Сайлау алдындағы Ресей

Шығыс халықтары үшін жыл басы саналатын Наурыз Ресей үшін үлкен саяси оқиғамен басталғалы отыр. Біраз уақыттан бері ел аузында жүрген Ресей Федерациясы Президенті сайлауы белгіленген кестеге сәйкес, 18 наурыз күні өтуі тиіс.

Жаһаннан «бөліну»

Сайлау алдындағы саяси сахнаға барлау жасасақ, Ресейдің ішкі жағдайы ана бір айтарлықтай тұрақты емес. Атышулы Алексей Навальный өткізген түрлі шерулер, қарсылық акциялары, оған жиналған халық – Ресейдің бүгінде ішкі саяси жағдайында қиындықтардың, әсіресе, шұғыл түрде шешілуі тиіс әлеуметтік проблемалардың бар екендігін көрсетіп берді. Әлемдік саясатта әлдеқашан аустайдер атанған Ресейдің ендігі бағыты интеграциядан гөрі, жаһаннан «бөлінуге» ауысып барады.

Хайп немесе жаға жыртысу шоуы

Өзіміз саяси науқан атап отырған сайлауалды жағдай саясаттан гөрі, шоуға көбірек ұқсап бара жатыр. Бірін-бірі жеті атасына дейін сыбап, балағаттау, одан қалды шаштасуға дейін барып, бет жыртысып жатқан кандидаттардың әрекетіне қарап отырып, «бәрібір Владимир Путиннің мәртебесі биіктеу-ау» деген ойға қаласың. Қараңыз, Бүкілресейлік қоғамдық пікірді зерттеу орталығы жүргізген соңғы сауалнама дауыс берушілердің 80% іс басындағы президент Владимир Путинді қолдайтынын көрсетті. Егер сайлау жоспарланғандай, 18 наурызда емес, одан әлдеқайда ертерек өтетін болса, 81,1% дауыспен Путин қайта сайланар еді. Екінші орында Ресей Федерациясының Коммунистік партиясы тарапынан ұсынылған бизнесмен Павел Грудинин. Оны қолдайтындардың көрсеткіші 7,6%. Істеп жүрген әрекеті не естінің, не ессіздің ісіне келіңкіремейтін атышулы Владимир Жириновский үздік үштікті аяқтап тұр. Сайлаушылардың 4,2% оны толық қолдайтынын білдірген. Ал, қалған кандидаттарды қолдайтындардың көрсеткіші бір пайызға да жете алмай отыр. Есесіне, хайп (ағылшын тілінен енген неологизм – Авт.), яғни, арзан жарнама жағынан Собчак пен Жириновский екеуі озып тұр. Әсіресе, интернет кеңістігінде кәдімгідей хитке айналған екеудің дебаты, саяси процесті сахналық шоуға айналдырып жіберген қойылымдар – Ресей президенті сайлауы туралы түрлі анекдоттардың пайда болуына ықпал етіп жатыр.

Әлеуметтік «жарылыс» қаупі

Мәселеге салмақтырақ жағынан қарайтын болсақ, мейлі ол ресейлік, мейлі ол халықаралық болсын, сарапшылар атаулы сайлауда Владимир Путиннің жеңіске жететіне күмәнсіз сенеді. Сарапшылардың пікірінше, 2018 жылы сайлаудың бірінші турында Путин кем дегенде 50% дауыс жинауы керек. Егер дауыстың пайыздық көрсеткіші осылай болатын болса, сайлаудың екінші туры өтпеуі де ғажап емес.

Қазіргі таңда сарапшылар Ресейдің көршілес Украина, жалпы, Орта Азия кеңістігіндегі елдерге қарағанда табысының тұрақты екендігін алға тартуда. Өзбек, тәжік, қырғыз азаматтары әлі күнге дейін Ресейде мигрант есебінде табыс тауып жүр. Ресей халқын әлемдегі сауатты ұлт қатарына жатқызып жүргендер де бар. Десе де, бай мен кедей арасындағы көзге ұрып тұрған айырмашылық, ерте ме, кеш пе Ресей қоғамының бәрібір әлеуметтік «жарылыстан» қашып құтыла алмайтынын байқатады. Себебі, Ресейдегі әйгілі магнаттардың он ғана пайызына елдегі тұтас байлықтың 87% тиесілі екен. Бұған коррупция проблемасын қоссаңыз. Тіпті, сайлаудан кейін де Ресейдің ішкі, сыртқы саяси, әлеуметтік, экономикалық салаларында 180 градусқа дейін бұрылған жаңалықтар болады деу қиындау. Айталық, бүгінде Ресей әлемдегі ең жемқор 176 мемлекет рейтингінде 131-ші орынға тұрақтап тұр.

Қазіргі таңда Ресей экономикасы бәрібір мұнай мен газ бағасына деген тәуелділіктен арылған жоқ. Владимир Ппутин ұсынған экономикалық бағдарламаға қарасақ, биыл экономикалық өсім 1,7% артуы мүмкін. Оның өзінде, жағдай мұнай мен газ бағасының өсу, өспеуіне байланысты.

Орыстарды не біріктіреді?

Сарапшылар сайлаудан кейін билік елде экономикалық реформалар жасауға асығуы тиіс деген ұстанымда отыр. Ресей экономикасын дағдарыстың тағы бір толқыны соғатын болса, елде қарсылық акциялары басталып және ол ұзаққа дейін созылуы мүмкін. Басқа басқа, елдегі жағдайға разы емес екендігін ашық білдіретін губернаторлар да пайда болды. Сарапшылар қалалық жастардың өз алдына оппозициялық күшке айналып келе жатқанына да назар аударуда. Сонда ресейліктерді қандай мүдде, нендей күш біріктіре алады? Осы сауалға сарыла жауап іздеген сарапшылар – «орыстарды ұлттық мүдде, өздерінің тілімен айтқанда, «национализм мен нацизм» біріктіре алады» деген ұстанымға тоқтады. Бұл жағынан келгенде бәрібір Владимир Путин фаворит болады. Рас, Владимир Путин Ксения Собчак сияқты инстаграмм желісіндегі 5 миллион жазылушысымен мақтана алмайды. Бірақ, сайлау ең алдымен саясат және саяси тәжірибе. Ал, саяси тәжірибе басқадан бұрын Путинде жеткілікті деңгейде.

P.S. Материалымыздың басында аутсайдерлік күйден кейінгі Ресейдің позициясы туралы текке айтқанымыз жоқ. Ресей сахнасында орын алып жатқан соңғы оқиғалар көрші елдің енді «өзімен-өзі» саясатына көбірек ден қойып жатқанын көрсетеді. Рас, Ресейдің қазір Сауд Арабиясымен, Иранмен ынтымақтастық қатынас орнатуға тырысып, белгілі бір деңгейде саяси қадамдар жасап бағуда. Бірақ, Америка мен Еуропадан қағажу көруден шаршаған болса керек, бүгінде қорғаныс саласын күшейту жолымен «жабық мемлекет» позициясына қарай ойысып бара жатыр.

Жақында ғана Ресей халқына кезекті Жолдауын жариялаған көрші елдің іс басындағы президенті Владимир Путин «Сармат», «Кинжал» аталатын түрлі ракеталық кешендердің жасалып жатқанын, енді бір қаруларының Сирия территориясында сынақтан сәтті өткізіліп, теңдессіздігін дәлелдегенін айтып мақтанды. Путиннің сөзіне сенсек, Ресейде жасалып жатқан ракета кешендері АҚШ-тың атақты зымырандарының өзін далада қалдырады. Жолдаудағы нақты міндеттер және сенімді болжамдар осылайша, Владимир Путиннің кезекті жеңімпаздар форумының фавориттігіне іштей дайындалып отырғанын көрсетеді. Сонымен, санаулы күндерден соң сайлау өтеді…

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Константин ОЛЬХОВСКИЙ, саясаттанушы:

Мәселе – бұл режимнің қалай аяқталатынында

Еліміздегі режим тоталитарлы да, авторитарлы да емес. Ресей режимі – бонопартиялық. Бұл жерде шешуші үш топ бар: мемлекеттік аппарат, олигархтар және қарулы күштер. Қазір Ресей алдында бәрін таптау міндеті тұр. Солай бола тұра, 21 ғасырда Батыс тарапына бас изеу де керек. Бонапарт империямен жолын аяқтады. Сол арқылы, өзінің ізбасары туралы әңгімені мәңгілікке тоқтатты. Біздегі олигархтар байыған үстіне байи түсетін болады. Мемлекеттік аппарат ұлғая береді. КСРО кезіндегі цирфлармен салыстырғанда, олардың саны қазір төрт есеге дейін өскен. Ал, әскери аппарат қарулы қақтығыстармен айналысатын болады. Бұл жерде мәселе сайлаудың қалай өтетіндігінде емес, осы саяси режимнің қалай және немен аяқталатындығында.

Пікірлер