Сылтау ма, бәсеке ме?

2017 жылы шенеуніктер «люкс» санатындағы көліктерді сатып алуға миллиард теңгеден астам бюджет қаржысын шығындаған. Осындай жаға ұстатарлық жаңалықты БАҚ өкілдері жарыса жариялап жатты. Ақжағалылар «асыра сілтеуін» немен түсіндіреді? Олар қалай жазаланды? 

Әрине, шенеуніктердің айтар уәжі қашанда дайын. 4-5 жыл мінілген «мерстері» («мерс» көлігі мысал үшін айтылып отыр – ред.) болдырып, «ат ауыстыруға» тура келген. Тағы бір «себеп» – жолдың нашарлығы. Мысалы, осындай «себеппен» жыл басында Денисов және Сарыкөл аудандарының әкімдері бағасы 21-23 млн теңге тұратын жол талғамайтын көліктерге тапсырыс берген. Мұны өзінің жайлы өмірін халықтың сұранысынан биік қою деп түсінеміз бе, әлде, көліктері шынында мінуге жарамсыз болып қалды ма екен?…

Алдына көмек сұрап барғанды алдарқатып қайтаратын кейбір шенеуніктер жеке басының қамына келгенде қара жерге кеме жүргізуге шебер-ақ. Олар Елбасының ескертуін де елемейтін болған. Президент Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде: «Назар аударыңдаршы, біз қандай көлік алып жатырмыз? Өзіміздің жұмысты дөңгелету үшін отандық көліктерді неге алмайды? Барлығы «Тайота» мінуге құмар. Осының бәрін кім қадағалап отыр?», – деген еді. Осыны ойға алғаны қайсы? Шымкент қаласының бұрынғы әкімі Ғабидолла Әбдірахымов жұмысқа автобуспен қатынап, белсебет теуіп, әріптестеріне үлгі көрсеткісі келді. Бізде бұл арзан пиарға (PR – қоғаммен байланыс, қоғамдық пікір тудыруға арналған жарнама) ұқсағанымен, кейбір шет мемлекеттерде, әсіресе, батыс елдерінде қалыптасқан, көз үйренген құбылыс. Басқаны былай қойғанда, ала шапанды көршімізден аларымыз аз емес. Өзбекстанның мемлекеттік мекемелері тек отандық жиһаз бен отандық көліктерді ғана пайдаланады. Сондай ортақ ереже бар. Қазақстанның автоөндірісін неге осылай өрістетпеске?!

Жақында қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Мәжіліс депутаттары алдында қымбат көлік сатып алғандардың жазаланғанын айтып өтті. Жаза дейміз-ау, бірқатар мемлекеттік мекемелер аталмыш министрлікке қымбат көліктерді қандай мақсатпен сатып алғанын түсіндіріп берумен шектелген. «Түсіндірушілердің» арасында Қостанай облысы да бар. Биыл Тобыл өңірінің ақжағалылары бағасы қымбат 10 шетелдік көлікті сатып алыпты. Біреуі Әулиекөл ауданының әкіміне тиесілі: 25 млн теңгенің «крузагын» (Toyota Land Cruiser 200) тізгіндепті. Барлық машиналар ашық конкурс негізінде сатып алынған.

Жалпы, қазақстандық шенеуніктер жыл басынан бері «люкс» санатына жататын 62 көлікті шекара сыртынан аттай қалап алдырыпты. Оған 1,35 млрд теңге бюджет қаржысы жұмсалған. Атырау облысының мемлекеттік мекемелері «қомағайлардың» көшін бастап тұр. Бұл аймақта «Tайотaны» тәуір көретін шенділер көп екен, қостанайлықтардан екі көлік артық алыпты және. Алматы, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдіктерінің де бұл бәсекеде «бағы» озық.

Бюджет қаржысына сатып алынған көліктердің ең қымбаты Астанаға жеткен. Құны 54,9 млн теңге Mercedes Benz S500 4Matic иесі «Астана автошаруашылық» мекемесі басшысының орынбасары «қомағайлығы» үшін әкімшілік жазаға тартылған. Сондай-ақ «Астанагенплан» ғылыми-зерттеу жобалау институтының басшысына да осындай жаза белгіленді.

Естеріңізде болса, қазан айында Мәжіліс депутаты Кеңес Абсәтіров ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевқа сауал жолдаған. «Мемлекеттік орган өкілдерінің көбі шетелдік көлікті сатып алып, Елбасының тапсырмасын елемей отыр. Жыл басынан бері шенеуніктер 400-ден аса қымбат шетелдік көлік сатып алды. Соның ішінде, ең жаңа Land Cruiser 200 және Land Cruiser Prado маркалары бар. 100-ден аса Toyota Camry. Қазақстанда жасалған көліктер қолдануға ыңғайсыздау деген сылтауларға ешкім сенбейді. Бұл Forbes журналындағы ауқатты бизнесмендер сияқты шалқып жүргісі келетіндер үшін. Бірақ бизнесмендер оған өз қаражатын жұмсайды», – деген депутат «асыра сілтеген» шенеуніктердің жазалануы турасында сұраған еді. Үкімет басшысы алдағы уақытта жиһаз, оргтехника және көлік сатып алуды орталықтан бақылап отыру үшін арнайы лоттар енгізу қарастырылып жатқанын мәлімдеді. Бұл қадам қаржыны мақсатсыз жұмсаудың алдын алмақ.

Шынында, отандық автоөндірісті шенеуніктер өздері бастап қолдап, үлгі көрсетпесе, оны қалай дамытамыз? Ақжағалылар қымбат көлік мінуден емес, жақсы істерімен бәсекеге түссе құба-құп болар еді-ау…

Аслан ҚАНҒОЖИН

Дерек пен дәйек:

«Люксі» бар, басқасы бар, Қазақстанның мемлекеттік мекемелері 2016 жылы шетелден тек 67 дана көлік әкелсе, 2017 жылы бұл көрсеткіш 508-ге жеткен.

Пікірлер