БОЛАШАҚ: Орта Азия интеграцияға не үшін асығуы тиіс?

Өз заманында мәңгілік коммунизм идеясын одаққа қарасты барлық автономды республикаларға таңу жолымен айтарлықтай ықпалға ие болып келген Кеңес Одағы ыдырағалы бері ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Биополярлы жүйенің жойылғанына қанша жыл өтсе, Орталық Азиядағы тәуелсіз елдердің өз бетімен шешім қабылдап, дербес өмір сүре бастағанына да сонша уақыт болды. Саяси картадағы өзгерістер халықаралық дамудың жаңа дәуірінің тууына алып келді. Осылайша, өз алдына дербес құрылған жаңа мемлекеттердің алдында халықаралық аренадағы өзіндік даму жолын анықтау міндеті тұрды.

Әрі қауіпті, әрі тиімді позиция

Қалай десек те, геосаяси тұрғыдан алып қарағанда, Орталық Азия орналасу географиясы жағынан әрі қауіпті, әрі тиімді позицияда тұр. Айталық, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Түркіменстан елдері Еуразиялық кеңістіктің нағыз жүрегінде орналасқан. Шығыста Қытай, Азиялық Тынық мұхит аймағы елдері, солтүстігінде Ресей, оңтүстігінде Ауғанстан, Пәкістан, Таяу Шығыс елдері мен өзге де ислам мемлекеттерімен көршілес. Батысында Кавказ, Түркия және Еуропа бар. Мұның барлығын не үшін санамалап отырмыз? Себебі, Орталық Азия елдерінің мейлі ол саяси, мейлі ол экономикалық тұрғыда болсын даму болашағы – жалпы кеңістікке ықпал етіп отырған күштердің балансына тікелей байланысты деген сөз.

Ресей, АҚШ һәм Қытай

Қазіргі таңда Орталық Азияға деген қызығушылық әлемнің алпауыт державалары – Ресей, АҚШ және Қытай тарапынан айқын байқалып жүр. Аталған елдердің қай-қайсы да Орталық Азия кеңістігіндегі энерго-ресурстарға, мұнай-газ секторын инфрақұрылыммен жасақтауға, өндірістің стратегиялық салаларына ықпал етуге тырысып бағады. Осындай ниет әсіресе, Америка тарапынан соңғы кездері жиі байқалып та, сезіліп те келеді.

Экономикалық тұрғыда алатын болсақ, Орталық Азия кеңістігіндегі энергетикалық ресурстарға қандай да бір жолдармен қол жеткізуге тырысатын Америка Батысқа көмірсутек шикізатын тасымалдайтын маршруттар дайындауға мүдделі. Ал, аталған кеңістіктегі кей елдерде Америка әскери базаларының орналасуы – айға атылған елдің Орта Азияға ықпалын сақтап қалуға тырысып жатқанын байқатады.

Кеңес Одағы түпкілікті ыдырағаннан кейін бес ел кеңістігінде америкалық түрлі қорлар, үкіметтік емес ұйымдар, батыстық жобалар пайда бола бастады. Бұл Американың әшейін жүргізген барлауы еді. Бірақ, 2001 жылғы атышулы қыркүйек оқиғалары Орталық Азияның стратегиялық мәртебесін арттырып жіберді. Айталық, бір кездері Америка Ауғанстан территориясында талибтер мен Аль-Каида (халықаралық террористік ұйым) режиміне қарсы антитеррористік операция жүргізді. Әскери операцияның бастапқы кезеңінде Вашингтон посткеңестік елдердің аэродромын уақытша пайдаланатынын мәлімдеген болатын. Бірақ, АҚШ Қарулы Күштерінің Орталық қолбасшылығының бас қолбасшысы, генерал Томи Фрэнкс: «Біз бұл жерде қанша қажет болса, сонша уақыт болуға дайынбыз», – деп жар салды.

Сарапшылардың пікірінше, Америка үшін Орта Азия, Иранды ұстап тұруға және Ирак пен мұнай қорларын бақылауда ұстауға ықпал ететін плацдарм рөлін де атқарады. «Географиялық жағдайлар Қытай, Ресейдегі ахуалды бақылау арқылы, Америкаға жедел шешім қабылдауға ықпал етеді. Сондықтан, Америка Орталық Азия кеңістігімен арадағы байланысты әрі экономикалық, әрі саяси тұрғыда дамыта түсуге мүдделі» дейді сарапшылар.

Қазақстандық карт-бланш және «С5+1»

Соңғы жылдары Қазақстан Орта Азияның көшбасшы мемлекеті ретінде атала бастады. Және бұл сіз бен біздің емес, халықаралық қауымдастықтың берген бағасы. Батыспен де, Шығыспен де қарым-қатынасты қалыпты жағдайда ұстап келе жатқан еліміздің көп векторлы саясаты бүгінде Қазақстанды Еуропаның төріне шығып, төрелік айтатын деңгейге жеткізді. Бұл сөзімізге сонау алыс жылдар бедерінде қалған Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына еліміздің төрағалық етуі, күні кешегі Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі төре билік етуі айқын дәлел бола алады. Арғыға өтпей-ақ, кезінде Барак Обама, бүгінде Дональд Трамппен бірнеше мәрте кездескен Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев, әлем Орта Азия кеңістігінің көшбасшысы ретінде санасатын лидерлік деңгейге жетті. Біздің пікірімізше, Орталық Азияның Америкамен арадағы дипломатиялық қарым-қатынасы жаһандық қауіпсіздік, терроризммен күрес мәселесінде дамиды. Себебі, қазіргі Американың Орта Азиямен арадағы қарым-қатынасы «С5+1» тұғырнамасына негізделіп отыр.

АҚШ-тың экс-президенті Барак Обама тұсындағы мемлекеттік хатшы Джон Кери негізін қалаған «С5+1» тұғырнамасының ерекшелігі сол, онда АҚШ-тың Орталық Азияға бағытталған сыртқы саясаты толықтай көрініп тұр. Бүгінде Дональд Трамп билігі құжатты жетілдіріп, әрі қарай дамытуды көздеп отыр. Кейбір сарапшылар АҚШ-тың Орталық Азияға ерекше «құрмет» танытуының астарында «Орталық Азия мемлекеттерін ынтымақтастыру арқылы, аймаққа Ресей мен Қытайдың ықпалын әлсіретуді көздеп отыр» деген болжам айтады. Асылында, азуын айға білеген Американы Орталық Азия интеграциясы бұрын да қызықтырған, қазір де қызықтырады. Мұны АҚШ мемлекеттік хатшысының бірінші орынбасары, Оңтүстік және Орталық Азия бойынша елшісі Элис Уеллс те мойындайды. «Орталық Азия елдерімен бірлескен стратегиялық әріптестік қатынасымыз бар. Онда экономикалық интеграция, терроризм мен діни экстремизмге, заңсыз есірткі саудасына қарсы күрес және аймақтың тұрақтылығы сынды мәселелер қамтылған. Сондай-ақ, Құрама Штаттарын бұл аймақтың интеграциясы да қызықтырады». АҚШ Президенті өзінің өткен жылы күзде жариялаған стратегиясында Ресей мен Қытай АҚШ-тың негізгі «бәсекелесі» екенін атап өтті. Міне, осы жолдар Орталық Азияға деген сыртқы күштердің қызығушылығы қаншалықты зор болса, ойын картасын өзінше қоюға Орта Азияның да соншалықты мүмкіндігі барын көрсетеді.

 Футбол добына айналмас үшін…

Қалай десек те, мұнай, газ, өзге де табиғи ресурстарды біріктірген Орталық Азия өзінің даму бағытын және өзіндік жолын айқындап алуы тиіс. Бір кездері Еуразия кіндігіндегі елдердің дербес одағын құру туралы идея көтерілген болатын. Алмағайып заман тірлігін сараптай отырып, мұндай ынтымақтастықтың ең алдымен өзімізге қажет екенін айтқымыз келеді. Себебі, қазіргі жаһандану дәуірінің өзі әлемді интеграцияға алып келе жатыр. Бізбен сұхбаттарының бірінде белгілі саясаттанушы Нұрлан Ерімбетов: «Интеграциядан тыс өмір сүру – мүмкін емес нәрсе. Айталық, ауылдағы бір үй, ауласынан шықпай өмір сүре алмайды. Бәрібір ол көршісіне, ең аяғы дүкенге барады. Интеграция да сол сияқты. Кез келген мемлекет саяси, экономикалық, әлеуметтік, тіпті рухани даму жағынан болсын, бәрібір серіктес елдердің қолдауына немесе арадағы әріптестікке мұқтаж болады. Қазір тіпті ұзақ жылдар «жабық» мемлекеттер қатарында келген Өзбекстанның өзі әлемге сырт қақпасын ашып жатыр», – деген еді. Біздің айтпағымыз, Орта Азия кеңістігі алыстан Америка, жақыннан Қытай мен Ресей бұра тартып, жыға салатын икемге келгіш саяси құралға айналмауы тиіс. Қажет жерінде ірілігін, тірілігін білдіретін, өзіндік даму жолы, ұстанған позициясы бар тастүйінге айналғанда ғана біз сыртқы және ішкі қауіпсіздігімізді қорғай аламыз. Бізде табиғи ресурс жеткілікті, географиялық артықшылық та бар. Демек, сыртқы күштердің ықпалында кетпес үшін де, Орталық Азия кеңістігіне қарайтын мемлекеттер саяси, экономикалық және қорғаныс саласында бірлесіп, ортақ мақсатқа жеткізетін Одақ құруға асығуы тиіс…

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Пікірлер