Әлем су драмасы алдында тұр

Адамзат тарихында ХХІ ғасырдай таласты, әрі дүлей ғасыр болмаған шығар. Қазіргі жылдам даму қарқыны алғашқы индустриялық революцияның қозғаушы күші – көмір мен будың біртіндеп жолдан шығып, екінші индустриялық революциялық энергетикалық қуатына негіз болған мұнай мен көгілдір отынға, одан соң атом қуатына, енді міне, үшінші индустриялық революцияның энергия иіріміне айнала бастаған балама қуат көздеріне орын босата бастағанынан анық байқалып тұр. Бұл құбылыс, сонымен қатар, төртінші индустриялық революцияның күретамырына айналып үлгерген биотехнология, информатика және нанотехнология синтездерінен туындап жатқан соны ғылыми өркендеуден де көрініп отыр. Не істеу керек?

Әлемде 2 миллиардтай адам ауыз суға зәру

Жыл басында АҚШ-та еліміздің Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов БҰҰ шеңберінде ұйымдастырылған Су мен бейбітшілік мәселесі жөніндегі Жаһандық топтың төрағасы Данил Тюркпен кездесіп, болашақтағы әлеуметтік теңдіктің ұтымды бағыты туралы әңгіме өткізген еді. Словенияның бұрынғы президенті Д.Тюрктің қазіргі таңда адамзатты алаңдатып отырған жағдай туралы айта келіп, «Тірі қалу мәселесі» атты тұжырымымен жан-жақты таныстырған, Сыртқы істер министрін осы істе өзін қолдауға шақырған. Д.Тюрктің тобы аталмыш ғылыми сараптамалық еңбегін бұған дейін де мемлекеттер басшылары мен көрнекті тұлғаларға таныстырған. Ол өз еңбегінде ғаламдық су мәселесі адамзаттың қоғамдық, құқықтық дамуы ғана емес, Жер бетінде тірі қалудың өзі қауіпті екенін көрсетеді. Демек, алдағы уақытта су мәселесін шешпесе, адамзаттың тірі қалуының өзі күрделі мәселеге айналуы мүмкін. «Бұл мәселені кешенді түрде, БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдардың араласуымен жаппай қатысып, шешуді қолға алуымыз керек. Дипломатиялық сала бойынша халықаралық құқық негізінде жаңа институттар құрып, табиғаттың бет алысын, қоршаған ортаны бақылау ісін дереу қолға алғанымыз абзал. Біздің тобымыз осы жұмыстарды іске асыру үшін нақты ұсыныстар дайындады. Су қатерінің алдын алу – жекелеген бір елдің емес, жалпы ғаламдық мәселе екенін мойындап, оны шешуге бәрі де атсалысуы керек», – дейді Д.Тюрк. Егер ядролық қару жер бетіндегі тіршілік атаулыны бір-бірлеп өлтірсе, су жетіспеушілігі адамзаттың өзін-өзі өлтіруіне әкеліп соғатынын ұмытпауға тиістіміз.

XXI ғасырдың алдағы 40 жылында әлемдік геосаясат пен халықаралық қатынастардың да, қаржы жүйелері мен экономикалық байланыстардың да, сол сияқты, ғылым мен мәдениеттің, қоршаған орта мен әлем қауіпсіздігінің болашақ болмысының қалай өзгеретіні жайында салмақты да салиқалы пікірлер түйінделген. Сараптамалық зерттеуде қоршаған ортаның күйреуі, денсаулық сақтау саласындағы төңкеріс, әлемнің дамыған елдеріндегі теңсіздіктің ұлғаюы және алдағы 40 жылдан соң әлемнің қай елінің экономикасы басымдыққа ие болады деген өзекті сауалдарға жауап ізделген. Оған 20 сарапшы ғылыми түрде талдау жасай отырып, әлемнің 2050 жылдарға дейінгі болмысы жан-жақты суреттелген. Нәтижесі үрей тудырады.

Бүгінгі таңда адамзат су драмасының алдында тұр. Д.Тюрк тобының болжамына зер салсақ, әлемде екі миллиардтай адам ішетін таза ауыз суға зәру екенін көреміз. Соның ішінде түрлі кикілжіңдер мен соғыстардың кесірінен тұрақсыздық жайлаған аймақтардағы ахуал тіпті нашарлағанын байқаймыз. Қарсыласушы жақтар су жүйелерінің нысандарын торуылдап, оларды қарсыластарына қарсы қару ретінде пайдаланып жатқаны да бар. Оның үстіне осы аймақтардағы демографиялық өсім де су тапшылығын арттыруда. Біз Таяу Шығыстағы Палестина мен Израильдың арасындағы басты проблема су мәселесінен туындап отырғанын қаперімізге алғымыз келмейді. Жерді бөлуге болады, ал суды қалай бөлесің? Бұрынғы Кеңес Одағында 110 өзен болыпты, ал Израильде 1-ақ өзен бар. Оның өзі аймақтағы екі мемлекеттің иелігінде. Мұндайда су қоймасы ауданында шекара жүргізу аса қауіпті екені айқын.

Адамзат қоғамына XXI ғасырдың ортасына дейін азық-түлік қорын 50% дейін арттыруға тура келеді. Жер оны көтере алады. Ол үшін алдымен су мәселесін шешпесе, ондай мақсатқа қол жеткізу қиын. Сондықтан да халықаралық қоғамдастық су мәселесі жөніндегі ықпалдастықты жаңаша көзқараспен бағалап, оны түбірімен өзгерту керек, дейді Д.Тюрк тобы. Ол үшін БҰҰ Бас Ассамблеясы мемлекеттер арасындағы су пайдалану жөніндегі ынтымақтастықтың нақты басымдықтары бойынша барлық қырларын қарастыруы қажет.

Планета тынысының болашақ болмысы

Жоғарыда айтылған құбылыстардың геосаясатқа да, мемлекетаралық қарым-қатынастар мен әлемдік нарыққа да, сол сияқты азаматтық қоғамның жаңаша қалыптасып, адамзат ой-санасының жаңаша дамуына да тікелей әсер ете бастағаны күмән тудырмайды. Өйткені, бүкіләлемдік мегаөзгерістер толқыны қазірдің өзінде-ақ айқын сыр беріп, планета тынысының болашақ болмысын болжайтын әйгілі футурист-философтарды да, физиктерді де, экологтар мен биологтарды да, макроэкономистер мен микроэкономистерді де, тіпті, мемлекет тізгінін ұстаған саясаткерлерді де жаппай ойландыра бастағаны шындық әрі мұның дәлелдері жеткілікті.

Ғаламдық топ өздерінің есебінде кикілжің болып жатқан елдердің су ресурстары мен құрылымдарын қарсыластарына қарсы құрал ретінде пайдалануы халықаралық адамгершілік құқығын аяққа басу, сондықтан мұндайды бүкіл адамзат айыптауы керек деп санайды. Ал су құрылымдарын дереу қалпына келтіру үшін жергілікті атқарушы билік қайырымдылық ұйымдарымен бірлесе іс қылғаны жөн дейді. Сонымен қатар, су шаруашылығы құрылымдарының қауіпсіздігін террористік шабуылдардан сақтау – әлемдік қоғамдастықтың тікелей жауапкершілігіне алатын мәселе. Ал оны ұйымдастырып, қорғауға алуды БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі тікелей өз мойнына алғанда ғана бұл іс алға басады.

Сондай-ақ, Д.Тюрктің тобы суға байланысты құқық пен трансшекаралық өзендер мәселесін қарастыру – аурудың алдын алумен тең әрекет екенін атап көрсеткен. Өйткені осы арадан туған кикілжіндердің аймақтағы бейбітшілікті аяқ асты ету қатері бары айтылады. Әрине, халықаралық өзен ағындарын қалай пайдалану жөніндегі қағидаттар жүйесі, нормалар мен институттар қабылданған. Олар «Халықаралық кеме жүзбейтін су ағындарын пайдалану құқықтары» жэне «Трансшекаралық өзендер мен халықаралық көлдерді күзету мен пайдалану туралы» БҰҰ Конвенциялары бойынша реттеледі. Алайда, әлемнің көптеген аймақтарында су пайдалану жөніндегі трансшекаралық және аймақтық ынтымақтастықтарды барлық жаққа тиімді деңгейге көтеру мәселесі шешілмей отырғанын ғаламдық топ атап өткен.

 

Орталық Азияда бастамашы – Қазақстан Президенті

Қазақстан Республикасы Сыртқы саясатының 2014-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасында еліміздің Орталық Азияның саяси тұрақты, экономикалық орнықты және қауіпсіз дамуына мүдделі екені атап көрсетілген. Бұл сыртқы саясатымыздағы басымдықтардың бірі болатыны аталған. Әйтсе де, Орталық Азия елдеріндегі халықты сумен қамтамасыз ету әлі күнге дейін үлкен проблема болып отыр. Су мәселесін жүйелі шешу жолындағы барлық әрекеттер нәтижесіз аяқталып келеді. Су ресурстарына тауар ретінде қарайтын Қырғызстан суды пайдаланатын Орта Азия елдерінің бәріне ақы сұрауды әдетке айналдырып алған. Соңғы бірнеше жылдың ішінде Орталық Азия мемлекеттері арасындағы бұрынғы ынтымақтастықты қайта жандандыруға нақты қадамдар жасалып жатыр. Оның ұйымдастырушысы және идеялық бастамашысы Қазақстан Президенті екенін халықаралық қоғамдастық мойындап отыр.

Қазақстан Орталық Азия өңіріндегі өзінің рөлі мен жауапкершілігін жете сезінеді. Себебі қазіргідей алмағайып заманда өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, жаңа сын-қатерлерге, оның ішінде шекаралас жатқан мемлекеттерден таралуы ықтимал қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл жасау басты міндеттердің бірі саналады. Сондықтан еліміз өзіне алған су мәселесі бойынша міндеттемесінде: «Қазақстан Орталық Азияда жанжалға бейім әлеуетті әлсірету, әлеуметтік-экономикалық проблемаларды су-энергетикалық торап пен өзге де қайшылықтардың түйінін шешу мақсатында ішкі өңірлік интеграцияны дамытуға ұмтылады», – деп көрсетуі тегін емес.

Кез келген мемлекетке, оның ішінде көрші әрі тарихы тамырлас елдерге әр салада интеграциялық байланыстар орнатып, ынтымақтастықты нығайту аса қажет және ол барлық тарапқа тиімді. Рас, мұндай ынтымақтастық кезінде өңірдегі бес мемлекеттің арасында болған. Өкінішке қарай, түрлі себептерге байланысты тереңге тамыр тартуы тиіс сол байланыстар соңғы онжылдықта әлсірей бастаған. Сайып келгенде, бұл өңірдегі елдердің экономикасына да кері ықпал етіп отыр. Осы жөнінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің сөзінде: «Бұл мәселе бүкіл Орталық Азия өңірінің одан әрі дамуы үшін айрықша маңызға ие. Орталық Азияның шекарааралық су ресурстары өңірдегі барлық халықтардың ортақ мұрасы мен игілігі болатынын атап өткен жөн», – деді.

Арал теңізінің проблемасына қатысты: «Келесі жылы Халықаралық Аралды құтқару қорына 25 жыл толады. Қазір ол Арал мәселесі жөніндегі бірден-бір мемлекетаралық тетік. Осыған орай, біз Қордың жұмысын жандандыру қажеттігі жөніндегі ұстанымдарымыз ортақ екенін растадық. Атап айтқанда, біз 2018 жылы жоғары деңгейде кездесу өткізіп, әріптестерімізбен бірге баршамызға ортақ осы мәселені шешудің өзара тиімді жолдарын талқылауға ниетті екенімізді білдірдік», – деді. Осы орайда, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Астанадағы жақында болып өткен кездесуі аймақтағы елдер арасындағы ынтымақтастыққа жаңаша серпін береді деген сенімдеміз. Осы тұрғыда Қазақстан Президенті: «Біз Орталық Азиядағы трансшекаралық өзендердің су ресурстарын пайдалану жөніндегі ұстанымдарымыздың ұқсас екенін тағы да растадық. Өзара тиімді шешімдер табу қажеттігін айттық. Бұл мәселе бойынша халықаралық Аралды құтқару қорының қызметіне ерекше мән беріледі», – деді.

Бүгінгі таңда әлемдік нарық мемлекеттік шекараларды аттап өтіп, сыртқа қарай кең қанат жаюда. Бұл тек экономикалық қатынастармен ғана шектелмейді. Алдағы уақытта «ұлттық шекаралар» мен «географиялық кеңістіктер» деген ұғымдар әлсіреп, керісінше, халықаралық қатынастар деген ұғымның аясына жұмыс қолы мен тауарлардың да, капитал мен технологиялардың да, тіпті, идеялар мен мәдени-рухани құндылықтардың да сыйып кететіні және олардың еркін айналуына ешнәрсе бөгет бола алмайтыны көрініп тұр.

Қытай, Қазақстан, Ресей елдерінің аумақтарынан өтетін Ертіс өзені бассейнінің де кейбір проблемалары халықаралық Конвенциялармен реттелген. Сарапшылардың бағалауы бойынша Қазақстан да Еуразия құрлығындағы су ресурстарынан ішінара тапшылық көруші елдердің біріне жатады. Республиканың жер үсті суларының жартысына жуығы шекаралас мемлекеттердің аумағынан келетіні айқын. Соңғы 15 жылда жер үстілік судың табиғи ресурстарының тапшы бола бастағандығы байқалуда. Соның ішінде 90% көршілес елдерден ағып келетін суға тіреліп отыр. Оңтүстіктегі таяу көршіміз Қытай елі өзінің өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және өсіп келе жатқан қала тұрғындарының су мұқтаждығына байланысты халық сұранысын толық қанағаттандыруға шамасы жетпей, Ертістің суын тежей түсуде. Ал бұл трансшекаралық өзендерді пайдалану бойынша БҰҰ Конвенциясының талабын бұзу болып есептеледі. Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы аумағынан 24 трансшекаралық өзен ағады екен. Соның ішінде Ертіс, Іле, Текес және т.б. өзендердің ағын су көлемі мен сапасы бойынша екі мемлекет жасалған келісімшарттың негізінде ақпараттармен алмасып келеді. Алайда, Қытай тарапының өзендерді гидротоғандармен іркіп отыруы себебінен туындаған проблемалар бар.

Дүние жүзінде қоршаған орта ластанып кетуінен, жер бетіндегі климат біршама өзгеріске де түсіп отыр. Ауа температурасының көтеріле бастағаны сезілуде. Мысалы, Алматы – әлемдегі үстінен 22 өзен кесіп өтетін жалғыз мегаполис. Егер ол өзендер болмаса, қаланың сәні де болмасы анық. Бірақ, сол өзендер бастау алатын Алатаудың биік шыңдарындағы мұздықтар соңғы елу жылдың ішінде 50% еріп кеткен көрінеді. Болашақта жағдай осылай жалғаса берсе, елу жылдан кейін Алматының табиғаты адам шошырлық күйге түсуі мүмкін деседі ғалымдар.

Алдағы үлкен мақсат – 2050 жылға дейін дамыған 30 елдің ішіне ену екені белгілі. Оған кіру үшін бізге Еуропа мемлекеттері жеткен деңгейге жету керек. Мемлекет басшысы ұсынған елімізді төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында дамытуға арналған 10 негізгі міндет – Қазақстан дамуының жаңа бағыты. Еліміздің әлемдегі технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістерге бейімделуіне Жолдауда да алғышарттар жасалған.

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

 

Пікірлер