Объективте – Ресей

Ресейдің іс басындағы билігінің әлемдік аренадағы да, ішкі саясаттағы да беделі күн санап құлдырай бастады. Небір патриоттық сөздермен, үндеулер көмегімен халық арасында жағымды пікір қалыптастыруға қанша тырысқанымен, Владимир Путиннің биліктегі тағы бәрібір шатқаяқтап тұр.

Ішкі алауыздық: қарсылық акциялары

Өткен демалыста әлемдік БАҚ-ты, жалпы, интернет кеңістігін бір шулатқан Ресейде күтіліп отырған президент сайлауына қарсылық акциясы, ең алдымен, идеологиялық алаңда Путин ұпайының күн санап азайып бара жатқанын көрсетіп отыр. Мейлі, Путинді ашық сынай алатын Алексей Навальныйдың кандидатурасы сайлауға қатысуға үмітті кандидаттар қатарынан алына берсін. Әңгіме – сол Навальныйды қолдайтындардың көшеге шығуында. Ресми деректерге зер салсақ, жаппай қарсылық акциялары бір ғана Мәскеуде емес, Барнаул, Красноярск, Иркутск, Магадан, Новосібір және өзге де жүздеген Ресей қалаларында жалғасқан. «Таңдаусыз сайлау» деген ұранмен саяси науқанға мүлде қатыспау арқылы, бойкот жариялауға шақырған қарсылық акциясы 300-ге жуық ресейліктің қамауға алынуымен аяқталды. Басты фигуранттардың арасында негізгі кейіпкер Алексей Навальныйдың өзі де бар.

«Нәтижесі алдын ала белгілі болып отырған сайлауға қарсымыз» деген акцияға қатысушылар билік ауысып, өзгерістердің орын алуын қалайтынын көрсетті. Сарапшылар: «Сайлауда алдын ала дайындалған сызба бойынша Путин  жеңіске жетуі де мүмкін. Бірақ, бұл акция – халықтың белгілі бір тобының ашық қарсылығын білетін биліктің бұқараға жақпайтын қадамдарды жасауда біраз тартыншақтауына алып келуі мүмкін», – дейді. Қалай десек те, осы бір ғана эпизод Ресейдің ішкі жағдайы Кремль қалағандай біртұтас еместігін аңғартты.

Әлемдік аутсайдер: санкциялар соғысы

Іс басындағы Ресей билігінің сүйкімі сыртқы саясатта тіптен күңгірт тарта бастады. Онсыз да Украинаға жасалған шабуылдан кейін оңбай төгілген абырой  бүгінде тіптен құлдырап бітті. Американың Мемлекеттік департаменті Ресейге қарсы жаңа санкцияларды жариялап жатыр. Оған жапатармағай үн қосып жатқан өзге мемлекеттер де бар.

АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті антиресейлік санкциялардың бұл жолы ресми Мәскеудің қорғаныс-өндірістік кешен мен барлау қызметі саласындағы серіктестеріне бағытталатынын айтты. Осы бағыттағы жұмыс жоспары бойынша Американың Конгрес мүшелерін құлағдар еткен департамент мамандары Ресей саясаты өзгермейінше, «санкциялар соғысының» жалғасатынын мәлімдеді.

Айта кетелік, АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті қадалып отырған саясат бұл жерде Ресейдің Қырымды өз территориясына қосып алғаны турасында болып отыр. Ал, Американың Қаржы министрлігі департаменттегі әріптестерін күтпестен, жаңа санкцияларды жариялап та жіберді. «Құлыпқа» түскендердің кеңейтілген тізімінде 21 жеке тұлға мен 21 ресейлік ұйым бар.

Қырым қасіретінен басталған қырғи-қабақ жағдайдан бері, Ресеймен арадағы қатынасты жақсартуға ұмтылыс тұрмақ, ниеті жоқ екенін жасырмайтын Украинаның іс басындағы президенті Петр Порошенко АҚШ тарапынан салынып жатқан санкцияларды оң қабақпен қабылдап, Ресейге қарсы санкциялық саясаттың үдеген үстіне үдей түсетініне сенім білдірді. «Украинаға қарсы жүргізілген агрессиялық саясатқа жауап ретінде, АҚШ-тың Қаржы министрлігінің Ресейге қарсы салған санкцияларын және тізімнің кеңейтілу туралы шешімін қолдаймын. Америка басшылығымен арадағы менің Давостағы кездесулерім маған сенім береді. Яғни, Украина өзінің территориялық тұтастығын қалпына келтірмейінше, Ресейге қарсы санкциялық саясат ұлғая беретін болады», – деп мәлімдеді Петр Порошенко. Айта кету керек, АҚШ-тың Қаржы министрлігі салған санкция тізіміне іліккен жеке тұлғалардың қатарында Қырымның басып алынуына тікелей қатысы бар шенеуніктер мен кәсіпкерлер де бар.

Реванш: құпия брифинг

Апта дүйсенбісі америкалық Конгрестің құпия брифингімен басталып, әлемдік интернетті тағы бір шулатып қойды. Сенатор-демократ, Халықаралық істер жөніндегі Сенат комитетінің мүшесі Бен Кардин мәлімдегеніндей, Конгресс отырысында антиресейлік санкциялар мәселесі талқыланды. «Мен құпия талқылаулар туралы ақпараттың сырын ашуға құлықты емеспін. Бірақ, мен санкция мәселесі туралы сұраққа тыңғылықты дайынмын. Және Ресей Үкіметінің сауда жүргізудегі (әскери техника импорты – авт.) мүмкіндігін азайту үшін бұл ахуалды тікелей назарымда ұстайтын боламын», – деп мәлімдеді Бен Кардин өзінің ресми сайтында.

Демократтың пікірінше, заң бұзылған жағдайда, Америка Құрама Штаттары жаңа санкцияларды жариялауға дайын болуы тиіс. «Әкімшілік мұнымен тоқтамауы керек. Сондай-ақ бұл сұрақ бойынша жиі әрі тұрақты диалог болады деп күтемін», – дегенді қосып қойды демократ мәлімдемесіне.

АҚШ-тың Мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Хезер Науэрттің айтуынша, әкімшілік құпия брифингтің мазмұны туралы ақпарат таратуға мүдделі емес. Десе де, Америка салған санкциялар қазірдің өзінде Ресейді миллиардтаған доллар келісімдерден айырып отыр. Хезер Науэрттің сөзінен белгілі болған тағы бір мәлімет – бұл жолғы санкциялардың ресми Мәскеуде бизнес жүргізіп отырған шетелдік компанияларға да тікелей қатысы болады.

Тағы бір қосарымыз, ресми Вашингтон салып жатқан оңды-солды санкциялар «АҚШ-тың қарсыластарына санкция жолымен қарсы тұру» заңы аясында жүзеге асып жатыр. Өткен жылдың жазында қабылданған бұл құжаттың өзі үлкен даудың нәтижесінде күшіне енді. «Америкадағы президент сайлауына ресейлік арнайы қызмет араласты» деген даудан кейін қабылданып кеткен заң осылайша, АҚШ-қа санкциялар соғысын басқару «құқығын» беріп отыр.

P.S.

Ресейдің өз ішінде сарапшылар жаңа санкцияларды қару-жарақ бизнесіндегі бәсекелестік деп бағалауда. Американың жоспарына сәйкес, қорғаныс және барлау саласында Ресеймен әріптестік орнатып отырған шетелдік құрылымдарға қарсы санкциялар көршімізді қару-жарақ пен жобаларды сату мүмкіндігінен айырады. Күтіліп отырған нәтиже бойынша, Ресей әскери техника саудасынан табыс таба алмайды. АҚШ-тың пікірінше, «бұл – Ресей әлемді тұрақсыздандыруға бағытталған қаржысын мақсатты пайдалана алмайды» деген сөз.

Осы тұста, қазіргі таңда АҚШ пен Ресейдің әскери техника саудасы бойынша әлемдегі ең ірі импорттаушы екі мемлекет саналатынын да атап өткен жөн… Қалай десек те, Ресейдің күні батыс көлеңкесінен шығар кезі әлі жақын емеске ұқсайды…

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Пікірлер