Зая кеткен еңбек

 

Астық түсімін қайтсек жақсартамыз?

Жарты ғасырдан астам уақыт бойы астық түсімі бір деңгейде қалып келеді. Өнімділікті, тиімділікті арттыру туралы жиі айтқанымызбен, көрсеткішті жақсартуға ғылымымыз да, техникамыз да әзірге қауқарсыз болып тұр.

 

Жақында Ұлттық ғылым академиясының академигі Мехлис Сүлейменов kazakh-zerno.kz сайтында тың игеру жылдарынан бері елімізде астық түсімінің көбеймей отырғанын жазды. Ол 1953-2015 жылдар аралығында Қостанай облысындағы егін шығымын тоғыз кезеңге (жеті жылдан) бөліп қарастырған.

1953-1959 жылдардағы орташа түсім 7,5 ц/га болса, 2009-2015 жылдардағы орташа түсім – 10,5 ц/га. Ғалым жарты ғасырда осынша ғана өсімнің болуын өнімділіктің артуы деп есептемейді.

Бірінші жетіжылдықта (1953-1959 жж) үш рет шығынға ұшырап, үш мәрте орташа көрсеткіштен жоғары өнім алдық. Ардагер аграрлардың есінде шығар, 1956 жылы астық түсімі 13,2 ц/га дейін жетті. Ал сол кезеңдегі шығынның себебі алқаптардың босқа жыртылып ысырапталуынан, техника жетіспей, жинап үлгермеуінен деп түсіндірілді. Екінші жетіжылдықта да (1960-1966 жж) осы келеңсіздіктер айна-қатесіз қайталанды. Тіпті, бұл кезеңде қостанайлық егіншілердің төрт жылдағы еңбегі зая кеткен. 1966 жылы ғана егін бітік шығып, бір гектардан 13,6 центнерге дейін дақыл жиналды.

Академик үшінші жетіжылдықты (1967-1973 жж) ерекше деп атады. Өйткені айтарлықтай шығын болмаған. Ең түсімі аз деген 1968 жылдың өзінде 8,6 ц/га өнім алынды. Ал қамбаны дәнге толтырған 1972 жылдың қорытындысы – 13,9 ц/га. Алдыңғы кезеңдермен салыстырғанда көрсеткіштің жақсаруы кеңшарлардың жаңа техникалармен қамтылғанымен, жерді игеру мәдениетінің жетілуімен байланысты.

Төртінші, бесінші жетіжылдықтарды (1974-1980, 1981-1987 жж) да академик өнімді кезеңдер деп бағалаған. Алтыншы, жетінші жетіжылдықтарда (1988-1994, 1995-2001 жж) құлдырау байқалады. Кеңес Одағы тарап, еліміз енді ғана еңсе тіктей бастаған шақ. Қиын экономикалық жағдай егін шаруашылығына да әсер етпей қоймады. Бір-екі жылда ғана 15 ц/га дейін өнім алынғанымен, жалпы нәтиже көңіл көншітерліктей емес.

2002-2008 жылдардағы түсім тың игеру кезіндегі көрсеткіштен 4,1 ц/га өскен (11,6 ц/га). Бірақ 2010 және 2012 жылдардағы қуаңшылық кесірінен егіннің орташа шығымы 10,5 ц/га түсіп қалды. Рекордты түсім де осы тоғызыншы кезеңге тиесілі: 2011 жылы 15,4 ц/га дақыл жиналды. Бұны 63 жылдағы айтарлықтай жетістік деп бағалағандар болды. Ал, жалпы алғанда, Қостанай облысының жарты ғасырдағы орташа астық түсімі – 9,6 ц/га. Бірінші және соңғы жетіжылдықты салыстырып қарасақ, екі кезеңді ерекшелеп тұрған көрсеткіш – гектарына 3 центнер артық өнім алатынымыз. Бірақ бұл «жетістік» үшінші жетіжылдықта (ол кездегі орташа түсім – 10,8 ц/га) бағындырған белесіміз еді.

Бізде қуаңшылық жиі болады немесе ауа райы қолайсыз, сондықтан астық түсімінің орташа көрсеткішін гектарына 11 центнерден асыру мүмкін емес. Иә, осындай уәжді жиі естиміз. Шынымен де солай ма? Ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жыл зерттеу жүргізген белгілі ғалым Қанат Ақшаловтың жауабын келтірейік. «Жазда егілетін бидайдың түсімі қолданылған технологияға тікелей байланысты. Жеріңіз қуаң, қарапайым технология қолданылды дегеннің өзінде бір гектардан 5-6 центнер өнім аласыз. Ал жетілдірілген технологияны қолданып, топырақты өңдеп, қар тоқтатып, тыңайтқыштар мен өсімдікті зиянкестерден қорғайтын заттарды пайдалансаңыз, алғашқы жылдардағы өнім түсімі 12-15 центнерге дейін артады. Тіпті кейбір құнарлы жерлерден 18-20 ц/га өнім жинауға болады. Жері шұрайлы, ауа райы қолайлы, технологиясы мықты шаруаның 25-27 ц/га дейін өнім алуына мүмкіндік бар», – дейді Қанат Ақшалов.

Оның айтып отырғаны аңыз емес. Тәжірибеде дәлелденіп жүр. Мысалы, Федоров ауданында «Жанахай» және «Трояна» деген екі мықты шаруашылық бар. Олардың соңғы үш жылдағы (2014-2016) көрсеткіштері сөзімізге айғақ. Қос шаруашылықтағы дәнді дақылдардың түсімі 25 ц/га жетіп отыр. «Біз минералды тыңайтқыштарды, өсімдік қорғайтын заттарды қолдану арқылы астық түсімін молайттық. Көршілес жатқан шаруашылықтарға қарағанда бір гектардан 7-8 центнер артық өнім жинаймыз», – дейді «Трояна» ЖШС басшысы Юрий Малышко.

Кеңес Одағы тұсында өнімділіктің артуына кедергі келтірген негізгі фактор – алқаптардың дұрыс өңделмеуі. Кеңшар, ұжымшарлар тиімділігін арттырамыз, ауқымын кеңейтеміз деп, құнарсыз жерлерді де жыртып тастады. Әрбір аудан тек үздік шаруашылықтарының есебінен жақсы техникаға кенелді, өнімділіктің артуын солардан ғана көрді. Ал, жалпылай алғанда, астық түсімінің ортақ көрсеткіші ондаған жылдар бойы бір орнында қала берді.

Тәуелсіздік жылдары жағдай өзгергенімен, түсім көрсеткішін жақсарта қойған жоқ. Алқаптарды кеңейту жоспарын сұрау қалай тоқтатылды, барлық шаруашылықтар құнарсыз жерлерден бас тарта бастады. Ондаған миллион жер бос қалды. Демек, кеңестік кезеңмен салыстырғанда егістік алқаптарының сапасына әңгіме айта алмаймыз. Сәйкесінше, шаруаларға ие болатын, күтіммен қарайтын жер көлемі де азайды. Бірақ, сонда да неге астық түсімі өспей отыр?

Мәселенің бір ұшы шағын шаруашылықтарға келіп тиеді. Олар аз шығын жұмсайды, жаңа технологияларды қолдануға қорқа соғады. Астық түсімі өспейтіні де содан. Бірақ бәрі бірдей емес, жұмысын тәп-тәуір дөңгелентіп отырғандары да бар.

Сұрақты ірі агрохолдингтерге де бұруға болады. Олар ауқымды жерін бүге-шігесіне дейін тексермейді, ол мүмкін емес те. Сондықтан олар көбіне, өздері үйреніп қалған, оңайлатылған әдісті қош көреді. Кейбір алқаптарына ғана жаңа технологияны енгізіп, аяғын байқап басады. Елдегі астық түсімін арттыру деген мүдде оларға қызық емес. Өздерінің шығыны жабылып, тұрақты пайда түсіп отырса болды. Сондықтан да агрохолдингтердегі астық түсімі орташа деңгейде немесе одан төмен болып келеді. Осылайша, біз сөз етіп отырған мәселенің кежегесі кейін тартып тұр. «Егер қазіргі көзқарас қалыптасқан күйі қала берсе, ауыл шаруашылығының алға жылжуы екіталай» дейді академик Мехлис Сүлейменов.

Біз қазір көбіне аграрлық саясатта Канаданы үлгі етіп жүрміз. Мұхиттың арғы бетіндегі елде 1961-2014 жылдары астық түсімі екі есеге өскен. Мысалы, жетіжылдықтарға бөліп қарасақ, (бірінші және соңғы кезеңдерді алты жылдан есептедік) бірінші кезеңде астық түсімі 12,3 ц/га болса, екіншіде – 14,5, үшіншіде – 16,6, төртіншіде – 18,1, бесіншіде – 19,4, алтыншыда – 20,1, жетіншіде – 22,9 ц/га, сегізіншіде – 24,6 және тоғызыншы кезеңде 30,2 ц/га өнім жинаған. Канадада ең аз түсімнің өзі 12-16 ц/га болып саналады. Мұндай нашар көрсеткіш (12,3 ц/га) соңғы рет 1988 жылы ғана болған. Содан бергі орташа деңгейі гектарына 18,3 центнерден (2002 ж) түскен емес.

Әрине, Канададағы күн райы мен біздегі климатты салыстыруға келмейді. Бірақ олар қарқынды (интенсивті) технологияны қолданғаны арқасында осындай жетістікке жеткені дәлелденіп отыр.

Аслан ЖАҚСЫЛЫҚҰЛЫ

Пікірлер