Иракты қалпына келтіру қанша тұрады?

Аптаның дүйсенбісі әлем назарын аударған халықаралық деңгейдегі маңызды оқиғамен басталды. Иракты қалпына келтіру қанша тұрады? Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропалық Одақ, Халықаралық банк және Америка бастаған мүдделі мемлекеттер Кувейт мемлекетінің астанасы Эль Кувейт қаласында бас қосып, осы сұраққа жауап іздеді. Үш күнге созылған халықаралық конференцияда Ирак Үкіметі үш жылға ұласқан соғыстан кейін елді толықтай қалпына келтіру үшін кемінде 100 миллиард АҚШ долларына жуық қаражат керектігін мәлімдеді.

212 инвестициялық жоба ұсынылды

Бас-аяғы жетпіс мемлекет, көптеген халықаралық ұйымдар қатысқан жиында ең алдымен белгілі болғаны Ирак Үкіметі кемінде он жылды қамтитын көп жылдық бағдарлама жасақтап отыр. Оның ішінде орта және ұзақ мерзімде аяқталатын 212 инвестициялық жоба халықаралық қатысушылар назарына ұсынылуда. Халықаралық конференция кезінде баяндама жасаған Ирак елінің Жоспарлау министрі Салман аль-Джумаилидің мәліметінше, жобалардың барлығы әуелі мұнай-газ секторын, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, туризм саласын қалпына келтіруге және ДАИШ (Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйым) шабуылдарынан зардап шеккен Ирак қалаларын толықтай қалпына келтіріп, жергілікті халықты баспанамен қамтамасыз етуге жұмсалатын болады. Қазірдің өзінде есімін халықаралық бренд ретінде жасап алған 1,8 мың компания Бағдад ұсыныстарына қызығушылық танытып отыр.

2,9 млн ирактық елін тастап шыққан

Халықаралық террористік ДАИШ ұйымымен Ирак арасындағы соғыс үш жылға созылды. 2014 жылы басталған қанды қақтығыс нәтижесінде Ирактың жеті бірдей провинциясының күлі көкке ұшты. Осы жылдың жазында ДАИШ Ирак мемлекетінің тең жарты территориясын басып алды. Сол жылы тіпті, Найнава провинциясының әкімшілік орталығы саналатын Мосул қаласын да бағындырып, ДАИШ халифатының ресми астанасы деп жариялады. 2015 жылы Ирак халықаралық коалицияның көмегіне жүгінуге мәжбүр болды. Кең көлемді операция нәтижесінде, 2017 жылдың желтоқсанында Ирак билігі ДАИШ-тің біржола талқандалғанын мәлімдеді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметіне сілтеме жасап хабар таратқан халықаралық «Синьхуа» агенттігінің ақпаратына қарағанда, соғыс жылдары кезінде елді 2,9 млн ирактық тастап шыққан. Ал, ДАИШ лагерінен босатылған ирактықтар әлі күнге дейін босқындар лагерін паналауға мәжбүр болып отыр.

Ирак елінің Жоспарлау министрі Салман аль-Джумаили баяндамасына «Дәл қазіргі таңда 2,5 миллион келімсек көмекке зәру. Ал, 183 мыңнан астам баспана қайта қалпына келтірілуі тиіс» деген мәліметті қосып қойды.

Әр төртінші сәби кедейшілікте өмір сүруде

Десе де, талай жылдан бері қантөгістен көз ашпай отырған Ирактың тікелей босқындарына, жалпы халқының қазіргі әлеуметтік жағдайына байланысты мәліметтер әлі күнге дейін әртүрлі айтылып жүр. Бір жағынан бұл түсінікті де. Себебі, Ирак бүгінгідей өркениет кеңінен қанат жайған ХХІ ғасырда халықаралық күштердің тырнағынан ең көп зардап шеккен елдердің бірі. Сонымен, Біріккен Ұлттар Ұйымына қарасты ЮНИСЕФ халықаралық төтенше балалар қорының мәліметінше, дәл қазіргі таңда төрт миллион (!) Ирак азаматы гуманитарлық қолдауға зәру болып отыр. ДАИШ-пен арадағы қанды қақтығыс жылдарында Ирактың бір ғана білім беру мекемелеріне 150-ге жуық шабуыл жасалған екен. Ең аз дегенде 50-ге жуық медициналық мекеме зардап шеккен. Елдегі мектептердің тең жартысы күрделі жөндеуден өтуі тиіс. Соғыстың салдарынан үш миллион (!) бала білім алуын тоқтатуға мәжбүр болған. Қазіргі таңда Ирактың әр төртінші сәбиі өте кедейшілік деңгейде өмір сүріп жатыр.

Он бес жылға созылған сынақ

ДАИШ-пен арадағы соғыс нәтижесінде көз жұмған бейбіт тұрғындар саны туралы әлі күнге дейін нақты мәлімет жоқ. Бірақ, бір білеріміз Ирак халқы күнделікті тірлікке айналып кеткен соғыстан шаршады. Қазір Ирак халқына еш қауіп-қатерсіз, адам шығынынсыз тыныш өмір сүруге мүмкіндік беретін бейбітшілік аспаны керек. Сонау 2003 жылы басталған соғыстан бері жарылыс пен автомат оғынан көз ашпай келе жатқан Ирак халқы үшін сынақ соңғы он бес жыл бойы жалғасып келеді десек, қателеспейміз. Айталық, 2003 жылдан 2011 жылға дейін созылған АҚШ-пен арадағы соғыс кезінде жарты миллионға жуық адам көз жұмған. Бұл бір кездері «PLoS Medicine» журналында жарияланған мәлімет. Халықаралық сарапшылар таратқан мәліметке сүйеніп ақпарат жариялаған журнал деректерінде сегіз жылға созылған Америкамен арадағы соғыстың нақты 460 мыңға жуық адамның өмірін жалмағаны айтылады. Орта есеппен алғанда 15 пен 60 жас аралығындағы ирактықтардың ішіндегі 132 мың адамның өлімі тікелей әскери операцияларға байланысты болған.

P.S. Ерте ме, кеш пе, ДАИШ-пен арадағы қақтығыстардың адами шығындары туралы мәліметтердің де ашық жарияланатынына сенімдіміз. Десе де, біздіңше, қазір Ирак халқының денсаулық жағдайын назарға алу маңыздырақ сияқты. Себебі, соғыс зардаптарының жергілікті халық денсаулығына теріс әсер етіп, тіпті, түрлі жұқпалы аурулар, жаппай індет жайлау қаупінің туындауы да ғажап емес. Мұндай жағдай онсыз да сын сағатты бастан өткеріп жатқан Ирак билігі үшін тіптен жұдырық болып тиюі мүмкін. Сондықтан, он жылға жасалған ұзақмерзімді экономикалық жоспарға медициналық пунктерді де енгізіп қойған артық болмайды.

Соңғы он бес жылда әлемде көп нәрсе өзгерді. Тіпті, адами фактордан бастап, мемлекеттің даму жағдайын саралайтын параметрлерге дейін жаңаша сипатқа ие болды. Осынау уақыт кезінде соғыстан көш ашпаған Ирак экономикасының нақты неше жылға кейінге кеткенін саралап айтудың өзі қиын. Десе де, қараңғыдан кейін жарық келетіні сияқты, Кувейтте өткен халықаралық конференция Ирактың жаңа өмірінің басталуына мүмкіндік беретін болса, бұл – бейбітшілік деп аталатын киелі ұғымның «отты нүктелерді» біржола ұмытпағанын білдіреді…

Германиядан 1 млн еуро

Иракты қалпына келтіру процесіне атсалысу мақсатында Германия бір миллион еуро бөледі. Бұл туралы Германияның Сыртқы істер министрі Зигмара Габриэля мәлімдеді.

Халықаралық антитеррористік коалицияға қатысушы елдердің министрлер кездесуі кезінде қабылданған шешім туралы ақпарат таратқан «Укринформ» сайтының хабарлауынша, Германия өкілі Зигмара Габриэля халықаралық қауымдастықтың ДАИШ халифатын талқандауы – Ирак елі үшін жаңа кезеңнің басталғанын көрсететінін атап өткен. «Бірінші кезекте елдегі жағдайды тұрақтандыру, қайта жаңғырту және мемлекеттік институттарды нығайту мәселесі де тұр. Босқындарды қауіпсіз жағдайда елге қайтарумен бірге, Ирактың ішкі татулығын нығайту тақырыбы да өзекті күйінде қалып келеді. Мәселен, Бағдад пен Эрбил арасында ынтымақтастық орнауы тиіс» деген Германияның Сыртқы істер министрі террорлық шабуылдардың қайта оралмасы үшін де аталған элементтерге маңыз берудің стратегиялық роль атқаратынын атап өтті.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Пікірлер