Баламасы жоқ бастама

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жарияланғанына тура бір жыл. Осыған орай 12 сәуірде Астанада президенттің қатысуымен алқалы жиын өтті. Оның барысында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша аударылған алғашқы 18 кітап көпшілікке таныстырылды.

Елбасы жиынды ашып берген соң, ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының негізінде көптеген жүйелі жұмыстар атқарылғанын, соның ішінде ең маңызды жобаларының бірі – «Жаңа гуманитарлық білім. 100 жаңа оқулық» аясында 18 кітаптың жарыққа шыққанын баяндады. Бұдан соң Ұлттық аударма бюросының директоры Рауан Кенжеханұлы жобаны жүзеге асырудың жай-жапсарына кеңінен тоқталды.

Ұлттық аударма бюросы былтыр Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын іске асыру мақсатында құрылған болатын. Бюро директоры бұл жобаның маңыздылығына тоқталып, бір жыл ішінде қандай жұмыс атқарылғанын айта келе, жарық көрген 18 оқулықты таныстырды. Атап айтқанда, Дерек Джонстонның «Философияның қысқаша тарихы: Сократтан Дерридаға дейін», Энтони Джон мен Патрик Кеннидің «Батыс философиясының жаңа тарихы, Антика философиясы» (4 томдық, І том) және «Батыс философиясының жаңа тарихы, Орта ғасыр» (4 томдық, ІІ том), Реми Хесстің «Философияның таңдаулы 25 кітабы», Дэвид Бринкерхофтың «Әлеуметтану негіздері», Джорди Ритцердің «Әлеуметтану теориясы», Элиот Аронсонның «Көпке ұмтылған жалғыз: әлеуметтік психологияға кіріспе», Дуэйн П.Шульц пен Сидней Еллен Шульцтің «Қазіргі психология тарихы», Дэвид Майерстің «Әлеуметтік психология», Грегори Мэнкью мен Марк П.Тейлордың «Экономикс», Дональд Ф.Куратконың «Кәсіпкерлік: теория, процесс, практика», Рикки В.Гриффиннің «Менеджмент», Карен Армстронгтің «Иудаизм, Христиандық пен Исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны», Виктория Фромкин, Роберт Родман, Нина Хаймстің «Тіл біліміне кіріспе», Светлана Тер-Минасованың «Тіл және мәдениетаралық коммуникция», Алан Барнардтың «Антропология тарихы мен теориясы», Клаус Швабтың «Төртінші индустриялық революция» деген оқулықтары қазақ тіліне аударылған.

Әу баста 100 оқулық жобасына 800-дей туынды ұсынылған, іріктеу жұмыстары кезінде бірнеше басты талапты негізге алыпты.

– Оқулық дүние жүзіндегі маңдайалды 100 университеттің бағдарламасында болуы керек; кемінде 3 рет басылып шығуы тиіс; мазмұны өзекті әрі идеялық тұрғыдан бейтарап болуы керек; сонымен бірге, оқулық заман талабына сай интерактивті оқып-үйренуге мүмкіндік беруі қажет. Таңдалған оқулықтарды жинақтап айтсақ, бұл оқулықтар әлемнің 42 елінде 34 тілде басылып, жалпы таралымы 47 миллионнан асқан. Мұндай оқулықтарды мемлекеттік бағдарлама аясында аударып, тегін тарату әлемде баламасы жоқ тәжірибе, – дейді Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы.

– Барлық өңір «Туған жер», «Киелі жерлердің географиясы» және «100 жаңа есім» жобаларына атсалысып жатыр. Бір жыл ішінде меценаттар қаражаты есебінен әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға ондаған миллиард теңге бөлінді. 700-ден астам мәдениет ескерткіштері жөнделіп, қайта қалпына келтірілді. Жүздеген ғылыми экспедициялар ұйымдастырылды, – деп атап өтті президент.

Сондай-ақ қазақ тілінің жаңа әліпбиін талқылау үдерісі біртұтас қоғамымыздың кемелденгенін танытатын тарихи қадамға айналғанын айтып, рухани жаңғыру аясындағы жұмыстардың маңыздылығына, «100 жаңа оқулық» жобасының жас ұрпаққа білім беру ісіндегі рөлі зор екеніне тоқталды.

Елбасы әлемдік тәжірибеде мұндай кешенді бағдарламаның іске асырылуы сирек кездесетінін тілге тиек ете келіп: «Жаңа оқулықтар – эксклюзивті гуманитарлық кітапхана. Бұл оқулықтар көпшілік үшін кітап түрінде, электронды онлайн нұсқасында және үздік лекторлардың ашық дәрістерінің видеотекасы сияқты үш форматта қолжетімді болмақ. Кітаптар латын қарпінде басып шығарылғаннан кейін, оларды шетелде тұратын жастарымыз да оқи алатын болады», – деді президент.

Мемлекет басшысы үштілділік қағидатын сақтаудың маңыздылығына тоқталып, биыл бірнеше шетелдік оқулықты орыс тіліне де аудару мәселесін қарастыруды тапсырды. Қорытындысында Қазақстан Үкіметі мен Ұлттық аударма бюросына бірқатар нақты тапсырма берді.

– Біріншіден, 2018 жылға жоспарланған 30 кітаптың әрі қарай сапалы аударылуын және басылып шығуын қамтамасыз ету керек. Қаржыландыру уақытылы әрі толық бөлінуге тиіс. Келесі жылы аударылады деп жоспарланған оқулықтар өз уақытында іріктеліп, талдаудан өткізілуі керек. Екіншіден, бұл оқулықтарды білім беру үдерісіне тиімді түрде енгізу – маңызды міндеттердің бірі. Осы оқулықтар бойынша оқытылатын пәндер жаңа оқу жылының бағдарламаларына енгізілуі қажет. Үшіншіден, ғылыми тәжірибеде қолданылатын барлық терминдерді жүйелендіріп, гуманитарлық және экономикалық лексиканың жаңа түсіндірме сөздігін шығаруды тапсырамын. Жобаның сапалы жүзеге асырылуын уәкілетті мемлекеттік орган мен Қазақстан Үкіметі бақылайды. Төртіншіден, оқулықтар кәдімгі кітаптар сияқты басылып шығуы керек. Сонымен қатар, онлайн білім беру ісін дамыту қажет. Қазір дамыған елдерде виртуалды университеттер бар. «Қазақстанның ашық университеті» жан-жақты қолдау табуы керек. Ашық лекциялар видеотекаларының және солардың негізінде дайындалатын оқулықтардың сапасын қадағалауға ерекше назар аударған абзал. Бесіншіден, «100 жаңа оқулық» жобасы ғылыми аударма мектептерін дамыту ісінде маңызды рөл атқарады. Сондықтан, аударма саласында тәжірибенің, білімнің және кәсіби дағдының жүйелі дамуын қамтамасыз ету керек, – деді мемлекет басшысы.

Гүлжан МАРҚАБАЙ
Астана

 

Сіз не дейсіз?

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ, тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі:

– Әрине, бұған дейін де ана тілімізге әлем әдебиетінің жауһарлары аударылғаны рас. Бірақ әлемнің ең үздік ақыл-ой иелерінің таңдаулы еңбектері дәл осындай ауқымда, жүйелі түрде аударылған емес. Тарихқа үңілсек, грек философиясын аудару арқылы ислам әлемінің ғылыми тұрғыдан толысқанын білеміз. Ал, мұсылман ғалымдардың ғылыми жетістіктерін түпнұсқадан аудару арқылы Еуропада Ренессанс дәуірі басталған еді. Жалпы, мұндай іргелі аударма ұлттық жаңа мәдениет қалыптастырады, халықтың ой қазынасын байытады, жаңғыртады, оның тереңге тартқан тамырына қан жүгіртіп, жас толқынның шығармашылық әлеуетін арттырады. Сондықтан, шетелдердің шоқтығы биік ғылыми шығармаларын түпнұсқадан тікелей аудару арқылы тіліміздің өрісі кеңейді, жаңа терминдермен байыды, ең бастысы, елімізде аударма мектебі қалыптасып, нығайды. Осы тұрғыдан алғанда, Елбасы бастамасымен жүзеге асып жатқан бұл жобаның бүгінгі һәм ертеңгі ұрпақ үшін мәні мен маңызы, тигізер пайдасы өлшеусіз. Бұған дейін мұндай мемлекеттік деңгейдегі іргелі жобаның алыс-жақын көрші мемлекеттер мен жалпы түркі әлемінде жасалмағанын да айта кеткен жөн. Бұл мемлекеттің білімге, жас ұрпаққа жасаған үлкен қамқорлығы деп түсінуіміз керек.

Айымжан РЫСКИЕВА, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты:

– Мен «100 жаңа оқулық» жобасы аясында әйгілі француз философы Реми Хесстің «Философияның таңдаулы 25 кітабы» атты оқулығын әріптестеріммен бірге француз тілінен қазақшаға аудардым. Біз аударған кітаптың авторы Реми Хесс қазақша оқулықтың алғысөзін өзі жазып берді. Сол сөзінде былай дейді: «Өзге мәдениетке бойлап, оны ана тілінде сөйлету ерекше күрделі процесс. Осыған дейін менің еңбектерім 12 тілге аударылды. Мен үшін енді қазақ тілі тағы бір жаңа мәдениетке жол ашқан қақпаға айналып отыр». Астанада өткен арнайы конференцияға алғашқы 18 кітаптың авторларының бірі ретінде Реми Хесс те қатысқан еді. Біз өзіміз аударған кітаптың авторымен сұхбаттасып, ой бөлісуге мүмкіндік алсақ, ол Қазақстанды көріп аң-таң болды.

Пікірлер