Интеграция ядросы

Қазақстанның Азаматтық Альянсының президенті, белгілі саясаттанушы Нұрлан Ерімбетовпен интеграция тақырыбында сұхбаттасқан болатынбыз. «Интеграция – заман талабы. Қазір бүкіл әлемде жаһандану жүріп жатыр. Интеграцияға мойынсұнбау – есік-тереземді бітеп, аулада ғана отырамын, көршімен де қатыспаймын» дегенмен тең» деген пікірін айтқан еді. Жөн сөз.

Тәуелсіздік жылдарындағы басты жетістік деген уақытта ең алдымен біз елдегі бейбітшілікті, ішкі, сыртқы саясаттағы тұрақтылықты және жаһандық үнқатысуларға Қазақстанның жоғары дәрежеде қатысуын айта аламыз. Демек, Еуразиялық Экономикалық Одақ – тәуелсіздік жылдарында өмірге келген Қазақстанның, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төл туындысы.

Қазақстан Президентінің төл жобасы бүгінде ортақ нарықта 183 миллионнан астам адамға қызмет көрсетіп отыр. Беларусь, Қазақстан, Ресей, Армения және Қырғызстан елдері мүшелік ететін Одақтың басты мақсаты – ішкі нарықты бәсекеге қабілетті өнім шығару жолымен нығайту арқылы, интеграциялық аймақ аясында еркін сауда айналымын қалыптастыру.

Саясаттанушы Нұрлан Ерімбетовтің пікірінше, қазіргідей жаһандық экономикалық дағдарыс аясында Қазақстан Одақтың әлеуетін максималды түрде пайдалануы керек. «Себебі, интеграция – күн тәртібінде тұрған мәселе. Қазақстан – Орта Азия континентінде орналасқан үлкен ел. Осы жағынан алғанда да мейлі саяси, мейлі экономикалық қауіпсіздігімізді бірігіп қорғауға міндеттіміз. Африка, Азия, Америка, Еуропа, Таяу Шығыс елдеріндегі саяси, экономикалық, әскери дағдарыстарды есепке алсақ, бізге бәрібір осындай мәселелерден қорғануда Еуразиялық Экономикалық Одақтың мүмкіндіктерін пайдалануға тура келеді», – дейді ол.

Журналистерге берген сұхбатында Қазақстанның Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Бекешев Одаққа мүше елдердің ішкі жалпы өнімінің ағымдағы жылдың алғашқы алты айында 1,8% дейін артқанын мәлімдеген еді. Қазірдің өзінде Қазақстанда бір ғана Ресеймен бірлескен сегіз мың кәсіпорын жұмыс істейді. Ал, үш жыл бұрын бұл көрсеткіш бұдан екі есе төмен болатын.

Қазіргі таңда Одақ тауар айналымымен бірге, жұмысшы күші, білім, капитал және қызмет көрсету саласындағы жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр. «Рас, бір кездері Одақ аясындағы тауар айналымы көрсеткіші төмендеген сәттер болды. Бұл халықаралық экономикалық, саяси дағдарысқа байланысты еді. Десе де, Еуразиялық Экономикалық Одақ бұл қиын кезеңді жеңуге ықпал етті. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында Одақ аясында тауар айналымы 34 пайызға артты» деп атап өтіпті журналистер үшін өткен баспасөз-конференциясында Ресей Федерациясының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Михаил Бочарников. Демек, осы бір фактордың өзі Еуразиялық Экономикалық Одақ – өндіріс әлеуеті қуатты елдер үшін ғана пайдалы дейтін еуропессимистерге ұтымды жауап бола алады.

Медальдың екі жағы болатыны сынды, дүниеде ақ пен қараның болуы заңдылық. Сол себепті, мақаламызды еуропессимистердің пікірлерін сараптай отырып түйіндегенді жөн көрдік. Ғаламтор кеңістігін қарап отырсақ, «Бұл құрылымға мүше елдер бірінен соң бірі тым-тырақай сытылып жатқан Еуропалық Одақтың күйін кешеді», «Еуразиялық Экономикалық Одақ – Дүниежүзілік Сауда Ұйымының тасасында қалып қояды» деген пікірлерді жиі кездестіруге болады. Сыни пікірлерді сараптай келе, төмендегі жайттарға назар аударғанды жөн көрдік. Осыдан бір жыл бұрын Сочи қаласында өткен Ресей-АСЕАН саммитінде Ресей Президенті Владимир Путин Еуразиялық Экономикалық Одақ, АСЕАН және Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының арасындағы ынтымақтастықты нығайту жөнінде ұсыныс тастаған болатын.

Сарапшылардың пікірінше, тауар айналымында, экономика кеңістігінде тұрақтылық сақталған жағдайда Еуразиялық Экономикалық Одақтың Қытай, Үндістан, Пәкістан, Иран елдерімен арадағы әріптестік байланысты жаңа деңгейге көтеретін мүмкіндігі бар.

Бүгінде Венгрия, Израиль, Үндістан, Камбоджа, Қытай Халық Республикасы, Лаос, Оңтүстік Корея, Чили, Жапония, Индонезия сынды елуге жуық мемлекет Одақпен арада экономикалық байланыс орнатуға ниетті болып отыр. Одаққа мүшелікке үміткер елдердің қатарында Тәжікстан, Молдова, Өзбекстан, Түркіменстан, Түркия, Иран аталып жүр. Бұл – қатысушы елдердің ішкі жалпы өнімінің көлемі екі триллион долларды құрайтын Еуразиялық Экономикалық Одақтың тұрақты интеграцияның ядросы ретінде жұмыс істейтінін көрсетеді.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

 

 

Бақтыбек ТАУБАЕВ,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы:

Өндіріске сапа мен бәсеке алып келді

Экономикалық теорияның негізгі заңдылығы қашанда ұсыныс пен сұраныс болып қала береді. Осы заңдылық әлі күнге дейін өз дәрежесінде жұмыс істей алмай отыр. Тауар айналымында әлі күнге дейін проблемалар бар. Десе де, біз ТМД кеңістігінде бұрын-соңды болмаған алып экономикалық одақ құра алдық. Қазіргі таңда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өмірге келген Еуразиялық Экономикалық Одақ өндіріс саласына сапа, бәсеке алып келді.

Бізге жаңа өндірістер, зауыттар мен технологиялар келіп жатыр. Бұл үрдіс әлі де жалғасады. Енді, алдымызда қолданысқа еніп жатқан жаңа салаларды кадрмен қамту мәселесі туындап отыр. Біздің нарығымызға келетін жаңашылдықтармен бәсекеге түсе аламыз ба? Негізгі мәселе осында.

 

Тайыр МАНСҰРОВ,

жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері:

Маңызы мен рөлі баға бергісіз

Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық жобасының басты ерекшелігі – Қазақстанның ұлттық мүдделерін Еуразия өңіріндегі басқа мемлекеттердің дамуындағы басым бағыттарымен ұштастыруында жатыр. Аталмыш еуразиялық идея көпвекторлық ұстанымы іспеттес Қазақстанның сыртқы саясатындағы басты бағыт. Осы тұрғыдан алғанда, мемлекеттің табысты дамуындағы еуразиялық жобаның маңызы мен рөлі баға бергісіз. Еліміздің сыртқы саясатының еуразиялық стратегиясы әу бастан аймақтағы көршілерімен достық қатынас орнату мен қалыптастыру, қауіпсіздік саласындағы ынтымақты нығайту, көрші елдердің экономикалық, көліктік және ресурстық әлеуеттері арқылы даму мен бәсекеге қабілеттіліктің жоғары деңгейіне жету сияқты объективті қажеттілігінен туындады деуге болады.

 

Евгений ПРИМАКОВ,

Ресейдің көрнекті мемлекет қайраткері, академик:

Еуропалық-азиялық элементтің бірігу үрдісі

Нұрсұлтан Назарбаев – қай кезде де кең тұрғыда ойлайтын адам. Мен, тіпті, егер Нұрсұлтан Әбішұлы премьер-министр болып, ал бұл нұсқа президент М.Горбачевке  ұсынылса, онда КСРО бұлай оңай ыдырап кетпес еді деп ойлаймын. Әлдекімдерге Нұрсұлтан Әбішұлының біздің ынтымақтастықтың еуразиялық сипаттағы идеясы ұнамауы мүмкін. Маған бұл идея барынша тиімді болып көрінеді. Оның авторы Назарбаев бұл мәселеде өзін толысқан және ақылды саясаткер ретінде көрсетті деп есептеймін. Бұл Еуропадан Азияға нағыз «көпір». Егер әңгіме ауанын геосаясатқа емес, мәдениетке, өркениетке бұратын болсақ, онда бұл арада еуропалық-азиялық элементтің бірігу үрдісі айқын көрінеді.

Пікірлер