Әзімбай ҒАЛИ: Саяси һәм моральдық жолымыз үлкен

Сейсенбі күні Қазақстан Президентінің Америка Құрама Штаттарына ресми сапары басталды. Ақорданың баспасөз қызметі таратқан мәліметте іссапар аясында Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ Президенті Дональд Трамппен, сондай-ақ америкалық ресми және іскер топтар өкілдерімен кездесетіні айтылды. Ал, негізгі жаңалық – бұған дейін хабарлағанымыздай, 18 қаңтар күні Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалығы аясында тұңғыш рет өтетін брифинг. Ауқымды іс-шараға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы қатысуға ниет білдіруін сарапшылар жаһандық ұйымға деген құрмет ретінде бағалап отыр. Дүниежүзілік қауіпсіздікке бағытталған шараның күн тәртібіне Қазақстан жаһандық геосаясаттағы «ойын» картасына тікелей ықпал етіп отырған көптеген мәселелерді шығармақ. Саясаттанушы, ғалым Әзімбай Ғали бірер сұрағымызға жауап беріп, аталмыш брифингте көтерілетін мәселелерге қатысты ой бөлісті.

– Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалығы аясында Қазақ елі көптеген мәселелерді күн тәртібіне шығарып отыр. Десе де, Сирия даласында соғысты тоқтату тақырыбы әлемдік қауымдастықтың ерекше назарын аударды дегенге келісесіз бе?

– Әлемде дүниені дүрліктірген Сирия тақырыбына бей-жай қарайтын мемлекет бар деп ойламаймын. Жазықсыз қан төгіліп жатқан аумақта азық-түлік пен дәрі-дәрмек таратқан жақсы нәрсе әрине. Әрі бұл имандылық тұрғысынан да құпталатын іс. Бірақ, бұл жерде белгілі бір дәрежеде кертатпа мемлекеттер факторы барын да ескеруге тиіспіз. Мәселен, Түркия. Қазіргі Түркияның режимі түріктердің көңілінен шықпайды. Себебі, мемлекет диктатураға бара жатыр. Ресей елінің де, әсіресе, Батыс үшін әлдеқашан аутсайдер мемлекеттер қатарына енгені белгілі жайт. Оның үстіне, Ресейдің Украинаға шабуыл жасап, территориясын тартып алуға дейін баруы – көрші елдің абыройын онан әрі құлдыратып жіберді. Үшіншіден, Иранның да жаһандық саясаттағы беделі жақсы емес. Міне, осындай факторлардың барлығына қарамастан, Қазақ елінің Сирия жағдайына байланысты бірнеше раундқа созылған Астана процесін ұйымдастырып, белгілі бір деңгейде нәтижелерге жетуі – жаһандық саясат тұрғысында өте батыл қадам. Енді осы мәселенің Біріккен Ұлттар Ұйымы деңгейінде көтерілуі позитивті шешімдерге бастайды деп ойлаймын.

Әлем ядролық қару таратпау идеясына қаншалықты бірігеді деп ойлайсыз?

– Шыны керек, ажал сепкіш қару таратпау тақырыбы – өте жақсы идея. Рас, әлемде АҚШ, Ресей, Солтүстік Корея сынды ядролық державалар бар. Бірақ, дәл осы тақырыпқа келгенде ол мемлекеттерге деген көзқарастың да әртүрлі, сәйкесінше салқын қарым-қатынас барын да ескеруіміз керек.

Бұл тұрғыда Қазақстан ядролық қарудан тәуелсіздік елең-алаңында-ақ бас тартып өте бір стратегиялық маңызды шешім қабылдады. Және осы қадам арқылы еліміз үлкен бонусқа ие болды. Рас, біз мұнайлы мемлекетпіз. Бірақ, біздегі мұнайдың сапасы аса керемет емес. Оның үстіне, Қазақстан мұхит жағалауында орналаспағандықтан, мұнай экспорттау кезінде тасымалдың өзіне көп қаражат, шығын кететіні белгілі.

Қараңыз, бүгінде еліміз уран сататын мемлекетке айналды. Ал, уран сатуға әлемде санаулы мемлекеттерге ғана рұқсат етілген. Осы жағынан келгенде, Қазақстанның бұл тізімде тұруының өзі талассыз жетістік. Яғни, әлемдік саясаттағы Қазақстанның бейнесі қауіпсіз, тәртіпке бағынатын, ұяты бар деген сынды негізгі параметрлерден тұрады. Қазақстан бірнеше жыл қатарынан дүние жүзінде уран сатудан бірінші орында келеді.

Осындай нақты тәжірибелері, үлгілері бар еліміздің бейбітшілік идеясын насихаттауына саяси ғана емес, моральдық тұрғыда да құқығы бар. Ең бастысы, Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуі жаһандық саясаттағы орасан жеңіс және үлкен тәжірибелік мектеп.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Пікірлер