Мемлекеттік қызмет: ӘДЕП ПЕН ӘДЕТ

Біздің қоғамда мемлекеттік қызметкерлердің беделі төмен. Ұзақ жылдар бойы жүргізіліп жатқан реформалар нәтижесін берер емес. Қазақ қоғамында олардың имиджі әлі де әлсіз. Бәріне топырақ шашудан аулақпыз, бірақ мемлекеттік қызметшінің біздегі келбеті кәсібилігі төмен, сөзбұйдашыл, жемқор ретінде қалыптасып қалғаны рас.

Қазақстан ТМД аумағында алғашқылардың бірі болып заңнама қабылдап, әкімшілік және саяси мемлекеттік қызметшілердің кадрлық резервін жасақтады. Қазақстан бұрынғы кеңестік кеңістікте алғаш рет мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеу енгізіп, мемлекеттік қызметшілерді кәсібилендіру шараларын жүзеге асырды. 2016 жылдан бастап елімізде мемлекеттік қызметкерлердің этикасы туралы кодекс енгізілді. Одан бері 2 жыл өтсе де мемлекеттік қызметкерлердің дені ол жөнінде білмейтін болып шықты.

«Білім» ғылыми-зерттеу орталығы мемлекеттік қызметкерлер арасында сауалнама жүргізген. Оған 1 658 адам қатысқан. Оның 44 пайызы орталық мемлекеттік органдардың, ал 47 пайызы жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері екен. Сауалнамаға қатысқандардың 40 пайызы Әдеп туралы кодексті жете түсіне бермейтіндігін көрсеткен. «Сауалнамаға қатысушылардың 93,1 пайызы Әдеп кодексінің мазмұнымен таныс екенін айтты. Дегенмен, олардың 32,2 пайызына көптеген тармақтары толықтай түсінікті болмаған. Ал, 38 пайызы Әдеп кодексінің негізгі ережелерін түсіндіру қажеттігін атап өткен. Орташа есеппен алғанда тек сауалнамаға қатысқандардың 43,4 пайызы ғана кодекстің ереже нормаларын білуге қатысты сауалдарға дұрыс жауап бере алды. 40,8 пайызының жауабы қате», – дейді орталықтың маманы Әлия Оразғалиева. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау саласындағы әдеп жөніндегі уәкілдің қызметіне қатысты да сауалнама жүргізілген. Сұралған мемлекеттік қызметшілердің 73,5 пайызы мемлекеттік мекемедегі әдеп жөніндегі уәкілдің кім екендігін білсе, қалғандары жауап беруге қиналған немесе білмейтінін айтқан.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мемлекеттік қызметкершілерге қандай фотосуреттерін жариялауға болмайтынын түсіндірді. «Мемлекеттік қызметшілер өзінің әрекеттерімен және жүріс-тұрысымен қоғам сынайтындай жағдай туындатпауы керек. Осыған байланысты мемлекеттік қызметшілер үшін әлеуметтік медиаға өздерінің материалдарын әшкерелейтін ақпарат, сонымен бірге, көңіл көтеретін және ойын ойнайтын орындардан, шетелде демалып жүрген, қымбат көліктер немесе үйлердің аясындағы, қымбат зергерлік бұйымдарды тағып түскен фото немесе видеоны таратуға болмайды», – дейді агенттік өкілі.

Мақаланың толық нұсқасын электронды жазылу үшін төлем жүргізгеннен кейін оқи аласыз.   Жазылу>>

Пікірлер