Каталония тәуелсіздігі қайда апарады?

Бұған дейін жарияланған «Испаниядан қашу немесе Каталония тәуелсіздігін ала ма?» атты мақаламызда азшылықтың көпшілікке қарсы тұруы және күтілген нәтижелер туралы жазған болатынбыз. Арада аз уақыт өтісімен Каталония тақырыбын толықтырған оқиғалар Еуропа келбетін өзгертіп жатыр. Санаулы күндер бұрын Каталония тәуелсіздігін жариялағаны сол еді, лезде билікте ауыс-түйістер басталып кетті. Мәселен, Каталонияға басшы болып Испанияның вице-премьері тағайындалды. Осылайша, ресми Мадрид атышулы Карлес Пучдемон мен жақтастарын биліктен аластатуға барын салып жатыр…

 

Парламенттің шешімі

Бұған дейін Барселонадан бастап шулаған көшедегі айғайлар енді Каталонияның тәуелсіздігіне қарсы тұрғындар шеруімен жалғасуда. Тіпті, «Пучдемонды түрмеге жабыңдар» деген жазуы бар плакаттар көп нәрседен хабар береді. Сонымен, Испания саяси дағдарыстан қалай шығады? Финалдық нәтижеде Еуропа немен қалады? Саралап көрелік…

Каталонияның тәуелсіздігі туралы декларацияны жергілікті Парламент ресми түрде қабылдап, жариялады. Нәтижесінде Парламентке мүше 135 депутаттың 70-і тәуелсіздікті қолдап дауыс берді. Ал, Испания билігі Каталонияның құзыретін шектеп тастады. Осылайша, Испанияның ресми билігі Каталонияны тікелей Мадридтен басқаруға мүдделі. Кәрі құрлықты ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап үйренген Еуропа Одағы да ресми пікірін білдіріп үлгерді. «Еуро Одақ үшін ешнәрсе өзгерген жоқ. Біз үшін Испания жалғыз пікірлес болып қала береді. Испания үкіметі дәйектердің күш алуы үшін таңдау жасайтынына сенеміз» деп мәлімдеме жасаған Еуро Кеңестің президенті Дональд Тусктің ресми ұстанымын бүгінде сарапшылар қауымдастығы өткір сынға алып жатыр.

«Еуропа кеңістігі үшін ешнәрсе өзгермеді деген бос сөз. Керісінше, барлығы өзгеріп жатыр. Дағдарыс ушығып барады. Еуро Одақ екіжақты тиімді шешімге бастайтын жол ұсынуы тиіс» деген сарапшылық қауымдастық «Брюссель жайлы креслодан тұрып, проблемаға араласуға құлықты емес» деген пікірді ұстанып отыр.

Тәуелсіздік туралы тәтті сөз жарияланғаннан кейінгі күннен бастап, Каталония көшелерінде жауабы жоқ сұрақтар көбейген. «Каталония қайда бара жатқанынан бейхабар. Алда тек қана белгісіздік болуы мүмкін. Бұл болашақ үшін өте қауіпті нәрсе. Біздің көз алдымызда қазір лас саяси ойындар үстемдігін жүргізіп жатыр» дейді жергілікті халықтың дені. Десе де, Каталонияның биліктен шеттетілген көсемі Карлес Пучдемон бастаған топ бұқараны мейілінше шыдамды болуға шақырып жатыр. Иә, Мәскеу бірден тұрғызылған жоқ…

 

Барселонадағы ахуал

Ресми Испания болса, Каталония Парламенті қабылдаған шешімді заңға қарсы әрекет әрі, қып-қызыл қылмыс деп бағалауда. «Испания ірі мемлекет. Сондықтан, біз соңғы қырық жылда елімізді әлемдегі ең демократиялы мемлекеттің қатарынан көрсеткен Конституциямыздың және мемлекет заңнамаларының аяқасты болуына жол бермейміз» деп мәлімдеме жасаған Испания Үкіметінің төрағасы Мариано Рахойдың сөзінен кейін Каталонияны Мадрдидтен тікелей басқару қадамдары жасалуда.

Дәл қазіргі таңда Каталония екі қайықтың басын ұстап тұр. Бір ғана мысал. Каталонияның жергілікті үкіметі Женералитет ғимаратында әлі күнге дейін Испанияның туы ілініп тұр. Мадрид биліктен ығыстырып жатқан Пучдемон орнын босатуға асығар емес. Тәуелсіздікті қолдаушы Барселона баспасөзі оны Каталония Республикасы уақытша Үкіметінің басшысы деп атауда. Ал, ресми Мадрид болса, Пучдемон және оның жақтастарына қатысты қылмыстық іс қозғап жатыр. Анау-мынау емес, конституциялық сот қарап жатқан іс Пучдемонды отыз жылға дейін бас бостандығынан айыруы мүмкін.

 

Кім нені жоғалтады?

Каталонияның тәуелсіздігі расымен сақталатын болса, ресми Мадридтің көп нәрсені жоғалтатыны анық. Себебі, бұған дейін де айтқанымыздай, Каталония Испания экономикасының моторы саналады. Өткен жылдың өзінде Каталонияның ішкі жалпы өнімі 224 миллиард еуроны құрады. Бұл Каталония әлемдегі ең бай мемлекеттер қатарына кез келген уақытта іліге алады деген сөз.

Оның үстіне, Мадрид туристік әлеуеті жоғары жағалау жүйесінен де біржола көз жазуы мүмкін. Өйткені, Барселонада маңызы жөнінен әлем бойынша екінші орынды алатын әуежай мен теңіз порты орналасқан. Испаниядағы электр энергиясының 40 пайызын өндіріп отырған екі бірдей атом стансасы да Каталония территориясында. Оның үстіне, тәуелсіздігін жариялаған жас мемлекет – Каталонияда көптеген автомобиль және текстильді кәсіпорындар орналасқан.

Десе де, сарапшылардың дені Каталонияның Испаниядан бөлінуі Барселона үшін де тиімсіз деген пікірде. Мәселен, Каталония тауар экспорты жағынан негізінен Еуро Одаққа тәуелді. Демек, тәуелсіздікті жариялау еуро аймақтан автоматты түрде шығу дегенді білдіреді. Күні бүгінде Каталониямен бір мың жарым (!) компания қоштасып үлгерген. Испанияның тіркеу бірлестігінің мәліметінше, Каталонияны әр сағат сайын төрт компания тастап шығуда. Бір қызығы, өзін-өзі жұмыспен қамтыған каталондықтардың тең жартысы бүгінде тәуелсіздікті қолдамай отырған көрінеді. «Каталония өте үлкен экономикалық дағдарысқа тап болады. Мұның соңы баспана бағасының құнсыздануына алып келеді. Біріншіден, адамдар ипотека төлеуге қабілетсіз болады. Нәтижесінде баспаналар босап, баға түседі. Екіншіден, шетелдіктердің проблемалық аймақтарға деген қызығушылығы төмендейді», – дейді жылжымайтын мүлік жөніндегі агенттіктің директоры Манель Регадер.

Тәуелсіздікті қолдаушылар мен даттаушылардың пікірі бүгінде бір мәселеде ғана ортақ арнада тоғысып отыр. Каталония дағдарысына Рахойдың Үкіметі жауапты. Себебі, қазіргі премьер-министр билікке келген мерзімге дейін, яғни, осыдан алты жыл бұрын каталондықтардың 15% ғана тәуелсіздікті қолдаған екен. Сарапшылардың пікірінше, ол кезде Испания расымен де дамыған мемлекет болған. Бүгінде Каталония тәуелсіздігі ғана емес, сан ғасырлық тарихы бар Испанияның саяси, қоғамдық тұрақтылық мәселесі де таразы басында тұр…

P.S. Айтпақшы, Еуропалық Одақты тастап шығуға бел буған Ұлыбритания Каталония тәуелсіздігін мойындамайтынын мәлімдеді. Ресми Лондонның тәуелсіздігін талап еткен Шотландиямен арадағы проблеманы әрең шешкенін ескерсек, Каталония жағдайын алып одақтың сол үрдістің жалғасына балап қапаланып отырғаны да рас. Қалай десек те, ірілі-ұсақты мұндай саяси дағдарыстар Еуро Одақ үшін тиімді емес. Себебі, алып одақ кәрі құрлықтағы экономикалық ахуалды тікелей билеп-төстеуге әбден үйреніп қалды.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Пікірлер