АЗАТ ЕЛДІҢ ОНОМАСТИКАСЫ қандай болуы керек?

Өткен жұмада Қостанайда «Азат елдің ономастикасы – мемлекетіміздің рухани қазынасы» атты ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Іс-шараға Қостанай облыстық тілдерді дамыту басқармасы мен А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ ұйытқы болған. Жиынға Астана, Көкшетау қалаларының тілдерді дамыту басқармасы басшылары мен өңіріміздің тарихшылары, филолог ғалымдары, сала мамандары қатысып, баяндамалар жасады. Келелі басқосуда айтылған өткір көзқарастар мен парасатты пікірлерді, ұтымды ұсыныстарды оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

 

Бекжан ӘБДІУӘЛИҰЛЫ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы:

– Ең алдымен айтарым, ауылдардың атауларына қатысты. Қалаға үдере көшу салдарынан бірталай ауылдарымыз қаңырап бос қалды. Көптеген ауыл атаулары өзгертілген еді. Солардың бәрі далада қалды. Енді не істейміз? Сол атаулар ауылдармен бірге жоғалып кете ме? Жүздеген жылдар сақталған әр атауда ұлттың болмысына, таным-түсінігіне қатысты ақпараттар бар. Осындай құндылықтарымыз далада қалатын болды. Содан кейін ономостикаға мән беріп, даладағы атауларды қалаға әкелу мәселесі күн тәртібіне қойылды. Астанаға барсаңыздар, Түркістан, Сауран, Сығанақ, Сарайшық сияқты тарихи атауларды кездестіресіздер. Міне, осылайша тарихпен сабақтастық басталған. Қазақ еліндегі ономастиканың даму динамикасы дегенде, осындай жақсы бастамаларды айтқанымыз дұрыс.

Бір кездері «атамның аты – ауылға, көкемнің аты – көшеге» деген тіркес пайда болды. Жұрттың бәрі кеңшарда директор болған немесе қызмет істеген атасының есімін сол жерге беруге жанталасып бақты. Әсіресе, оңтүстік өңірлерде бұл үрдіс белең алып кетті. Бірақ қазір ономастика саласының мамандары мен өлкетанушылар айта берген соң, ол саябырсыды. Енді тарихи атауларды қайтару мәселесі туындап отыр. Қарап отырсақ, бұл процесс сананың өзгеруімен, эволюциялық жолмен келетін дүние екен. Мысалы, Қытайда жүздеген жылдар өтсе де, қазақ жерлерінің атауларын ешкім қозғаған жоқ. Сол қалпында тұр. Яғни, олар адам санасының өзгергенін тосып отыр. Уақыт талаптары, заман үдерісі өзгергенде адам да сол мемлекеттің ыңғайына қарай бейімделеді. Ресейде де осындай жағдай. Демек, сананың өзгеруімен келетін нәрсеге асығуға болмайды. Әйтседе, осы мәселелерді зерттеп, қарастырып келгенде, бұл бағыттағы жұмыстар дұрыс, сауатты жоспарлануы керек.

Бізде ономастикалық атаулардың электрондық базасын atau.kz сайтынан көруге болады. Бірақ онда толық емес. Бұл мәселеге көбіне оңтүстік өңірлер ден қойып отыр. Тиесілі мамандардан сұрайтыным, өзгертілген атауларды сол сайтқа енгізіп отырсаңыздар екен.

БҰҰ жанында ономастикалық қауымдастық бар. Құрамына көптеген елдер кіреді. Біз оның мүшесі емеспіз. Бірақ мүшелікке ену – ғалымдар назарында, жиі көтеріліп жүр. Менің айтатыным, латын әліпбиіне көшкелі жатырмыз, атауларды біріздендіру, оған ұлттық сипат беру мәселесі әлі шешілген жоқ. Сондықтан оған асықпаған жөн.

Бұған мүше болу бізге не береді? Мысалы, бізде туризм аймақтары бар. Осылардың атаулары бірдей, бірізді жазылуы керек. Сонда шардың арғы бетіндегі немесеАзияның бір қиырындағы адам сол жерді картадан іздеген кезде, оңай табады. Осылайша ономастиканың экономика жағынан да тиімділігі бар.

Республикалық ономастика комиссиясының уақытша мүшесімін десем болады. Комиссия отырыстарында бір білгенім, облыстардан келіп түсетін ұсыныстар өте көп. Өткізілу жиілігі сол ұсыныстарға байланысты. Бұл жерде бір айта кететінім, комиссия қарауына келіп түсетін ұсыныстар жылдан-жылға ұсақталып барады. Кісі аттарын қою жиірек белең алып тұр. Ол кісілердің көбі белгілі бір ауданның төңірегінде ғана мәлім болғандар, ал республикалық комиссия оның бәрін біле бермейді. Комиссияның қош көретіні – атаулардың «төменнен жоғары» емес, «жоғарыдан төмен қарай» түскені. «Жоғарыдан төмен түссе» – бүкіл республикаға танымал, еңбегі орасан адамның аты ұсынылар еді. Екіншіден, ертеңгі күн ауданға ғана аз-мұз қызмет еткен адамды жоққа шығарып жатса, тағы ұят болады. Мысалы, Мирзоянды жұрт жақсы көреді деп, көшеге есімін бердік. Кейін архив материалдарынан оның қазаққа жасаған қысастық істері белгілі болғанда жерініп, атын ауыстырдық. Сондықтан, жалпыхалықтық мойындалған тұлғалардың есімін берген дұрыс.

 

Алмасбек ӘБСАДЫҚ, А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ профессоры, филология ғылымдарының докторы:

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың рухани жаңғыру туралы мақаласында қазақстандықтардың бойында патриоттық, отансүйгіштік қасиеттерді нығайту мақсатында туған жер деген рухани құндылықты әрбір адамның болмыс-бітімінің қайнар көзі ретінде қалыптастыру қажет екенін айқындаған болатын. Сан қырлы құндылыққа ие туған жер ұғымының бір парасы – елді мекен, жер-су, көше атаулары және кісі есімдеріне қатысты арна-ағыста өрбитіні анық. Мұндай арналардың басын біріктіретін атауды жалпақ тілде ономастика десек болады. Менің пайымдауымша, осы мәселеге байланысты ғалымдардың басын қосқан конференция Қостанай өңірінде тұңғыш рет өткізіліп отыр. Бұл көрініс қазақ тілінің қоғам тіршілігінің сан алуан саласына дендеп еніп, тұрмысында қолданар құралға айналып, елдік мәселенің екпін ала бастағанының белгісі.

Мен конференцияға «Ұлы Жыланшық гидронимі» деген тақырыпта баяндама әзірледім. Бұл өзеннің аталу себебін білгіміз келсе, картаға үңілсек болады. Жылан сияқты ирелеңдеп жатыр. Бұдан шығатын қорытынды: ата-бабамыз жер-су атауларын жайдан-жай қоя салмай, оны географиялық немесе басқалай сипатына қарай атаған. Мысалы, Қарасу деген жер атауы көп кездеседі. Қазақтар ақпайтын суды «қарасу» деп, ал ағатын суларды «Ақсу» деп атаған. Қазір осы атауларды өзгертулер туралы айтылып жүр. Жақында Жангелдин ауданындағы Қарасу ауылына Ахмет Байтұрсынұлы атын беру туралы ұсыныс қаралыпты. Мен мұндайға қарсымын. Ертең «Ахметтен шығып, Міржақыпқа бардым, Бейімбеттен көшіп, Сәкенге бардым» деп жүреміз бе? Дұрыс емес. Сол ауылдың тарихи атауын қалдыру керек. Онда ұлттың жады, тарихы жатыр.

 

Қалқаман ЖАҚЫП, А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ профессоры:

– 1992 жылы 17 маусымда Елбасының жарлығымен Кустанай қаласы Қостанай болып өзгерген болатын. Бірақ, станса атауы осы күнге дейін Кустанай деп көрсетіліп жүр. Сол сияқты сауатсыз жазылып жүрген бекет атаулары көп. Мысалы, Боранкөл – Баранкуль, Қойбағар – Койбагор, Жамантұз – Джемантуз, Төңкеріс – Тонкерис. БҰҰ жанындағы ономастикалық қауымдастыққа мүше болып, осы атаулардың халықаралық картада дұрыс жазылуын қарастыруымыз керек. Бұл – республикалық ономастикалық комиссия мүшелеріне айтар өтінішім.

Тәуелсіз елдің ономастикасы тәуелсіз болуы керек. Ол деген не? Ол – өзекті ұлттың тарихи, табиғи, мәдени атауларын қалдыру, негізсіз өзгертілгендерін қайтару. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Жаңарудың ең басты шарты – ұлттық кодты сақтай білу», – деген еді.

Ономастика мәселесіне облысымыздағы этно-мәдени орталықтардың жетекшілері де белсенді түрде атсалысатын уақыт келгендей. Себебі, ономастика ұлтына қарап шешілетін мәселе емес. Азаматтық белсенділік тұрғысынан қарау қажет. Бұл да қазақстандық патротизмнің бір көрінісі болар еді. Сондықтан, бұл мәселеге ҚХА мүшелерін араластырған да дұрыс шығар деп ойлаймын.

Іргедегі Тобыл өзенінің оң жағалауындағы көл 120 жылдан астам ел аузында «Инспектор көлі» деп аталып келді. Оның тарихы бар. Ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсарин өмірінің соңғы он жылын осы көлдің жағасында өткізді. Ана жылдары осы көлді біреу жалға алып, «Безымянный» деп атап қойыпты. Осыдан кейін біздің қозғалуымызға тура келді. Халық «Инспектор көлі» атағанымен, оны ешкім заңды түрде тіркемеген екен. Тиісті орындармен бірге іске кірісіп, шешім қабылдағалы тұрмыз. Осы мәселемен табиғат ресурстарын реттейтін мекеме басшысына 18 рет бардым, керек болса 180 рет барар едім. Бірақ мұндай мәселеге бұлай салғырт қарауға бола ма? Әрине, жер-сулардың жалға берілуі – заңдылық, ал тарихи атаулардың өзгертілуі – заңсыздық. Сондықтан, қай саланың маманына да, ономастикалық мәселе олар үшін қызметтік талаптың бір саласы болуы керек.

Тағы бір айтатыным, идеологиялық тұрғыда ескірген атаулардан арылу әлі баяу жүріп жатыр. Әсіресе, біздің өңірде. «Заман басқа, заң басқа» дегендей, өзімізді де өзгертіп, бұл мәселеге шешіле кіріскеніміз абзал.

Тәуелсіздігімізге 25 жылдан астам уақыт өтті. Біз әлі күнге «округтар» деп жүрміз. Оның орнына өзіміздің «ауыл-аймақ» деген тамаша сөзімізді қолдансақ, біреу қой дей ме? Одан арылатын уақыт келді. Ешқандай  қиындығы, саяси да, басқа тұрғыдан да сөкеттігі жоқ.

Тілдерді дамыту басқармалары бизнес өкілдерімен ономастика жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп тұру керек. Өйткені, ұлттық сана-сезімімізге жат мейрамхана, ойын-сауық орындарының атаулары қаптап кетті.

Кейде түзейміз деп күзеп алатынымыз бар. Өсіреміз деп өшіріп алатынымыз бар. Бір ғана мысал, ана жылы ұлы ағартушының 175 жылдығы қарсаңында туған жеріндегі тақтадағы жазуды өзгертіп тастапты. Ондағы тақтайшада «Бұл жер Балғожа Жаңбыршыұлының мекені. Ыбырай Алтынсариннің туған жері» деген жазу бар еді. Соны «Бұл маңда Ы.Алтынсарин туған» деп шолақ қана қайыра салған. Мұны Балғожа бидің ата қонысы деген тарихты жоққа шығару деп түсінуге болады. Осындай мәселеде біз өте сақ болуымыз қажет. Барды жоғалтпай, керісінше жоғымызды түгендейтін заман ғой.

Қостанай қаласының орталығын «сити-центр» деп атайтынды шығардық. Сұрастырып көрсем, ешқандай ономастикалық комиссия мақұлдамаған. Оның орнына қаладағы бір алаңды «Алаш алаңы» деп атасақ, қандай жарасымды?!. Алашорданың негізгі бір ошағы біздің облыста болған жоқ па! Бұл ұсынысты облыс әкімдігінде де айтқан едім.

 

Айгүл ТАЛПАҚОВА, Ақмола облыстық тілдерді дамыту басқармасының ономастикалық жұмыс және көрнекі ақпараттарды бақылау бөлімінің басшысы:

– Солтүстік өңір болған соң, біздің жағдайымыз ұқсас. Яғни, кейбір ономастика мәселелері шешіле бермейді. Бұл түйткілді біздің облыс қалай шешіп отыр? Біз ауылдың әкімдерімен тікелей байланыста жұмыс істедік. Олардан ауылдар туралы барлық мәліметті алдырдық. Яғни, мемлекет құраушы ұлт қай ауылда көп, атауларды өзгертуді сол жерлерден бастап жатырмыз. Соның нәтижесінде былтыр 300-ге жуық елді мекендер мен көшелердің атауы ауыстырылды. Тағы 300-ден астам атауға қатысты ұсыныстар түсті. Бірінші кезекте идеологиялық тұрғыда ескірген атаулар ауыстырылып жатыр. Оларды өзіміздің танымымызға жақын атаулармен алмастырдық. Елді мекендерді атауда көбіне ежелгі тарихынқарастырамыз. Архивтен оған байланысты құжат-деректер таппасақ, сол жердің географиялық ерекшеліктеріне сай атау беріп жатқан жайымыз бар. Мысалы, Зеренді ауданында Водопьяновка деген ауылға сол жердегі жұртшылықтың ұсынысымен бұрынғы Ақадыр атауы қайтарылды.

 

Қуанышбай ОРМАНОВ, қаламгер, өлкетанушы:

– Қостанайда көптеген ауылдар елуінші жылдары жаппай ауыстырылды. Мысалы, Жітіқара ауданында Байбол деген ауыл болды. Кейін Тургенев деген келіп, соның атына өзгеріп кетті. Бірақ қазір келімсектің сүйегі қурап, оның қайда қалғанын ешкім білмейді, ал Байболдың ұрпақтары әлі күнге дейін сол маңда қоныстанып отыр. Сол жердің тарихи атауын неге қайтармасқа?

Қазақша білмейтін адамдардың айтуымен көп елді мекендердің атауы орысшаланып, бұрмаланып кетті. Мысалы, Қамысты ауданында Тауықсоры деген көл бар. 1959-1960 жылдарға дейін солай аталған. Соны білместікпен Тауымсоры деп атап жіберген. Географиялық картаға солай түсірілді. Соны қалпына келтіруді неге біздің жергілікті ономастика комиссиясы құзыретіне бермейді?

Қостанай-Торғай өңірінде еленуі тиіс бір есім – Теке әулие. Әлкей Марғұланның айтуынша, әулиенің күмбезі Қозы Көрпеш-Баян Сұлудың кесенесінен биік болмаса, аласа болмаған және одан бұрынырақ салынған. Сол замандағы қазақ жеріндегі ең атақты адамдардың бірі болған дейді. Теке өзені бар, сол өзеннің жағасында әулиенің зираты бар. Ең бір насихаттайтын жер – сол мекен. Ұмыт қалып жатыр. Тарихи атаулардың тізімін жасағанда осындай қасиетті жерлер ескерусіз қалмаса екен.

Аслан ҚАНҒОЖИН

Пікірлер