЙ

Астана

 

Пікірлер