ДИАЛОГ: Сеул мен Пхеньян келісім үстеліне отырады

Дүниежүзілік қауымдастық бүгінде сілтідей тынып үлкен саяси оқиғаны күтіп отыр. Себебі, бір ұлт бола тұра, жетпіс жылдан астам уақыттан бері екіге бөлініп, өзара дүрдараз жағдайы ғаламдық геосаясаттағы ойынға тікелей әсер ететін деңгейге жеткен Оңтүстік Корея мен Солтүстік Корея президенттері келісім үстелінде кездеспек. Әлемдік ақпарат құралдарының жазуынша, 27 сәуірге белгіленген саммитте кореяаралық диалогты қайта қалпына келтіру мәселесі талқыланады.

 Тарихи қадамдар

«Синьхуа» агенттігінің хабарлауынша, кездесу демилитаризацияланған аймақ, яғни, халықаралық шарттарға сәйкес, қарулы күш орналастыруға тыйым салынған аймақта – Пханмунджом ауылында өтеді. Ким Чен Ын ресми Пхеньянның келіссөздер жүргізуге қатысатынын Корея Еңбек партиясының саяси кеңесінде нақтылады. Ал, Оңтүстік Корея саммитке дайындық үшін арнайы комитет құрылғанын хабарлады. Кореяаралық қатынастар талқыланғаннан кейін, ядролық сынақтарымен әлемге доқ көрсетіп отырған Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ын АҚШ президенті Дональд Трамппен кездеседі деп күтілуде.

 Басты тақырып – Корея түбегі

Өткен жылы ғана Оңтүстік Кореяның тізгінін қолға алған жаңа президент Мун Чжэ Ин – сеңнің қозғалуына алғышарт жасаушылардың бірі. Ресми Сеулдің саясатын өзіндік көзқарастарымен өзгертуге ұмтылып отырған Оңтүстік Корея лидері саммиттің көмегімен ресми Пхеньянмен арадағы қатынасқа жылымық орнатуға мүдделі. Соның ішінде, саммитте Корея жарты аралы мәселесі де талқыланады деп күтілуде. Оңтүстік Кореяның Ресей Федерациясындағы елшісі У Юн Гын кореяаралық саммит ядролық қарудан азат аймақ құруда стратегиялық роль атқаратынын мәлімдеді. «Саммит барысында ресми Сеул Корея түбегінде бейбітшілік орнату, қауіпсіз аймақ құру және кореяаралық қарым-қатынасты дамыту мәселесіне назар аударатын болады. Әрине, мәселенің барлығы бірден шешіле қалмайды. Десе де, біз сұрақтарды кезең-кезеңімен қарастыруға ниеттіміз», – деді ресми өкіл ресейлік журналистерге берген сұхбатында.

 Сарапшылар не дейді?

Сарапшылардың пікірінше, кореяаралық қатынастың жаңа дәуірі басталды деуге толық негіз бар. Мәселен, «РИА Новости» агенттігі таратқан мәліметте Asan Institute for Policy Studies оңтүстік кореялық институттың аға ғылыми қызметкері Го Мён Хён дипломатиялық қатынасқа назар аударатын сәттің туғанын екі ел де жақсы түсініп отырғанына сенімді. «Ұлтты біріктіру мәселесінде Оңтүстік Кореяның жаңа президенті Мун Чжэ Иннің өзіндік көзқарастары бар. Біз Солтүстік Кореяның бұдан былай қорқыту-үркіту бағытындағы позицияларын тоқтататынына үміттіміз. Біз (Оңтүстік Корея – Авт.) үшін конструктивті байланыс орнату маңызды», – дейді сарапшы.

Ресейлік елші, шығыстанушы Георгий Толорая саммиттен позитивті жаңалықтарды күтуге болатынын айтады. «Рас, қазіргі таңда Солтүстік Корея ядролық арсеналға бай мемлекет. Олар саммитте осы позиция тұрғысында мәселе қозғайтын болады. Оның үстіне, бұл тарихи оқиға Оңтүстік Корея басшылығына жаңа президенттің келуі кезінде болғалы отыр. Және келісім үстелінде бас қосу туралы Пхеньянның ұсынысын Сеулдің бірден қабылдауы да, қос тарапқа тиімді мүдделер бар екендігін көрсетеді», – дейді ол.

 Ең басты сұрақ

Корея түбегіндегі ахуал өткен жылы тіптен ушығып кетті. Себебі, Солтүстік Кореяның бір емес, бірнеше мәрте ядролық зымырандарды сынақтан өткізуі алып мемлекеттердің «жиырылуымен» бірге, Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің Пхеньянға қарсы ең қатал санкцияларды салуына дейін алып келді.

Әлем күткендей Пхеньян ядролық арсеналдан ерікті түрде бас тарта ала ма? Сарапшылар Корея түбегіндегі мәселенің бүгін немесе ертең шешіле қоймайтынына сенімді. Және аталған аймақты толықтай ядролық қарудан азат ету жолында Солтүстік Кореяға соғыс ашу да тиімді жол емес. «Егер, Вашингтон, Токио және Сеул «Солтүстік Корея ашулы мәлімдемелерден аяқ тартады» деп есептесе, қатты қателеседі. Миллиардтаған қаржы құю арқылы, заманауи қорғаныс қаруына қол жеткізген Пхеньян күні бүгінге дейінгі еңбектен қарап отырып бас тартпайды. Демек, дәл қазіргі жағдайда Солтүстік Кореяны бұрышқа тыға бергеннен гөрі, Пхеньянға мүмкіндік берген тиімді. Ол қандай мүмкіндік болады? Ким Чен Ын қандай жолды таңдайды? Бұл енді Солтүстік Кореяға деген Оңтүстік Кореяның, Жапонияның және АҚШ-тың ұстанатын саяси позицияларына тікелей байланысты», – дейді сарапшылар.

P.S. Мәселен, Ресей мынадай формуланы ұсынып отыр. АҚШ – Жапония, АҚШ – Оңтүстік Корея тарапынан Солтүстік Кореяға қарсы салынған санкциялар алынып, Пхеньян ядролық зымырандарды сынақтан өткізуді тоқтатуы тиіс. Және бұл процесс бір сәтте жүзеге асатын болса, әлемді ядролық соғыс қаупінен сақтау жолында әрі қарай қадамдар жасауға мүмкіндік болады. Мәселеге тереңірек бойлап қарасақ, айтылуы тиіс бір шындық бар. Тіпті, Корея түбегі ядролық қарудан біржола азат етілген жағдайда да, Оңтүстік Корея халқының қауіпсіз жағдайда өмір сүретініне ешқандай кепілдік жоқ. Бұған дейін АҚШ тарапынан жасалып келген қоқан-лоқыларды ескерсек, Солтүстік Корея жағалауына Американың кез келген уақытта қарулы базаны әкеліп орналастырып қоюы да ғажап емес. Ким Чен Ын мұның барлығын жақсы біледі. Сондықтан, әлем күтіп отырған кореяаралық саммит ең басты сұрақ – ядролық қауіпсіздік мәселесін түбегейлі шешетін механизм бола алмайды. Бірақ, бұл жаһандық геосаяси картадағы жылымықтың бастауы. Егер, саммит кез келген мәселені қарудың ұшымен емес, жан жақты ойластырылған дала дипломатиясымен шешуге мүмкіндік барына тараптарды сендіретін болса, кореяаралық саясаттағы «мұз болып қатқан» позиция біртіндеп өзгере бастауы мүмкін.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Пікірлер