Диктатордың ақыры

Алмазға бай мемлекет халқын тышқан теруге не мәжбүрледі?

 Өткен апталардың әлемдік деңгейде талқыланған оқиғаларының бірі алыс Зимбабведегі әскери төңкеріс болды. Отыз жеті жылдан бері әлемдегі ең кедей елді басқарып келген диктатор Роберт Мугабе биліктен әйел үшін қуылды. Белгілі бір кландардың арасындағы таққа талас қайда апарады? Мысықша жармасып биліктен ажырамау, есесіне елдің байлығын белгілі бір топ үшін ғана пайдаланудың әрі табиғи, әрі саяси шешімі қалай болуы мүмкін?

 

Шексіз «махаббат» немесе 26 млн долларға салынған зәулім үй

Әлемдік БАҚ-тың жазуынша, 93 жастағы Роберт Мугабенің өмірінің соңына дейін президент болып қалатындай мүмкіндігі бар еді. Бірақ, жұбайын бастапқыда вице-президент етіп тағайындап, кейін оны ізін жалғаушы ретінде басшылыққа әкелу идеясы қарт диктатордың түбіне жетті.

Қарашаның он төртінен он бесіне қараған күні әскерилер көшелерді танкімен бақылап, мемлекеттік ZBC телерадиокомпаниясын басып алды. Мугабе үй қамаққа алынды. Әскерилердің қолына өткен телеарна: «Елде ешқандай төңкеріс болған жоқ. Бірақ, армия елдегі жағдайды бақылауда ұстауда. Оның әрекеттері Мугабенің маңайындағылардың қылмысын әшкерелеуге арналған. Мугабенің айналасындағылардың әрекеттері елдегі әлеуметтік, экономикалық ахуалдың ушығуына алып келді», – деген хабар таратты.

Төңкерістен бір күн бұрын армия қолбасшысы Константино Чивенга ел әскерінің революция жетістіктерін жоқ қылғысы келетіндерді тоқтататынын мәлімдеген болатын. Сарапшылар, генералдың мәлімдемесін елдегі саяси тоқырауға реакция ретінде қабылдауда. Яғни, осы мәлімдемеден біраз бұрын Зимбабве президенті Роберт Мугабе елдегі салмақты саясаткерлер саналатын Эммерсон Мнангагваны вице-президентік тақтан қуып шығып, оның орнына жұбайы Грейс Мугабені тағайындамақ болған еді.

Ақиқатына келгенде, Грейс Мугабе, яғни, елдің бірінші ханымы біраз уақыттан бері елдің бейресми президенті саналып келеді. Себебі, жұбайының жасы келуіне байланысты, Грейс Мугабе елді басқару ісін бірнеше жыл бұрын «меншігіне» өткізіп алған еді.

Жоғарыда айтылғандай, Зимбабвенің әлемдегі ең кедей ел екеніне қарамастан, Грейс Мугабе аста-төк жағдайда өмір сүріп келді. Ол тұрып келген зәулім сарайдың құны 26 миллион долларға (!) бағаланды. Балалары қоқыстан тамақ іздеп отырған халықтың бірінші ханымы киім-кешектің өзін еуропалық астаналардың ең қымбат бренд дүкендеріне апта сайын барып сатып алып отыруды әдетке айналдырған. Осыдан жеті жыл бұрын атышулы WikiLeaks сайты біз әңгіме етіп отырған Зимбабвенің бірінші ханымының алмаз саудасында ондаған миллион доллар тапқаны туралы ақпарат таратқан болатын.

Президенттік тақтан үміткер Грейс Мугабенің билік партиясына қарасты жас шенеуніктер арасында «Ұрпақ 40» фракциясын құруын да сарапшылар тақтан үміткердің әрекетіне балап отыр.

 

Бәрі қалай басталып еді?

Он бес жылға созылған соғыстан кейін, сайлау жолымен 1980 жылы билікке келген Роберт Мугабе бірден авторитарлы режим орнатты. Елде ұлтараздық, нәсілдік деңгейдегі проблемалар пайда болды. Этникалық басымдыққа ие шон нәсілі мен матабеле нәсілінің арасындағы қақтығыстар Зимбабве әскерилерінің матабеле төңкерісін басып-жаншуына дейін алып келді. Төрт мыңнан бастап, 30 мың адамға дейін дарға асылды.

Қатыгездікпен басталған саясат экономикалық құлдырау мен шегіне жеткен кедейшілікке алып келді. Бүгінде Зимбабвені әлемдік саясатта кедейшіліктің символы ретінде қарастыратындар да бар. Экономикалық құлдырау Зимбабвеге 1998 жылы келді. Билікті өлермендікпен сақтап қалуға тырысқан Мугабе сайлаушылардың дауысын жинау үшін 2000 жылы «ақ» фермерлердің жерлерін тартып алу туралы заңды қолданысқа енгізді. Зимбабвеліктердің тілімен айтқанда, «ақтар» сол кезде жергілікті халықтың бір пайызын құраған еді. Есесіне оларға егіндік жердің 70% тиесілі болды. Мемлекет емес, билік жолындағы тайталас осылайша, елде жаппай құрғақшылықтың белең алуына, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жетіспеушілігіне, соңы әлеуметтік, экономикалық тоқырауға дейін алып келді. Нәсілдік негізде басталған текетірестен соң, Еуропа Зимбабведен біржола теріс айналды. Сондай-ақ батыс елдері Үкіметтің жер саясатын сынға алды. Оппозиция мың жерден сынап-мінегенімен, елде бір емес, үш рет өткен президенттік сайлауда Роберт Мугабені биліктен тайдыра алмады.

 

Тақ жолындағы талас һәм болашақ

Елдегі 2008 жылғы инфляция деңгейі – 231 млн пайыз. Жұмыссыздық көрсеткіші 94% дейін жетті. Экономикалық құлдыраудың шарықтау шегіне жеткені өз алдына, 2009 жылы мемлекет ұлттық валютадан, яғни, зимбабвелік доллардан біржола бас тартып, төлемнің барлығын америкалық доллармен жүргізуге мәжбүр болды.

Тақ жолындағы талас билік партиясында 2014 жылы басталды. «Диктатордың ізін кім басады?» деген сұрақ сол жылы вице-президент Джойс Муджурудың биліктен қуылуына алып келді. Сарапшылар, саяси элита мұны Грейс Мугабенің саяси қадамына балады. Ал, бұл жолы жаңа вице-президент Эммерсон Мнангагваның биліктен аластатылуы Грейс Мугабе үшін президенттікке нақты жол ашқан болар еді.

Зимбабвенің төңкерістен кейінгі жағдайы қалай болады? Африканы зерттеу орталығының негізін салушылардың бірі, украиналық Александр Мишин «LIGA.net» сайтына берген пікірінде мемлекетте сәтті революция болғанына назар аударған. «Әскерилердің елдегі саяси жағдайға араласуы тұңғыш рет тіркеліп отырған жағдай. Бұл саяси төңкеріс Зимбабведегі экономикалық сәтсіздіктерге Мугабенің тікелей кінәлі екенін көрсетті. Мугабенің тағдыры қалай өрбиді? Ол қудалауға ұшырамайды. Бұл төңкеріс те емес. Бұл билік басындағы кландардың өзара қақтығысы. Мугабе бәрібір «ұлттың әкесі» болып қала береді. Себебі, ол тәуелсіз мемлекетті жасаушы. Сондықтан, осы факторлар Мугабеге қорғаныс иммунитетін қалыптастырады», – дейді сарапшы.

Сонымен, әлемді шулатқан елдегі ахуал енді қалай өзгереді? Сарапшылардың бағамдауынша, саяси тұрғыда «аһ» ұрарлықтай жаңалық болмайды. Десе де, экономикалық сауығу болуы мүмкін. Бұған дейін шетелдік инвесторлар елдің болашағынан қорыққандықтан Зимбабвеге келе алмаған еді. Оған себеп іс басындағы президент Роберт Мугабенің жасы келуі әрі денсаулығының нашарлауы болатын. Яғни, Мугабенің өлімінен кейін тақ жолындағы талас елге тұрақсыздық әкелуі мүмкін еді. Ал, саяси төңкеріс елдегі ахуалдың қашанда әскерилердің бақылауында болатынын көрсетіп берді.

            P.S. Асылында, Зимбабве әлем ойлағандай бейшара мемлекет емес. Ұқсата білген басшыға Зимбабвенің қойнауы байлыққа толы. Хром, алмазға бай мемлекеттің игілігін осы уақытқа дейін бір отбасының ғана пайдаланып келгені өкінішті. Әйтпесе, зимбабвелік балалар тышқан теріп жеуге мәжбүр болмас еді…

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Пікірлер