Ұлттық рухты ояту – негізгі ұстаным

Міне, бір жылды артқа тастадық. Осынша уақыт бойы бізбен бірге болған оқырмандарымызға, газеттің таралуына үлес қосқан жанашырларға алғыс айтудың реті келіп тұр. Ұлттық рухты ояту, елдік мүдде, халықтың сапалы да ашық ақпаратқа қол жеткізу жолындағы жұмыстарымыз жалғаса бермек. 

Жаңадан ашылып жатқанда бастаған ісімізге күмәнмен қарағандар да, керісінше сенім білдіріп, тілектестік пейілін танытқандар да болды. Оны заңдылық деп қабылдадық. Үміт артқандардың үдесінен шығуға тырыстық, қолдамағандарға ренжімедік.

Қазақтың көрнекті жазушысы Дидахмет Әшімханұлы 1991 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген «Саны аз халықтың саналы азаматтарына» деген мақаласында: «Егер сіз, болмағанда бір айда бір қазақ кітабын сатып алсаңыз, ұлт алдындағы бір парыздан құтылғаныңыз;
— егер сіз, келесі жылдың болмағанда бір баспасөзіне жазылсаңыз, ұлттық намысыңыздың сәл де болса оянғаны;
— егер сіз өз тіліңіздегі сол кітап пен баспасөзді ыждағатпен оқып отырсаңыз, күн сайын рухыңыздың өсе түскені;
— егер сіз оқығаныңызды насихаттай жүрсеңіз, онда ұлттық санаңыздың самғау биікке ұмтылғаны. Қысқасы, саны аз халықтың саналы азаматтары, бізге қазір ақыл да, намыс та, ерлік те, бәрі-бәрі керек» деп жазыпты. Бұл – әлі де өзектілігін жоймаған сөз. Біздің тілекті, ұстанымды Тобыл-Торғай өңірінде ұлттық намысты ояту деп түсінсеңіз болады, құрметті оқырман. Сондықтан, газеттің таралуына, танылуына сіз де үлес қосуға тиістісіз.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың кеше ғана халыққа арнаған жолдауында: «Ұлттың әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамытуымыз керек. «Рухани жаңғырудың» мән-маңызы да нақ осында. Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс», –деді. Осының өзі бүгінде бізге орасан міндеттер жүктеліп отырғанын көрсетеді.

Әрине, несін жасырайық, өткен жыл газетке оңай соқпады. Бірақ, қиындықтарды еңсеріп, алға ұмтылдық. Алда атқарылар істер, маңызды мақсаттар аз емес. Оқырмандар санын көбейту, елді мекендерге шығып, жергілікті тұрғындардың мәселелерімен етене танысуды жоспарлап отырмыз. Сізді мазалаған өзекті тақырыптар болса, «Нұрлы таң» газеті оны объективті тұрғыда қарап, басылым бетінде көтеруге, тіпті, қоғамдық пікір тудыруға да дайын.

Осы орайда бізбен бірге болып, ісімізге қолдау білдірген редакция алқасының мүшелері – Қостанай облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Укин, Қазақстан жазушылар одағының Қостанай облысы филиалының директоры Ғұмар Ахметчин, тарих ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Күзембайұлы, филология ғылымдарының кандидаты, ақын Серікбай Оспанұлы, ҚМДБ Қостанай облысы бойынша өкіл имамы Бахытбек қажы Тәжімбет, Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқанов, ауыл шаруашылығы саласының үздігі Ибраш Естаев сынды атпал азаматтарға айтар алғысымыз шексіз. Редакциямызға жиі бас сұғып, қоңырау шалып, жанашырлық танытып жүрген оқырмандарымызға да мың алғыс.

Тілекші ағайынның ақ батасын алып, толғамды мақалаларымен қуантып жүрген авторларымыз – Алматыдан Ермек Жұмахметұлы, Астанадан Гүлжан Марқабай мен Азамат Есенжол, Атыраудан Баян Жанұзақова сияқты журналистердің еңбектерін де неге атап өтпеске?! Осы уақытқа дейін жазылған сараптамалар, сын-пікірлер оқырмандарымызды бей-жай қалдырмады деген ойдамыз. Оны апта сайын келіп жатқан хаттардан да аңғаруға болады.

Өткен жылды қуанышты жаңалықтармен қорытындыладық. Тұрақты авторымыз, ақын, ғалым Серікбай Оспанұлы «Алтынсарин әлемі» ғылыми зерттеу жұмысы үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ыбырай Алтынсарин атындағы мемлекеттік сыйлығын иеленді. Сондай-ақ Қостанай қаласының құрметті азаматы атанды. Ал баспасөз саласында ұзақ жылдар қызмет етіп келе жатқан Ермек Жұмахметұлы Қазақстанның құрметті журналисті марапатына кенеліп, «Алашқа 100 жыл» мерейтойлық медалін тағынды. Жетістікке жеткен ағаларымызды шын жүректен құттықтаймыз!

Қадірлі «Нұрлы таңның» оқырмандары, жерлестер! Алдағы уақытта сіздермен байланысымыз нығая түседі деген сенімдеміз. Бізді қолдағандарыңыз үшін, мемлекеттік тілдің кең таралуына үлес қосқаныңыз үшін, ашық та сапалы ақпарат құралын таңдағандарыңыз үшін ерекше рахмет!

Құрметпен, бас редактор
Жұмагүл ЕРҒАСЫМОВА

Пікірлер