Қоғамда – тәртіп сақшысы, үйде – үлгілі әке

Қостанай облыстық ІІД тұңғыш рет «Мерейлі отбасы» байқауын өткізді. Ішкі істер органының алты бөлімшесінен сынға түскен ұйымшыл, өнерлі, өнегелі отбасылар төрт кезеңнен тұратын жарыста еш аянып қалған жоқ. Байқаудың басты сыйлығы ӘПБ уақытша ұстау изоляторы және айдауылдау қызметін ұйымдастыру бөлімшесінің бастығы, полиция подполковнигі Ерлан Мусиннің отбасына бұйырды.

 Төрт баласы мен жұбайын барлық сайысқа алып шыққан команда жеңімпаз атануға сөзсіз лайық болды. «Біз наурызды қалай қарсы аламыз?» деген тақырыпта «Үй тапсырмасы» үшін дайындаған бейнебаяндары, таныстырулары да мағыналы, үйлесімді. Қыздары анасымен би билесе, спортқа жақын ұлдары әкесімен таэковондо өнерін паш етті. Балаларының мектеп, қала ішіндегі жарыста алған жетістіктері де айтылды.

Қатысушылардың ішінде ең жасы – Өтемұратовтар отбасы. Отағасы Әлихан Жедел қимыл арнайы жасағында қызмет етеді. Шені – аға лейтенант. Байқауға жақсы дайындықпен келген оған ұжымдастарының да қолдауы орасан болды. Ол «Жанұя» балалар үйіне жасаған қайырымдылық акциясынан бейнебаян көрсетіп бір ерекшеленсе, әр кезеңде Қазақстан тарихымен байланыстырып шығуы да басқалардан шоқтығын биіктетіп тұрды. Қазақ халқының бір отбасындай ынтымағын арнайы қойылымдары арқылы сипаттады. Бір көріністе Әлиханның жұбайы дайындаған наурыз көжені ішкен қазақ жауынгерлері жоңғарлармен шайқаста жеңіске жетеді. Қойылым мағынасы «батырлардың ерлік көрсетуіне ұлттық тағамның құнарлылығы мен отбасындағы жылылық, әйел мейірімі де көмектеседі» деген ұғымға саяды. Өтемұратовтарға екінші орын берілді. Сондай-ақ, «Сегіз қырлы, бір сырлы» номинациясы да осы ұжымның еншісіне тиді.

Үшінші жүлденің иесі – ІІД Тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі, полиция подполковнигі Артем Ткаченконың отбасы. Тапқырлығымен, көңілді қалпымен көрермен көңілін жаулаған жанұя екі бала тәрбиелеп отыр. Сахнада қазақтың салтымен кішкентай қызы Дарьяның тұсауын кестірді. Ал, зайыбы Ольга наурыз көжені қалай дәмді етіп дайындау әдісін көрсетті. Полицейлер әулетінде өсіп-өнген Артем жұмысына адалдығын, патриоттық сезімін әр сөзіне арқау етіп отырды.

Басқа отбасыларға түрлі номинациялар үлестірілді. Беркеновтер көңілді флешмоб арқылы көрермендердің қошеметіне бөленсе, ерлі-зайыпты полицейлер – Байтасовтар комедиялық қойылыммен күлкіге қарық қылды. Исмагуловтардың екі баласы Алматыдан жарысқа үлгіріп келе алмаса да, таныстыруларын бейнеге түсіріп жолдаған. Көпшілік олардың да өнеріне қол соқты.

Бақ сынаушылар ұлттық тағам әзірлеуде бір-бірінен қалысқан жоқ. Бәрі де жоғары ұпай иеленді. Өнерде де ұпайлары шамалас. Қалған кезеңдерде Мусиндер мен Өтемұратовтардың оқ бойы озық шыққаны анық байқалып тұрды. Артем Ткаченконың отбасы да мемлекеттік тілді білуге деген ынтасын барынша көрсетті.

Қазылар алқасының төрағасы, Қостанай облыстық ІІД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Қасым Досанов барша қатысушыларға алғысын білдіріп, отбасы құндылықтарын сақтау – Отанның іргесін нықтау екенін атап өтті.

Ұйымдастырушылар бұл сайыс 2011-2020 жылдары мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге арналған бағдарлама шеңберінде өткенін айтады. Байқауды жыл сайын ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Аслан ҚАНҒОЖИН

Пікірлер