Жертөле суға толып тұр…

Облыс орталығында құрылыс қызу жүріп жатқан бір жер болса, ол Әуежай шағын ауданы. Алайда, бұл аймақ өзінің де, сәулетшілердің де, билік басындағылардың да халық алдындағы абыройын біраз шайқалтты. Көшелерін көктемде тасқын су басса, жаз бен күз мезгілінде жаңбырдан көз ашпайды. Тіпті аталмыш шағын ауданда жертөлелері суға толған үйлер де бар. Бұл қайдан келген су? Құрылысы жартылай аяқталған, жаңбыр суына арналған каналы да жоқ аудан тұрғындарын не күтіп тұр?

Әуежай шағын ауданының құрылысы – көлемді жоба. 2012 жылы үйлер салына бастағанда бұл жерде шамамен 7 мыңға жуық адам тұрады деп жоспарланған-ды. Құрылыс жұмыстары басында баяу жүргізілгенімен, қазір айтарлықтай қарқын алды. Шағын ауданда барлығы 41 үй тұрғызылуы мүмкін. 22 қараша күні Қостанайдың даму қарқыны жайлы өткен кездесуде өңір басшысы Архимед Мұхамбетов осы ауданды үлгі етті. Шынымен, екі жыл бұрын тақыр дала болған жерде қазір көп қабатты үйлер тұрғаны мақтауға тұрарлық жағдай. Бірақ, жаңа ауданның мәселесі әлі шаш етектен. Құрылысшылардың шалағай жұмыстарынан бастап су тарту жүйесінің жоқтығына дейін тізбектей беруге болады.

«ҚР минералды ресурстар академиясы» Солтүстік Қазақстан филиалының төрағасы Виктор Дейнеканың айтуынша, шағын ауданды көп су басатыны құрылыс басталмай тұрып белгілі болған. Себебі, бұл аумақ – ылғи су жиналатын түсіңкі жер бедері. Су тарту жүйесі бұл жерде бұрыннан жоқ. Құрылысшылар да оны жүргізбеген. Құрылыс басталмас бұрын жер деңгейін топырақпен көтеріп, үйлерді тіреуіштерге тұрғызуға болар еді. Бірақ, бұған біраз қаражат қажет. Алдымен айналма арна құрып, содан соң ғана тұрғын үй құрылысына кірісу керек еді, ол да жасалмаған.

Шағын аудан проблемаларына «өз үлесін» аэродром да қосып отыр. Ондағы барлық қар суы аудан көшелеріне ағады. Қар суынан Челябі көшесіндегі жекеменшік өндіріс орындарының иелері де «таяқ жеп» отыр. Биыл тасқын су ағаш кесетін жерді, автобус паркін және қоймаларды басып, олар үлкен шығынға ұшырады.

Жер асты сулары – мүлдем бөлек әңгіме. Құрылыс жүріп жатқан жерде олар тым терең бойламайды. Сол себепті, №13, 13 «А», 13 «Б» және 13 «В» үйлерінің жертөлелерін су толтырған. Тұрғындар қазір сорғыштарды пайдаланып, суды өздері айдап шығарып жатыр.

Облыстық бұқаралық ақпарат құралдары мердігер «Промстройпроект» ЖШС басшысы Александр Когайдан жертөлелерді су толтыру себебін сұрағанда, фирма директорының берген жауабы: «Біз жобаның жоспарын құрғанда геодезиялық және инженерлік-геологиялық барлау жүргіздік. Жерасты сулары шамамен 4 метр тереңдікте еді. Ал үйлердің құрылысын бастағанда жертөлелерде кенеттен су пайда болды. Жерасты сулары деп жобаладық. Бірақ, бір қызығы, құрылысшылардан «үйдің табанын орнатуға шұңқыр қазғанда су көрдіңдер ме?» деп сұрағанда, олар «жоқ» деп жауап берді. Сосын себебін анықтауға кірістік. Ақырында жылу жүйесін жүргізіп жатқанда құдықтар ашық қалғаны анықталды. Қақпақтарын ұрлап кеткен шамасы. Осылайша барлық қар суы жылу жүйесіне кіріп, астауларға құйылған. Яғни, бұның бәрі инженерлік коммуникацияның сапасыз жүргізілгенінің әсерінен».

Тасқынға қарсы шаралардың да орын алғанын айта кету керек. Мәселен, қараша айының басында «Әуежай шағын ауданында су жүргізу каналының құрылысы» жобасы атқарылды. Қостанай облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ақпараты бойынша, 250 метрлік субұрғыш қойылып, бұл жұмысқа 8 миллион теңгеден астам қаражат бөлінеді деп жоспарланған. Бірақ, облыстық төтенже жағдайлар департаментінің алдын алу бөлімінің басшысы Орынқыз Меңдібаеваның айтуынша, жобаға өзгеріс енген.

– 250 метрлік су бұрғыштың орнына 96 метрлік орнатылды. Себебі, 2018 жылдың сәуір немесе мамыр айында оңтүстік каналға құйылатын оңтүстік-батыс айналма арнасының құрылысы басталады. Су қаланы айналып, Таун сай жырасы арқылы Тобыл өзеніне ағатын болады. Жоба мемлекеттік сараптамадан өтті, – дейді Орынқыз Меңдібаева.

Бұл жобаның анық-қанығын қалалық әкімдікте 22 қараша өткен жиналыста қала әкімі Базыл Жақыпов айтып берді.

– Оңтүстік батыс айналма арнасының жобасы дайындалып жатыр. Ұзындығы 3,7 шақырым болады. Шамамен 185 млн теңге жұмсалады, – дейді Қостанай қаласы әкімі.

Жаңа айналым арнасының құрылысы сәуір немесе мамыр айында басталады дедік. Бұл Әуежай шағын ауданы тұрғындары тағы бір көктем күте тұрулары керек деген сөз. Әрине, егер арна және жаңбыр суына арналған канализация құрылысы тоқтап қалмаса жақсы. Шағын аудан тарихында бұндай оқиға да болған…

Алмас БАЙДРАХМАН

Пікірлер