Ділі мықты ұлт – бәсекеге қабілетті

Қазіргі қоғамның басты мәселесі – экономикалық дағдарыс емес, рухани дағдарыс. Мұндай құлдырау адамды бір-бірінен алшақ етеді, бірлігін жояды. Ал, рухани жағдай адамдардың ниеті мен табиғат құбылыстарымен үндес келеді. Жойқын табиғат апаттары да халқы рухани жағынан құлдыраған елдерде көбірек болатыны дәлелденген.

Ұлт руханиятын дамытуды қолға алуымыз – болашаққа олжа салуымыз. Гуманитарлық кеңістікте осындай үрдістердің жарқын көрініс беруі жалпы халықтардың ақылға бой ұра бастауының, рухани кемелдене түсуінің өлшемі іспетті. Ұлтыңның құндылықтарын жүйеге келтіріп, оның бойындағы бұлыңғыр тұстары болса таразылап, жетістіктері болса барынша жарқыратудың өзі рухани әлемді байыптаудағы, жалпы ғылыми ізденіс жолындағы ғалымдық, азаматтық борыш екені анық.

Қазақ халқының мәдениеті мен әлем өркениетінің тарихында елеулі орны бар ғалымдардың, мемлекет, қоғам қайраткерлерінің өмір жолымен, олардың елеулі еңбектерімен таныстыру бүгінгі күннің басты мақсаты болып отыр.

Туған жерімізде туып-өскен адамдардың адамзаттың дамуына, өркениетке қандай үлес қосқанын білуіміз керек. Еліміздің әрбір азаматының мемлекетімізге арқа сүйейтіндей мақтаныш сезімі болуы үшін даламыздың кеңдігін, қойнауындағы байлығын айту аз, біздегі ақыл-ой әлеуеті басқалардың алдында мерейімізді үстем етуі керек. Әлемнің басқа түкпірінде жүрген адамдарға, мысалы, «сенің еліңде – Монтескье, Руссо болса менің елімнен – әл-Фараби, Бейбарыс, Аттила, Абай, Махамбеттер шыққан» деп айта алатындай жағдайға жетуіміз керек. Өкінішке қарай, олардың еңбектерімен ұрпақтарымыз жеткілікті таныс емес. Сондықтан рухани және патриоттық тәрбие – үлкен мектеп.

Мемлекет әлеуметтік-рухани мәселелерді шешу үшін белгілі бір мөлшерде әл-ауқатты болуы қажет. Ендеше. өзіміздің мол байлығымызды, азаматтардың біліктілігі мен әлеуетін дұрыс кешенді пайдалану арқылы бай мен кедейдің арасын жақындату, кедейшілікке қарсы күрес, ата-бабаларымыздан қалған жерасты байлығын әділ түрде барлық қазақстандықтар үшін жарату орасан мәселе.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы Дала ұлағаттары» кітабында: «Бойына ата-бабамыздың ел мен жерге деген сүйіспеншілік қасиеті дарыған, егемен елге аянбай қызмет ететін, ой-өрісі кең, алғыр да жүректі, сауатты да саламатты азаматтар қажет», – деп жазды. Бұл жерде «саламатты» сөзінің астарында деннің саулығы ғана емес, адам жанының, рухани әлемінің де тазалығы, мықтылығы меңзелгенін аңғару қиын емес.

Тәңірі сыйлаған Тәуелсіздік тұтас халықтың есін жиғызып, санасына ұлттық кодтың жадын енгізді.

Тарихтың ізі – тұнып тұрған тағылым. Оның бойында ата-бабадан қалған асыл ой, терең білім, ғасырлар тереңінен жеткен тектілік бар. Дәл осы тағылым біздің ұранымыз болуы тиіс. Мұндай ұранды өзінің даму көкжиегінде ту етіп көтерген елдер бар. Мәселен, Жапон елі. Оның даму тарихында «Қолға алған ісіңде жеңу қажет» деген ұлттық идея алға шықты. Жапонияда «игілікті мемлекет» ұранын көтерген Исибаси үкіметінің, одан кейін Икэда үкіметінің «ұлттық табысты екі еселеу» ұранын жалау еткен жоспарлары жапон жұртынан кең қолдау тауып, соғыстан қалжыраған елдің экономикасы өрлей бастады. Жалпы ішкі өнімі 30 жыл бойы 10% өсіп отырған Күншығыс елі қазір әлемдегі көшбасшы мемлекетке айналды. Жапон ұлттық идеясы мен реформасының шынайы жетістікке жетуінің себебі жапон тілі мен жапон менталитетіне негізделген ақыл-ой еді.

Елбасымыз айтқан саламатты азаматтар қажеттігін жапондар ерте қолға алған екен. Олар «қартайдым, енді қоғамға да, ешкімге де керегім жоқ» деп сары уайымға ешқашан салынбайды. Қашанда оптимистік көңіл-күйде болуға тырысады. Мұндай адамдар қартайса да, олардан ауру-сырқау алшақ болады. Дертке шалдыққан күннің өзінде, одан тезірек айығатын көрінеді. Өйткені, оптимизм адам өмірін айтарлықтай ұзартатынын олар санасына енгізіп алған.

Түбекте орналасқан Оңтүстік Кореяның ұлттық идеясының мәні – Жапонияны экономикалық даму жағынан қуып жетіп, басып озу. Кінәсін мойындау идеясы және оны жалпыеуропалық құндылықтарға қосу соғыстан кейінгі Германияға өзінің ұлтшылдық болмысын жеңіп шығуға жағдай туғызды. Неміс экономикалық ғажайыбының авторы соғыстан кейінгі Эрдхард реформаларының басты жетістігінің құпиясы экономикамен қатар, рухани кеңістікте жатты. Сондай-ақ генерал Шарль де Голльдің «Ұлы Франция» ұлттық идеясы француздардың бірігуіне әкелді.

Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында жапон ғалымдары Түркияның білім беру жүйесіне зерттеу жүргізді. Зерттеушілер «білім беру жүйесінде ұлттық рух жоқ» деген қорытындыға келеді. Сол тұстағы Түркия президенті Тұрғыт Өзалдың «мұны қалай түсінеміз?» деген сұрағына жапондар былай жауап береді: «Біз Жапонияда мектеп табалдырығын аттаған балаларымызға ұлттық рух екпесін жасаймыз. Оларды топ-тобымен жүйрік поездарымызға отырғызып, алып зауыт-фабрикаларымызды, технологиялық орталықтарымызды аралатып, еліміздің қуатты күші мен жеткен жетістіктерін танытамыз. Кейін Хиросима мен Нагасакиге апарып атом бомбасы жарылып, жылдар бойы шөп шықпаған алқаптарды көрсетіп: «Егер сендер өздеріңді жетілдіріп, өмірімізге еніп жатқан жаңа технологияларды игермесеңдер, ақырымыз осындай болады», – деп айтамыз». Осы кезде түрік зиялыларының бірі: «Бірақ бізде сіздердегідей Хиросима жоқ қой», – дейді. Сонда жапон ғалымдары: «Сіздердің Чанаққаладағы соғыс майдандарыңыз ондаған Хиросимаға тең емес пе?» дейді.

Бұл мысал тарихта ата-бабалар бастан кешірген қасіреттерден сабақ алуды, сондай жағдайға тап болмау үшін білімді, еңбекқор болуды, еліне жанашыр, ұлттық рухты дәріптеуді көрсетеді.

Біздің тарихымызда да ашаршылық, соғыс, тар жол тайғақ кешкен күндер аз емес. Семей полигонында сынақтан өткізілген ядролық зарядтардың жалпы қуаты Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп болды. Осы мысалдағыдай жастарымызды өркениетке жетуге ынталандырып, еліміздің басынан кешкен оқиғаларын керсетіп, одан сабақ алуға, осылайша рухани жетілулеріне ықпал еткеніміз дүрыс болар еді. Қазір қуатты елдер көне қытай философы Сун-Цзы айтқан: «Дұшпанды шайқассыз тізе бүктіру – өнердің төресі» қағидасын жүзеге асырып жатыр. Сол іспетті Қытайдың бүгінгі стратегиясында: «Мәдени ақпараттық агрессия» деген тармақ бар. Ал, АҚШ-тың әскери стратегияға жетік ғалымы Поль Лайнбарджер ақпараттық соғыста таңдап алынған елдің салт-дәстүріне, тіліне, өмір сүру дағдылары мен мінезіне ықпал етуді ұсынады.

Біз осылардың бәрін мемлекеттік деңгейде ескермей, қорғаныс амалдарын қарастырмай ұлттық код туралы өрелі ойды төріне қондыра алмаймыз. Тұрмыстық кемшіліктерді теріп, бетке басқаннан ештеңе шықпайды. Ұлттық дәстүр тарих жазған Ата Заңың екенін ойлап, оған әлеуметтік-психологиялық және экономикалық тұрғыдан қарау парыз.

Осы күні ұлттың салт-санасына кері ықпап етіп отырған бір ішкі фактор – нарық. Ресей саясаттанушысы П.Калашников: «Махаббат, патриотизм, асқақ илеяларды, бабалар дәстүріне адалдық секілді тұғырлы қасиеттер нарықтық емес, экономикалық тиімсіз қасиеттерге айналды», – дейді. Мұның салдарын көріп жүрміз. Ал, тауарға айналған ұлттық қасиеттерді нарықтан қалай қорғаймыз?!

Елімізде қолға алынып отырған «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы ұлт руханиятына ауадай қажет міндеттерді орындау ісінде ұстын боларлық орасан зор үлгі. Қазір Қазақстан рухани-мәдени, экономикалық жаңғыру жолында тұр. Алайда бұл реформалардың барлығы рухани бастамашысыз еш мағынаға ие бола алмайды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру ісінде жергілікті тарихи тұлғалардың есімдерін, аты аңызға айналған жерлерді жаңғыртуға баса назар аударған абзал.

Мемлекет басшысы «Туған жер» бағдарламасынан бөлек, «Қазақстанның қасиетті рухаии құндылықтары» жобасын жедел жасап шығаруды тапсырып, «жат идеологияларға ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп береміз» деді. Осы бағытта «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениетті қалыптастырудың жобасын» жасауды тапсырған болатын. «Әлем Қазақстанды қара алтынымен емес, мәдениеті бәсекеге қабілетті ел және сол мәдени жетістігімізбен тануы тиіс», – дейді.

Бұл бағдарлама – ұлт руханиятын XXI ғасырдың биігіне көтеретін ауқымы кең сала болып отыр. Ұлы Даланы мекендеген халықтың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін дүниежүзілік қоғамдастыққа паш ету – бүгінгі ұрпақтың ізгілікті міндеті.

Ұлттық рух биік болса, еліміздің болашағы жарқын, іргесі берік. Демек, рухани санамызға серпіліс берген стратегиялық құжат еліміздің ұлт ретінде жаңғыруына жаңа серпін берері сөзсіз.

Қазір елімізде рухани жаңғыру бағыты бойынша кешенді іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Біз білім, ғылым, әдебиет, мәдениет, өнерді өрістету арқылы ғана рухани жаңғыра аламыз. Сайып келгенде, елі мен жерінің тарихын, тілін, салт-дәстүрін жетік білетін, шет тілдерін терең меңгерген озық ойлы студент жастар қазіргі қоғамымыздың идеалына айналуы тиіс.

Осы бағдарламасы аясында еліміздегі киелі жерлер мен рухани кұндылықтар, олардың рекреациялық-туристік әлеуетін көрсететін арнайы буклеттер, бейнероликтер жасап, оны оқу орындарында, еңбек ұжымдарында көрсетіп отыруымыз керек.

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Пікірлер