Басты миссия – жаһандық қауіпсіздік

Қазақстан жаңа жылды жаһандық саяси аренадағы аса жауапты миссиясымен бастап отыр. Бірікен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы ретінде қызметіне кіріскен еліміз әлемді татулыққа шақыруда негізінен үш басымдыққа маңыз береді.

Төрағалық мерзімінің басталуына орай арнайы брифинг өткізген Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымындағы тұрақты өкілі Қайрат Омаров әлемді ядролық қарусыздану идеясы жолында біріктіру басты миссия болатынын мәлімдеді. Санаулы күндерден соң, яғни, 18 қаңтар күні Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Нью-Йоркте жоғары деңгейлі брифинг өтеді. «Жаппай қырып-жою қаруын таратпау: сенім шаралары» тақырыбындағы шарада әлемдік деңгейде өткір тұрған нөмірі бірінші мәселе – ядролық арсенал жайы талқыланады.

Әлбетте, ядролық қару бүгінгінің «күйіп-жанып» тұрған мәселесі екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Әрісі АҚШ, берісі Ресей, Солтүстік Корея, Иран, Сауд Арабиясын алайық, аталған елдердегі жағдайлар ядролық қаруға деген ұмтылыс, яғни, талпыныс «аранының» азаймай отырғанын да күннен-күнге дәлелдеп келеді. Кей жерлерде халықаралық заңнама жұмыс істемей, шекаралар қайта қаралып, бір мемлекеттер екінші бір елдің территорияларын басып алатын жағдайға жеткен бүгінгідей алмағайып заманда әлемдік геосаяси картадағы «ойын үлгісінің» сызылуына тікелей ықпал етіп отырған мемлекеттердің қырып-жою қаруына қатысты позициясы өзгере ме? Қазақстан ізгілік жолындағы бірігу үрдісінің нәтижелі жүзеге асуына қаншалықты ықпал ете алады? Міне, осы жағынан келгенде, Қазақстанның өте маңызды тақырыпты басты объектіге айналдыруының өзі үлкен саяси қадам.

Екінші мәселе – әлем назарын аударған Сириядағы тұрақтылық жайы. Жаһандық қауіпсіздіктің күн тәртібінен түспей отырған бұл тақырып бойынша, кеңінен талқылау болады деп күтіліп отыр. Негізінде Сирия тақырыбы Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің жіті назарында тұрған мәселе. Өткен жылдың желтоқсанында аталған Кеңестің Сирияға гуманитарлық көмек беруді жалғастыру жөнінде қарар қабылдағаны да белгілі. Осыған сәйкес, Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты өкілі Қайрат Омаров Кеңес мінберінде Сириядағы саяси және әлеуметтік жағдай, химиялық қару туралы ай сайынғы мәлімдеме жасалатынын айтты.

Бұдан бөлек, арнайы өкіл Наталья Герман Кеңес мүшелеріне терроризм, экстремизм, Ауғанстандағы жағдайдың әсері, есірткі тасымалы, шекаралық суды басқару және шекараға қатысты кикілжіңдер секілді бірқатар мәселелер жөнінде консультациялар өтеді деп жоспарланған. Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалығы аясында, Сомали, Оңтүстік Судан, Мали, Ливия, Батыс Африка мен Сахельдегі ахуалға арналған түрлі деңгейдегі отырыстар ұйымдастырылады деген де мәлімет бар. Қазіргі таңда Қазақстан Африка Одағына байқаушы мемлекет ретінде қатысып, Қауіпсіздік Кеңесінің Сомали/Эритрея бойынша комитетінің төрағасы ретінде құрлықтағы тұрақтылықты қалпына келтіру мақсатында халықаралық іс-қимылдарға үлес қосып келеді.

Қалай десек те, әлемді біріктіруші Бірікен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық ету – Орта Азия кеңістігіндегі жас мемлекеттердің бірі саналатын Қазақ елінің жаһандық аренадағы зор табыстарының бірі. Сондай-ақ бұл позицияға басқа емес, Қазақстанның таңдалуының да өзіндік мәні бар. Себебі, Қазақстан әлемге сөзі де, ісі де дара мемлекет ретінде танылды. Әлемдегі ең ірі саналатын ядролық арсеналдан бір кездері өз еркімен бас тартқан Қазақ мемлекеті дүниені қарудың күшімен ғана емес, санамен, ақыл-оймен, парасатпен де мойындатуға болатынын паш етті.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

 

Сіз не дейсіз?

Ержан АШЫҚБАЕВ,
ҚР Сыртқы істер вице-министрі:

Қазақстан дипломатиясы үшін үлкен сынақ
Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалығы кезінде Қазақстан жиырмаға жуық шараны өткізуді жоспарлап отыр. Біздің төрағалығымыз аясында өтетін маңызды шаралардың бірі – жаппай қару-жарақты таратпауға арналған тақырыптық брифинг. Аталған брифинг 18 қаңтарда ұйымдастырылады. Оған Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас xатшысы Антонио Гутьеррестің өзі келіп, сөз сөйлемекші. Қауіпсіздік Кеңесінің басқа да тұрақты және тұрақты емес мүшелері қатысады. Бұдан бөлек, Қазақстан өзара сенім шараларына басымдық жасайды. Себебі, бүгінде xалықаралық қауымдастықта, әсіресе, ірі державалар арасында сенім тапшылығы барынша байқалады. Онсыз тиімді ынтымақтастықты дамыту мүмкін емес. Сол себепті біз алдағы брифингте аталған екі мәселеге баса назар аударамыз.

Шыны керек, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің төрағалығы Қазақстан дипломатиясы үшін үлкен сынақ. Бұл да тәжірибе, бұл да мектеп. Дегенмен, біз ол сынаққа дайынбыз.

 Айдос САРЫМ,
саясаттанушы:

Болашақтың игілігі үшін жұмыс атқару керек
Әлбетте, әлем мойындаған алпауыт ұйымның Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық ету – Қазақстан үшін зор мәртебе. Мұны үлкен жетістік ретінде атау керек. Ал, енді осынау жауапты миссияның болашақтың игілігі үшін жұмыс атқарғанын қаласақ, өзіміздің болмысымызға тікелей әсер ететін негізгі мәселелерді тілге тиек етсек те жеткілікті деп ойлаймын.

Ең алдымен, әлем назарынан экология тақырыбы тыс қалмауы тиіс. Осы тақырыпты қозғау арқылы Арал мәселесінің оңтайлы шешілуіне жағдай жасап алсақ, мұның өзі зор жетістік болар еді. Сол сияқты, кез келген уақытта, әсіресе, шекаралас мемлекеттер арасында өзара дүрдараздық, басқа да келеңсіз жағдайлар қаупін тудырмау мақсатында, төраға ел ретінде Қазақстанның аймақтағы су, трансшекаралық өзендер мәселесіне назар аударуы да өте орынды қадам деп санаймын. Бұл жерде ХХІ ғасырдағы ең басты мәселе бүгінде су көзі және оның тапшылығы тақырыбы болып отырғанын ұмытпауымыз керек. Ерте ме, кеш пе бір жұтым судың өзі арманға айналу қаупі бар. Демек, алпауыт ұйымға төрағалықты пайдаланып, біздің еліміз тұтас планетамызды сусыз катастрофа қаупінен сақтандыруға ықпал етуі тиіс.

Үшіншіден, Ауғанстандағы тұрақсыздық және ең алдымен, осы аймақтағы есірткі бизнесіне тосқауыл қою тақырыбы да қауіпсіздік мәселесінде үлкен рөл ойнайды. Яғни, алып ойыншылардың қытығына тимейтін, Қазақстаннан міндетті түрде бір жаққа шығуды үзілді-кесілді талап етпейтін осындай мәселелермен максималды тұрғыда айналысу – біз үшін әлдеқайда тиімді болмақ.

Пікірлер